Жарияланды: 1600

2011 жылғы 30 мамыр мен 4 маусым аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ПАРЛАМЕНТ

30 мамырда ҚР Парламенті Сенатында Экономикалық және аймақтық саясат жөніндегі комитеттің кеңейтілген отырысы өтеді. 30 мамырда ҚР Парламенті Сенатында ҚР Үкіметінің және республикалық бюджеттің орындалуына бақылау жасау Есеп комитетінің 2010 жыл бойынша республикалық бюджеттің орындалуы жайлы Есебінің тұсаукесері өтеді. ҚОҒАМ 6 мамырдан бастап, «Дегдар» гуманитарлық қоры, «JTI» компаниясының қолдауымен еліміздің бес қаласында - Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент және Қарағанды қалаларында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне классикалық музыкадан қайырымдылық концерттер ұйымдастырады. 23 мамыр мен 2 маусым аралығында Төтенше жағдайлар министрлігі халықаралық құтқарушы бөлімшелердің 16-шы «Қазспас-2011» халықаралық семинар - жиынын ұйымдастырмақ. АСТАНА 30 мамыр күні «Думан» мейманхана кешенінде 30 мамыр мен 1 маусым күндері ҚР Денсаулық сақтау министрінің қатысуымен Дүниежүзілік нейрохирургиялық қоғамдар федерациясының халықаралық конференциясы өткізіледі. 30 мамырда «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» АҚ базасындағы Республикалық санитариялық авиацияны үйлестіру орталығының тұсаукесері өтеді. 22-30 мамыр аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының еліміздің бас қаласы - Астанада гастрольдік сапарлары өтеді. 30 мамырда Астана қаласы әкімдігінде Дүниежүзілік темекісіз күн шарасына арналған баспасөз мәслихат өткізіледі. 30 мамырда «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ басшылығының қатысуымен «Қазақстан кәсіспорындарын жаңарту» тақырыбында баспасөз мәслихат өткізіледі. 30 мамыр күні «Алтай» тұрғын-үй кешенінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Страна детства» мерекелік шарасы өтеді. 31 мамырда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті ұйымдастыратын құқықтарды ұжымдық басқару мәселелері жөнінде баспасөз мәслихат өтеді 31 мамырда «Есіл Гранд Парк» қонақ үйінде «Мемлекеттік тілді оқыту үдерісіндегі лингводидактикалық тестілеудің орны мен маңызы» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар өтеді. 1 маусым күні Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Астана қаласы жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры «Менің таңдауым - салауатты өмір салты!» атты заманауи көшелер биі және граффити байқауын өткізуді жоспарлауда. АЛМАТЫ 30 мамыр күні «ҚР Тұңғыш Президентінің қорында» Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Оның тағдырында ел тағдыры үндесті» дөңгелек үстел отырысы өтеді. 30 мамырда «Сурет өнері» студиясының ашылуы өтеді. 30 мамыр күні Алматыдағы «Сарырқа» кинотеатрында «Надежда» деректі-көрскем фильмінің премьералық көрсетілімі болады. 30 мамырда Интерфакс агенттігінде «Темекі - денсаулық саласындағы адамзаттың орасан зор апаты» баспасөз мәслихаты өтеді. 30 мамыр күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада М.Тәтімовтың кітабының тұсаукесері өтеді. 30 мамырда Консерваторияның Кіші залына орай академик Ахмет Жұбановтың 150 жылдығына атын беру шарасы өтеді. АЙМАҚ Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкентте «Тәуелсіздік - менің мақтанышым» атты байқау өтіп жатыр. Байқау 1 шілдеге дейін жалғасады ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР. МАМЫРДЫҢ 30-Ы, ДҮЙСЕНБІ ОҚИҒАЛАР 416 жыл бұрын (1595) қазақ ханы Тәуекел (т.ж.б.-1598) В.Степанов бастаған орыс елшілігін қабылдады. 5 жыл бұрын (2006) Астанада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты шараны Парламент депутаты Қуаныш Сұлтанов кіріспе сөзбен ашып, Қаратай Тұрысовтың өз елінің алдында сіңірген еңбектеріне тоқталды. Ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімінде оның көзін көрген, қызметтес болған әріптестері Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов, Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шөкеев, республикалық ардагерлер ұйымының мүшесі Бекболат Мұқышев, Виктор Веснин және басқалар сөз алып, халық зердесінен өзінің лайықты орнын алған мемлекет және қоғам қайраткерінің адамгершілік биік тұлғасы жөнінде толымды ойлар қозғады. Қала әкімдігі мен мәслихаты тарапынан қолға алынып отырған игілікті іске өздерінің алғыс сезімдерін білдірді. Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Қаратай Тұрысовтың жұбайы Әскеркүл апай да қатысты. 4 жыл бұрын (2007) Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы орталығындағы Тәуелсіздік саябағында сталиндік зобалаңнан зардап шеккен және құрбан болған жандарға арналған ескерткіш тақта ашылды. Тарихтың сол бір ақтаңдақ жылдары ауданнан 36 адам «халық жауы» атанып, олардың 22-сі өлім жазасына кесілген. 2 жыл бұрын (2009) республикада отандық бизнеске көмек ретінде «Қазақстандық мөлшер» ақпараттық интернет-порталы іске қосылды. 2 жыл бұрын (2009) Алматыдағы Республика алаңында қымыздың 6000-жылдық тарихына арналған алғашқы «Қымызмұрындық» фестивалі болып өтті. Қымызсыз қазақ асханасын елестету мүмкiн емес. Бұл ғажайып сусын қазақтардың барлық салтанатты думандарымызда бiрiншi кезекте берiледi. Ол туралы өлеңдерде, мақал-мәтелдерде айтылады, әйел адамның қабiлетiн ең алдымен оның қымыз әзiрлеуiне қарап бағалаған. Ыдыс түбiнде iшiлмей қалған қымызды төгiп тастау күнә болған. Қазақтар жүздеген жылдар көлемiнде қымызды айырықша ыдыста - торсық және сабада дайындаған. 2 жыл бұрын (2009) Бішкекте өткен Маргарет Мид атындағы ІІ деректі фильмдер фестивалінде қазақстандық кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның «Ұлттық сана сезімнің құрылуының екі дәуірі» атты жинағының тұсау кесер рәсімі болып өтті. Гүлнәр Әбікееваның жинақты ұсыну мақсаты сирек кездесетін деректі ленталарды сақтап қалу және қайта өңдеу, Орталық Азияның барлық аумақтарындағы мұраларды насихаттау болып табылады. 45 жыл бұрын (1966) американдық «Сервейер-1» автоматты ғаламшараралық станса Айға ұшты. Ол 6 аптаның ішінде Жерге 11237 телевизиялық суреттер мен техникалық ақпараттар жіберді. 40 жыл бұрын (1971) ең алғашқы жасанды американдық спутник «Маринер-9» автоматты ғаламшараралық станса Марсқа ұшты. ЕСІМДЕР 70 жыл бұрын (1941) «Асфальтобетон-1» ЖШС-інің бас директоры ИСЛАМОВ Герс Әбубәкірұлы дүниеге келді. Шымкент технология институтын бітірген. Алматы құрылыс материалдары комбинатында инженер-технолог, аға инженер-технолог, аға инженер-құрастырушы болып қызмет атқарған. 1968-1974 жылдары - «Қазжолқұрылысматериалдары» тресі өндіріс бөлімінің бастығы, аға инженері. 1974-1978 жылдары - битум мен асфальтобетон өндірісі жөніндегі комбинат инженері. 1978-1982 жылдары - «Асфальтобетон» өндіріс бірлестігі директоры. Қазіргі қызметінде 1982 жылдан бастап істейді. «Құрмет белгісі» орденімен, медальмен марапатталған. 65 жыл бұрын (1946) Сейсмология институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі АБАҚАНОВ Таңатқан Досқараұлы дүниеге келді. Қостанай облысында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті) бітірген. Жобалау институтында инженер, аға инженер, топ басшысы болып қызмет атқарған. 1978-1980 жылдары - Қазақ өндірістік құрылыс ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері. 1980-1982 жылдары - ОртаАзиялық дәнді дақылдар өндірісі ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі, сектор меңгерушісі болған. 1986 жылдан - Сейсмология институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді. 130-ға жуық ғылыми жұмыстың авторы. 60 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының президенті, педагогика ғылымының докторы, профессор, Қазақстандағы салыстырмалы педагогика және оқулық сапасы мониторингі бағытының негізін салушы, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының, Қазақ білім беру академиясының, Әлеуметтік ғылымдар академиясының толық мүшесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ҚҰСАЙЫНОВ Асқарбек Қабыкенұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында туған. Қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Алматы энергетика институтының және Герман Демократиялық Республикасы Ильменау қаласындағы Жоғары техникалық мектептің аспирантураларын бітірген. 1991-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім беру министрлігі бас басқармасы бастығының орынбасары, департамент директоры, басқарма бастығы. 1997-1998 жылдары - Қазақ энциклопедиясы бас редакторының бірінші орынбасары. 1998 жылы - «Білім» баспасының директоры. 1998-2000 жылдары - «Рауан» баспасының директоры. 2000-2001 жылдары - «Мектеп» баспасы» ААҚ президенті. 2001-2003 жылдары - Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясының президенті. 2003 жылдың желтоқсанынан - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. Қазіргі қызметінде 2004 жылдың сәуірінен бастап қызмет атқарып келеді. 20 монографияның, 11 оқулық пен оқу құралдарының, 5 кітаптың, 6 Мемлекеттік стандарттың, 11 түсіндірмелі және терминологиялық сөздіктің, 150-ге жуық ғылыми мақаланың және жарияланым көрген 140 мақаланың авторы. Ол салыстырмалы педагогика мәселелерін, оқулық жасау теориясын зерттеп, осы салада оқулықтар мен монографиялық еңбектерін жариялаған. Оның ғылыми жетекшілігімен шетелдердің білім беру жүйелері зерттеліп, Қазақстанның білім беру саласын реформалау мен дамытудың жаңа үлгісі ұсынылған. Сонымен қатар ол 31 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша ғылыми салалық терминология сөздіктерін және қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздіктер сериясын шығаруға басшылық жасаған. «Ерен еңбегі үшiн», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Білім беру министрлігінің «Ғылым дамуына қосқан үлесі үшін» төс белгісімен, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталған. Қазақстан ғалымдары арасында алғаш болып педагогика ғылымы аясында Ресей Үкіметінің Константин Ушинский атындағы медалімен марапатталған. МАМЫРДЫҢ 31-І, СЕЙСЕНБІ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Елбасының Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып аталған 1997 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл күн Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. Тарих өрісіне орай, біздің республикамыз миллиондаған кеңестік азаматтардың жер аударылған мекеніне айналған. «Халық жауларын» анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілген. Сол кездердегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да жапа шекті. Осы кезең аралығында Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі - 1993 жылғы сәуірдің 14-індегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы. Дүниежүзілік темекісіз күн. Халықаралық темекі тартумен күрес күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1988-інші жылы мамырдың 31-ін Дүниежүзілік темекісіз күн деп жариялады. Әлемдік қауымдастық алдына - ХХІ ғасырда темекі тарту мәселесін жоюға қол жеткізу міндеті қойылды. Дүниежүзілік аққұба қыздар күні. Көптеген анекдот кейіпкерлері, шаштараз өнері мен тотық сутегінің тұтқындары, гламур әлемінің бейкүнә құрбандары, солярии мен силикон әміршілері, нағыз джентельмендердің сүйіктілері және әйелдің жоғары логикасының иелері. Барлығы осы күнді алғашқы рет 2006 жылы лайықты атап өтті. «Бриллиантовая шпилька» атты сыйлығының тапсыру рәсімі өтті - бұл аққұбаларға арналған бірінші сыйлығы. Ғалымдардың есептеуі бойынша таза аққұбалар өмірде аз болып келеді, олардың есебі бойынша 2202 жылға дейін аққұбалар жер бетінен мүлдем жоғалып кетеді. Соңғы 50 жыл ішінде бүкіл жер шарының тұрғындарының жалпы санынан аққұбалар саны 49 пайыздан 14 пайызға дейін қысқарды. Оның себебі бірнеше: біріншіден, бала аққұба болып туылуы үшін, оның ата-анасының шаштары ақшыл болуы керек. Екіншіден, қара шашқа ие елдердің халқы ұдайы өсуде, ал еуропалықтар - немістер, скандинавтықтар, ресейліктер «аққұба генін» тасымалдаушылар көбінде бір баламен ғана шектеледі. Ақшыл шашы бар соңғы адам Финляндияда дүниеге келеді деген тұжырым бар, өйткені онда ақшыл шашы бар адамдар көп кездеседі. ОҚИҒАЛАР 86 жыл бұрын (1925) Қызылордада Қазақстан кәсіподағының алғашқы съезі болып өтті. 6 жыл бұрын (2005) Петропавлда Николай Погодин атындағы облыстық драма театрының алдында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткiш орнатылды. 5 жыл бұрын (2006) Ақмола облыстық «Әдебиет және өнер» мұражайында қасиетті Құран кітаптарының тұңғыш көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Осынау өнер шежіресі ордасына атбасын тіреп, рухани байлық іздеген адамдар қатары жыл санап өсіп келеді. Мұнда бағзы замандардан бері сақталып келе жатқан құнды қолжазбалар мен әдебиет нұсқалары топтастырылған. Жұртшылық назарына 1800 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген Құран көшірмесі, 1867 жылы Қазанда басылған «Ислам анықтамасы» сынды құндылықтар ұсынылып отыр. Сондай-ақ көрмеге діни аңыздар, Құран тәпсілер, араб тілінің грамматикалары, төте жазумен жазылған хадистер қойылған. Бүгінде оны тамашалауға келушілер алдында мұражай қызметкерлері әр жәдігердің тарихы мен осы өңірге жеткізілуі, мән-маңызы жайында құнды мағлұматтар береді. 5 жыл бұрын (2006) Америкада Шыңғыс ханның ұрпағы табылды, ол Флоридада тұратын 48 жастағы бухгалтерлік іс оқытушысы Том Робинс. Қарапайым ғана оқытушы дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс ханның Америкадағы жалғыз ұрпағы екен. Мұны адам генетикасын зерттеуші, Оксфорд университетінің профессоры Брайан Сайкс анықтаған. Профессордың Oxford Ancestors деп аталатын компаниясы көңілі қалаған кез-келген адамға ерекше қызмет ұсынады: ондағы генетик-мамандар ер азаматтың генеалогиялық шежіресін анықтап беретін талдаулар жасайды. Т.Робинсонның ДНК үлгісі алғаш рет осыдан 4 жыл бұрын алынған болатын. Сол жолғы талдаудың барысында, Робинсонның әкесі жағынан арғы тегі - Кавказдан, ал нағашылары - Пиренейден екендігі анықталған. 2003 жылы профессор Сайкс бүкіл әлемнің 16 миллионға жуық тұрғыны және азиялық ер азаматтардың 8 пайызы Шыңғыс ханның ұрпағы екендігі туралы жаңалық ашқаннан кейін, ол өз зертханасындағы мәліметтер базасын тексеріп шығып, қарапайым американдық бухгалтердің Шыңғысханның ұрпағы екенін анықтаған. 4 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылында орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алжир» мемориалдық-мұражай кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. 4 жыл бұрын (2007) танымал ғалым-заңгер, академик Салық Зимановтың «Мемлекет және мұнай операциялары саласындағы шарттар» атты кітабы жарық көрді. Кітап мемлекет пен мұнай инвесторлары арасындағы қарым-қатынастарға арналған. Шетелдік инвесторлар және мердігерлік ұйымдар қатысатын мұнай операциялары саласындағы «мемлекет - шарттар - заң шығару» жүйесінде пайда болатын теориялық және қолданбалы қарым-қатынастар қарастырылған. Зиманов Салық - ғалым, қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі. Бүкілодақтық заң институтын бітірген. Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Қазақ мемлекеттігі мен қазақ халқының тарихында шешуші рөл атқарған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» (1990) жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарды. Ел тарихындағы екінші бір аса маңызды саяси актінің - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның (1991) жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды. Ол 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» энциклопедиясына ғылыми жетекшілік жасады. 1 жыл бұрын (2010) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар заңдарға қол қойды. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Финдляндия Республикасы Үкіметі арасындағы қосарланған салық салмау және табыс салығына қатысты салық төлеуден жалтаруды болдырмау жөніндегі келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалдауы жағдайында «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметшілеріне, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 1 жыл бұрын (2010) Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханада алаш көсемдерінің өмірі мен қызметіне арналған «Алашорда» деректі фильмі алғаш рет елордалықтардың назарына ұсынылды. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген деректі фильм қазақ тілінде, ұзақтығы - 52 минут. Түсірілім жұмыстары 2008 жылдың қаңтары мен 2009 жылдың ақпан айларында өткен. Фильм көрсетілімі алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Ақпарат және байланыс министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Ербол Шаймерден «бүгін ел тарихындағы ерекше күн. Тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргіні бір адамның емес бүкіл елдің, халықтың қасіреті болғандығын ешқашан естен шығармауымыз қажет», десе, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров министрліктің тапсырысымен жасалған деректі фильмді түсіру барысында қазақ тарихына қатысты тың деректер, құжаттар, сондай-ақ бірқатар жәдігерлердің табылғандығын атап өтті. «Бұл халқымыздың рухани өміріне қосылған көркемдік тұрғыдағы туынды», деп қорытты сөзін ол. Деректі фильмнің режиссері Қалила Омаровтың айтуынша, түсірілім Алматыда, Орынборда, Санкт-Петерборда, сондай-ақ Алаштың астанасы болған Семей қаласында жүргізілген. «Фильмнің басты жаңалығы Орынбордан Алаш қайраткерлерінің өмірі өткен екі ғимарат табылды. Оның бірінде Ахмет Байтұрсынұлы тұрған және сол үйдің жертөлесінде «Қазақ» газетінің редакциясы болған. Ол үй әлі күнге дейін тұр. Екіншісі 1-2-ші жалпы қазақ съездері өтіп, «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы дүниеге келген қарашаңырақ. Осы екі ғимаратта деректі фильмге түсірілді», дейді ол. ЕСІМДЕР 55 жыл бұрын (1956) «Казгеодезия» республикалық мемлекеттік коммуналдык кәсіпорны директорының орынбасары ХАТИЕВ Нұрман Оспанбекұлы дүниеге келді. Талдықорған қаласында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін бітірген. Қазақ экономика және ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтында маман болып қызмет атқарған. 1983-1986 жылдары - Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінде аға агроном, аға маман. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының көмекшісі. 1994-1996 жылдары - «Жер ана» мамандандырылған кәсіпорнының директоры. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитетінде, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінде сектор меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде бөлім бастығының орынбасары, бастығы. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің сектор меңгерушісі. 1999-2005 жылдары - «Астана қалалық жер ресурстары ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жер ресурстары және жерге орналастыру жөніндегі еншілес мемлекеттік кәсіпорынның директоры. 2005-2006 жылдары - Астана қаласы Жер қатынастары басқармасының бастығы. 2006-2010 жылдары - «Астанатопография» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директоры. Қазіргі қызметінде 2010 жылдан бастап істейді. 2011 ЖЫЛДЫҢ МАУСЫМ АЙЫНДА: ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 60 жыл бұрын (1951) Қазақ КСР Ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен республикада тұңғыш рет Абай шығармашылығы туралы айтыс өтті. 57 жыл бұрын (1954) Рудный қаласында Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі құрылды. 1957 жылы Соколов, 1960 жылы Сарыбай кенішінің бірінші кезеңі іске қосылды. Оның құрамына Сарыбай, Қашар, Қоржынкөл ашық темір кеніштері мен Соколов жерасты кеніші кіреді. 18 жыл бұрын (1993) Ақмолада Қазақстандағы екінші халықаралық телефон стансасының және 120 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салу бойынша «Дойче БундесТелеком» фирмасымен Қазақстан-неміс кәсіпорнын құру туралы келісімшартқа қол қойылды. 16 жыл бұрын (1995) «АТФ банкі» акционерлік қоғамының негізі қаланды. Ол кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкіне «Алматы сауда-қаржы банкі» жабық акционерлік қоғамы деген атаумен тіркелген болатын. Қазіргі атауымен 2003 жылдан бастап қызмет істейді. 10 жыл бұрын (2001) Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) құрылды. Бұл ұйым «Шанхай бестігінен» (Қазақстан, Ресей, Кытай, Қырғызстан және Тәжікстан) құрылған. ШЫҰ-ның негізі - Шекара аумағында әскери саласында сенімді нығайту туралы Шанхай келісімі (1996 жылы) және Шекара аумағында қарулы күштердің өзара қысқартылуы туралы Мәскеу келісімі (1997 жылы) болып табылады. Аталған екі тарихи келісімнің біріншісіне қол қою үшін 1996 жылы Шанхай қаласында бес мемлекет басшысы кездесіп, ол «Шанхай бестігі» деген атауға негіз болды. Шанхайдағы, оған ілесе бір жылдан кейін Мәскеуде өткен саммиттер алты жылдан соң көп жақты ынтымақтастық ұйымына айналған құрылымның негізін қалады. Қазақстан, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен ықпалдасуды өзінің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастыра отырып, аталған Ұйымға ерекше мән береді. ШЫҰ осы өңірдегі мемлекеттердің қауіпсіздік және сенім шараларын нығайту мәселелерін бірлесіп шешу ұмтылысының нәтижесінде пайда болды. Ұйымның мүдделері саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларға таралды. Терроризм, экстремизм және тағы басқа сыртқы қауіптер аймақтағы мемлекеттерді ШЫҰ-ның құрамында бірігуге итермелейді. ШЫҰ - белгілі бір күштерге қарсы қимылдайтын әскери одақ немесе тұйық қоғамдастық емес. Ол - халықаралық ынтымақтастыққа ұмтылған ашық ұйым. ШЫҰ-ның қазіргі жағдайдағы мән беретін мәселелері - аймақтағы бейбітшілікті, тұрақтылықты және қауіпсіздікті сақтау, әсіресе, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуы. 2011 жылғы 25-28 қаңтарда Қазақстан Республикасының төрағалығымен Пекинде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің (ҰҮК ШЫҰ) кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында Ұйымға мүше мемлекеттер (Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ШЫҰ құрылуының он жылдығына арналған мерейтойлық саммитін 2011 жылғы 15 маусымда Астанада өткізу туралы ұсынысын бірауыздан қолдады. Осылайша, Астана саммиті «Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылған күні» өткізілетін болды. 8 жыл бұрын (2003) Тайландтың Чиагмай қаласында өткен Азиядағы ынтымақтастық диалогы Сыртқы істер министрлерінің 2-ші кеңесінде Қазақстан Республикасы Оман, Шри-Ланка және Кувейт мемлекеттерімен бірге аталған ұйымға мүше болып қабылданды. ЕСІМДЕР 150 жыл бұрын (1861-1919) алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі АЙТБАҚИН Әміре Дұрманұлы дүниеге келді. Бұрыңғы Семей облысы Павлодар уезі Ақбеттау болысында (қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы аймағы) туған. 1882 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын аяқтағаннан кейін осы қаладағы гимназияда сабақ берді. 1883-1889 жылдары Дала генерал-губернаторының, Семей облыстық әскери губернаторының тілмашы, Қарқаралы уезі бастығының көмекшісі, Семей облыстық әскери губернаторы кеңесінде айрықша тапсырмалар жөніндегі шенеунік болды. 1885 жылдың мамыр айында ол Шар өзені бойындағы Қарамолада 5 уездің билері мен ел жақсылары талқылаған «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелерін» жазуға қатысты. 1889-1894 жылдары Томск университетінің медицина факультетін бітірді. Қарқаралы және Павлодар уездерінде дәрігер, 1898 жылдан бастап Өскемен уезі Большенарым кентінде учаскелік дәрігер болды. Қазан төңкерісіне дейін Өскемен уезінің Зайсан мен Қатынқарағай аралығындағы ауылдарда дәрігерлік қызмет атқарды. Төңкеріс жылдарында жергілікті кеңестің төрағасы, Өскемен уездік кеңесі атқару комитетінің мүшесі болды, уездік земство басқармасында қызмет етті. МАУСЫМНЫҢ 1-І, СӘРСЕНБІ Балаларды қорғаудың халықаралық күні. Жыл сайын өткізілетін балаларды соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау күнін атап өту 1949 жылы Әйелдердің Халықаралық демократиялық федерациясы кеңесінің сессиясында қабылданған. Алғаш рет 1950 жылы 51 елде атап өтілді. Халықаралық балаларды қорғау күні елімізде кеңінен аталып өтеді. Қазақстанның мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мерекелік шаралар ұйымдастырады. Балаларға арналған театрлық көріністер, байқаулар ұйымдастырылып, оларға сыйлықтар тапсырылады. Қазақстанда 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы бекітілген, бағарламаның мақсаты балалардың өмір сүру сапасын әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ету жолымен жақсарту болып табылады. Самоа тәуелсіздігі күні. Самоа - Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігіндегі аралдарда орналасқан мемлекет. 1899 жылы АҚШ, Англия, Германия мемлекеттерінің өзара келісімі бойынша ол Германияның қол астына көшті, ал 1914 жылы оны Жаңа Зеландия жаулап алды. 1929 жылы жергілікті халықтың көтерілісі күшпен басылды. Бірақ тәуелсіздік үшін күрес жалғаса берді де, 1962 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 91 жыл бұрын (1920) Қазақстанның басшы шаруашылық органы - Бүкілресейлік халық шаруашылығы құрамында Қырғыз (Қазақ) өнеркәсіп бюросы құрылды. 65 жыл бұрын (1946) КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі негізінде қазіргі Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы ашылды. Алғашында бөлімшеде 16 ғылыми-зерттеу институты, 8 сектор, 7 тәжірибе стансасы, 3 ботаника бағы болды. Академияның алғашқы құрамына 14 академик: Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Илларион Галузо, Михаил Горяев, Ахмет Жұбанов, Николай Кассин, Ісмет Кеңесбаев, Николай Павлов, Михаил Русаков, Қаныш Сәтбаев, Нығмет Сауранбаев, Гавриил Тихов кірді. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының бірінші президенті болып көрнекті ғалым, қайраткер, академик Қаныш Сәтбаев сайланды. 1991 жылы наурыздың 20-да Ғылым академиясына жаңа ғылыми мекемелер құру мен іргелі ғылыми-зерттеулер бағыттарын айқындау мақсатында кеңейтілген құқық беріліп, жаңадан Физика-техника, Механика және машинатану, Археология, Ғарыштық зерттеулер, Информатика және басқару мәселелері, Мемлекет және құқық, Қолданбалы математика, Жер қойнауларын кешенді игеру мәселелері институттары құрылды. 1993 жылы қаңтардың 21-де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Республиканың ғылыми-техникалық қуатын дамыту және ғылымды ұйымдастыруды жетілдіру шаралары туралы» Жарлығына сәйкес бұрынғы әскери-өнеркәсіп кешендерінің бірқатар өндірістері мен Ғылым академиясының салалық және мамандандырылған институттары негізінде алғаш рет Радиоэлектроника және байланыс, Минералдық шикізаттарды кешенді өңдеу, Биотехнология ұлттық ғылыми орталығы, сондай-ақ Ұлттық ядролық орталық құрылды. Академияның Астанада - Орталық Қазақстан, Өскеменде - Шығыс Қазақстан, Шымкентте - Оңтүстік Қазақстан бөлімдері орналасқан. 2003 жылғы мәлімет бойынша Ұлттық Ғылым академиясының 56 толық мүшесі, 143 корреспондент мүшесі бар. 17 жыл бұрын (1994) Алматы қаласында жазушы Оралхан Бөкей тұрған Жамбыл көшесіндегі 165-ші үйге ескерткіш тақта орнатылды. Оралхан Бөкей (1943-1993) - қазақ жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Николай Островский атындағы әдеби сыйлықтың, «Жас гвардия», «Жалын» баспалары сыйлықтарының иегері, Қатон-Қарағай ауданының құрметті азаматы. Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында туған. 1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекетік ұлттық университетіне сырттай оқуға түседі де, оны 1969 жылы тәмамдап шығады. 1965-1968 жылдар аралығында Большенарым аудандық «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары және облыстық «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер болған. 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді, осы газетте мәдениет және ғылым, әдебиет және өнер бөлімдерінің меңгерушісі болып істеді, ал 1974-1983 жылдарда «Жұлдыз» журналы проза бөлімінің меңгерушісі әрі редколлегия мүшесі болған. Өмірінің соңғы күніне дейін «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторлық қызметін атқарған. Ол «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Шара», «Мұзтау», «Ән салады шағылдар», «Үркер ауып барады», «Бәрі де майдан», «Құм мінезі», «Өз отыңды өшірме», «Біздің жақта қыс ұзақ», «Атаукере», «Қар қызы», «Зымырайды поездар», «Жау тылындағы бала», «Жесірлер», «Ұйқым келмейді», «Құлыным менің», «Жақсының ізі» (орыс тілінде), т.б. шығармалардың авторы. Оралхан Бөкейдің қай шығармалары болсын көтерген, қалам сілтеген негізгі тақырыбы - адам тағдыры, табиғат, олардың тұтастығы, бірлігі: адамды ардақтау, оның ұлылығын жырлау. «Оралхан Бөкей жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде әлемдік танымалдыққа ие болды. Алыс-жақын елдерде аты «қазақ» деген сөзбен қабаттаса айтылатын азғантай тұлғалардың біріне айналды», - Әбіш Кекілбаев. 17 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Бейбітшілік корпусының Қазақстандағы миссиясының директоры Пол Бурнор бастаған өкілдерін қабылдады. 14 жыл бұрын (1997) Францияда ұлы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына арналған Қазақстан күндері өтті. 11 жыл бұрын (2000) Балқаш қаласында «Балқаш» АҚ-ның мыс қақтамасын шығаратын жаңа цехы іске қосылды. 11 жыл бұрын (2000) Алматыда Орталық Азия киногерлерінің халықаралық II фестивалі басталды. 8 жыл бұрын (2003) «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР, АТАУЛЫ КҮНДЕР, ЕСІМДЕР» атты күнтізбесінің алғашқы саны жарық көрді. Бұл басылымда Қазақстан мен әлем мәдениеті, білімі мен ғылымы, саяси сахнасының шеберіне айналған әйгілі азаматтар мен басты саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени және басқа да жаңалықтар мен тарихи оқиғалар туралы мәліметтер жиналған. Еліміздің экономикасы мен әлеуметтік-мәдени өміріндегі барлық маңызды жаңалықтарды мемлекеттік тілде ғана емес, орыс, ағылшын тілдерінде, сонымен қатар латын және араб әліпбиінде әлемге жария етіп отырған салиқалы мекеме «Қазақ ақпарат агенттігі» 1920 жылы РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі ретінде құрылғаны мәлім. Бүгінгі «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы, кешегі дәуірі дүрілдеген ҚазТАГ осыдан 1925 жылы оның аты ҚазРОСТ, 1937 жылы ҚазТАГ болып өзгеріп, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. Ал ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1997 жылы Президент Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі» (ҚазААГ) Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны болып қайта құрылса, 2002 жылғы қарашаның 8-інде Үкімет қаулысымен қазіргі «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» ашық акционерлік қоғамына айналды. Бүгінгі ҚазАқпарат - жедел де шапшаң ақпарат жасауды жетік меңгерген журналистер еңбек етіп жатқан агенттікке айналып отыр. Аудармашылар да аға буын салып кеткен дәстүрден, аудармадағы дәлдік пен көркемдіктен, шапшаңдықтан қалған емес. Бүгінгі ҚазАқпараттың аударма ісі бұрынғыдан көп өзгерген, ауқымы кеңейген. Аударма редакцияларының қатары көбейіп, бір кездері тек орысшадан қазақшаға аударылса, қазір қазақ тіліндегі төл ақпараттар орысшаға, одан әрі тікелей ағылшыншаға да аударылып, әлемге таралуда. Бұрынғы ҚазТАГ-та жұмыстың дені негізінен орыс тілінен аудару арқылы жүретін болса, қазіргі ҚазАқпараттың қазақша жаңалықтары орысшамен қатар төл ақпарат негізінде, оқиға болған жерден тілшінің тікелей хабарлауы арқылы жасалады. Түйіндей айтсақ, «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы замана лебімен мүлде жаңа деңгейге көтеріліп, мазмұн мен сапа тұрғысынан да айтарлықтай түрленді. Ақпарат кеңістігіндегі бәсекеде өзгелердің алды болуға ұмтылып келеді. Бұл тарапта бірқатар жетістіктерге де жетіп, нарыққа негізделген ақпарат кеңістігінде өз орны бар екенін мойындатты. 1997 жылы ҚазААГ болып қайта құрылғасын, жаңа заманғы ақпараттық технологияға көшіп, телетайптық тәсілден электрондық ақпарат тарату әдісіне кіріскен агенттіктің қазір Республиканың барлық облыстарында, Қытайда, Өзбекстанда, Ресей мен АҚШ-та, Бельгия мен Қырғызстанда, Түркия мен Әзірбайжанда меншікті тілшілері бар. Сонымен қатар, «Таңғы жаршы», «Ресми жаршы», «ҚазАқпарат», «Қазақстан-Бизнес», «ҚазАқпарат-анонс», «ҚазАқпарат-фото» секілді жаңалықтар топтамалары мен «Атаулы күндер, Оқиғалар, Есімдер» күнтізбесі секілді ақпараттық-коммерциялық өнімдерін шығарып отыр. ҚазАқпарат Азия және Тынық мұхиты елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымы, Түркі елдерінің ақпарат агенттіктерінің ұйымы секілді беделді қауымдастықтарға мүше болды. РАТА-ТАСС, «Жаңалықтар» РАА, Синьхуа, Би-Би-Си, Кабар, БелТа, УкрИнформ сияқты ақпарат агенттіктерімен серіктестік байланыстар орнатты. Қазір компания өнімдері бір мезгілде 100-ге жуық елге тарайды. Қазіргі уақытта «ҚазАқпарат» ұжымы әлемдік ақпарат кеңістігінде елімізді лайықты таныту үшін ақпарат тарату кеңістігін кеңейтуге, өз кәсібилігін жоғарылатуға талпынуда. 5 жыл бұрын (2006) Алматыдағы «Сайран» көлінде Қазақстандағы ең биік су бұрқағы ашылды. Су атқылау тесігі 10 сантиметр болатын жаңа бұрқақтың суы 50 метр биіктіктен құлайды. Секундына 40 литр суды осынау биіктікке қысыммен көтере алатын сусорғы Германиядан алдырылған. Аумағы 43 гектар келетін Сайран көліне 2 000 000 текшеметр су сияды. Көлдің ең терең тұсына орнатылған бұрқақ Intelli Sports жеке компаниясының қаржысына салынған. Жоба құны АҚШ-тың 58 мың долларына тең. Су бұрқағы әдемілігімен қатар ыс пен түтін тұмшалаған Алматының ауасына да қолайлы әсер етіп, ауадағы шаң-тозаңды сейілтуге мүмкіндік береді. Алматыда алғашқы су бұрқағы 1948 жылы ашылған. Бүгінде қалада 97 су бұрқағы бар. Оның 32-сі қаланың меншігінде. 4 жыл бұрын (2007) Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен балалардың бірінші халықаралық съезі барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Әлем елшісі» атағын беру туралы шешім қабылданды. 2 жыл бұрын бұрын (2009) Қарағанды облысы Спасск мемориалды кешенінде Саяси қуғын-сүргін құрбандары күніне арналған шара өтті. Шараға Қазақстандағы Әзірбайжан, Украина, Румыния, Польша, Венгрия, Словакия, Корея, Жапония елшіліктерінің басшылары және Ресей, Литва, Италия, Грузия, Қырғызстан елшіліктерінің дипломатиялық қызметкерлері қатысты. Шара аясында мемориал кешенінің аумағында саяси қуғын-сүргін құрбандары кәрістерге арналған жаңа ескерткіш белгісі ашылды. 1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордадағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайы алдындағы саябақта Жәнібек пен Керей хандардың монументалды мүсіндік-көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімі болды. Жалпы елорда төрінде осынау аңыз тұлғаларға арнап ескерткіш орнату бұл тарихын қастерлеп, қадір тұтқан ұрпақ құрметінің белгісі. Ал қазақ хандығының іргесін қалап, тұңғыш қазығын қаққан хандарға елордада ескерткіш ашу - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы болатын. Бұл ретте Керей мен Жәнібек хандар ескерткішіне арналған эскиз жобасына республикалық конкурс жарияланды. Байқауға 10 жоба ұсынылып, оның ішінен астаналық жас мүсінші Әбенов Ринаттың жоба-эскизі үздік деп танылған болатын. Құрамына елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, антропологтар, саясаттанушылар мен сәулет өнерінің мамандары енгізілген конкурс комиссиясының пікірі бойынша, автор ұлы хандардың сыртқы пішіндерін, олардың ұлттық сипаттағы келбеттерін барынша нақты бейнелеген. Композиция тұтас өз тұлғаларымен жаңа хандықтың ірге көтеруі еркіндіктің орнауын бейнелейтін екі мүсіннен тұрады. Ескерткіш мүсіндерінің іргетасынан бастап ұшар басына дейінгі жалпы биіктігі 12 метр, Жәнібек ханның тік тұрғандағы бойы 5,25 метр. Керей ханның бейнесін сомдаған мүсіннің биіктігі 4 метр, мүсіндік композицияның барлық элементтері таза қоладан құйылған. Салмағы 16,20 тонна. Керей мен Жәнібек хандардың тұрғызылған ескерткіштері - қазақ қоғамы үшін ірі рухани және мәдени маңызы бар айтулы шаралардың бірі. Мүсіндер Қазақстанда жасалған. 1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерін жеңілдік жағдайда тұрғын үймен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жалғыз баспаналары апатты деп саналған азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру үшін құқықтық негіз құруға бағытталған «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды. 1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «1995 жылғы желтоқсанның 23-індегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесi, ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртiбi мен олардың мәртебесi туралы келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. ЕСІМДЕР 90 жыл бұрын (1921-2005) жазушы, сыншы, әдебиеттанушы, аудармашы, филология ғылымының кандидаты, Түркістан қаласының құрметті азаматы ҚАМБАРҰЛЫ Қапан дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақстан Орталық партия комитеті жанындағы республикалық партия мектебін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан», Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы», қазіргі «Егемен Қазақстан» газеттері редакцияларында отыз жылдан аса жауапты қызметтер атқарып, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұзақ жылдар дәріс оқыған. Жазушының «Қанды жылдар» дилогиясы, «Ақадырдың ақ шағаласы», «Махаббаттың тұрағы», «Қаракөзайым», «Меңсұлу», «Екі арудың азабы» атты романдары, «Әзірет Сұлтан» атты деректі роман-хамсасы жарық көрген. Жалпы оның 30-ға жуық кітабы бар. Сонымен қатар ол Михаил Кольцовтың, Александр Довженконың, Николай Ановтың, Василий Ванюшиннің бірсыпыра әңгімелерін, татар халық ертегісі «Гүлшешекті» қазақ тіліне аударған. «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Георгий Жуков» және басқа да 12 жауынгерлік-мерекелік медальмен, «Еңбек ардагері» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 60 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ЫДЫРЫСОВ Құттықожа дүниеге келді. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. 1974-1975 жылдары - Қызылорда облыстық атқару комитеті Ішкі істер басқармасы (ІІБ) Түзету-еңбек мекемесінде аға нормалаушы болды. 1976-1984 жылдары - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Түгіскен кеңшарында есепші, бас экономист. 1984-1986 жылдары - Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының есепші-тексерушісі, бөлім бастығы, облыстық агроөнеркәсіп бөлімінің бастығы. 1986-1995 жылдары - Қызылорда облыстық қаржы басқармасының аға тексеруші-инспекторы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, бірінші орынбасары. 1995-2004 жылдары - Қызылорда облыстық қазынашылық басқармасының бастығы. 2004-2008 жылдары - Қызылорда облысы әкімінің орынбасары. 2008-2010 жылдары - Қызылорда облыстық қаржы басқармасының бастығы қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың сәуір айынан бастап істейді. «Ерең еңбегі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан полициясына 15 жыл» медальдарымен марапатталған. МАУСЫМНЫҢ 2-СІ, БЕЙСЕНБІ Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының күні. Осыдан 56 жыл бұрын 1955 жылғы маусымның 2-сінде КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының директивасымен «Байқоңыр» ғарыш айлағын ұйымдастыру-штаттық құрылымы бекітілген болатын. Міне, содан бері, маусымның 2-сі - Байқоңырдың туған күні және ғарыш айлағының күні тойланады. Рағайып түні - Мұхаммед пайғамбардың ата-анасының үйленген күні (бейсенбіден жұмаға қараған түн) (2011 жылғы маусымның 2-сінен 3-іне қараған түн - 1432 хижра жылының 5-6-ы ережебі) - мұсылман мерекесі. Италия Республикасының Ұлттық мейрамы - Республиканың құрылған күні (1946). Италия - Еуропаның оңтүстік бөлігінде, Жерорта теңізі жағалауындағы Апенин түбегінде, Сицилия, Сардиния және бірнеше ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 20 облысқа бөлінеді. Оның бесеуі Сицилия, Сардиния, Трентино-Альто-Адидже, Валле Д´Аоста, Фриули-Венеция-Джулия ерекше автономиялық мәртебеге ие. Сонымен қатар Италия аумағында тәуелсіз Ватикан және Сан-Марино мемлекеттері орналасқан. Астанасы - Рим қаласы. Ресми тілі - итальян тілі. Ақша бірлігі - еуро. Италия - парламенттік республика. 1948 жылы қабылданған Конституциясы бойынша елді Президент басқарады. Заң шығарушы органы екі палаталы парламент - Республика сенаты және Депутаттар палатасы. Атқарушы билік Министрлер Кеңесінің қолында. Қазақстан Республикасы мен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 12-де орнатылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 81 жыл бұрын (1930) Қазақстан кәсіподақтарының I съезі болды. 56 жыл бұрын (1955) КСРО Қорғаныс министрлігінің ғылыми-зерттеу сынақ полигоны, қазіргі «Байқоңыр» ғарыш айлағының іргетасы қаланды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы 6 млн. 227 мың гектар аумақты қамтиды. Қызылорда облысының Қармақшы және Қазалы аудандары жер көлемін және зымыран тасымалдағыштан бөлінген бөлшектердің түсу аймақтарын қоса есептегенде ғарыш айлағы 4 млн. гектардан астам жерді алып жатыр. Бүгінде ғарыш айлағында 15 ұшыру қондырғысы, 9 бастама жинағы, 11 құрастыру-сынау тұрқы бар. Байқоңырдан ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 жылы Қазақстан Республикасының иелігіне өтіп, 1993 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға жалға берілді. 2004 жылдан Қазақстанның ғарыш қызметіне қатысуының жаңа кезеңі басталды. Қазақстан мен Ресей президенттері қол қойған келісімде «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мерзімін ұзартумен қатар Ресей ғарыш саласының қолдауымен Қазақстанның ғарыш жобаларын жүзеге асыру қарастырылған. 23 жыл бұрын (1988) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы ақпанның 7-сіндегі Жарлығымен аталған комитет Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі болып қайта құрылды. 2010 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі болып қайта құрылды және оған Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің азаматтардың діни сенім бостандығын қамтасыз ету және діни бірлестіктерімен өзара әрекеттесу саласындағы қызметтері өкілеттілігі берілді. 18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы туралы» қаулысы қабылданды. 13 жыл бұрын (1998) Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы ашылды. Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры - Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, әлем әртісі Айман Мұсақожаева. 2010 жылғы ақпан айынан Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды. 13 жыл бұрын (1998) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының жаңа астанасының тұсаукесер құрметіне орай «Астана» медалі белгіленді. 12 жыл бұрын (1999) Астанадағы көшелердің біріне алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист Қошке Кемеңгерұлының (1896-1937) есімі берілді. Кемеңгеров Қошмұхамбет (Қошке) Дүйсебайұлы (1896-1937) - алаш қайраткері, ғалым, жазушы, драматург, журналист. 1896 жылы 15 шілдеде сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақмола облысы, Омбы уезінің Қаржас ауылында дүниеге келді. Омбы ауыл шаруашылығы училищесін бітірген. 1916-1918 жылдары «Балапан» қолжазба журналының редакторы болады. Ол 1915 жылдан бастап 1930 жылға дейін үзіліссіз ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосты. Осы уақыт аралығында Қошке өз қатарластарымен бірге отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күреске қатысты. Оның сан салалы ізденіске толы ұлтты дамыту жолындағы қызметін 30-жылдары басталған Кеңес өкіметінің репрессия науқаны үзді. 1917 жылы сәуірде Омбыдағы Ақмола облыстық қазақ атқару комитетінің тапсырмасымен Д.Әділов екеуі Ақмолаға келеді, мұнда Сәкен Сейфуллинмен бірлесіп, «Қазақ» комитетін, «Жас қазақ» ұйымын құруға ат салысады. Қошке Кемеңгеров шығармашылығы «Айқап» журналында 1915 жылы жарияланған «Жазғытұры», «Бақ іздеген», «Солған гүл» өлеңдері мен «Пайғамбар», «Сәскелік көлдің жағасында» секілді аудармаларынан басталады. Прозадағы алғашқы туындыларының бірі - «Тұтқынның ойы» әңгімесі. Осы және «Отаршылдың ұсқындары», «Қанды толқын» әңгімелерінде қазақ қауымының күрделі әлеуметтік жай-күйі шебер суреттеледі. Қаламгер құрметіне Баянауылда мектеп, Астанада көше аты берілді. 6 жыл бұрын (2005) Лондонның байырғы Southwark Cathedral кафедралық соборында белгілі қазақстандық скрипкашы Марат Бисенғалиевтің басқаруындағы Батыс Қазақстан филармониясының оркестрі концерт қойды. Концертте британдық өнер сүйер қауымға қазіргі замандағы классикалық композитор Карл Дженкинстің жаңа туындысы - «Реквием» ресми таныстырылды. Карл Дженкинстің «Реквиемі» қазақстандық классикалық оркестрдің Лондонда әлемдегі беделді «EMI» компаниясымен бірлесіп жазылған алғашқы альбомы. Бұл жобаны жүзеге асыруға британ-қазақ қоғамы, Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігі және «Эйр-Астана» ұлттық әуе компаниясы қолдау көрсетті. 5 жыл бұрын (2006) Мойнақ су электр стансасының құрылысы араға 14 жыл салып қайта қолға алынды. Құрылысы 1985 жылы басталып, Одақ тарағаннан кейін тоқтап қалған су электр стансасын іске қосу, жалпы қуаттылығы 300 МВт болатын Мойнақ СЭС-інің жұмыс істеуі еліміздегі электр энергиясына деген тапшылықтың орнын толтырмақ. 5 жыл бұрын (2006) Алматы қалалық әкімдігінде мультимедиялық жабдықтармен жасақталған «Қазақ тілі» оқу залының таныстырылымы болды. Электронды бағдарламалар арқылы жеделдете оқыту бойынша арнайы курстан өткен қызметкерлердің алған білімдері тексеріліп, тиісті дәрежедегі сертификаттар тапсырылады. Бүгіндері мемлекеттік тілді қызметкерлерге оқытудың бір ізді жүйесі жоқ екенін ескерсек, мұндай залдар ондай мәселелерді шешуге үлкен көмек болатыны анық. 4 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке Ресей халықтар достығы университетінің құрметті докторы атағы берілді. Дипломнан басқа Кәрім Мәсімовке құрметті доктордың мантиясы, бас киімі және естелік медалі табысталды. 4 жыл бұрын (2007) Павлодарда «Ақ отау» неке қию сарайы ашылды. Сарай ғимараты қала орталығындағы Ертістің жағасында киіз үйге ұқсастырылып салынған. Жас отау иелерін тіркеу кең, әдемі безендірілген залда өтеді. 2 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы құрлықаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшыру қондырғыларын, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты Келісімге Түзетулерді бекіту туралы» Заңға қол қойды. 2 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласында ауыл шаруашылығы саласына арналған «Арлан» атты қазақстандық трактор құрастыратын зауыттың салтанатты ашылу рәсімі болды. Зауыттың ашылу рәсіміне Ауыл шаруашылық министрлігінің, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ының, Алматы облысы әкімдігінің, Қытайдың «YTO Group» компаниясының өкілдері қатысты. Мұнда құрастырылатын 20-дан 180-ге дейін ат күші бар «Арлан» атты шағын көлемді тракторлар Қазақстан нарығында теңдесі жоқ, ал құны бойынша шағын және орта фермерлік қожалықтарына қолжетімді. ЕСІМДЕР 55 жыл бұрын (1956) «ЮрАзия Энерджи Холдингс ЛТД» компаниясының бас директоры, автоматтандыру инженері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі НИЕТБАЕВ Марат Әбенұлы дүниеге келді. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. 1973-1991 жылдары - Шымкент қорғасын зауытында балқытушы, шебер, аға шебер, бастықтың орынбасары, цех басшысы, аға металлург, өндірістік бөлімнің бастығы. 1991-1992 жылдары - Шымкент қорғасын зауыты директоры. 1992-1997 жылдары - «Шымкент қорғасын зауыты» АҚ-ының бас директоры. 1997-1998 жылдары - «Тың тау-кен химиялық комбинаты» АҚ-ының оңалту басқарушысы. 1998-2004 жылдары - «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ының тау-кен рудасы департаменті директоры. 2004-2006 жылдары - «Тау-кен рудасы компаниясы» ЖШС-інің бас инженері. 2005-2007 жылдары - «Волковгеология» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. 2006-2007 жылдары - «Кең дала» АҚ-ының бас директоры. 2007-2010 жылдары - «Тау-кен рудасы компаниясы» ЖШС-інің бас директоры қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап істейді. 50 жыл бұрын (1961) «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының персоналды басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті АКЧУРИН Асхат Харисұлы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданының (қазіргі Қазталов ауданы) Талдықұдық кентінде туған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы интситутын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. 1983-1996 жылдары - техниканың мүжілуіне қарсы бас мамандандырылған құрылымдық бюроның инженер-құрылымдаушысы, жүргізуші инженері, сектор меңгерушісі, бас инженер, бас құрастырушысы - бастығы. 1996-1998 жылдары - техниканың мүжілуіне қарсы бас мамандандырылған құрылымдық бюроның және «Целинсельмаш» АҚ мамандандырылған құрылымдық бюро бірлестігінің бас құрылымдаушысы, Астана қаласы әкімі аппараты Нарықтық экономика бөлімінің меңгерушісі. 1998-2002 жылдары - Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің бірінші орынбасары, орынбасары. 2002-2004 жылдары - Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі. 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінде, Ұйымдастыру-бақылау жұмыстары және кадр саясаты басқармасы Мемлекеттік инспекциясының мемлекеттік инспекторы. 2006-2008 жылдары - Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2008-2009 жылдары - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының аппарат басшысы қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2009 жылдың қаңтар айынан бастап істейді. «Құрмет» орденімен марапатталған. 45 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ҚОНАРБАЙ Болат Қайроллаұлы дүниеге келді. Атырау облысының Құлсары қаласында туған. Воронеж техникалық училищесін, Орал орман-техникалық институтын (қазіргі Орал мемлекеттік орман-техникалық университеті), Волгоград ауыл шаруашылығы академиясын (қазіргі Волгоград мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясы) бітірген. 1989-1991 жылдары - БЛКЖО Ембі аудандық комитеті жанындағы Жастар бастамасы қорының төрағасы. 1991-1996 жылдары - «Жұлдыз» шағын кәсіпорны директорының орынбасары, директоры. 1997-1998 жылдары - «Болсан» ЖШС-інің директоры. 1998-1999 жылдары - «Жылыой нан» Ашық акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы. 1999-2007 жылдары - «Жаңа-жол-1» ЖШС-інің бас директоры. 2006-2007 жылдары - Атырау облыстық өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы. 2005-2007 жылдары - «Атамекен» Одағы үйлестіру кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі. 2007-2008 жылдары - «Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық филиалының төрағасы. 2007 жылдан - «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді. «Құрмет» орденімен марапатталған. МАУСЫМНЫҢ 3-І, ЖҰМА Ережеп айының 1-ші жұлдызы (қасиетті үш айдың басталуы) - мұсылман мерекесі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 86 жыл бұрын (1925) қырғыз елімен арадағы шекараны межелеуге байланысты Шу болысы «уезд құқығындағы аудан» (орталығы - Георгиевка селосы) мәртебесін алды. 23 жыл бұрын (1988) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Жарлығымен Халыққа білім беру министрлігі құрылды. Аталған министрлік Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы мамырдың 8-індегі Жарлығымен және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы негізінде Білім министрлігі болып қайта құрылды. 16 жыл бұрын (1995) ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың (1845-1904) 150-жылдығына арналған мәдени күндер басталды. 12 жыл бұрын (1999) Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ішіндегі Кіші Ақсарайға қазақ халқының хандары мен билерінің мүрделері қайта жерленді. 12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ана тілінің айбары» белгісі тапсырылды. 12 жыл бұрын (1999) Халықаралық «Алматы инвестициялық саммиті» өз жұмысын бастады. Оған 22 елден 160 компанияның 300-ден астам басшылары мен өкілдері қатысты. 9 жыл бұрын (2002) Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Азиядағы Өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің алғашқы басқосуы өтті. Оған 16 қатысушы елдің, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ), Араб мемлекеттері лигасының және 8 бақылаушы елдің өкілетті делегациялары қатысты. Кездесу барысында тарихи құжаттар - АӨІСШК Алматы актісі мен Лаңкестікті аластау мен өркениеттер арасындағы үн қатысуға жәрдемдесу туралы Декларациясы қабылданды. Бүгінгі таңда АӨІСШК-ға мүше мемлекеттердің саны 17-ге жетсе, бақылаушы мемлекеттердің қатары Индонезия, Вьетнам, Малайзия, Украина, АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапониямен толықты. 2 жыл бұрын (2009) Астанада белгілі қазақстандық мұнайшы, Қазақстан Республикасы өнеркәсібіне еңбек сіңірген қызметкер Балтабек Қуандықовтың «Каспий қайраңының кілттері» («Ключи каспийского шельфа») атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітапқа деректі мәліметтер, бейнефильмдер, басылымдарда жарық көрген мақалалар мен Каспий теңізін игеру ісіне тікелей қатысқан адамдардың алғашқы еңбектері енгізілген. 2 жыл бұрын (2009) Ашхабадта «Нұрбанк» АҚ және Инвестициялар мен экспорттық несиелерді сақтандыратын Ислам корпорациясы (ICIEC) арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. «Нұрбанк» АҚ қазақстандық банктердің ішінде өз пайдаланушыларына ICIEC қатысушы-елдермен инвестициялық келісімшартты сақтандыруға және АҚШ-тың 150 млн. долларына дейінгі сомада экспорттық несие беру қызметтерін ұсынды. Келісімге қол қою шарасы Ислам даму банкінің басқарушы топтарының 34-ші жыл сайынғы кеңестің мәжілісі шеңбері аясында өтті. 1 жыл бұрын (2010) Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Әлия Бөпежанованың кітаптары мен кітап жобаларының» тұсаукесері өтті. Әлия Бөпежанованың Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бағдарламасы бойынша «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген шығармалары 2 кітаптан тұрады. Онда автор өнердің тәрбиелік міндетін қоғамның рухани-эстетикалық дамуымен тығыз байланыста қарастырады. «Өнер - жеке тәжірибе» деп аталатын бірінші кітабында көрнекті суреткерлер, замандас жазушылар мен режиссерлердің шығармашылықтарын сөз етеді. Ал, «Мәдениет - жасампаз сана» атты екінші кітабында сыншының Асқар Сүлейменов, Дж.Сорос, Әзірбайжан Мәмбетов секілді бірқатар тұлғалармен сұхбаттары және көркем аудармалары топтастырылған. Сарапшы Әлия Бөпежанова оқырмандарына кітап жобалары ретінде «Парасат падишасы», «Кек», «Болмыспен бетпе-бет» және «Кинорежиссер, жазушы Сатыбалды Нарымбетов» сынды альбом кітабын ұсынған. «Бүгінгі күні әдеби сын деңгейі төмендеп, теперіш көруде. Туындыларды талдау мардымсыз. Соған сай рухани әлеміміз де қатты құлазып тұр. Осы тұрғыдан алғанда, біздің Әлия қай жанрда болмасын, талмай қалам тербеп, өз бағытынан таймай, бір қалыппен келеді», - деді жиында сөз сөйлеген белгілі сахна сыншысы Әшірбек Сығай. Сыншы, мәдениеттанушы, аудармашы, журналист, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі Әлия Бөпежанова туындылары әдебиет пен мәдениетті, өнерді насихаттауға бағытталған. ЕСІМДЕР 100 жыл бұрын (1911-1970) ақын АНИСИМОВ Семен Михайлович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында туған. Өскемен, Семей педагогикалық техникумдарын, Ленинград журналистика институтын бітірген. Соғысқа дейін және соғыстан кейін өмірінің соңына дейін Семей облыстық «Прииртышская правда» газетінде жемісті еңбек еткен. Шығармашылық жолын өлеңмен бастаған ол прозада да қалам тартқан. Ақынның «Замандас», «Қыркүйек», «Ақ қайнар», «Таңдамалылар» атты жыр жинақтары, «Парамон Крутихинаның құпиясы», «Жез қалып», «Көкек» атты прозалық шығармалары бар. Қызыл Жұлдыз орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 50 жыл бұрын (1961) «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ ішкі аудит қызметінің басшысы, қаржы қызметінің үздігі АСҚАРОВА Айгүл Ермағамбетқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), Орталық Азия университетін бітірген. 1984-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ақпараттық-есептеу орталығының (АЕО) инженер-бағдарламашысы, аға экономисі, жобаның бас, жүргізуші инженері, бөлім меңгерушісі, басқарма бастығының орынбасары. 1998-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазына комитеті басқармасы бастығының орынбасары, бастығы. 2004-2006 жылдары - Астана қаласы Қаржы департаментінің басшысы. 2005-2006 жылдары - «Астана-Қаржы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. 2006-2007 жылдары - Астана қаласы бойынша Қазына департаменті бастығының орынбасары, Шымкент қаласы Қаржы бөлімінің меңгерушісі. 2007-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазына комитеті төрағасының орынбасары. 2009-2010 жылдары - «ҚазАгроГарант» АҚ-ының басқарма төрағасы. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың қараша айынан бастап істейді. «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть