2011 жылғы 8-10 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2011 жылғы 8-10 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

2011 жылғы 8-10 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

СПОРТ

  • 8 Шiлде 2011
  • 789
Фото - Caravan.kz

7-9 шілденің аралығында Буэнос-Айресте (Аргентина) Қазақстан мен Аргентина құрама командаларының арасында Дэвис Кубогының ¼ финалының ойындары өтеді.

ҚОҒАМ

«Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялайды. Конкурстың мақсаты -баршаға ортақ іс — Қазақстан Республикасының «электрондық үкіметінің» құрылуына өздерінің мақалаларымен үлес қосып жүрген ең үздік мақала авторларын анықтап, марапаттау. Конкурстық іріктеу «Үздік телевизиялық материал», «Үздік баспасөз материалы», «Үздік желілік материал» аталымдары бойынша жүргізіледі.

АСТАНА

4-8 шілденің аралығында Ұлттық Ана мен бала ғылыми орталығында мастер-класс өтеді.

8 шілдеде Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» атты құжаттық көрменің ашылу рәсімін өткізеді.

8 шілдеде Жоғарғы сотта республика соттарының І жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысына арналған кеңейтілген кеңес болады.

8 шілдеде «Іскер» бизнес орталығында «Қазақстандағы еріктілер қозғалысының құқықтық аспектілері» деген тақырыпта халықаралық конференция болады.

8 шілдеде «Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамында жаңа кеңселердің салтанатты ашылуына арналған кездесу өтеді.

8 шілдеде «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалында «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер клубының ашылу рәсімі өтеді.

АЛМАТЫ

8 шілдеде «Нұрлы тау» бизнес-орталығында «ИНТАЛЕВ» компаниялар тобының қазақстандық өкілдігінің ұйымдастыруымен семинар өтеді.

8 шілдеде Алматы әкімдігінде қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтеді.

8 шілдеде Алматы әкімдігінде IBM Сервистік корпусының баспасөз мәслихаты болады.

8 шілдеде ЦСКА клубында баспасөз мәслихаты өтеді.

13-22 шілденің аралығында Орталық көрме залында Ысқақ Оразаевтың туындыларының жеке көрмесі өтеді.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

ШІЛДЕНІҢ 8-І, ЖҰМА

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

156 жыл бұрын (1855) Есет батыр жасақтары Арыстан Жантөрин сұлтанның лагеріне шабуыл жасап, оны өлтірді. Бұл көтерілістің шығуына Арал теңізінің батыс жағындағы Үлкен және Кіші Борсықты, Сам құмын, Сағыз, Жем өзендері бойын мекендеген шекті руына түтін салығын салу, әскери мақсат үшін күш-көлік алу, бекініс салынуы салдарынан мал жайылымының тарылуы себеп болды. 1858 жылы қыркүйекте Сам құмында жеңілген Есет батыр көтерілістен бас тартып, патша үкіметіне адал қызмет етуге уәде берді.

17 жыл бұрын (1994) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ақмола облысының Бурабай курортты аймағында Абылай хан ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

17 жыл бұрын (1994) қазақстандық кинематография тарихында алғаш рет «Территория жизни» сериалының ресми тұсаукесер рәсімі өтті. «Мастерс медиа» тәуелсіз телевизиялық продюсерлік орталығы түсірген экшн жанрындағы сериал әрқайсысы 30 минуттық 8 сериядан тұрады.

17 жыл бұрын (1994) Алматыда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттері кездесіп, көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Ортаазиялық ынтымақтастық және даму банкін құру туралы келісімге қол қойды.

12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Парламенті кезекті сайлауының мерзімін тағайындау туралы» Жарлығы жарық көрді.

8 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Орман кодексіне» қол қойды.

6 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңы қабылданды.

6 жыл бұрын (2005) Астанада Сыртқы істер министрлігінде «ХХІ ғасыр: Әлем саясаткерлері Нұрсұлтан Назарбаев туралы» кітаптың таныстырылымы болды.

Бұл кітапта мемлекет басшылары мен саясаткерлердің, дін қайраткерлерінің, зияткерлік және іскерлік әлемнің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірлері жинақталған.

2 жыл бұрын (2009) Ұлттық банктің Астанадағы орталық филиалына «OLУMPIC GAMES 2010», «Ежелгі қорған қазыналары. Берел қорғаны» сериясынан — «Жыртқыш пен бұғы» және «Жалаулы көмбесі» коллекциялық шақалары келіп түсті.

«Жалаулы көмбесі» шақалары 999/1000 сынамалы, «proof» сапалы алтыннан жасалған, салмақтары 0,5 және 1,24 грамм. Олардың ішіндегі үлкенінің құны — 8500 теңге, кішісінің құны — 4500 теңге. «Жыртқыш пен бұғы» шақасы да осы сынамадан жасалған, құны да осындай.

«OLУMPIC GAMES 2010» шақасы 925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы — 31,1 грамм, диаметрі — 38,61 мм.

2 жыл бұрын (2009) Павлодар облысының Ақсу қаласында салтанатты жағдайда Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш ашылды.

Ғалымның мүсіні қаланың басты көшесіне орнатылды. Ескерткіш авторы павлодарлық мүсінші Игорь Соболев мүсіндік портретте атақты жерлесін барынша шынайы көрсетуге тырысқан.

1060 жыл бұрын (951) Францияның қазіргі астанасы Париж қаласының іргетасы қаланды. Бүгінгі таңда Париж әлемдік сән орталығы, дүние жүзіндегі ең ірі және көрікті қалалардың бірі.

ЕСІМДЕР

50 жыл бұрын (1961) экономика ғылымының кандидаты ӘБДІРАХМАНОВ Марат Мәулетжанұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1990-1992 жылдары — Батыс Қазақстан облысының Бөрілі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары. 1992-1993 жылдары — Бөрілі аудандық әкімдігі басшысының орынбасары — Салық инспекциясының бастығы. 1993-1997 жылдары — Орал қалалық салық инспекциясының бастығы. 1997-1998 жылдары — «Қазагропромбанк» Ашық акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан аумақтық басқармасы бастығының орынбасары, «Оралагромашжөндеу» Акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті. 1998-1999 жылдары — «Батыс Қазақстан АЭК» Акционерлік қоғамының вице-президенті. 1999-2002 жылдары — Батыс Қазақстан облыстық Салық комитетінің бастығы. 2002-2003 жылдары — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының орынбасары. 2003-2004 жылдары — Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2005-2006 жылдары — «Қазақстан инвестициялық қоры» Акционерлік қоғамы басқармасының мүшесі. 2006-2008 жылдары — Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары. 2007 жылдың қазанынан — «Каспий» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

40 жыл бұрын (1971) палуан, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақша күрестен спорт шебері САЛЫҚБАЕВ Қуаныш Жұмабекұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында туған. Алғашқы бапкерлері — Т.Шәкенов, А.Теміржанов. Самбодан Қазақстанның бес дүркін чемпионы (1996, 1999, 2000, 2001, 2002) және Азия чемпионатының күміс (2000, Орал) және алтын жүлдегері (2001, Ташкент), Әлем чемпионы (2006, Ташкент). Қазақша күрестен Қазақстанның үш дүркін чемпионы (2002, 2005, 2007) және Азия чемпионатының үздік чемпионы (2007, Қарағанды).

ШІЛДЕНІҢ 9-Ы, СЕНБІ

Аргентинаның Мемлекеттік мейрамы — Тәуелсіздік күні. Аргентина — Оңтүстік Американың оңтүстік-шығыс бөлігін толығымен алып жатқан мемлекет. Оңтүстігінде және батысында Чилимен, солтүстігінде Боливия, Парагваймен, солтүстік-шығыс және шығысында Бразилия, Уругваймен шектеседі. Әкімшілік жағынан 22 провинцияға, 1 ұлттық территорияға және 1 федералды астаналық округке бөлінеді. Астанасы — Буэнос-Айрес қаласы. Ресми тілі — испан тілі. Ақша бірлігі — песо. Аргентина конституциясы бойынша Федеративтік Республика. Ал басқару формасы бойынша парламентаризм элементтері бар Президенттік Республика. Мемлекет және үкімет басшысы — Президент. Сонымен қатар елдің қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып саналады. Жоғары заң шығарушы органы Сенат және Депутаттар палатасынан тұратын Ұлттық конгресс.

Қазақстан Республикасы мен Аргентина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы маусымның 25-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

105 жыл бұрын (1906) Ресейдің Выборг қаласында бірінші Мемлекеттік думаның таралуын заңсыз деп таныған депутаттар халыққа үндеу жолдады. Бұл үндеу тарихта Выборг үндеуі деген атпен қалған. Думаны тарату туралы патша жарлығына қарсы халықты салық төлеуден, әскери міндеткерлікті өтеуден бас тартып, наразылық білдіруге шақырған бұл үндеуге қол қойған 200-ге жуық депутаттың басым көпшілігін кадеттер партиясының өкілдері құрады. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов пен Сәлімгерей Жантөрин де болды. 1907 жылы желтоқсанда үндеуге қол қоюшылар сотқа тартылып, олардың ішінде 167 адам 3 ай мерзімге абақтыға жабылып, ендігі жерде Думаға мүше болу құқығынан айрылды.

20 жыл бұрын (1991) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік салық қызметі құрылды.

10 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы жарық көрді.

4 жыл бұрын (2007) Атырау мемлекеттік университеті жанындағы археология-этнографиялық орталықтың кезекті экспедициясының мүшелері сармат дәуірінен жеткен алты обаны тапты.

Сармат дәуіріне қатысты бірнеше көне құмыра, ежелгі халықтың басқа да тұтынған ыдыс-аяқтары Атырау облысының Қызылқоға ауданынан табылды.

2 жыл бұрын (2009) Астанада ТМД бірінші автомобильдің тозған шиналарын өңдейтін зауыт іске қосылды.

Зауыттың қуаты — жылына 21 мың тонна резеңке үгінділері. Зауыттан шыққан резеңке үгінділері спорт, балалар алаңдары, стадион беттерін жабуға, жол үсті белгілерін, жаяу жүргіншілер жолдарының жабындысын, теміржолдарды, жол жиектемелері және құдықтардың қақпақтары жасап шығаруға пайдаланылады.

Германия технологиялары қолданылған жобаны Қазақстан даму банкі қаржыландырды.

2 жыл бұрын (2009) Астанада 254 көлік құралына есептелген көпқабатты жерасты тұрағы ашылды.

Автотұрақ Республика даңғылы бойындағы №7 мекен-жайында орналасқан. Жаңа автотұрақ жалпы ауданы 10112 шаршы метрді құрайтын 4 қабаттан тұрады.

Нысан тұрақ қызметі үшін ақы төлеуге болатын жартылай автоматтандырылған неміс техникасымен жабдықталған.

2 жыл бұрын (2009) «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасының аумағында «Ежелгі Қазақстанның қаруы және қару-жарағы» топтамасының көркемдік маркасын айналымға енгізді.

Маркада XVIII ғасырдағы батырдың қалқаны бір топ жауынгердің бейнесінде бейнеленген. Марка төрт бояуда офсет, бұғылап тесу тарақты әдiсi бойынша орындалған, өлшемі 50 х 38 мм, ал тиражы 30 мың дана. Суретшi — Данияр Мұхамеджанов. Маркалар Пекиннің (ҚХР) пошталық төлеу таңбалар фабрикасында басып шығарылған.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1946-2008) журналист, саясаттанушы ЕРМЕКБАЕВ Қуаныш Ермекбайұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1971-1973 жылдары — Қазақ радиосының редакторы, аға редакторы. 1973-1975 жылдары — Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің нұсқаушысы. 1975-1976 жылдары — Совет аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1976-1979 жылдары — Қазақ КСР-і Мемлекеттік телерадио бөлімінің меңгерушісі. 1979-1980 жылдары — Қазақ кәсіподақ кеңесінің нұсқаушысы. 1980-1981 жылдары — Алатау аудандық комитетінің нұсқаушысы. 1981-1984 жылдары — Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының аға нұсқаушысы. 1984-1991 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, жалпы бөлім меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1991-1993 жылдары — Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті және Президент Аппаратының жалпы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1993-1994 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. 1994-1995 жылдары — Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Іс басқармасы жалпы бөлім меңгерушісі. 1995-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары. 1997-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесі Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

«Құрмет» орденімен, медальмен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

65 жыл бұрын (1946-1993) шашкадан спорт шебері, орыс және халықаралық шашкадан Қазақстанның 10 дүркін жеңімпазы ӘБДІРАЙЫМОВ Қайырлы Қонақбайұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Балқаш ауданында туған. Оның ең мықты деп танылған партиялары «Шашки», «Дамбрете» журналдарында жарияланған. Халықаралық турнирде үш мәрте жеңіске жеткен.

35 жыл бұрын (1976) «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ының басқарма төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты ҚҰЛСЕЙІТОВ Айдын Жеңісұлы дүниеге келді.

Өскемен қаласында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Жарнама жөніндегі агент, «Жанна» ЖШС-інің менеджері болып қызмет атқарған. 1997-1999 жылдары — «Олжа» ЖШС-інің бас менеджері, директорының орынбасары. 1999-2000 жылдары — «Латифа» ЖШС-інің бас директоры. 2000-2003 жылдары — Өскемен қалалық Индустрия, экология және байланыс бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы. 2004-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Стратегиялық жоспарлау және жиынтық талдау департаменті директоры, бөлім бастығы, басқарма бастығы, Индустриалды саясат департаментінің директоры. 2008 жылы — Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігі Стратегиялық жоспарлау және салааралық реттеу департаментінің директоры. 2008-2009 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Қазіргі қызметінде 2009 жылдың қыркүйегінен бастап істейді.

ШІЛДЕНІҢ 10-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Багам аралдары Достастығының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1973). Багам — Атлант мұхитындағы Флорида түбегінің оңтүстік-шығыс жағалауынан Кубаның шығыс жағалауына дейінгі аумақта жатқан 700-ден астам аралдарды қамтитын мемлекет. Ең ірілері Андрос, Үлкен Абако, Үлкен Багам аралдары. Астанасы — Нассо қаласы. Мемлекеттік тілі — ағылшын тілі. Ақша бірлігі — багам доллары. Багам аралдарының билеушісі Ұлыбритания королевасы болып есептеледі де, елді оның өкілі генерал-губернатор басқарады. Үкімет басшысы — Премьер-Министр. Заң шығарушы органы Сенат пен Өкілдер палатасынан тұратын парламент.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

62 жыл бұрын (1949) «Астана су арнасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. Кәсіпорынның жылдық су тарату көлемі 30 миллион куб метрді құрайды. «Астана су арнасы» 600 шақырымға жуық су құбырына және 270 шақырым канализация жүйесіне қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда Астана қаласында 37 канализация сорғышы стансысын, 250 шақырым канализациялық коллекторды және ауа жіберу стансысын біріктіретін орталықтандырылған субұрғыш жүйесі бар. Ауа жіберу стансысының жобалық қуаты тәулігіне 135,9 мың куб метрді құрайды.

46 жыл бұрын (1965) Маңғышлақ мұнайының бірінші эшелоны іске қосылған Маңғыстау облысындағы Өзен кен орны мұнай өңдеу өнеркәсібіне жөнелтілді.

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Алматы қаласындағы Қазанның 50 жылдығы атындағы спорт сарайы ақын, әнші және композитор Балуан Шолақ есімімен аталатын болды.

Балуан Шолақ Баймырзаұлы (1864-1916) — атақты қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны. Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты — Нұрмағанбет. Шыққан тегі — Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде, атығай, қарауыл руларының арасында өскен. 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат тұяғында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды. Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (830кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 жылы Орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақ 35-те еді.

Мұның үстіне Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Балуан Шолақ ел аралап, салдық құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды. Топ құрып, «ансамбль» болып сауық құру Балуан Шолақтың дәстүріне айналған.

Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихатшысы болады. Олардың әнші-композиторлық дәстүрін берік ұстанып, кейін өзі де ән шығарады. Бұл тұрғыдан алғанда, Балуан Шолақ қазақтың әншілік өнерін өрістетуге үлкен үлес қосқан композитор. Көкшетау, Қарқаралы, Қараөткел, Сарысу бойындағы елдерді түгел аралаған. Балуан Шолақ Баянауыл, Семейде болады, Арқаның әндерін Жетісуға жеткізеді. Осы сапарында Кенен Әзірбаев Балуан Шолақтың көптеген әндерін үйреніп, халыққа таратады.

Оның халық арасына кеңінен тараған әндері — «Ғалия» мен «Сентябрь». «Ғалия» нәзік сезім дүниесін, мөлдір махаббатты шеберлікпен сыршыл әуенде жырлаған ғашықтық лирикасы болса, Балуан Шолақтың әндерін шебер орындаушылар Жүсіпбек Елебеков, М.Көшкімбаев, М.Тырбаев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, т.б. болды.

Белгілі музыка зерттеушісі Александр Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әндерін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізеді.

9 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының «Профилактика және темекі шегуді шектеу туралы» Заңы жарық көрді.

9 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы қабылданды.

5 жыл бұрын (2006) Қызылордалық жазушы-заңгер Әмірхан Бәкірұлының Мұстафа Шоқай өмірін зерттеп жазған «Мұстафа Шоқай» атты кітабы Түркияның «Erzurum» баспасынан түрік тілінде басылып шықты. Автор Шоқайдың өмірі мен қызметі, саяси қайраткерлігі, ұлт азаттығы жолындағы азапты өмірі туралы тым ертеден деректер жинай бастаған. Онда тарихи нақты құжаттар мол, түркі тілдес халықтардың Шоқай туралы кеңінен деректер алуына мүмкіндік жасалған. Жақсы безендірілген туынды түрік тілдес оқырмандарына жол тартты.

Мұстафа Шоқай (1889-1941) — Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист. Қызылорда облысының Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында Сыр өңірі қазақтары арасындағы беделді кісі — Шоқайдың отбасында дүниеге келген. Шоқайдың әкесі Торғай Сыр қазақтары Ресей патшалығының қол астына кірмей тұрғанда Хиуа ханының уәлиі, ал нағашылары Хиуа хандығын орыстардан қорғауда ерекше көзге түскен әйгілі әскербасылар болған. Мұстафа Шоқай жазу-сызуды өз анасынан жасы беске толмай жатып үйренген. Сұлутөбе станциясындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған ол 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Болашақ қайраткер 1910 жылы Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді. Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. Балқан соғысына байланысты 1912 жылы Санкт-Петербордағы қазақ, татар, өзбек, башқұрт және әзірбайжан студент-жастары арасында Түркияны қолдау қозғалысы өріс алған кезде оның арасында Мұстафа Шоқай да болады. Ол 1915 жылы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысына іріткі салу мақсатында орталық билік орындары құрған «Сират-ул-мустақим» («Тура жол») партиясына алғаш қарсылық танытқандар қатарында болып, студент жастар тобымен бірлесе отырып, зиялы қауым өкілдеріне «Сират-ул-мустақим» партиясын қолдамау жөнінде үндеу тастады. Бұл үндеу сол кезде татар тілінде жарық көріп тұрған «Сөз» газетінде жарияланды. 1916 жылы Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы жанындағы бюроға мүше болып, онда хатшылық қызмет атқарды. Түркістандағы көтерілістің себеп-салдарын тексеруге Мемлекеттік дума Ташкентке арнайы комиссия аттандырғанда, оның құрамында депутаттар А.Керенский, Тевкелевтермен бірге Мұсылман фракциясы жанындағы бюро мүшелері Ш.Мұхамедияров пен Мұстафа Шоқай болды. Жергілікті халықтың жағдайымен терең танысу мақсатында Мұстафа Шоқай Ташкентпен ғана шектелмей, Самарқанд пен Әндіжанда болып, жергілікті жағдаймен танысты. Петроградқа оралғаннан кейін өзі жинаған материалдар негізінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде билік орындарының Түркістан халқын аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны туралы Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясы атынан жасалатын мәлімдеме мәтінін әзірледі. 1917 жылы Ақпан революциясы нәтижесінде патша өкіметінің құлауын зор қуанышпен қарсы алып, қалыптасқан саяси ахуал Ресей империясында ұлттық езгінің тауқыметін тартқан түркі-мұсылман халықтарының бостандыққа жетуіне мүмкіндіктер туғызады деп үміттенді. 1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Түрмеден босаған оны неміс-фашистері түркістандық соғыс тұтқындарынан құрылуға тиіс Түркістан легионын ұйымдастыруға тартпақ болды. Мұстафа Шоқай бұл ұсынысты соғыс тұтқындарының жағдайын жақсарту үшін пайдалану жолдарын қарастырып, нақтылы әрекеттерге барды. Бірақ көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді. Мұстафа Шоқай Түркістандағы кеңестік биліктің отаршылдық сипатын алғаш таныған және онымен күресуге бүкіл ғұмырын арнаған, түркі халықтары тарихында жаңа интеллектуалды көкжиекке көтерілген қайраткер болды.

4 жыл бұрын (2007) Тараздың металлургиялық зауытында алғаш рет күкіртсиликомарганеці балқытылған №5 пеші іске қосылды. Бұл болат балқыту және құю өнеркәсібінде пайдаланатын темір марганецтің және кремнийдің қоспалы қорытпасы.

2 жыл бұрын (2009) Қостанай облысының Жетіқара қаласында ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылды.

Ескерткіш қаланың ортасындағы бульварда орналасқан. Төрт метрлік ескерткіште әскери тапсырманы орындап қайтып келе жатқан жауынгерлердің бейнесі бейнеленген. Ескерткіштің авторы — Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Құбай Ахмет Құсайынұлы.

2 жыл бұрын (2009) Алматы облысындағы Талғар ауданы Еламан ауылында «Қазақстан-Қытай» газ желісі алғашқы бөлігінің дәнекерлеу жұмыстары аяқталды.

Бұл жоба Түрікменстанның табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жеткізу мақсатында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Қазақстанның батыс өңіріндегі табиғи газды Қытайға, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласына тасымалдау жүзеге асырылады.

Газ құбыры Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан басталып, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумағынан Қытаймен шекаралас Қорғас бекетіне дейін жеткізіледі. Құбыр желісінің жалпы ұзындығы 1304,5 шақырымды құрайды.

ЕСІМДЕР

115 жыл бұрын (1896-1938) Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым, дәрігер педагог БАЙҒУРИН Әлжан Махмұтұлы дүниеге келді.

Бұрынғы Торғай облысының Қостанай уезінде туған (қазіргі Қостанай облысы). Қостанайдағы орыс-қазақ училищесін және реалдық училищесін, Орта Азия мемлекеттік университетін, Ленинград медицина институтының аспирантурасын бітірген. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің («Ислам кеңесі») мүшелігіне сайланып, Торғай қазақтарының 2-ші облыстық және Қостанай қазақтарының уездік съездерін өткізуге белсене қатысқан. «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі, Қостанайда дәрігер болып, Қазақ АКСР-і Денсаулық сақтау халық комиссариатында және туберкулез диспансерінде қызмет атқарған. 1935-1937 жылдары Алматы медицина институты клиникасының дәрігері, кафедра меңгерушісі болған. 1937 жылы желтоқсанда тұтқындалып, саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болды. 1956 жылы қарашаның 6-сында ақталды.

85 жыл бұрын (1926-2008) заң ғылымының кандидаты, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, КСРО Жоғары мектебінің үздігі ЖОЛАМАН Қабидолла Досмағанбетұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы заң институтын, Мәскеу заң институтының аспирантурасын бітірген. Алматы заң институтының аға оқытушысы болып қызмет атқарған. 1955-1961 жылдары — Семей малдәрігерлік институтының кафедра меңгерушісі. 1961-1968 жылдары — Павлодар индустриалды институты партия комитетінің хатшысы, оқу ісі жөніндегі проректоры, кафедра меңгерушісі. 1968-1978 жылдары — республиканың жоғары және орта арнайы білім министрлігінің бөлім меңгерушісі. 1978-1994 жылдары — Алматы энергетика институтының кафедра меңгерушісі, профессоры. 1994-2008 жылдары — Қазақ мемлекеттік заң университетінің профессоры.

40-тан астам ғылыми жарияланымның авторы.

Халықтар достығы орденімен, медальдармен марапатталған.

75 жыл бұрын (1936-1994) агроном-ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты РАМАЗАНОВ Бағұстар Ғабдұлқайырұлы дүниеге келді.

Павлодар облысының Еңбекшілдер ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Кеңшар директоры, бас агроном болып қызмет атқарған. 1970-1979 жылдары — Павлодар аудандық атқару комитетінің басқарма төрағасы. 1979-1983 жылдары — Ертіс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1983-1985 жылдары — Павлодар облыстық жеміс-жидек өнімдері агроөндірістік бірлестігінің бастығы. 1985-1990 жылдары — Павлодар совхоз-техникумының директоры. 1990-1992 жылдары — Павлодар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық кеңестің төрағасы, аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1992-1994 жылдары — Павлодар аудандық әкімшілігінің бастығы. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі 10-шақырылымының депутаты болған.

Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

50 жыл бұрын (1961) «Атырау МұнайГазСервис» ЖШС-інің директоры БАЙБОСЫНОВ Нұрлан Құсайынұлы дүниеге келді.

Атырау облысының Индер ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), Илья Мечников атындағы Одесса мемлекеттік университетін бітірген. 1988-1990 жылдары — Қазақстан ЛКЖО Индер аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1992-1997 жылдары — «Алтын арман» мекемесінің техникалық директоры, «Динда» шағын мекемесінің директоры, «Лейла» шағын мекемесінің коммерциялық директоры, «Байбосын» шағын кәсіпорны директорының орынбасары. 1997-1999 жылдары — Атырау облысы әкімі аппаратының сектор меңгерушісі, бас инспекторы. 1999-2004 жылдары — «Алтел» ЖАҚ Атырау филиалының директоры, «Азия Групп» ЖШС-інің менеджері, «GD Consulting» ЖШС-інің менеджері. 2004-2006 жылдары — Атырау облысы әкімі аппараты бастығының орынбасары. 2006 жылы — Атырау облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры. Қазіргі қызметінде 2006 жылдың тамыз айынан бастап істейді. 1999-2003 жылдары Атырау қалалық мәслихатының депутаты болған және 2007 жылғы тамыз айынан — Атырау қалалық мәслихатының төртінші шақырылымының депутаты болып табылады.

Соңғы жаңалықтар