2024 жылғы бюджет дағдарысы: Ұлттық қорға түсім азайды, ал шығын көп - kaz.caravan.kz
  • $ 510.19
  • 582.79
+31 °C
Алматы
2025 Жыл
6 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2024 жылғы бюджет дағдарысы: Ұлттық қорға түсім азайды, ал шығын көп

2024 жылғы бюджет дағдарысы: Ұлттық қорға түсім азайды, ал шығын көп

Еліміз әлеуметтік міндеттемелер мен экономикалық тұрақтылықтың арасындағы тепе-теңдікті сақтауы тиіс дейді сарапшылар.

  • 15 Мамыр
  • 17
Фото: bugin.info

Қазақстан Мәжілісі Үкімет пен Жоғарғы аудиторлық палатаның 2024 жылғы бюджеттің орындалуы туралы есептерін қарастыра отырып, жоспардан айтарлықтай ауытқуларды анықтады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Депутат Татьяна Савельева алаңдатарлық мәліметтерді жария етті.

Ұлттық қорға небәрі 3,8 трлн теңге (7,5 млрд доллар) түскен, бұл жоспарланған көлемнен 15%-ға төмен. Ал бұл қордың басты мақсаты – мұнай бағасы төмендеген кезде бюджетті қолдау, өңірлерді, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру және 18 жасқа дейінгі балалардың шоттарын толтыру екенін ескерсек, аталмыш көрсеткіштер көңіл көншітпейді.

Экономикалық көрсеткіштер де күткендей болмады.

ІЖӨ өсімі 4,8%-ды құрады, бұл болжамнан 0,5%-ға төмен. Республикалық бюджеттің кірісі 19,6 трлн теңгеге (38,4 млрд доллар) жетіп, жоспардың 97,2%-ын ғана орындады. Ал шығыстар 23,1 трлн теңгені (45,3 млрд доллар) құрап, 98,4%-ға орындалды. Бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңге (7 млрд доллар), яғни ІЖӨ-нің 2,7%-ына тең болды. Сонымен қатар, 92 млрд теңге (180 млн доллар) игерілмей қалған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18,7 млн теңгеге көп. Жалпы игерілмеген сома 526 млрд теңгені (1,03 млрд доллар) құрады, оның ішінде 421,9 млрд теңге (827,2 млн доллар) – жеткілікті қаржыландырылмаған.

Жоғарғы аудиторлық палата 862 млрд теңгеге (1,7 млрд доллар) бұзушылықтар анықтаған, бұл 2023 жылғы тиімсіз пайдаланылған 523 млрд теңгемен (1,025 млрд доллар) салыстырғанда екі есе көп. Бұл деректер бюджет қаражатын басқару тиімсіздігін және жүйелі мәселелерді шешуге шұғыл шараларды қабылдауды қажет етеді.

Савельева бюджетке түспей қалған түсімдер мен қаражаттың тиімсіз жұмсалуы маңызды бағдарламаларды жүзеге асыруда қауіп тудыратынын да атап өтті. Табыс көлемінің азаюына байланысты Ұлттық қор, оның ішінде балалардың есепшотына түсетін қаражат көлемі де қысымға ұшырап отыр. Өңірлер мен мемлекеттік бағдарламалар да қаржыландыруда шектеулерге тап болуы мүмкін.

Мәжіліс маусым айының соңына дейін бюджеттің орындалуындағы олқылықтардың себебін жан-жақты зерттемек. Депутаттар есептерді мұқият қарап, әлсіз тұстарды анықтап, тиімділікті арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлейді. Қазіргі жағдай бюджеттік үдерістерге қатаң бақылау орнатып, жоспарлау тәсілдерін қайта қараудың маңыздылығын көрсетіп отыр.