ҚР Волейбол федерациясы таратқан хабарламаға қарағанда, оған биыл соңғы рет барлық үміткер командалар сынақсыз қатыспақ. Ол әйелдер арасында 13-21 қыркүйекте Тайландта, ерлер арасында 28 қыркүйек пен 6 қазан аралығында БАӘ-де өткелі отыр. Оған ерлер арасында — 22, әйелдер арасында 17 елдің құрамасы қатысады. Командалар Әлем чемпионатына және Әлемдік лига мен Гран-приге қатысуға мүмкіндік беретін жолдамаларды сарапқа салатын болады.
Енді келесі жылдан бастап Азия чемпионаты жаңа пішінде өткізілмек. Онда командалар 5 аймақтық топқа бөлініп, іріктеу турнирлерін өткізеді. Қазақстан бұл сында енді Иран, Үндістан, Пәкістан, Шри-Ланка, Өзбекстан, Ауғанстан, Түрікменстан, Оман және Непал құрамаларымен бір топта бақ сынайды. Аймақтық іріктеу сынында үздік шыққан 16 команда ғана 2015 жылғы Азия чемпионатына қатыспақ. ФИВБ Кеңесінің шешімімен Азия волейбол конфедерациясы ағымдағы жылдан бастап өз құрамаларының рейтингін енгізеді. Азиялық командалар рейтингі конфедерациясының ресми жарыстарының ақтық жарыстарының қорытындысы бойынша жасалатын болады.
Жеребе бойынша ерлер арасында 21-29 сәуірде Иранда болатын клубтық Азия чемпионатына 14 команда қатыспақ. Онда Қазақстан чемпионатының жеңімпазы болған Алматы қаласының «Алматы» волейбол командасы алғашқы кезеңде Жапония, Оман және Мальдив елінің чемпиондарымен кездесетін болады. Әйелдер арасындағы клубтық Азия чемпионаты болса 24 сәуір мен 3 мамыр аралығында Вьетнамда өтеді. Онда биыл 8 команда бақ сынамақ. Бұл сайыста Талдықорғанның «Жетісуы» топтық сында жарыс қожайындары мен Тайланд пен Тайпей чемпионатының жеңімпазымен кездесетін болады.