Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихаты кезінде Бүкілжапондық джиу-джитсу федерациясының басшысы, 10-дан иегері Алексей Кунин мәлім етті.
«Біз ақылдастық, Қазақстанға екі жылдан кейін джиу-джитсудан әлем чемпионатын өткізу туралы ұсыныс айту ойымызда бар. Бұл күрделі мәселе, сондықтан біз қазір келіссөздер өткізіп, Қазақстанның осы чемпионатты өткізу мүмкіндіктерін қарап жатырмыз», — деді А.Кунин.
Оның пікірінше, республикада джиу-джитсу спортымен айналысуға мүмкіндігі мен ниеті бар жастар шоғырланған. «Біздің қызықты ойларымыз, қызықты жоспарларымыз бар. Мен Үкімет, Туризм және спорт министрлігі, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы бізге қолдау танытады деп сенемін», — деген ойын жеткізді А.Кунин.
«Біз әсіресе жастардың осы спорт түріне деген қызығушылығы оянуын, әрбір мектеп, әрбір университетте клубтар ашылғанын қалаймыз. Бұл шындыққа айналады, тек жақсы база қалыптастыру керек, ал жаттықтырушылар құрамы бұл елде бар», — деп атап өтті федерация төрағасы.
А.Куниннің ойынша, Қазақстан спорт әлемінде алдыңғы қатарға шығып келеді, еліміздің еуразиялық жауынгерлік өнер орталығына айналуы үшін зор болашағы бар.
«Біз Қазақстанның спорттық жетістіктеріне, саяси жағдайына қарай отырып, бұл жерде джиу-джитсу, каратэ және дзюдо базасы негізінде Ұлттық жаттықтыру орталығын құруға мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз», — деп атап өтті ол.