деп хабарлайды BNews.kz тілшісі Швейцариядан.
«Қазақстандық бокс академиясының ашылуы 2013 жылғы бокстан әлем чемпионатының басталуы қарсаңында қазан айының алғашқы күндерінің бірінде өтеді», — деді Хо Ким.
Оның атап өтуінше, Алматыда бой көтеретін академия ғимаратының құрылысы белгіленген кесте бойынша жүргізілуде. Аяқталуы 2013 жылдың мамырына жоспарланған.
Сонымен қатар атқарушы директордың сөзіне қарағанда, АИБА әрбір құрлыққа бір-бірден 5 академия салуды көздеуде. Қалған академиялардың эскиздік нұсқасын бекіту ағымдағы жылдың соңында жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда Бокс академиясының құрылысы басталатындығын өткен жылы елордада ҚР Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев мәлім еткен болатын. Оның атап өтуінше, 1-2 жылдың ішінде Алматыда шаңырақ көтеретін Бокс академиясы бүкіл дүниежүзінің төрешілері мен жаттықтырушыларының қайтадан біліктіліктен өту орнына айналмақ.
«Біз осы жылы құрылысты бастаймыз. Қаржы және демеушілер таптық. Менің ойымша, ол біздің жаттықтырушылар мен төрешілердің өз деңгейлерін көтеретін нысанына айналады. Екіншіден, іс жүзіндегі әлемнің барлық спорттық функционерлері Алматыға тұрақты түрде келетін болады әрі бізге оларды жетістіктерімізбен, елдегі бокстың даму жағдайымен таныстыруға мүмкіндік аламыз», — деген еді Т.Құлыбаев.