2011 жылғы 27-29 мамыр аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ |
27 мамыр күні ҚР Білім және ғылым министрлігінде «ҚР-дағы Халықаралық балалар құқығын қорғау күні» тақырыбында баспасөз мәслихаты болады.
27 мамырда ҚР Сыртқы істер министрлігінде Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіз жөніндегі комитетінің отырысы болады.
27 мамыр күні ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болады.
27 мамырда «Риксос» қонақ үйінде Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Италия үкіметаралық жұмыс тобаның 6-шы отырысы болады.
ПАРЛАМЕНТ
27 мамыр күні ҚР Парламент Сенатында Сенаттың «Өңір» депутаттық тобы отырыс өткізеді.
ҚОҒАМ
24-28 мамыр аралығында елордада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ІV құрылтайы өтеді.
6 мамырдан бастап, «Дегдар» гуманитарлық қоры, «JTI» компаниясының қолдауымен еліміздің бес қаласында - Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент және Қарағанды қалаларында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне классикалық музыкадан қайырымдылық концерттер ұйымдастырады.
23 мамыр мен 2 маусым аралығында Төтенше жағдайлар министрлігі халықаралық құтқарушы бөлімшелердің 16-шы «Қазспас-2011» халықаралық семинар - жиынын ұйымдастырмақ.
СПОРТ
27 мамыр күні Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық алаңда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ІV құрылтайына қатысушы командалар арасында футболдан жарыс болады.
АСТАНА
27 мамыр күні «Риксос» қонақ үйінде «Қазақстанның мемлекеттік интернат мекемелерінде балаларды зорлауға қатысты зерттеудің нәтижелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.
27 мамырда ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі және «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ USAID Сауданы ырықтандыру және кедендік реформалау бойынша аймақтық жобамен бірлесіп, «Қазақстан және халықаралық сауда» тақырыбына арналған жыл сайынғы студенттік жұмыстарының байқауын өткізеді.
22-30 мамыр аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының еліміздің бас қаласы - Астанада гастрольдік сапарлары өтеді.
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Астана қаласы жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры 1 маусым күні «Менің таңдауым - салауатты өмір салты!» атты заманауи көшелер биі және граффити байқауын өткізуді жоспарлауда.
АЛМАТЫ
27 мамыр күні «Риксос Алматы» қонақ үйінде ТМД Электроэнергетикалық кеңесінің 39-шы отырысы болады.
27 мамырда «Достық» қонақ үйінде «Ауғанстан: Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке ықпал етудің бүгінгі мен болашағы» тақырыбында халықаралық конференция өтеді.
27 мамыр күні Алматыдағы Ғылым үйінде «Ғылым ордасы» ашылады.
27 мамырда ҚР Ұлттық кітапханасында Мұхат Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының аудиокітап үлгісінің тұсауы кесіледі.
29 мамыр күні Алматыда автоәуесқойлар мерекесі өтеді.
СЫРТҚЫ САЯСАТ
26-27 мамыр күндері Минскіде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық сотының жоғары алқалық органдарының пленумы өтеді.
27 мамыр күні Минск қаласында Достастықтың жарғылық және басқа да органдарының жанындағы ТМД-ға мүше мемлекеттердің тұрақты уәкілетті органдары кеңесінің отырысы өтеді.
АЙМАҚТАР
Оңтүстік Қазақстан облысы
Шымкентте «Тәуелсіздік - менің мақтанышым» атты байқау өтіп жатыр. Байқау 1 шілдеге дейін жалғасады
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
27 мамыр күні «Жасыл ел» жастардың еңбек құрылыс отрядтарының республикалық штабы Қазақстанның Азаматтық альянсының қолдауымен Семейдегі қарттар мен мүгедектер үйінде концерт береді.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
МАМЫРДЫҢ 27-І, ЖҰМА
Бүкілресейлік кітапханалар күні (Кітапханашылар күні). Бұл кәсіби мереке 1995 жылдың 27 мамырында «Жалпыресейлік кітапханалар күнін бекіту туралы» Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен бекітілген.
Қырғызстанда кітапханалар күні. Қырғыз Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1902 жылдың 27 мамырдағы Қырғызстандағы бірінші жалпыға бірдей кітапхананың ашылуына арналып 2008 жылдың 17 маусымында бекітілген.
ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1992) Жамбыл облысы Шу ауданы Балуан Шолақ атындағы ауылда ақын, композитор Балуан Шолақтың (1864-1916) ескерткіші ашылды.
Баймырзаұлы Балуан Шолақ - атақты қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны. Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты - Нұрмағанбет, шыққан тегі - Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құғында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды. Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (830кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 жылы Орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақ 35-те еді. Мұның үстіне Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Балуан Шолақ ел аралап, салдық құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды. Топ құрып, «ансамбль» болып сауық құру Балуан Шолақтың дәстүріне айналған. Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихатшысы болады. Белгілі музыка зерттеушісі А.Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әндерін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізеді.
6 жыл бұрын (2005) Ақмола облысы Степногорск қаласындағы Мәдениет үйінің атауы Достық және шығармашылық үйі болып өзгертілді. Осыған сәйкес қала орталығында орналасқан көркем ғимараттың қызмет бағыты да өзгертілді.
3 жыл бұрын (2008) Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Мыңарал ауылында цемент өндіретін Орталық Азиядағы ең ірі бірлескен кәсіпорын құрылысының тұаукесер рәсімі өтті. «Jambyl Cement» кәсіпорны - халықаралық экологиялық стандарттарға сай заманауи технологиялар орнатылған алғашқы бірлескен қазақстан-француз зауыты. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты - 1,1 миллион тонна.
Цементті ХІХ ғасырда француз инженері Луи Вика ойлап тапқан. Осынау атақты өнертапқыштың отбасы мүшелері Жамбылдағы жаңа зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Цемент өндірісі бойынша әлемге танылған көшбасшылардың бірі болып табылатын «Vicat group» компаниясы француз тарабынан аталмыш жобаға инвестор болып отыр.
2 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қарағанды облысындағы 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында «Ағадыр-ОҚМАЭС» учаскесі іске қосылды.
Қазақстанда алғаш рет 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында басқармалы шунттаушы реакторлар орнатылды. Инновациялық жабдықтың қолданылуы транзиттегі электр тораптарының жұмыс қалпын тұрақтандырады, сонымен қатар жабдықтардың тозуы қарқынын төмендетеді.
2 жыл бұрын (2009) саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жазушы Қайым Мұхамедхановтың «Тағдыр және Карлаг» атты туындысы оқырмандар назарына ұсынылды. Шара «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» бастамасымен және Қазақстан-Британ техникалық университеттің қолдауымен өткізілді.
Қайым Мұхамедханов (1916-2004) - Мұхтар Әуезовтың ғылыми тұжырымдамаларының шәкірті және сенімді жалғастырушысы, өз өмірінің барлығын Абай өнерін зерттеуге арнаған, ұлы ойшылдың ақындық мектебін оқуды тереңдеткен. Ол қатал кезеңдерде де ұлттық мәдениет өкілдері - Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтардың өнерлерін батыл насихаттаған.
1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, ақын, аудармашы Сұлтанбек Қожановтың шығармалары жинағының тұсаукесері өтті.
Оны Ұлттық кітапхана мен С. Қожанов атындағы қайырымдылық қоры саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырды. Жинақ «Алаш мұрасы» сериясымен «Арыс» баспасынан жарық көрген. Кітаптың құрастырушысы филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп.
Сұлтанбек Қожанов Түркістан қазақтарының Қазақ Автономиясына қосылуына мол еңбек сіңірген. Әсіресе қазақ зиялыларының бірлігі үшін көп тер төккен. Тарихи тұлғаның жазбаша мұрасы осы кітапта тұңғыш рет топтастырылып отыр. Осындай ақтаңдақтарымызды ұлағаттап отыру елдігіміз үшін өте маңызды» - деді жиынға қатысушы филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев.
Сұлтанбек Қожанов - 1917 жылғы революцияларда жарқырай көрінген Орта Азия мен Қазақстан тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Түркістан Республикасы мен Қазақ Республикасының жоғары басшылығында ұлт мүддесі үшін белсенді атсалысқан. Партия-кеңес жұмыстарында жауапты қызметтер атқарып, Қазақ өлкелік Комитетінің хатшысы болды. Математикадан қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтардың авторы. Сталиндік қуғынға ұшырап, 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына кесілді. Кейін 1957 жылы ақталды.
1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң отандық кинематографты, кітапхана ісін қолдауға және дамытуға, мәдени құндылықтарды қалыптастыруға және сақтауға бағытталған.
1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Белгілерді халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне Хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
1 жыл бұрын (2010) Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында «Сапалы өнімдер» ЖШС-нің бройлерлік құс фабрикасының алғашқы кірпіші қаланды.
Жылына 5 мың тонна бройлер еті өнімдерін шығаруға жоспарланған құс фабрикасы құрылысының құны 1,6 млрд. теңге, қаржыландырушысы - «ҚазАгроҚаржы».
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1941) фольклортанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі СЕЙІТЖАНҰЛЫ Зұфар дүниеге келді.
Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітірген. 1965-1975 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы Таскескен ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте мұғалім. 1975-1991 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым Академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс береді.
«Рауан», «Таңшолпан», «Тау самал» өлең кітаптары және фольклорлық желі негізінде жазылған «Эпостық батырлар», «Салт-дәстүр» атты балаларға арналған кітаптары бар. Сонымен қатар «Тарихи эпос», «Шетелдегі қазақ әдебиеті», «Шыңжаң қазақ әдебиеті», «Ақыт ақын», «Эпостағы өмір өрнектері» монографиялары мен оқу құралдары жарық көрген.
65 жыл бұрын (1946) сыншы, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар Академиясының және Халықаралық Айтматов Академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Сүлейман Демирел атындағы университеттің проректоры ЫСҚАҚҰЛЫ Дандай дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданы Қоғам ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітіріп, осы институттың кіші ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы, доценті, филология факультетінің доценті қызметтерін атқарған. 2000-2004 жылдары Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор қызметін атқарған. Қазір Сүлейман Демирел атындағы университеттің проректоры қызметін атқаруда.
Ғалымның қазақ әдеби сынының тарихы, теориясы, мәселелеріне арналған «Стиль сыры», «Дәстүр және жаңашылдық», «Әдеби-көркем сын», «Сәбит Мұқановтың тағлымы», «Қансонар», «Әдебиет өрнектері», «Жанр», «Мұхтар Әуезов әлемі», «Сын шын болсын», «Мұхтар Әуезов: Талант пен тағдыр», «Парасат пайымдары», «Сын сымбаты», «Сынталқы», «Әдебиет айдынында» атты еңбектері жарық көрді.
Дандай Ысқақұлы ғылыми, әдеби, мәдени жұмыстарға белсене араласып келеді. Ол қазір Сүлейман Демирел атындағы университеттің ғылыми журналы «СДУ хабаршысының» бас редакторы, «Қазақ және әлем әдебиеті», «Тұрмағамбет» журналдарының алқа мүшесі, «DA» халықаралық қоғамдық қозғалысының мүшесі, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдарының докторы дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі. Ғалымның жетекшілігімен он шақты кандидаттық диссертация қорғалды. Белгілі әдебиеттанушы ғалым, профессор Дандай Ысқақұлы жайлы ғылыми һәм танымдық «Белес»(2010) атты кітап жарық көрген.
МАМЫРДЫҢ 28-І, СЕНБІ
Әзірбайжанда Республика күні. 1918 жылғы мамырдың 28-де Демократиялық Әзірбайжан Республикасы шығыстағы мұсылман елдер арасындағы 1920 жылдың сәуіріне дейін болып келген алғашқы парламенттік республика болып жарияланды.
Әзірбайжан Республикасы Кавказ тауының оңтүстік-шығысында орналасқан. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстік-батысында Армениямен және Түркиямен, оңтүстігінде Иранмен шекараласып жатыр. Шығысы Каспий теңізімен қоршалған. Астанасы - Баку. Мемлекет басшысы - президент. Жоғарғы заң шығарушы органы - парламент (мәжіліс). Ресми тілі - әзірбайжан. Ақша бірлігі - манат.
Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 27 тамызында орнатылған.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» Жарлығы басылым бетінде жарияланды.
12 жыл бұрын (1999) Алматыда қазақстандық қаржыгерлердің бірінші конгресі болды.
6 жыл бұрын (2005) Алматыда Жеңістің 60-жылдық мерекесіне орай «Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстаг дауылы» деректі фильмінің таныстырылымы болып өтті.
Режиссері - Әділ Медетбаев. 40-минуттық фильм Халықаралық мәдени құндылықтарды сақтайтын және қолдау көрсететін қордың көмегімен «Amanat studio» студиясында түсірілген.
4 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Азия Олимпиялық Кеңесінің (АОК) орденімен марапатталды. Кеңестің жоғарғы наградасын Нұрсұлтан Назарбаевқа Азия Олимпиялық Кеңесінің президенті, Кувейт мемлекетінің ұлттық қауіпсіздік министрі Шейх Ахмад әл-Фахад ас-Сабах табыс етті.
2 жыл бұрын (2009) Румынияның Яссы уезіндегі Струнга коммунасының Братулешть ауылында 1944 жылы Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандық жауынгер Шернияз Аяғановқа арналған ескерткіштің ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті.
Қатардағы Шернияз Аяғанов Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келдi және соғысқа Семей облысының Аягөз әскери комиссариатынан шақырылды. Мотоатқыштар батальонының 56-бригадасының 23-танк корпусының құрамында қызмет етті.
Бұл шара Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссиясы мен Румынияның батырларды еске алу ұлттық агентствосы және «Ромпетрол» серіктестік тобының бірлескен көмегімен ұйымдастырылды.
2 жыл бұрын (2009) «БТА банкінің» «Столичное» бөлімшесінде автоматтандырылған сейфтік депозитарий жүйесі ашылды. Орталық Азия аймағында ол алғаш рет ашылып отыр.
460 адамға лайықталып жасалған жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі, банк клиенттері депозитарий қызметін тәулік бойы және банк қызметкерінің көмегінсіз пайдалана алады.
Аталмыш жобаның құны 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Банк клиенттері осы жүйе негізінде қаржы, құжат, құнды бұйымдар немесе өзге де дүниелерін сақтау үшін арнайы дайындалған кәртішке мен ПИН-кодты пайдаланады.
1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Васильков кен байыту комбинатының алтын өндіру фабрикасын іске қосу рәсімінде карьердегі қопару жұмыстарына белгі берген нүктені басып, өндірістің жұмысын бастап берді.
Фабрика жылына 8 миллион тонна кен өңдеу және 13-14,5 тонна алтын өндіру қуатына ие. Мамандардың айтуынша, ТМД кеңістігінде мұншалықты көлемде кен өңдейтін фабрика жоқ. Карьерді игерудің жұмыс бағдарламасы 17 жылды құрайды. 2025 жылға дейін бұл жерде өндіретін кеннің жалпы көлемі 122 миллионнан астам тоннаны шамалайтын болады.
1 жыл бұрын (2010) Алматыда қазақтың көне жыры «Мұңлық-Зарлыққа» атты анимациялық фильмнің тұсаукесері өтті.
Халық ауыз әдебиетінің жауһарына айналған «Мұңлық-Зарлық» аңызын отандық «Сақ» киностудиясы түсірген. Мультфильмнің көлемі 20 минут. Режиссері мәдениет қайраткері - Батырхан Дәуренбеков. Бірінші мультипликациялық фильмді балалар үйінде тәрбиеленуші бүлдіршіндер мен жасөспірімдер тамашалады.
«Мұңлық-Зарлыққа» арналып Арыс қаласында монумент қойылды, ол бүгінде қаланың рәмізіне айналды.
Мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбековтың айтуынша, мультфильм Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Мультфильм барлық жасқа арналған. Кезінде Пушкин «Салтан патша туралы жыр» атты ертегі жазған, бұл мульфильм сол ертегінің мазмұнына ұқсайды. Бүгінде теледидар, оның ішінде мынау мөлтек фильмдер өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен идеологиялық күшті қару болып отыр. Біз сондықтан осындай мультфильм арқылы өзіміздің салт-дәстүрімізді дәріптеп, тарихымызды танытып, балаларды отансүйгіштікке, елінің патриот азаматы болуына шақырғымыз келеді, деп атап өтті ол.
1 жыл бұрын (2010) Қазақстан пен Ресей үкіметтерінің басшылары Кәрім Мәсімов пен Владимир Путин Санкт-Петерборда Кеден одағын қалыптастыру аясында халықаралық келісімдерді қолдану туралы шартқа қол қойды.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1901-1980) суретші, плакатшы ЧЕКАЛИН Борис Алексеевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Ресейдің Самара қаласында туған. Соғысқа дейінгі жылдары Куйбышев, Воронеж, Магнитагорск қалалары газеттерінің редакциясында істеген. 1937 жылы Алматыға келіп қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының суретшісі болған. Ол Жамбыл Жабаевтың суретін бірнеше мәрте салып, 200-ден астам суретін жасаған. Соғыс жылдары майдан газеттерінде еңбек еткен.
Екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен марапатталған.
105 жыл бұрын (1906-1964) қоғам қайраткері ШЕРЕНГИН Иван Григорьевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Ресейдің Ростов облысында туған. Михаил Фрунзе атындағы Әскери академия жанындағы атқыштар дивизиясы командирлері курсын бітірген. 1938-1941 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің және Петропавл қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ өнеркәсіп кеңесінің басқарма төрағасының орынбасары болған. Ұлты Отан соғысы майданынан келгеннен кейін түрлі лауазымды қызметтер атқарып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші шақырылымына депутат болып сайланған.
Үш мәрте Қызыл Ту, Ленин, Қызыл Жұлдыз, 1-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.
75 жыл бұрын (1936-2003) Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт шебері, профессор ЖӘРКЕШЕВ Заңғар Асанханұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ тау-кен институтын, Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген.
Ойыншы, воллейболдан шеберлер командасының капитаны болды. 1965 жылы негізгі шығармашылығымен қатар жаттықтырушы жұмысын да қоса алып жүрді. 1966 жылдың мамырынан - «Буревестник» ерікті спорт қоғамының жаттықтырушысы. Ол басшылық еткен команда 1966 жылы тұңғыш рет Бүкілкеңестік универсиадада, ал 1969 жылы КСРО кәсіподақтары спартакиадасында жеңімпаз атанды. 1970 жылы КСРО мен Еуропаның үздік клуб жаттықтырушысы болып танылды. 1977-1987 жылдары Қазақ спорт комитеті төрағасының орынбасары, басқарма бастығы.
Бірнеше оқ құралдың авторы болып табылады. Заңғар Жәркешевке Қазақ спорт және туризм академиясында ескерткіш ашылған, ойын залы жұмыс істеп тұр.
65 жыл бұрын (1946) ветеринария ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі ТҰРСЫНҚҰЛОВ Шахайдар Жорабекұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп, осы институттың студенттер қалашығының директоры, кіші ғылыми қызметкері, аспиранты, аға ғылыми қызметкері, зертхана жетекшісі болған. 1984-1990 жылдары - Алматы қалалық ветеринарлық қызметінің бастығы. 1990-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бас ветеринарлық дәрігері, бөлім бастығы, Ветеринария басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, Мемлекеттік ветеринарлық инспекцияның бастығы. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринария комитетінің төрағасы, Ветеринарлық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринария департаментінің директоры. 2002 жылдың сәуірінен - Республикалық ветеринарлық зертхананың директоры, Ұлттық мониторинг орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариядағы зертханалық диагностика және методология директоры болып қызметтер атқарған. 2009 жылдан бастап зейнеткерлік демалыста.
60 жыл бұрын (1951) Санжар Аспандияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Валеология академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері АҚАНОВ Айқан дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында туған. Алматы мемлекеттк медицина институтын (қазіргі Санжар Аспандияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті), Алматы шет тілдері педагогикалық институтын бітірген. 1978-1994 жылдары - Кардиология ғылыми-зерттеу институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, бөлім бастығы болып жұмыс істеген. 1994-1995 жылдары - Денсаулық сақтаудың медициналық және экономикалық мәселелері жөніндегі ғылыми орталығы директорының орынбасары. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі басқарма бастығы. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Үкіметі аппараты Әлеуметтік-мәдени даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1997 жылы - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары. 1997-2000 жылдары - Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық орталығының бас директоры. 2001 жылы - Қазақстан Республикасы Премьер-министр кеңсесі денсаулық сақтау секторының меңгерушісі. 2001-2004 жылдары - Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық орталығының бас директоры. 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы бірінші вице-министрі, денсаулық сақтау вице-министрі. 2007-2008 жылдары - Қоғамдық денсаулық сақтау Институтының директоры, Нагасаки университетінің профессоры. 2008 жылдың наурызынан - Санжар Аспандияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ректорының міндетін атқарушы. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың сәуірінен бастап істейді.
250 ғылыми жарияланымның авторы.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін