2011 жылғы 3-4 маусым аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2011 жылғы 3-4 маусым аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

2011 жылғы 3-4 маусым аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ЕЛБАСЫ

  • 3 Маусым 2011
  • 833
Фото - Caravan.kz

3 маусымда «Қазақстан» ОКЗ-да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елорданың одан әрі дамуы мәселелеріне арналған кеңес өтеді.

ҮКІМЕТ

2011 жылы 3 маусымда «Дипломат» қонақүйінің конференц-залында «Болашақ» Консалтингтік тобы» және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасындағы нормашығармашылық: теория мен практиканың проблемалары» деп аталатын Республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізеді. Конференцияда ішкі және халықаралық құқық саласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары нормашығармашылық қызметінің өзекті мәселелері талқыланады.

Конференцияға әділет вице-министрі Д.Р. Құсдәулетов, ҚР Парламенті комитеттерінің төрағалары А.Қ. Бижанов, Н.Ч. Жолдасбаева, ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің және орталық атқарушы билік органдарының өкілдері қатысады.

Конференция қорытындысы бойынша нормашығармашылықтың отандық жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар әзірленеді және оған қатысушылардың баяндамалары мен сөйлеген сөздерінен жинақ шығарылатын болады.

ПАРЛАМЕНТ

3 маусым күні Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің бас ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық Палатаның отырысы өтеді.

ҚОҒАМ

4 маусымда Киевте ЕурАзЭҚ-тың дағдарысқа қарсы қоры отырыс өткізеді.

4 маусым күні Алматы, Астана қалалары мен барлық облыс және аудан орталықтарында республикалық «Волейбол фестивалі» болады.

СПОРТ

3 маусым күні Астанада футболдан 2012 жылдың Еуропа чемпионы додасына іріктеу ойындары аясында еліміздің ұлттық құрамасы Әзірбайжан ұжымымен кездесу өткізеді.

АСТАНА

1-3 маусым күндері Астанада «Таңшолпан» атты VI республикалық байқау өтуде.

3 маусымда ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында балалар шығармашылығының сайыс-фестивалі және «Түрлі-түсті мозаика» қалалық сайыс-фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді.

3 маусымда «Әділет кеңес береді» және тағы да басқа республикалық акциялардың нәтижелері бойынша брифинг өтеді.

3 маусымда «Тарих, уақыт және заман» кітап-құжат көрмесі өтеді.

3 маусымда Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатты жиын өткізіледі.

5 маусымда Астана қаласындағы «Қазақстан» Орталық концерт залында қайырымдылық концерт өтеді. Аталған концертті Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Болашақ» қауымдастығы бірлесіп ұйымдастыруда.

Концертке «Мұзарт» тобы, «Бәйтерек» тобы, «Дабл» тобы, Қыдырәлі Болманов, Қарақат, Маржан Арапбаева секілді қазақ эстрадасының жұлдыздары мен тағы басқа танымал әртістер қатысады. Кештің жүргізушілері — Тұрсынбек пен Ярослав («Қазақтар» КТК (КВН) командасы).

Жиналған қаржы Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі арқылы Жапонияның Қызыл крест қоғамына аударылатын болады.

АЛМАТЫ

3 маусымда Алматы қаласында «Қылмыстық іс жүргізуді одан әрі реформалау мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылауға арналған «дөңгелек үстел» өтеді.

3 маусымда «Фармацевтикалық тәжірибе: ғылым, білім мен өндірісті интеграциялау» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді.

3 маусымда Алматы әкімдігінде «Тұрғындардың жергілікті билік органдарына деген сенімі деңгейін арттыру» жобасының тұсаукесері болады.

3 маусымда ТЖ зардаптарына арналған баспасөз мәслихаты өткізіледі.

3 маусымда Алматыда «Әйел саулығы — ұлт саулығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

3 маусымда Мемлекеттік ту авторы Шәкен Ниязбековтың қатысуымен патриоттық іс-шара өткізіледі.

3 маусымда ҚР Тұңғыш Президенті қорында ҚР Суретшілер одағының «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған үздік шығарма» конкурсы жобасы аясындағы жиырмадан астам суретшінің көрмесі өтеді.

4 маусым күні Алматы маңындағы «Ақерке» демалыс аймағында блогшылардың екінші Республикалық слеті өтеді. Слет «YourVision» блог-тұғырнамасының үш жылдығына арналады.

АЙМАҚ

Алматы облысы

3 маусым — Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне орай Алматы облысында Қозғалыс жас инспекторларының (ҚЖИ) республикалық слеті. Слет 7 маусымға дейін жалғасады.

Оңтүстік Қазақстан облысы

Шымкентте «Тәуелсіздік — менің мақтанышым» атты байқау өтіп жатыр. Байқау 1 шілдеге дейін жалғасады.

Қостанай облысы

3-4 маусымда Қостанай қаласында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың қатысуымен «Менің Қазақстаным!» ІV патриоттар форумы өткізіледі.

Маңғыстау облысы

30 мамыр мен 3 маусым аралығында Ақтауда «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС базасында І Халықаралық инновациялық мектеп және «Энергия, химия және су» атты дөңгелек үстел өтеді

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

2011 ЖЫЛДЫҢ МАУСЫМ АЙЫНДА:

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

60 жыл бұрын (1951) Қазақ КСР Ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен республикада тұңғыш рет Абай шығармашылығы туралы айтыс өтті.

57 жыл бұрын (1954) Рудный қаласында Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі құрылды. 1957 жылы Соколов, 1960 жылы Сарыбай кенішінің бірінші кезеңі іске қосылды. Оның құрамына Сарыбай, Қашар, Қоржынкөл ашық темір кеніштері мен Соколов жерасты кеніші кіреді.

18 жыл бұрын (1993) Ақмолада Қазақстандағы екінші халықаралық телефон стансасының және 120 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салу бойынша «Дойче БундесТелеком» фирмасымен Қазақстан-неміс кәсіпорнын құру туралы келісімшартқа қол қойылды.

16 жыл бұрын (1995) «АТФ банкі» акционерлік қоғамының негізі қаланды. Ол кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкіне «Алматы сауда-қаржы банкі» жабық акционерлік қоғамы деген атаумен тіркелген болатын. Қазіргі атауымен 2003 жылдан бастап қызмет істейді.

10 жыл бұрын (2001) Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) құрылды. Бұл ұйым «Шанхай бестігінен» (Қазақстан, Ресей, Кытай, Қырғызстан және Тәжікстан) құрылған. ШЫҰ-ның негізі — Шекара аумағында әскери саласында сенімді нығайту туралы Шанхай келісімі (1996 жылы) және Шекара аумағында қарулы күштердің өзара қысқартылуы туралы Мәскеу келісімі (1997 жылы) болып табылады. Аталған екі тарихи келісімнің біріншісіне қол қою үшін 1996 жылы Шанхай қаласында бес мемлекет басшысы кездесіп, ол «Шанхай бестігі» деген атауға негіз болды. Шанхайдағы, оған ілесе бір жылдан кейін Мәскеуде өткен саммиттер алты жылдан соң көп жақты ынтымақтастық ұйымына айналған құрылымның негізін қалады.

Қазақстан, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен ықпалдасуды өзінің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастыра отырып, аталған Ұйымға ерекше мән береді. ШЫҰ осы өңірдегі мемлекеттердің қауіпсіздік және сенім шараларын нығайту мәселелерін бірлесіп шешу ұмтылысының нәтижесінде пайда болды. Ұйымның мүдделері саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларға таралды. Терроризм, экстремизм және тағы басқа сыртқы қауіптер аймақтағы мемлекеттерді ШЫҰ-ның құрамында бірігуге итермелейді. ШЫҰ — белгілі бір күштерге қарсы қимылдайтын әскери одақ немесе тұйық қоғамдастық емес. Ол — халықаралық ынтымақтастыққа ұмтылған ашық ұйым. ШЫҰ-ның қазіргі жағдайдағы мән беретін мәселелері — аймақтағы бейбітшілікті, тұрақтылықты және қауіпсіздікті сақтау, әсіресе, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуы.

2011 жылғы 25-28 қаңтарда Қазақстан Республикасының төрағалығымен Пекинде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің (ҰҮК ШЫҰ) кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында Ұйымға мүше мемлекеттер (Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ШЫҰ құрылуының он жылдығына арналған мерейтойлық саммитін 2011 жылғы 15 маусымда Астанада өткізу туралы ұсынысын бірауыздан қолдады. Осылайша, Астана саммиті «Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылған күні» өткізілетін болды.

8 жыл бұрын (2003) Тайландтың Чиагмай қаласында өткен Азиядағы ынтымақтастық диалогы Сыртқы істер министрлерінің 2-ші кеңесінде Қазақстан Республикасы Оман, Шри-Ланка және Кувейт мемлекеттерімен бірге аталған ұйымға мүше болып қабылданды.

ЕСІМДЕР

150 жыл бұрын (1861-1919) алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі АЙТБАҚИН Әміре Дұрманұлы дүниеге келді.

Бұрыңғы Семей облысы Павлодар уезі Ақбеттау болысында (қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы аймағы) туған. 1882 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын аяқтағаннан кейін осы қаладағы гимназияда сабақ берді. 1883-1889 жылдары Дала генерал-губернаторының, Семей облыстық әскери губернаторының тілмашы, Қарқаралы уезі бастығының көмекшісі, Семей облыстық әскери губернаторы кеңесінде айрықша тапсырмалар жөніндегі шенеунік болды. 1885 жылдың мамыр айында ол Шар өзені бойындағы Қарамолада 5 уездің билері мен ел жақсылары талқылаған «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелерін» жазуға қатысты. 1889-1894 жылдары Томск университетінің медицина факультетін бітірді. Қарқаралы және Павлодар уездерінде дәрігер, 1898 жылдан бастап Өскемен уезі Большенарым кентінде учаскелік дәрігер болды. Қазан төңкерісіне дейін Өскемен уезінің Зайсан мен Қатынқарағай аралығындағы ауылдарда дәрігерлік қызмет атқарды. Төңкеріс жылдарында жергілікті кеңестің төрағасы, Өскемен уездік кеңесі атқару комитетінің мүшесі болды, уездік земство басқармасында қызмет етті.

МАУСЫМНЫҢ 3-І, ЖҰМА

Ережеп айының 1-ші жұлдызы (қасиетті үш айдың басталуы) — мұсылман мерекесі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

86 жыл бұрын (1925) қырғыз елімен арадағы шекараны межелеуге байланысты Шу болысы «уезд құқығындағы аудан» (орталығы — Георгиевка селосы) мәртебесін алды.

23 жыл бұрын (1988) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Жарлығымен Халыққа білім беру министрлігі құрылды. Аталған министрлік Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы мамырдың 8-індегі Жарлығымен және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы негізінде Білім министрлігі болып қайта құрылды.

16 жыл бұрын (1995) ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың (1845-1904) 150-жылдығына арналған мәдени күндер басталды.

12 жыл бұрын (1999) Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ішіндегі Кіші Ақсарайға қазақ халқының хандары мен билерінің мүрделері қайта жерленді.

12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ана тілінің айбары» белгісі тапсырылды.

12 жыл бұрын (1999) Халықаралық «Алматы инвестициялық саммиті» өз жұмысын бастады. Оған 22 елден 160 компанияның 300-ден астам басшылары мен өкілдері қатысты.

9 жыл бұрын (2002) Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Азиядағы Өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің алғашқы басқосуы өтті. Оған 16 қатысушы елдің, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ), Араб мемлекеттері лигасының және 8 бақылаушы елдің өкілетті делегациялары қатысты. Кездесу барысында тарихи құжаттар — АӨІСШК Алматы актісі мен Лаңкестікті аластау мен өркениеттер арасындағы үн қатысуға жәрдемдесу туралы Декларациясы қабылданды. Бүгінгі таңда АӨІСШК-ға мүше мемлекеттердің саны 17-ге жетсе, бақылаушы мемлекеттердің қатары Индонезия, Вьетнам, Малайзия, Украина, АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапониямен толықты.

2 жыл бұрын (2009) Астанада белгілі қазақстандық мұнайшы, Қазақстан Республикасы өнеркәсібіне еңбек сіңірген қызметкер Балтабек Қуандықовтың «Каспий қайраңының кілттері» («Ключи каспийского шельфа») атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кітапқа деректі мәліметтер, бейнефильмдер, басылымдарда жарық көрген мақалалар мен Каспий теңізін игеру ісіне тікелей қатысқан адамдардың алғашқы еңбектері енгізілген.

2 жыл бұрын (2009) Ашхабадта «Нұрбанк» АҚ және Инвестициялар мен экспорттық несиелерді сақтандыратын Ислам корпорациясы (ICIEC) арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.

«Нұрбанк» АҚ қазақстандық банктердің ішінде өз пайдаланушыларына ICIEC қатысушы-елдермен инвестициялық келісімшартты сақтандыруға және АҚШ-тың 150 млн. долларына дейінгі сомада экспорттық несие беру қызметтерін ұсынды.

Келісімге қол қою шарасы Ислам даму банкінің басқарушы топтарының 34-ші жыл сайынғы кеңестің мәжілісі шеңбері аясында өтті.

1 жыл бұрын (2010) Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Әлия Бөпежанованың кітаптары мен кітап жобаларының» тұсаукесері өтті.

Әлия Бөпежанованың Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бағдарламасы бойынша «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген шығармалары 2 кітаптан тұрады. Онда автор өнердің тәрбиелік міндетін қоғамның рухани-эстетикалық дамуымен тығыз байланыста қарастырады. «Өнер — жеке тәжірибе» деп аталатын бірінші кітабында көрнекті суреткерлер, замандас жазушылар мен режиссерлердің шығармашылықтарын сөз етеді. Ал, «Мәдениет — жасампаз сана» атты екінші кітабында сыншының Асқар Сүлейменов, Дж.Сорос, Әзірбайжан Мәмбетов секілді бірқатар тұлғалармен сұхбаттары және көркем аудармалары топтастырылған. Сарапшы Әлия Бөпежанова оқырмандарына кітап жобалары ретінде «Парасат падишасы», «Кек», «Болмыспен бетпе-бет» және «Кинорежиссер, жазушы Сатыбалды Нарымбетов» сынды альбом кітабын ұсынған. «Бүгінгі күні әдеби сын деңгейі төмендеп, теперіш көруде. Туындыларды талдау мардымсыз. Соған сай рухани әлеміміз де қатты құлазып тұр. Осы тұрғыдан алғанда, біздің Әлия қай жанрда болмасын, талмай қалам тербеп, өз бағытынан таймай, бір қалыппен келеді», — деді жиында сөз сөйлеген белгілі сахна сыншысы Әшірбек Сығай. Сыншы, мәдениеттанушы, аудармашы, журналист, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі Әлия Бөпежанова туындылары әдебиет пен мәдениетті, өнерді насихаттауға бағытталған.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1911-1970) ақын АНИСИМОВ Семен Михайлович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында туған. Өскемен, Семей педагогикалық техникумдарын, Ленинград журналистика институтын бітірген. Соғысқа дейін және соғыстан кейін өмірінің соңына дейін Семей облыстық «Прииртышская правда» газетінде жемісті еңбек еткен. Шығармашылық жолын өлеңмен бастаған ол прозада да қалам тартқан.

Ақынның «Замандас», «Қыркүйек», «Ақ қайнар», «Таңдамалылар» атты жыр жинақтары, «Парамон Крутихинаның құпиясы», «Жез қалып», «Көкек» атты прозалық шығармалары бар.

Қызыл Жұлдыз орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

50 жыл бұрын (1961) «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ ішкі аудит қызметінің басшысы, қаржы қызметінің үздігі АСҚАРОВА Айгүл Ермағамбетқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), Орталық Азия университетін бітірген. 1984-1998 жылдары — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ақпараттық-есептеу орталығының (АЕО) инженер-бағдарламашысы, аға экономисі, жобаның бас, жүргізуші инженері, бөлім меңгерушісі, басқарма бастығының орынбасары. 1998-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазына комитеті басқармасы бастығының орынбасары, бастығы. 2004-2006 жылдары — Астана қаласы Қаржы департаментінің басшысы. 2005-2006 жылдары — «Астана-Қаржы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. 2006-2007 жылдары — Астана қаласы бойынша Қазына департаменті бастығының орынбасары, Шымкент қаласы Қаржы бөлімінің меңгерушісі. 2007-2009 жылдары — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазына комитеті төрағасының орынбасары. 2009-2010 жылдары — «ҚазАгроГарант» АҚ-ының басқарма төрағасы. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың қараша айынан бастап істейді.

«Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар