2017 жылы Қазақстанда қандай айтулы шаралар өтеді - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2017 жылы Қазақстанда қандай айтулы шаралар өтеді

2017 жылы Қазақстанда қандай айтулы шаралар өтеді

2016 жылы Қазақстан әлемдік аренада айрықша табыстарға қол жеткізді. Табалдырықтан аттағалы тұрған 2017 жыл да жағымды жаңалықтарға толы

  • 30 Желтоқсан 2016
  • 3110
Фото - Caravan.kz

2016 жылы Қазақстан әлемдік аренада айрықша табыстарға қол жеткізді. Табалдырықтан аттағалы тұрған 2017 жыл да жағымды жаңалықтарға толы болмақ. ҚазАқпарат келер жылы елімізде болатын басты оқиғалар тізімін назарларыңызға ұсынады.

28-ші қысқы Универсиада

Шамамен бір айдан кейін Алматы қаласында 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары басталады. Бүкіләлемдік студенттер ойынына 2 мыңға жуық спортшы қатысады және 3 мыңға жуық ерікті жұмыс істемек. Еріктілер арасында шетелдіктер де бар. Универсиада бағдарламасына мəнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шайбалы хоккей (ерлер, əйелдер), сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы, керлинг, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру, фристайл секілді 12 спорт түрі енеді. Қазақстан атынан Денис Тен, Абзал Рақымғалиев, Айза Иманбек, Галина Вишневская сынды белгілі спортшылар сынға түседі. Универсиадаға 30 мың отандық жəне шетелдік турист келеді деп жоспарланған және әлемнің 80 елінен 1 млрд көрермен телетрансляция арқылы көре алады.

ЭКСПО-2017 көрмесі

«Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі 2017 жылдың 10 маусым — 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Көрмеге 5 миллион турист келеді деп күтілуде. Көрме билеттерінің құны 6 мың теңгеден басталады. Барлық Қазақстан бойынша оффлайн-кассалар 2016 жылы 1 қыркүйекте ашылды. Көрме арқылы елімізге ірі инвестициялар тарту және республикамыздың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыру мүмкіндігі артады. ЭКСПО қалашығы мен түрлі жоба нысандары көрме аяқталғаннан кейін де, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызмет ететін болады. Жоба барысында қонақ үй ретінде соғылған көпқабатты ғимараттар қала әкімдігіне өтіп, тұрғын үйлердің қатарын толықтырады. Сол арқылы қалалық әкімдік тұрғын үй мәселесін оңтайландыруды көздеп отыр.

ШЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуі

2016 жылдың 24 маусымнан 2017 жылдың 8-9 маусымына дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан төрағалық етеді және маусым айында ШЫҰ-ның кезекті саммиті Астана қаласында өтеді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық қарым-қатынасты нығайту, көліктік-транзиттік әлеуетті кеңейту және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты алға жылжыту мәселелерін Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының басымдықтары ретінде атап өтті. Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы алты мемлекеттің бастамасымен құрылды. Келер жылы Астанада өтетін саммитте Үндістан мен Пәкістанды ұйым мүшелігіне қабылдау мәселесі талқыланады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі


Биыл маусым айының 28-інде Қазақстан Азия тобы мемлекеттерінің атынан 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі — Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген еді. ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 15 мемлекет мүше болады. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал қалған он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы екі жылдық мерзімге сайланып отырады. Қазақстан бұған дейін Азия елдері тобынан сайланған Малайзияны алмастыратын болады.

Келер жылы Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) 55-ші конвенциясы Қазақстанда өтеді деп күтілуде. Ал 7-22 шілде күндері «Жібек жолы» халықаралық ралли-рейді қазақ даласынан өтеді. Сондай-ақ, 1917 жылы Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары құрған Алашорда үкіметінің 100 жылдығы келе жатыр. Қазақтың тұңғыш ұлттық-бейресми басылымдары «Серке» және «Қазақ» газеттеріне биыл 110 жыл толмақ. Сонымен бірге, Нәзипа Құлжанованың 130 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы, Асанәлі Әшімов (80 жас), Нұрғали Нүсіпжанов (80 жас), Смағұл Елубаев (70 жас), Лаки Кесоглу (70 жас), Роза Рымбаева (60 жас) секілді біртуар қазақ тұлғалары мерейлі жасқа толады.

 

Соңғы жаңалықтар