21 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
21 қараша.  АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

21 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

21 қараша. СӘРСЕНБІ

  • 21 Қараша 2012
  • 872
Фото - Caravan.kz

Бүкіләлемдік сәлемдесу күні. 1973 жылдан аталып өтеді. Бұл күнді өткізу идеясын Американың Небраска штатында тұратын ағайынды Майкл мен Брайан Маккормак «қырғиқабақ соғыс» өршіп тұрған кезде, халықаралық текетіресті күшейтуге қарсылық пен наразылық белгісі ретінде қабылдайды. «Қарапайым да тиімді амал табу қажет», — деп шешкен жігіттер ақжарқын көңілмен әлемнің түпкір-түпкіріне сәлем хаттар жөнелтеді. Олар бүкіл әлемде бейбітшілік орнатып, сол үшін жұрттың бәрін күреске шақыру идеяларын ешкімге тықпаламайды. Тек қана өздерінің сәлемдерін алғандар тағы біреулерге түзу сәлем берсе болғаны. Идея қолдау табады. Содан бастап жыл сайын 21 қарашада Бүкіләлемдік сәлемдесу, қуанышты сезімдер мен көтеріңкі көңіл-күйлер күні атап өтіледі.

Дүниежүзілік телевидение күні. 1996 жылы 21 қарашада БҰҰ штаб-пәтерінде өткен тұңғыш Дүниежүзілік телевизиялық форум құрметіне сол жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жариялаған.

Босния мен Герцеговинадағы бейбітшілік туралы ортақ келісім күні. 1995 жылғы 21 қарашада Огайо штатының Дейтон қаласы маңындағы Райт-Патерсон америкалық әскери базасында, Дейтон бейбітшілік келісімі ретінде кеңірек танымал — Босния мен Герцеговинадағы бейбітшілік туралы Ортақнегіздемелік келісім жасалды. Сөйтіп, 1991 жылы Босния мен Герцеговина арасында тұтанған азаматтық соғыс ресми түрде аяқталды. Бейбітшілік конференциясы 1995 жылғы қарашаның 1-інен 21-не дейін созылып, Босния мен Герцеговина президенті Алия Изетбегович, Югославия Одақтық Республикасының президенті Слободан Милошевич, Хорватияның президенті Франьо Туджман, сондай-ақ басты американдық бітістіруші Ричард Холбрук пен американдық генерал Уэсли Кларк келісімдердің басты кейіпкерлері болды. Ресми келісімдерге Парижде сол жылдың 14 желтоқсанында қол қойылды.

Италияда Мадонна делла Салюте күні. Венециядағы үлкен канал жағасында храм тұрғызылған Мадонна делла Салюте құрметіне жыл сайын атап өтіледі. Шіркеу обадан құтылуды есте қалдыру мақсатында 1630 жылы салынған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

24 жыл бұрын (1988) Мәскеуде Арал теңізінің күндері ашылды. Теңіз аймағындағы экологиялық жағдай қоғамның алаңдаушылығын туғызды.

7 жыл бұрын (2005) қазақстандық «Қазақстан-Антарктида-2005» спорттық экспедициясының командасы Жердің ең суық құрлығындағы екінші шыңды бағындырып, оған Қазақстанның астанасы құрметіне «Астана» деген ат қойды. Экспедиция құрамында кәсіби альпинистермен қатар, әуесқойлар да болды.

6 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияға ресми сапары барысында Ұлыбританияның патшайымы ІІ Елизаветамен, елдің Премьер-министрі Тони Блэрмен, қаржы министрі Гордон Браунмен және Англияның іскер топтары өкілдерімен кездесті.

6 жыл бұрын (2006) 21-22 қарашада Алматыда «Иран және Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі кітап және жазба сөз» халықаралаық конференциясы өтті. Ұйымдастырушы — ҚР Ұлттық кітапханасы жанындағы Иран және Орталық Азия мәдениетін зерттеу жөніндегі орталық. Конференция жұмысына Қазақстан, Иран, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанның мамандары мен ғалымдары қатысып, тарих ғылымдарын дамытудағы жазу мен жазба көздердің рөлі қалыптасуының тарихы, сондай-ақ Қазақстанда, Иранда және де басқа елдерде қазіргі кездегі кітап басып шығару істеріндегі проблемалардың көкейкесті мәселелерін талқылады.

6 жыл бұрын (2006) Жидебай шатқалында Семей облысындағы Абай Құнанбаевтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық кешенінің құрылымды бөлігінің бірі — атақты философ, талантты композитор Шәкәрім Құдайбердиевтың республикадағы тұңғыш мұражайы ашылды. Экспозиция «Аңшы үйі» деп аталып, өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарында қуғын-сүргінге ұшыраған жазушының өмірбаяны мен шығармашылығын толықтай ашатын материалдар жинағын топтастырған. Көпшілік назарына оның Меккеге сапарын растайтын құжаттар тұңғыш рет ұсынылып отыр. Сонымен қатар экспозицияға батыс және шығыс философтарының, тарихшыларының еңбектері, қазақ және орыс классиктерінің шығармалары қойылған.

7 жыл бұрын (2005) Таразда жерлесіміз ислам ойшылы, дін зерттеушісі, ақын, ағартушы Саид Махмұд ат-Таразиді есте қалдыру шаралары болып өтті.

Ғалым тұрған үйге ескерткіш тақта орнату және облыс орталығында бір көшенің атын беру туралы шешім 1995 жылы қарашада Саид Махмұд ат-Таразидің туғанына 100 жыл толуына арналып Тараз қаласында Қазақстан және Өзбекстан ғалымдарының қатысуымен өткен ғылыми-практикалық конференцияда қабылданған болатын. Атақты ғалым 1923-1930 жылдары тұрып еңбек еткен Тараздағы медресе мен Әбдіқадыр көне мешітінде салтанатты жағдайда ескерткіш тақта орнатылды. Қаладағы бұрынғы Пролетар көшесі енді Саид Махмұд ат-Таразидің есімімен аталады. Ғалымды есте қалдыру шараларын өткізуге қаладағы өзбек ұлттық орталығы атсалысты.

5 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Словакия Республикасының І-дәрежелі «Қос ақ крест» орденімен марапатталды. Бұл орденді Братиславада Н. Назарбаевтың аталған елге мемлекеттік сапары аясында Словакия Президенті Иван Гашпарович табыс етті.

Бұл орден басқа мемлекеттердің азаматтарына Словакиямен әртүрлі салаларда ынтымақтастықты орнатып, дамытуға қосқан айрықша еңбектері үшін беріледі. Орденнің азаматтық және әскери екі түрі бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі дәрежеден тұрады. Ең жоғарғысы І-дәрежелі болып табылады. Өз кезегінде Словакия Президенті И. Гашпарович те Қазақстанның І-ші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

5 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында Халыққа қызмет көрсету орталығын ашты.

5 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұсұлтан Назарбаевтың Словакияға сапары аясында екі елдің Үкіметтері арасында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды.

Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі мен Словакия Үкіметі арасында инвестицияны ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімге, Қазақстан Үкіметі мен Словакия Үкіметі арасында ұйымдасқан қылмыспен, лаңкестікпен, есірткі заттарының заңсыз айналымымен, психотропты заттармен және олардың прекурсорларымен және басқа да қылмыс түрлерімен күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Словакияның Мәдениет министрлігі арасында мәдени ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Словакияның Денсаулық сақтау министрлігі арасында медицина саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

5 жыл бұрын (2007) Братиславада Қазақстан мен Словакия арасында Қарағанды облысындағы биоэтанол өндіретін зауыт құрылысы туралы келісімге қол қойылды.

Бұл құжатқа «Сарыарқа» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы мен «Корлея инвест» словакиялық компаниясы «Қазақстан — Словакия: инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа перспективалары» атты бизнес-форумда қол қойды.

5 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев Словакия Республикасының «Алтын Биатек-2007» құрметті мерейтойлық наградасымен марапатталды.

3 жыл бұрын (2009) Минскідегі орта мектепке Мұхтар Әуезовтың есімі берілді.

М.Әуезов атындағы №143 орта мектеп Минскінің Заводской ауданындағы қазақ жазушысының атындағы көшеде орналасқан. 2005 жылы мектеп аумағына Беларус елінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш орнатылған болатын.

2009 жылдың маусым айында Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың Беларус Республикасына жасаған ресми сапарының барысында осы мектепте М.Әуезовке арналған барельефтің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) — қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған.

Жазушы өзінің шығармашылық жолында талай жанрға, тақырыпқа із салып, қыруар, очерк, әңгіме, пьесалар жазған, тамаша аудармалар жасаған, әдеби сынға, әдебиет тарихын зерттеу жұмысына белсене ат салысып, көптеген мағыналы мақалалар жариялаған, баяндамалар жасаған, оқулықтар құраған, жоғары оқу орындарында дәріс беріп, теориялық білімін жетілдіріп отырған.

ЕСІМДЕР

64 жыл бұрын (1948) кинотанушы, сценарийші АЙНАҒҰЛОВА Күлшара Біләлқызы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Мәскеу қаласындағы Кинематография институтын бітірген. 1971-1974 жылдары — «Жаңа фильм» жарнамалық кино бюллетені редакциясының редакторы. 1974-1987 жылдары — Әдебиет және өнер институты театр, кино бөлімінің кіші ғылыми қызметкері. 1990-1996 жылдары — КСРО Кино қоры жанындағы Кинопрокат шығармашылық-өндірістік бірлестігі Қазақ бөлімшесінің төрайымы. 2001 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы болып істейді. Айнағұлова негізінен деректі кино мәселесімен шұғылданып, М.Бегалин, Ш.Айманов, т.б. кино қайраткерлері жайында зерттеу-еңбектер, кино туралы көптеген мақалалар мен деректі фильм сценарийлерін жазды.

108 жыл бұрын (1904-1986) орыс әдебиеттанушы, қоғам қайраткері, КСРО ҒА академигі, КСРО ҒА әдебиет пен тіл бөлімінің академик-хатшысы, КСРО ҒА Президиумының мүшесі ХРАПЧЕНКО Михаил Борисович дүниеге келді.

РФ Смоленск облысында туған.

Смоленск университетінің түлегі.

1924-1928 жылдары — Солтүстік-Кавказ теміржолының Крыловская станциясындағы жеті жылдық теміржол мектебінің мұғалімі. 1928-1929 жылдары — Мәскеудегі Я.М.Свердлов атындағы Коммунистік университеттің тарих және әдебиет пәндерінің оқытушысы. 1929-1931 жж. — Воронеж университетінің доценті. 1931-1932 жылдары бастап Коммунистік академияның әдебиет пен өнер институтының оқу бөлімінің меңгерушісі. 1932-1938 жылдары бастап қызыл профессура Институтының орыс әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор. 1938-1948 жылдары — КСРО ХКК жанындағы өнер істері жөніндегі Комитет төрағасының орынбасары, төраға. 1948-1957 жылдары — М.Горький атындағы әлемдік әдебиет институтының аға ғылыми қызметкері. 1954-1957 жылдары — «Октябрь» журналының бас редакторы. 1957-1963 жылдары — КСРО ҒА әдебиет және тіл бөлімінің академик-хатшысының орынбасары. 1963-1974 жылдары — КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Жоғарғы аттестациялық комиссия Президиумының мүшесі.

1967 жылдан — КСРО ҒА әдебиет және тіл бөлімінің академик-хатшысы, орыс тілі мен әдебиет пәндері оқытушыларының Халықаралық ассоциациясының президенті.

Орыс әдебиеттануының даму тәжірибесін «Мировоззрение и творчество», «Литературные теории и творческий процесс» зерттеулерінде топтаған. «Семиотика и художественное творчество», «Размышления о системном анализе литературы» мақалаларында әдеби құбылыстарды тарихи-функционалдық және жүйелік зерттеудің қағидаларын жасап шығарды.

Н.В.Гоголь, Л.Н.Толстой туралы монографиялардың авторы.

Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте Ленин ордендерімен және медальдармен марапатталған.

83 жыл бұрын (1929) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Медицина ғылымдары академиясының академигі СОКОЛОВ Евгений дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған.

Мәскеу медицина институтын бітірген.

Ғарышты зерттеу Орталығында ғарышкерлерді ұшу сапарына іріктеу мен дайындау жұмыстарымен айналысып, ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор, оқу бөлімінің проректоры, Н.А.Семашко атындағы Мәскеу медицина институтының ректоры қызметтерін атқарған.

Алғашында ғарышкерлерді іріктеу, кейіннен емханадағы науқастарды тексеру кезінде қолданылған психовегетативті тестілеу қағидасын ұсынған. Қазіргі кезде кардиология мен диабетология, қант диабеті дертіне қатысты ішкі органдардың бұзылу мәселелерімен айналысады. Көптеген ғылыми қауымдастықтардың, соның ішінде Американ диабеттік ассоциациясының мүшесі. 6 монографияның авторы, оның 4 шет тілдеріне аударылған. «Отан алдындағы ерен еңбегі үшін» III дәрежелі орденімен марапатталған.

68 жыл бұрын (1944) американдық актер, режиссер және комедиялық жазушы РЭМИС Харольд Аллен дүниеге келді.

АҚШ-тың Чикаго қаласында туған.

Миссури штаты Сент-Луисте қаласындағы Вашингтон университетінің түлегі.

Оның ұзақ әрі жемісті шығармашылық қызметіне көз жүгіртсек, «Охотники за привидениями» фильміндегі Игон Спенглер мен «Нашивки» фильміндегі Рассел Зиски бейнелерін көрермендер ең сәтті деп таныды. Сондай-ақ, Рэмис аталған екі бейнефильм сценарийлерінің жазылуына өз үлесін қосты.

Оның жазушылық және режиссерлік қызметіне келетін болсақ, оның басты жұмыстары — «Мальчик для гольфа», «День сурка» және «Анализируй это» сияқты комедиялар. Рэмис рольдердің бірін өзі сомдаған «ССТВ» телехикаясының сценарийін жазды. Комедиялық жанр басым болғанымен, Рэмистің фильмдері жалпы қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді қозғайды. Ал оның фильмдерінің негізінде жатқан терең ой мысқыл және бой сергітетін ұрандармен тұстасып жатыр. Сондай-ақ, Рэмис еңбектерінің басты ерекшелігі суырып салма комедияны енгізуінде жатыр. 2002 жылы Харольд Рэмис «Как заработать 20 миллионов баксов» фильмін түсіру жұмыстарын жүргізу кезінде продюсерлік қызметті тағы бір мәрте байқап көрді. 2005 жылы ол «Ледяной урожай», ал 2007 жылы — «С кем бы отведать сыра» фильміне продюссерлік етті.

102 жыл бұрын (1910-1996) тілтанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым акдемиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЫСҚАҚОВ Ахмеди Ысқақұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, КСРО Ғылым академиясы КСРО халықтарының тілі және жазба институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын бастауыш мектепте мұғалімдіктен бастап, «Ленин туы» газетінің әдеби қызметкері, педагогикалық училищенің оқытушысы болды. 1942-1947 жылдары — Қазақ педагогикалық және мұғалімдер институттарының оқытушысы. 1947-1951 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқытушысы. 1951-1953 жылдары -Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл, әдебиет институтының директоры. 1953-1955 жылдары — Қазақ мемлекеттік қыздар институтының кафедра меңгерушісі. 1955-1961 жылдары — Қазақ ССР Ағарту Министрлігі Педагогика ғылымдарының Қазақ КСР Ағарту министрлігі Педагогика ғылымдарының Ыбырай Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1961-1996 жылдары — Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғылыми-зерттеу еңбектері негізінен қазақ тілінің морфологиялық құрылымын зерттеу мәселелеріне арналған. «Абай тілі сөздігі» мен 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» жалпы редакциясын басқарған. Орысша-қазақша, Қазақша-орысша сөздіктерінің авторы және бірлесіп шығарған редакторы.

Халықтар достығы, Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

42 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің форумы кеңесінің төрағасы, «Raimbek Group» холдингі компанияларының Директорлар кеңесінің төрағасы БАТАЛОВ Райымбек Әнуарұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын бітірген.

1992-1998 жылдары — «Райымбек» компаниясы директорының орынбасары, бас директоры. 1998-2004 жылдары — «Райымбек» компаниясының президенті, «Райымбек» компаниялар тобы Директорлар кеңесінің төрағасы, «Raimbek Group» ЖШС президенті қызметтерін атқарған. 2001-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі болған. 2004 жылдан — қазіргі қызметінде.

94 жыл бұрын (1918-2001) театр және кино актері, КСРО халық әртісі ГЛУЗСКИЙ Михаил Андреевич дүниеге келді.

67 жыл бұрын (1945) голливуд актрисасы, «Оскар» сыйлығының лауреаты Голди ХОУН (Голди Штудлендгехоун дүниеге келді.

64 жыл бұрын (1948) ливан мемлекеттік және әсери қайраткері, Ливан президенті (2008 жылғы 25 мамырдан бері) Мишель СУЛЕЙМАН дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар