20-30 жылдардағы қасіретті түбегейлі зерттеп, оған ашық баға беруіміз керек - Ә.Бәйменов - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
20-30 жылдардағы қасіретті түбегейлі зерттеп, оған ашық баға беруіміз керек - Ә.Бәйменов

20-30 жылдардағы қасіретті түбегейлі зерттеп, оған ашық баға беруіміз керек - Ә.Бәйменов

20-30 жылдардағы қасіретті түбегейлі зерттеп, сол кезеңге ашық баға беруіміз керек.

  • 31 Мамыр 2011
  • 690
Фото - Caravan.kz

Бұл пікірін бүгін ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналған ғылыми конференцияда «Ақжол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов білдірді.

Ә.Бәйменовтың пікірінше, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары туралы ақпарат әлі күнге дейін ашып айтылмайды. Айтылғанның өзінде тек саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алумен шектеледі. «Негізі қазақ халқына қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін 5-6 кезеңнен тұрған», — дейді ол.

Біріншісі, Қазан төңкерісінен соң бірден-ақ, өз бетімен саяси ойлау білетін, қазақтың дербес мемлекетін немесе Түркістан үкіметін құрамыз деп ниеттенгендерді не елден қуды, не өлтіріп тынды. Олар біздің Алаш ағаларымыз. Екіншіден, қолынан іс келетін қазақтарды «бай» деген атаумен құртты. Алып қарасаңыз, 20 жылдардан бастап «бай» деген сөзді жағымсыз құбылысқа айналдырды. Шын мәнінде ол елдің бизнесмені, елге табыс әкелер адам болған. Үшіншіден, мәдени-рухани экспансияға қарсы тұратын молда, ишандарды құртты. Олар ел руханиятының тірегі болғандықтан, көптеген көтерілістің басында болған. Төртіншіден, Кеңес үкіметіне бас кезінде сеніп келген, ел мүддесіне жұмыс жасаймын деп келген қайраткерлердің көздеріне қара шыбын үймеледі. Одан кейін қазақ бөлек екі үлкен оқиғаны бастан кешірді. Оның бірі — қазақ халқына қарсы жасалған мәдени геноцид. Оның барысында 11 жылда екі рет әліппе айырбасталды. Мың жылдан астам уақыт пайдаланып келген әліппемізді айырбастау арқылы біз әл-Фараби, Яссауи түгілі, Махамбет, Шәкәрім, Абай, Алаш қайраткерлерін түпнұсқасында оқи алмайтын болдық. Одан кейінгі қасірет адам адамды жеуге дейін барған — ашаршылық.

Ә.Бәйменов, ащы да болса, қазағымыздың басынан өткен тарихи фактілер толық жариялануы тиістігін айтып, өзінің ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, 31 мамырды тек саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күн ретінде ғана емес, жалпы тоталитарлық жүйеден, соның ішінде ашаршылықтан зардап шеккендерді еске алатын азалы күн ретінде белгілеу керек. Онымен бірге, сол заманғы тарихты тиянақты зерттеу үшін мемлекеттік тапсырыс арқылы қомақты қаржы бөлінуі тиіс. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаттарын толық ашып, мектеп оқулықтарының сол кезеңдерге арналған бөлімдері қайтадан жазылуы керек.

«Сорақысы сол, тәуелсіздік жылдары жазылған мектеп оқулықтарында 20-30 жылдардың қасіреті толық жазылмаған. Ал әліппеміз екі рет ауыстырылғандығы туралы жалпы жазылмаған. Оларды жазу келер ұрпақ алдында да, өткен ұрпақ алдындағы парызымыз. Сондықтан сол кезеңге ашық баға беруіміз керек», — деп түйіндеді сөзін ол.

Соңғы жаңалықтар