Ендеше Caravan.kz медиа порталы осы жылды қорытындылап, ағымдағы жылы болған айтулы оқиғаларды оқырмандар назарына ұсынады.
Денис Теннің өлімі
2018 жылдың шілдесінде қазақ елі мәнерлеп сырғанаушы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен Алматыда жасалған шабуылдан қайтыс болған еді. Көк туымыз бір емес, талай рет желбіреткен мақтанышымызды көліктің әйнегін ұрлап жатқан екі адам пышақтап кеткен болатын.
Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысы жақында ғана басталды. Қылмысқа күдіктілер Досов Қуандық пен Айдар Сибогатов 19 шілдеден бастап қамауда отыр.
Сайрагүл Сауытбайдың соты
Соңғы жылдары Қытайдағы қандастарымызға қысым жасалып, түрлі қиындықтарға тап болғандары белгілі. Соның ішінде қазақстандықтардың назарын өзіне аударған Сайрагүл Сауытбайдың соты болды. Бала-шағасы жырақта алған ана шекараны заңсыз өтіп, соттың алдына бір ақ шығып еді.
Бүкіл қазақ халқын алаңдатқан Сайрагүл ісі әлеуметтік желіде желдей есіп, көпшіліктің қолдауына ие болды. Қандасымыздың соты 1 тамызда болып, Қазақстанда қалады деген шешім шыққан еді.
Олжас Сүлейменовтың жиені Ескендірдің жол апатынан қайтыс болуы
Қайғылы оқиға биыл 22 маусымда Мәңгілік ел мен Керей, Жәнібек хандар даңғылдарының қиылысында болған еді. Олжас Сүлейменовтың жиені Ескендірдің мотоциклі жеңіл көлікпен соқтығысқан болатын. 26 жастағы Сүлейменов оқиға орнында қайтыс болған еді.
Сүлейменовты қағып кеткен Малика Мұқитованың әкесі Қызылорда облыстық ІІД басшысы Қайрат Мұхитов болғаны белгілі болған еді. Олжас Сүлейменов немересіне кешірім бермек болған еді, кейін жазушыға оның күйеу баласы қарсы шыққаны белгілі болды. Кейін, Олжас Сүлейменов Мұқитованы кешіруді емес, жазасын жеңілдетуді сұрады.
Хэллоуин кешінде дарға асылған каскадер
Осы жылы елді елең еткізген жағдайлардың бірі белгілі каскадер Қасым Жұмағожиннің хэллоуин кешінде дарға асылып, өмірден өткені еді. Цирк әртісі Алматы қаласындағы клубтардың бірінде өз жұмысын жасап, мумия рөлін сомдаймын деп өмірден өткен болатын.
Қасым трюкті орындау үшін, арнайы каскадер жилетін киген екен. Сырттай қарағанда жай киім сияқты көрінетін жилетте адам денесінің төменгі бөлігін ұстап тұратын арнайы белдігі болған.
Жұмағожин “бәрі дұрыс” — деп ишара білдіргенімен, қойылым аяқталғанда есін жоғалтып, қайтыс болған.
Естеріңізге сала кетейік, Қасым Жұмағожин 1984 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Спорттық гимнастикадан спорт шебері. Ижевскте өткен Халықаралық цикр өнері фестивалінде "Алтын аю" жүлдесін иеленген.
Рахман Омаровтың бірінші әйелінің кісі қолынан қайтыс болуы
Белгілі актер Рахман Омаровтың бірінші әйелі Гүлдерайым Омарова квартиранттарынан ақша алуға барғанда оны квартирасын жалдап тұратын Ақтолқын Сүлейменова пышақтап тастаған еді.
Небәрі 90 мың теңге үшін қылмыскерлер Омарованы 8 жерінен пышақтаған болатын.
Күдікті Ақтолқын Сүлейменованы 15 жылға сотталып, жәбірленуші тарапқа 4,5 млн теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге талап қойылған болатын. Сондай-ақ, 2 млн 154 мың теңге көлемінде сот шығындарын төлеуге міндеттелген еді.
Айта кетсек, қайғылы оқиға 2018 жылдың маусымында болған еді.
7 жастағы зорланған бала
Биыл көктемде Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Абай ауылында 7 жастағы баланы өзіне 7-8 жас үлкен төрт оқушы жарты жыл бойы зорлап келгені белгілі болған еді. Баланың отбасы жарты жыл бойы полицияға арызданғанымен, олардың арызы қаңтар айында қабылдаған еді. Істің жүруіне аудандық білім басқармасы мен құзырлы органдар барынша қарсылық танытып келген еді. Жұрттың ашуын тудырған жайтқа Жансейіт Түймебаев та, тіпті елбасының өзі де бұл жайтқа қатысты сөз қозғаған еді.
«Із ұзаққа созылып, соның төңірегінде қандай әуре-сарсаң басталды десеңші. Ешкім таба алмады, дәлелдей алмады. Неге екенін білесіздер ме? Өйткені тізбектің барлық жерінде туған-туыстары отырған: полиция, жоғары орган, одан жоғары органда да туған-туыстар. Барлығы да бұл істі жабуға тырысып бақты", — деп пікір білдірген еді елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Қылмыстық Кодекстің 15-бабы 2-тармағына сәйкес, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 14 жастан бастап жауапқа тартылатын болады.
Төрт күдіктінің ішінде біреуі ғана 14 жаста болған. Ал өзге балалар 14 жасқа толмағандықтан іс тоқтатылған болатын.
Әлемді аузына қаратқан Димаш
Дима үшін 2018 жылы сәтті жыл болды. Әлемге танылған мақтанышымыз биыл “Әлем аруы” байқауының арнайы қонағы болып, қазақ тілінде ән салды. Оған қоса Ресейдің бірнеше бағдарламаларына қатысып, “Жыл әні” фестивалінде арнайы дипломға ие болды. Димаш үшін ең елеулі оқиға ол Ұлыбритания елінің астанасы Лондон қаласында концерт бергені болатын.