Сарапшылардың пікірінше, қазір жастар оңай ақшаға құмар. Яғни 2030 жылға қарай жұмыс істейтін адам қалмайды деген мәселе бар. Caravan.kz медиа порталы сарапшылардың пікірі мен статистикаға шолу жасайды.
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметкерлердің орта жасы 39-40 жас. Олардың жұмыс өтілі орташа есеппен 10-12 жыл. Ал статистикаға сүйенсек, жыл арта мемлекеттік қызметкерлердің үлесі азайып келеді. Мысалы 2018 жылы олардың үлесі — 24,6% болса, 2022 жылы 17,8%-ға түскен. Есепке алатын болсақ бұл мыңдаған адам. Мемлекеттік қызметкерлердің жасының осыншама төмендеп, жастардың бұл ортаға келуінің азайып кетуі мемлекеттік қызметтің тұтатастай аппаратына қауіп төндіреді дейді сарапшылар.
«Қазір жастар тезірек байығысы келеді. 20 жастағы балаға сен таңғы 9-дан 6-ға дейін әкімшілікте отырып, қағаз басты боласың десең, ол отырмайды. Қарапайым мысалын айта кетейін, Тик Ток әлеуметтік желісінде отырсам, түнде әлдебіреулер тікелей эфир жұргізіп, ақшаға түс жорып отыр. Мен таңғы уақытқа дейін зерттеп, кейін есептесем, түн ішінде ол 72 000 теңге табыс тапты. 500 теңге жібересің түсіңді жорып береді. Осыны көріп отырған адам күні бойы жұмыс істеп жүрген әке-шешесін «бейбақ» ретінде қабылдайды. Тоқ етерін айтқанда, сапа бұзылады. Бүгін кеудесінен итерген буын ертең өз жаңғырығын береді. Себебі қазіргі буын ақырындап кетіп бара жатыр, ал келер буын әлеуметтік желіден шықпайды», — дейді мәжіліс депутаты Самат Мұртаза.
Статистикаға сүйенсек, қазіргі мемлекеттік қызметкерлердің 68%-ы отбасын құрған. Оның көпшілігі көпбалалы отбасылар қатарында. Алайда мемлекеттік қызметкерлер мен оның балалары үшін Үкімет тарапынан қосымша қолдау тетіктері қарастырылмаған.
«Қолдау шаралары болса, бұл салаға жастар ағылар еді. Дегенмен мемлекеттік салаға бөлек қолдау тетіктері енгізілсе, жемқорлықтың болмауына кепіл жоқ. Мысалы әскери қызметшілер үшін мемлекет жағдай жасаған. Себебі олар тек бұйрықпен жүреді. Бала-шағасын ойлап жұмысына кедергі болмасы үшін, мемлекет әскери қызметшілердің отбасы мен балаларына жағдай жасауы тиіс. Ал мемлекеттік сала сені қорғамайды, сен тек белгілі бір міндеттерді орындауға келіп, кет дегенде кете беретін қызметкерсің», — деді Мәжіліс депутаты Болат Керімбек.
Бұл жерде Мемлекет басшысының берген маңызды тапсырмасын айта кеткен жөн.
«Кейбір адамдар өзін блогер санап, әкімдердің әр қадамын аңдып, бақылауға алды. Бұдан да сорақысы, оладың арасында жұмысқа кедергі келтіріп, әкімдерге қоқан-лоқы көрсететіндері бар. Ешкім заңды елемеуге тиіс емес. Мемлекеттің мүддесі түрлі популистердің жеке мүдделерінен жоғары болуы керек. Ерік жігермен шешім қабылдау кезінде қоғамның сынынан қорықпау және жауапкершіліктен қашпау керек. Әкімдіктер мен маслихаттың міндеті мемлекеттік саясатты қатаң сақтау және оны жалпы мүдде үшін жүзеге асыру», — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне түсуге ниет білдірушілер үшін барлық қажетті ақпаратты қамтитын «Мемлекеттік қызметке қалай түседі» интерактивті брошюрасы әзірленген. Брошюрада тестілеуге өтінім беру, конкурстарға қатысу үшін құжаттарды тапсыру тетіктері түсіндірілген, толық ақпарат алу үшін Агенттіктің ресми сайтына бағыттаудың белсенді сілтемелері бар.
https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/documents/details/304280?lang=kk