2050 жылға дейін ыстықтан болатын өлім 50%-ға артады: Климаттың өзгеруі халық денсаулығына төнген қауіп - kaz.caravan.kz
  • $ 508.3
  • 592.17
0 °C
Алматы
2025 Жыл
9 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2050 жылға дейін ыстықтан болатын өлім 50%-ға артады: Климаттың өзгеруі халық денсаулығына төнген қауіп

2050 жылға дейін ыстықтан болатын өлім 50%-ға артады: Климаттың өзгеруі халық денсаулығына төнген қауіп

Климаттың өзгеруі күн өткен сайын күшейіп келеді. Шаңды дауылдар жиіледі, аптап ыстық күшейді, салдарынан адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіріп отыр.

  • 3 Шiлде
  • 13
Фото: dzen.ru

Сарапшылардың пікірінше, барлығы жаһандық жылыну мен адам әрекетінен туындап отыр. Климаттың өзгеруі еліміздің, тіпті тұтас өңірдің экономикасына, табиғатына және халқына тікелей әсер етуде. Еліміз бен көрші мемлекеттер климаттық апаттың табалдырығында тұр дейді зерттеулер. Сaravan.kz медиа порталы жалғастырады. 

Температураның жылдам өсуі

Соңғы ғасырда орташа температура 2 градусқа көтерілді. Бұл жаһандық орташа деңгейден екі есе жоғары. 2023 жылдың жазы аномальды ыстық ауа райымен есте қалды. Кейбір облыстарда температура 45 градусқа дейін жетті. Бұл 1981-2010 жылдардағы климаттық нормадан 5-8 градусқа жоғары.

Таулы аймақтардағы температура 3-4 градусқа көтеріліп, Іле Алатауы мен Тянь-Шань мұздықтарының күрт еруіне себеп болды. 1960 жылдан бері Қазақстанның мұздықтары шамамен 30%-ға қысқарды. Бұл Сырдария өзені арқылы су алатын миллиондаған адам үшін су тапшылығының күшеюіне әкелуі мүмкін.

Шаңды дауылдар мен құрғақшылық

Арал теңізінің тартылуы ортақ тарихи және экологиялық апат. Бүгінде теңіздің 90%-дан астамы кеуіп, оның түбі жыл сайын 100 миллион тонна тұз бен шаң шығарып, Қазақстанның оңтүстігіне дейін таралуда.

2023 жылы елімізде тіркелген шаңды дауылдар ауыл шаруашылығы жерлерінің 20%-ын қамтып, астық өнімділігі 15%-ға азайды. Бұл тек экономикалық шығын ғана емес, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік дағдарыс. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым деректеріне сүйенсек, 1950 жылдан бері Қазақстан мен Орталық Азияда шаңды дауылдардың жиілігі 5 есе, ал қарқындылығы 20%-ға артқан.

Халық денсаулығына әсері

Аптап ыстық пен шаңды дауылдар қазақстандықтардың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіріп отыр. 2023 жылы күн өтуден зардап шеккендер саны 2020 жылмен салыстырғанда 40%-ға артты. PM2.5 бөлшектерімен ластанған ауа бронхит пен демікпеге себепші. ДДСҰ деректері бойынша, респираторлық аурулардың 15%-ы тікелей шаң әсерімен байланысты.

Сондай-ақ аптап ыстық салдарынан ішек инфекциялары көбейіп келеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 10%-ға артты. Бұған санитарлық жағдайдың нашарлауы мен судың жетіспеушілігі себеп. Болжамдар бойынша, 2050 жылға дейін ыстықтан болатын өлім 50%-ға, ал шаңға байланысты аурулар 30%-ға көбеюі мүмкін.

Экономикаға келтірілген залал

2023 жылы Қазақстанда ауа райының күрт өзгеруінен келген шығын 1,5 миллиард долларға бағаланды. Бұл инфрақұрылымның бұзылуы, ауыл шаруашылығының өнімсіздігі, энергетикаға төнген қауіп.

Мұздықтардың еруі гидроэнергетикаға тікелей әсер етуде. Егер 2040 жылға қарай өзен ағыны 20%-ға төмендесе, энергия өндіру 15%-ға қысқарып, электр қуаты бағасы 30%-ға дейін өсуі мүмкін.

Адам факторлары: өз қолымызбен жасап алған дағдарыс

Қазақстандағы климаттың нашарлауына көмір мен газды шамадан тыс жағу, жайылымдарды шамадан тыс пайдалану, су ресурстарын тиімсіз басқару әсер етіп отыр.

Арал теңізінің кебуі 1960-1980 жылдардағы ирригация жүйелерінің дұрыс жоспарланбауынан. Бүгінде Қазақстанда жайылымдардың 30%-ы деградацияға ұшырады, ал CO₂ шығарындылары 1990 жылдан бері 15%-ға өскен.

Қаржылық және халықаралық қолдаудың жеткіліксіздігі

Қазақстан Париж климаттық келісіміне қосылып, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жетуді мақсат етіп отыр. Алайда 2023 жылы елімізде бар болғаны 3% энергия ғана жаңартылатын көздерден өндірілді. Бұл көрсеткіш артпаса, нақты нәтиже күту қиын.

Мәселен, CAREC пен БҰҰ-ның шөлейттенуге қарсы бағдарламасы 10 миллион доллар қаржыландырылғанымен, бүкіл аймақтың бейімделу қажеттілігінің тек 5%-ын ғана қамтиды.

Бейімделу мен болашаққа үміт

Қазақстанда 50 метеостанция орнатылып, шаңды дауылдарды болжау мүмкіндігі жақсарды. Алайда бұл жеткіліксіз. Халықаралық валюта қорының есептеуінше, 2030 жылға дейін климатқа бейімделу үшін Орталық Азияға 50 миллиард доллар қажет. Қазірге дейін қажетті соманың тек 10%-ы ғана бөлінген.

Көршілердегі ахуал: Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан

Өзбекстанда 2023 жылғы аптап пен шаңды дауыл мақта дақылының 20%-ын жойып, елдің ЖІӨ-сіне 5%-дық залал келтірді. Елде шаң мен тұз таситын шөлдердің көлемі 60%-ға жетіп отыр. Суармалы жерлердің 70%-ы тұзданған.

Қырғызстан мен Тәжікстанда таулы мұздықтардың еруі гидроэлектр өндірісіне тікелей қауіп төндіріп отыр. Бұл елдерде электр қуатының 90%-дан астамы ГЭС арқылы өндіріледі. Соңғы 5 жылда тыныс алу жолдары ауруларынан ауруханаға жатқызу көрсеткіші 25%-ға артқан.

Болашаққа көзқарас: климаттық көштің алдында

МГЭИК (IPCC) болжауынша, егер CO₂ шығарындылары қазіргі деңгейде қала берсе, 2100 жылға қарай Орталық Азияда температура 6-8 градусқа дейін өседі. Бұл:

         •        ауыл шаруашылығы өнімін 40%-ға азайтады;

         •        халықтың 80%-ын су тапшылығына ұшыратады;

         •        10 миллион адамға дейін миграцияға итермелеуі мүмкін;

         •        тыныс алу аурулары 50%-ға, ыстықтан болатын өлім 70%-ға өседі;

         •        экономикалық шығындар өңірлік ЖІӨ-нің 10%-ына дейін жетеді.

Климаттың өзгеруі тек экологиялық емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қазақстан мен Орталық Азия елдері парниктік газдар шығарындыларын азайту, тозған жерлерді қалпына келтіру және тұрақты инфрақұрылым құру жұмыстарын ұлттық деңгейде қолға алып, халықаралық қолдаумен ұштастыруы қажет. Әйтпесе, климаттық апат болашақ емес, бүгінгі күннің шындығына айналады.

Перейти к новостям спорта