Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты маңызды өзгерістер жоспарлануда. Жалпы МӘМС мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген сұрақ ретінде күн тәртібінде қалып отыр. Енді не болады? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тарқатады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, 2027 жылдан бастап ресми тіркелген жұмыссыз азаматтардың МӘМС жарналарын төлеу жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылады.
Бұл бастама халықтың сақтандырылу деңгейін арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта Қазақстанда 3,3 миллион адамның сақтандыру мәртебесі жоқ, олардың ішінде 2,4 миллионының өмір сүру деңгейі қанағаттанарлық болса, 1 миллионының табысы төмен және отбасының негізгі қажеттіліктерін әрең жабады.
«Осы санаттағы азаматтар үшін халықаралық тәжірибеге сәйкес, жарналардың төленуі тиісті медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүктеу ұсынылады. Бұдан басқа, ресми тіркелген жұмыссыз азаматтардың МӘМС жарналарын төлеу шығыстарын 2027 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге жүктеу ұсынылды», — деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесіне жарна төлеу тәртібін қайта қарауды ұсынуда. Атап айтқанда, жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін жарна төлеудегі табыстың жоғарғы шегін ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен 50 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайту көзделуде. 
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі Қазақстанда 2020 жылдан бастап енгізіліп, халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруды мақсат етті. Алайда, жүйенің іске қосылғанына бірнеше жыл өтсе де, оның тиімділігі мен ұйымдастырылуына қатысты сұрақтар шешілер емес.
МӘМС енгізілгеннен бері денсаулық сақтау саласын қаржыландыру айтарлықтай артты. Мысалы, 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шамамен 1 трлн теңге бөлінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,8 трлн теңгеден асқан.
МӘМС қорының қаржылық моделі бойынша, кірістерге қарағанда шығыстардың жоғары болуы байқалады. Кейбір болжамдарға сәйкес, егер бұл үрдіс өзгермесе, қор 2031 жылға қарай өз міндеттемелерін орындай алмай қалуы мүмкін.
Сондай-ақ МӘМС-ті 4 жылда 7 адам басқарған, бұл жүйедегі тұрақсыздықтың бір себебі ретінде қарастырылып, халықтың күмәнін тудырып отыр.
Халықтың тең жартысы медициналық қызметтің сапасына көңілі толмайды. Депутаттар мен сарапшылар жүйенің тиімділігін арттыру және халықтың сенімін қайтару үшін нақты шаралар қабылдауды талап етуде.
Мысалы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесін “түбі тесік қайыққа” теңеп, мәселенің түпкі себептерін шешудің орнына, салдарымен күресу әрекеттері тиімсіз екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, қазіргі МӘМС моделі медициналық қызметтерді халық үшін қолжетімсіз етіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр.
Одан бөлек, Мәжіліс депутаттары МӘМС жүйесінде 32 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықтап, бұл саладағы қаржылық бақылаудың әлсіздігін сынға алған.