2026 жылдан бастап халық қолына көбірек ақша ала бастайды: Жаңа Салық кодексі қалай әсер етеді? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
+1 °C
Алматы
2025 Жыл
6 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2026 жылдан бастап халық қолына көбірек ақша ала бастайды: Жаңа Салық кодексі қалай әсер етеді?

2026 жылдан бастап халық қолына көбірек ақша ала бастайды: Жаңа Салық кодексі қалай әсер етеді?

Қазақстандықтардың жалақысы қашан және қаншаға өседі?

  • 19 Тамыз
  • 72
Фото: sn.kz

Қазіргі уақытта қазақстандықтар салықтық шегерімдердің көптігі есебінен ақша үнемдеп отыр. Ал бухгалтерия үнемделген ақшаны қызметкерлердің жалақысынна қосып,  бірнеше мың теңгеге болсын арттыру үшін пайдаланады. Алайда жаңа жылға қарай олардың басым бөлігі алынып тасталмақ. Өйткені 2026 жылдың 1 қаңтарынан жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осы ретте халықтың жалақысы қалай өзгереді және жаңа Салық нормасы қалай әсер етеді деген сұраққа Caravan.kz медиа порталы сарапшылардың пікіріне сүйеніп жауап іздеп көрді. 

Қолданыстағы Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің 342-бабына сәйкес жеке тұлға мынадай салықтық шегерімдерді қолдануға құқылы:

         —   міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерім – Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде;

         —    міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары бойынша салықтық шегерім – ӘМСҚ туралы заңнамада белгіленген мөлшерде;

         —    стандартты салықтық шегерімдер (стандартты шегерімдер);

         —    ерікті зейнетақы жарналары бойынша шегерімдер (басқа шегерімдер);

         —   көпбалалы отбасыларға берілетін салықтық шегерім;

         —      оқу үшін салықтық шегерім (басқа);

         —     медицина үшін шегерім (басқа);

         —      сыйақылар бойынша шегерім (басқа);

         —    азаматтық-құқықтық шарттар (АҚШ) бойынша табыстардан ұсталған әлеуметтік аударымдар түріндегі шегерім – әлеуметтік қорғау заңнамасында белгіленген мөлшерде.

Сонымен қатар, көпбалалы отбасылар мен басқа да шегерімдердің күнтізбелік жылдағы жалпы сомасының шекті мөлшері 564 АЕК-ке дейін жетеді. 2025 жылы – 2 217 648 теңгеге дейін.

Салдарынан кейбір азаматтар барлық қажетті құжаттарды бухгалтерияға өткізіп, жалақысынан салықтың бір тиынын да төлемей келген. Енді жағдай өзгереді. Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексінде осы жеңілдіктердің көбін алып тастады.

“Қазіргі таңда азаматтар салық жүктемесін азайту үшін қолдана алатын бірқатар салықтық шегерімдер бар. Ең бастысы, мұны заңды негізде жасау. Оларды түрлі жағдайда пайдалануға болады, мысалы, емделу, оқу ақысын төлеу немесе ипотека кезінде. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға арналған жеке шегерімдер бар. Бұлар «басқа» шегерімдер деп аталады. Алайда көп ұзамай олардың бәрі жойылады. Өйткені Үкімет шегерімдер механизмін оңтайландыруға, яғни барлық «басқа» салықтық шегерімдерді алып тастауға шешім қабылдады”, – деп хабарлайды nur.kz порталы.

«Оңтайландыру» жаңа Салық кодексі күшіне енетін 2026 жылдың 1 қаңтарында жүзеге асады, деп нақтылайды Uchet.kz сарапшылары.

2026 жылдан бастап қазақстандықтарда қандай салықтық шегерімдер қалады?

Жаңа Салық кодексінің 401-бабына сәйкес, енді жеке тұлға тек мынадай жеке салықтық шегерімдерді қолдана алады:

         —    базалық салықтық шегерім;

         —      әлеуметтік төлемдер бойынша шегерім;

         —      әлеуметтік салықтық шегерімдер.

Базалық салықтық шегерім барлық азаматтарға автоматты түрде қолданылады. Ол үшін құжат жинаудың қажеті жоқ, бухгалтерия ұсынған форма бойынша өтініш берсе жеткілікті.

Әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық шегерім негізінен фрилансерлер мен аутстаффингте істейтіндерге қолайлы. Сарапшылардың түсіндіруінше, жалақыдан салық салынғанға дейін міндетті зейнетақы жарналары және медициналық сақтандыру жарналары ұсталады. Ал азаматтық-құқықтық шарт бойынша істейтіндерден қосымша әлеуметтік аударымдар да алынады. Бұл шегерім дәл осы сомаларды салықтан босатады.

Әлеуметтік салықтық шегерім тек белгілі бір санаттағы азаматтарға беріледі, мысалы мүгедектігі бар адамдарға және соғыс ардагерлеріне.

Қазіргі кезде базалық салықтық шегерім – 14 АЕК мөлшерінде. Ал келесі жылдан бастап жаңа кодекс бойынша ол бірден 30 АЕК-ке дейін өседі, бірақ жылына 360 АЕК-тен аспауы тиіс.

Жаңа кодекстің 403-бабына сәйкес, базалық салықтық шегерім әрбір күнтізбелік айға қолданыстағы АЕК-тің 30 еселенген мөлшерін құрайды. Жылдық жалпы сомасы – 360 АЕК-тен аспайды.

Әлеуметтік салықтық шегерім бұрынғысынша 882 АЕК болады. Оны мынадай азаматтар пайдалана алады:

         —   үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

         —     мүгедектігі бар балалар;

         —      Ұлы Отан соғысының қатысушылары, ВОВ ардагерлеріне теңестірілгендер, басқа мемлекеттердегі әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер, соның ішінде ауған соғысының ардагерлері;

         —   КСРО ордендері мен медальдарымен марапатталғандар (тылдағы еңбегі үшін және мінсіз әскери қызметі үшін);

         —  1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде 6 ай жұмыс істеген (қызмет еткен) адамдар;

         —     мүгедектігі бар балаға 18 жасқа дейін ата-анасының бірі, қорғаншысы, қамқоршысы;

         —       өмір бойы мүгедектігі бар адамға ата-анасының бірі, қорғаншысы, қамқоршысы;

         —      асырап алған ата-ананың бірі – бала 18 жасқа толғанға дейін;

         —    жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдаған асырап алушы ата-аналардың бірі – шарттың қолданылу мерзімі ішінде.

Алайда бұл жеңілдікті білім беру, медицина, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында қамқоршы немесе қорғаншы болып істейтін қызметкерлер пайдалана алмайды. Сондай-ақ, бала асырап алатын әкесі немесе шешесімен некеге тұрған адамдарға бұл жеңілдік жүрмейді.

Қазақстандықтар арасында 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5000 АЕК көлемінде салықтық шегерім қарастырылған.

Шегерім «таза» жалақыны қалай арттырады?

Салықтық шегерім қосымша төлем емес, дейді inbusiness сарапшылары. Ол қазақстандықтардың салық төлейтін сомасын азайтады.

Мысалы, қызметкер келісімшарт бойынша 200 000 теңге алады. Бұл сомадан 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады (20 000 теңге), 2% міндетті медициналық сақтандыру жарнасы (4000 теңге) алынады, ал содан кейін (келесі жылы) 30 АЕК мөлшерінде салықтық шегерім қолданылады (2025 жылы 117 960 теңге).

Нәтижесінде салық салынатын сома 58 040 теңге болады. Осыдан 10% жеке табыс салығы алынады (5804 теңге). Демек, 2026 жылы қызметкер қолына 170 196 теңге алады.

Салыстыру үшін: биыл базалық шегерім 14 АЕК болған жағдайда, қызметкер қолына 163 905 теңге алады.

Алайда сарапшылардың айтуынша, АЕК жыл сайын өсіп отырады. 2026 жылға арналған республикалық бюджет әлі қабылданған жоқ, сондықтан АЕК мөлшері әзірге белгісіз (сондықтан жоғарыдағы мысалда биылғы АЕК алынған).

АЕК өскен сайын шегерім де ұлғаяды. Бұл дегеніміз, қазақстандықтардың нақты жалақысы өзгермесе де, келесі жылдан бастап олар қолына көбірек ақша ала бастайды.

Перейти к новостям спорта