Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік статистика басқармасының мәліметінше, бір жыл ішінде елдегі ер адамдар саны 0,3%-ға азайып, 716,85 млн адамды құрады. Ал әйелдер саны 0,1%-ға қысқарып, 688,04 млн адамға жеткен.
Статистикалық есепке сәйкес, есепті кезеңде Қытайда 7,92 млн сәби дүниеге келсе, 11,31 млн адам қайтыс болған.
«Ел азаматтарының ішінде 16 мен 59 жас аралығындағы тұрғындар саны 851,36 млн адамға жетті. Бұл 2024 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 0,7%-ға аз. Ал 65 жастан асқан адамдар саны 1,5%-ға өсіп, 223,65 млн адамды құрады», – делінген статистикалық есепте.
Сонымен қатар 2025 жылы Қытайдағы қала халқы 1%-ға (10,3 млн адамға) өсіп, 953,8 млн адамға жеткен. Ауылдық жерлерде 451,09 млн адам тұрады, бұл 2,9%-ға немесе 13,69 млн адамға аз. Елдегі урбандалу деңгейі 67,89%-ды құрайды.
Соңғы жылдары Қытай билігі туу көрсеткішін арттыру және «күміс экономика» деп аталатын бағытты дамыту шараларын жүйелі түрде қолға алып келеді. Бұл экономика түрі егде жастағы адамдардың тұтынушылық әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған. Үкімет балаларға күтім жасау жүйесін кеңейтіп, бала тууға қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыруды, сондай-ақ білім беру, тұрғын үй және жұмыспен қамту салаларында азаматтарға көрсетілетін қолдауды күшейтуді көздеп отыр.
Айта кетейік, Қытай халқының саны 2022 жылы соңғы 60 жылда алғаш рет қысқарып, 850 мың адамға азайған еді. 2023 және 2024 жылдары бұл көрсеткіш тиісінше тағы 2,08 млн және 1,39 млн адамға кеміген.