Жаңа жылда тұрғын үй нарығында, әсіресе иптотека алатын азаматтарды қандай өзгерістер күтіп тұр? Caravan.kz медиа порталы толық тарқатады.
Қаржылық сауат телеграм арнасының мәліметінше, кейбір отандық ипотекалық бағдарламаларға жаңа талаптар енгізілген.
«7-20-25» бағдарламасы
1 қаңтардан бастап бұл бағдарламада жаңа талап бар. Үй алушы адамның (жұбайының да) меншігінде соңғы 18 айда баспана болмауы керек. Қазақстан аумағында. Бірақ бұл санатқа апатты жағдайда тұрған, аумағы 15 шаршы метрден аспайтын 1 бөлмелі жатақханалық үй-жайлар кірмейді.
Осы бағдарламамен несие рәсімдеген әскери мамандарға да белгілі бір деңгейде жеңілдік беріледі. Яғни мерзімді әскери қызметте жүрген клиент негізгі қарызы мен пайыздарын өтеу мерзімін кейінге қалдыра алады. Ондай мүмкіндік әскери мерзім аяқталған соң да 60 күнге дейін сақталады.
«НАУРЫЗ» бағдарламасы
Басты жаңалық — алғашқы төлем жарнасының 20%-дан 10%-ға дейін түсуі. Мысалы, бұған дейін 30 млн теңгеге үй алғысы келетін адамның қолында алғашқы уақытта 6 млн ақшасы болуы шарт еді. Енді осы жағдайда 3 млн ақшалай қоры бар адам да бағы жанса, бұл бағдарламамен пәтер сатып ала алады деген сөз. Бірақ таңдалған пәтер қонысқа дайын болуы шарт.
Осы бағдарлама үшін депозитте жинап ұстайтын қаражаттың көлеміне де қатысты талап бар. Егер «Наурыз» бағдарламасына қатысам деп жоспар құратын болсаңыз, есеп шотыңызда кемінде 2 млн теңге жатуға тиіс.
«ҰМАЙ» бағдарламасы
Бұл қатарға «Жасыл ипотека» бағдарламасын да қосып айтуға болады. Осы екеуін жүзеге асыратын Отбасы банкіне Азия Даму Банкі 90 млрд теңге несие ұсынып отыр.
lsm.kz ақпараты бойынша, бұл бағдарламалармен 50 млн теңгеге дейін займ алуға болады. Ол қарызды үй алуға да, жөндеу жұмыстарына да бағыттай аласыз.
Жалпы, көп адам біле бермеуі мүмкін, нарықта ойып тұрып орын алған құрылыс компаниялары өз клиенттеріне «серіктестік бағдарламамен» (партнерская программа) ипотека ұсынады. Оның жылдық пайыздық ставкасы нарықтағы екінші деңгейлі банктердің ипотекалық ставкаларынан әжептәуір төмен келеді. Құрылыс компанияларына үй іздеп барғанда міндетті түрде осы жайында сұраңыз.
Фундаменті енді басталған үйден де арзан бағаға пәтер алуға болады. Бірақ ол нарықта мойындалған сенімді компания болғаны дұрыс.
Содан кейінгі қадамыңыз былай: үй салушы компания менеджерінің көмегімен тұрғын үй кешенін (ЖК) және пәтерді «планировкасына» қарап отырып таңдайсыз. Сеніңіз, құрылыс кезінде үй әлдеқайда арзан болады.
Сосын үй құнының 20%-ын жарна ретінде төлеп, өз пәтеріңізді «броньдау» арқылы бағасын «фиксациялайсыз». Фундамент кезіндегі бағаны солай ұстап қалуға болады. Сосын құрылыс компаниясы ұсынатын «серіктестік бағдарламамен» келісімге отырған банктердің проценттік ставкасына қарап отырып, ипотекалық өнімдерін қолданасыз.
Бұл партнерлік бағдарлама клиентке ешқандай шектеу қоймайды. Банк қарыз алуға берген өтініміңізді мақұлдаса, сол жеткілікті. Бұл қызметтердің бәрі онлайн бітеді. Банк жағалап жүрмейсіз. Бастан өткен жағдай.