Қазақстан атынан сынға түсетін екі команданың бірі Алматыдағы № 18- олимпиадалық ізбасарлар даярлайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы. Сергей Осинцев баптайтын алматылық хоккейшілер алдағы халықаралық жарысқа ерекше ынта-жігермен дайындалуда. Алыстан ат терлетіп келе жатқан командалардың осалы жоқ. Ресейлік Омскінің «Звезда Сибири » клубы бас жүлдеден бірден-бір үміткер десек, Қарағандылық «Юность» пен Бішкектің «Илбирсі» де жеңісті қолдан бере қоймасы анық. Айналым жүйесіне негізделген «Олимпик» кубогы жолындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы 7- қаңтар күні белгілі болады.
Сергей Осинцев, жаттықтырушы:
— Жаттықтырушы — селекционерлер үшін бұл таптырмайтын жарыс . Осындай турнир басынан болашақ жұлдыздарды тауып, олардың кәсіпқой хоккейші болып қалыптасуына жол ашуға болады. Өзіміздің алдағы додағы қатысты мақсатымыз жүлдеге ілігу. Тек бір әттең-айы, мұз айдынын жалға алу өте қымбат. Сондықтан толыққанды жаттығулар өткізетін мүмкіндігіміз жоқ.
Өтіп бара жатқан 2012-ші жыл Қазақ спорты тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше жетістіктермен ерекшеленді. Лондон Олимпиадасының алғашқы күнінен алтын салған спортшыларымыз төрткүл дүние көзтіккен додадан жалпы саны 13 медаль олжалағаны әлі есімізде. Халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатқан шеберлер бұл нәтижені төрт жылдан кейін Бразилияда жақсартуға уәде берді. Тұманды Альбионда көк байрағымыз желбіреген жеңісті сәттерді жыл соңында тағы бір мәрте еске алсақ.
Кез келген спортшының асқақ арманына айналған Олимпиада ойындары барлық бәсекеден жоғары тұрары сөзсіз. Лондондағы жеңісті жолды алдымен 39-жасар велошабандоз Александ Винокуров салып берген. Бұл эстафетаны сәтті жалғастырған зілтеміршілер мен боксшыларымыз ерледі. Зульфия Чиншанло мен Мая Манеза, Светлана Подобедовалар Олим шыңын бағындырып қана қоймай әлемдік рекордтарға түзету енгізген. Ал талайларды таңдай қақтырған Илья Ильин әлі күнге дейін өзіне лайық қарсылас жоқ екендігін дәлелдеді. Екі жаттығуда әлем рекордын орнатқан жерлесіміз рекордтар кітабына да енген.
Илья Ильин, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы:
— Мен кез келген жағдайда спортпен айналысамын. Алда әлі талай белестер бар. Бұл тек бастамасы ғана.
Қазақ жұртшылығы ерекше қызығушылықпен тамашалайтын бокс спорты да қашанда басты назарда. Әсіресе Серік Сапиевқа деген жанкүйер қолдауы еркеше болды. 69-келіде қарсылас шыдатпаған қарағандылық жартылай финалда ресейлік Андрей Замковойды, ал ақтық жекпе-жекте британдық Фредди Эвансқа еш мүмкіндік берген жоқ. Шаршы алаңдағы шеберлігі үшін Сапиевқа Вэл Баркер кубогы да табысталды.
Тек финалда ғана сүрінген Әділбек Ниязымбетов алтыннан қол созым жерден қайтты. Иван Дычко аса ауыр салмақта үшінші орынға табан тіреген. Ал Олимпиада бағдарламасына тұңғыш қосылған әйелдер боксында Марина Вольнова қола жүлдеге иеленді
Марина Вольнова, Олимпиада ойындарының жүлдегері:
— Қолдау білдіргендеріңізге көп рахмет.
Үшқарғып секіруде Ольга Рыпакова күтпеген сый жасады. Іркітеуден қиналған Ольга сындарлы сәтте сыр бермеді.
Боз кілем көркін қыздырған палуандарымыз Ақжүрек Таңатаров пен Даниял Гаджиев, Гюзель Манюровалар қоржынымызға қола салды. Жалпы командалық есепте 12-ші орынға табан тіреген Қазақстан құрамасы Украина Бразилия, Испания сынды елдердің адын орап кетті. Жаңа жылда жаңа жеңістер күтуде. Отанымыздың абыройын асқақтатар азаматтар көп болғай.