2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы өседі - kaz.caravan.kz
  • $ 541.82
  • 627.1
+27 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы өседі

2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі 10,5%-ға индекстеледі

  • 11 Шiлде
  • 18
Фото: caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл жаңалық 2,6 миллионнан астам зейнеткер мен 2,3 миллионға жуық жәрдемақы алушыға тікелей әсер етеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сауалымызға берген жауабында келесі жылы әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге бөлінетіні жазылған. Бұл – 2025 жылмен салыстырғанда 860,5 млрд теңгеге артық.
Оның ішінде:

  • 622,6 млрд теңге – зейнетақы мен жәрдемақы көлемін өсіруге;
  • 237,9 млрд теңге – алушылар санының артуына байланысты бөлінеді.

Қандай төлемдер өседі?

2026 жылы келесі әлеуметтік төлем түрлері 10,5%-ға өседі:

— Ынтымақты және базалық зейнетақы төлемдері
— Мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақылар
— Асыраушысынан айырылғандарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар
— Балалы отбасыларға арналған жәрдемақылар (бала туу, бір жарым жасқа дейінгі күтім, мүгедек баланы тәрбиелеу, көпбалалы аналар мен отбасыларға)
— Арнаулы мемлекеттік және кәсіптік жәрдемақылар
— I топ мүгедегіне күтім көрсетушілерге берілетін төлем
— №1 және №2 тізімдер бойынша арнайы жәрдемақылар
— Қайтыс болған азаматтарды жерлеуге арналған төлемдер

Бұл өзгеріс не үшін жасалып отыр?

Мақсат – инфляцияның әсерін азайтып, азаматтардың табысын нақты деңгейде сақтау. Үкімет әлеуметтік қолдаудың қолжетімді болуын және өмір сүру сапасын арттыруды көздеп отыр.

2025 жылғы төлемдер мөлшері қандай?

  • ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге;
  • ең төменгі зейнетақы – 62 771 теңге;
  • ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңге;
  • ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;
  • айлық есептік көрсеткіш – 3 932 теңге.

Бүгінде айлық есептік көрсеткішті әлеуметтік төлемдерді есептегенде қолданады. Мәселен, бала туғанда берілетін жөргекпұлдың көлемі 38 АЕК-ті құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 3 692 теңге, ал жөргекпұлдың көлемі (38×3 692) 140 296 теңге болған. 2025 жылы жәрдемақы 149 416 теңгеге дейін артады.

Бала туғанда және бала күтіміне төленетін жәрдемақы

Қазақстанда заң бойынша үшінші балаға дейінгі жәрдемақының нақты көлемі белгіленген. Ал төртінші баладан бастап оның мөлшері артады.

  • бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК — 149 416 теңге;
  • төртінші баладан бастап 63 АЕК – 247 716 теңге.

Ал егіз бен үшем туған жағдайда әрбір баланың төлемі бөлек есептеледі. Одан кейін 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған жәрдемақылар төленеді.

  • 1-ші балаға 5,76 АЕК – 22 648 теңге;
  • 2-ші балаға 6,81 АЕК – 26 777 теңге,
  • 3-ші балаға 7,85 АЕК – 30 867 теңге;
  • 4-ші балаға 8,90 АЕК – 34 335 теңге.

Көпбалалы аналардың жәрдемақысы

2025 жылдан бастап көпбалалы аналардың жәрдемақысы шамамен 4 мың теңгеге өсті.

  • 4 баланың жәрдемақысы 16,03 АЕК – 63 030 теңге;
  • 5 баланың жәрдемақысы 20,04 АЕК – 78 798 теңге;
  • 6 баланың жәрдемақысы 24,05 АЕК – 94 565 теңге;
  • 7 баланың жәрдемақысы 28,06 АЕК – 110 332 теңге.

Осылайша, әрбір бала үшін 4 АЕК – 15 728 теңге қосыла береді. Мәселен, 12 баланың жәрдемақысы 188 736 теңге .

Сондай-ақ көпбалалы ананың наградасын алғандардың жәрдемақысы көтерілді.

  • «Алтын» алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» үшін 7,40 АЕК – 29 097 теңге;
  • «Күміс алқаға» 6,40 АЕК – 25 165 теңге.

Мүгедектік үшін берілетін жәрдемақы

Мүгедектігі бар азаматтардың жәрдемақысы ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеледі. Сондықтан олардың төлемі 4,5-6 мың теңгеге өсті.

7 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 74 428 теңге.

7-18 жастағы мүгедек балалар және одан үлкен азаматтар:

  • I топ – 101 702 теңге;
  • II топ – 84 598 теңге;
  • III топ – 74 428 теңге.

Бала кезінен мүгедектігі бар адамдар:

  • I топ – 101 702 теңге;
  • II топ – 84 598 теңге;
  • III топ – 74 428 теңге.

Бұдан бөлек, мүгедектігі бар баланы тәрбиелейтін ата-анаға және I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындарға мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. 2025 жылы оның көлемі 74 428 теңге.