Жарияланды: 760

23 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

23 қараша. ЖҰМА

Қазақстан Жол полициясының құрылған күні. Дәл осы күні Қазақстанның Мемлекеттік автоинспекция туралы бірінші ережесі ҚР Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы қарашаның 23-індегі Қаулысымен бекітілген. Ал 1996 жылы қаңтардың 3-інде Мемлекеттік автоинспекцияның атауы Жол полициясы болып ауыстырылып, олардың қызметтеріндегі басымдықтар да өзгертілді. Қазіргі жол полицейлерінің бірінші кезектегі міндеті - қоғамдық тәртіпті қорғау, қылмыспен күрес, азаматтарды жолдардағы қылмыстық әрекеттерден қорғау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі жол инспекторлары тек жол қозғалысы ережесін ғана емес, заңнамаларды, психология негіздерін, заманауи техникаларды және тағы да басқа көптеген жәйттерді егжей-тегжейлі білуге міндетті. Жапонияда еңбекке алғыс күні. Мейрам 1948 жылы бекітілген, ал тарихи негізде бұл күн «Жаңа өнім мейрамы» деп аталған және ауыл шаруашылығы жұмыстары аяқталуының мерекесі ретінде бекіген. Литва әскерлерінің күні. 1918 жылғы 23 қарашада Литва Үкіметінің Жарлығымен бекітілген. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 20 жыл бұрын (1992) Алматыдағы Кеңсай зиратында қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің бейіті басына ескерткіш орнатылды. 12 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданы Мағжан Жұмабаев атындағы аудан болып өзгерді. 7 жыл бұрын (2005) белгілі ақын және қоғам қайраткері, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Олжас Сүлейменовке Татарстанның «Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы» атағы берілді. 7 жыл бұрын (2005) негізгі бетіне киіз үй бейнеленген сыбырлардың (сібір татарлары) алғашқы сайты ашылды. Редакторы - Бөріхан (Пурехан) Сібір. «Сібір татары» этнонимі Сібірдің жергілікті халқын Көшім хан жаулап алған тұста жасанды түрде телінген. Сібір татарлары Түмен, Омбы, Новосібір, Омск облыстарының аборигендері саналады. Бөріхан Рашитұлы Сібір біраз жыл бұрын Равиль Рашитович Лукманов болған. Кейін өз халқының тарихын оқығаннан кейін жаңа есім (Бөріхан - түркілердің төтемдік символы «бөрі» сөзінен алынған) алып, төлқұжатын өзгерткен. 8 жыл бұрын (2004) Бернде Қазақстан Республикасының Елшісі Швейцария Конфедерациясының Президентіне сенім грамоталарын тапсырған. 8 жыл бұрын (2004) 23 қарашадан 5 желтоқсанға дейін Алматыда «Балалар үйіне - бейбітшілік» жалпықалалық әлеуметтік шара өтті. Ұйымдастырушы - әйелдерге арналған «Кенгуру» журналының редакциясы. Шара мақсаты - өмір жағдайларына байланысты отбасынан айырылғандарға көмек көрсету. 8 жыл бұрын (2004) Алматыда ТМД-ның 12 елдерінің және ҚХР-дың Бас прокурорлары қатысуымен «Прокуратура органдарының қазіргі кезеңдегі құқыққорғаушылық міндеті» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстан тарапын ҚР Бас прокуроры қатысты. 17 жыл бұрын (1995) Астанадағы Мемлекеттік мұрағатының негізі қаланды. Астанадағы Мұрағатының қызметі мұрағат және құжаттар басқармасынан, сонымен қатар «Алматы» және «Сарыарқа» аудандарының мұрағаттарынан тұрады. Егер 2001 жылы елордалық мемлекеттік мұрағатта 23649 құжат сақталса, қазіргі уақытта 234803 бірлік есептеліп отыр. Сонымен қатар қорлардың да саны - қырықтан бес жүз жиырма үшке дейін жетті. Ереже бойынша аудандық маңызы бар мекемелер бес жыл сайын құжаттарды тапсыру керек, ал қалалық маңызы бар мекемелер - он жыл сайын. Астананың Мемлекеттік мұрағаты Ресейдің, Башқұртстанның мұрағаттарымен өзара әрекеттеседі. Мұрағатта - қазақтың тарихи қайраткері Мұстафа Шоқайдың хаттары сақтаулы. Мемлекеттік мұрағатта 1915 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ тілі» кітабы сақталып тұр. Мұрағат қызметкерлері жарты жылда бір рет мұрағат жаршысын шығарады. Астананың он жылдығына бірнеше көркем жинақтар шығарылды. Мұрағат қызметкерлері қызықты әдебиет шығарады, және жетекші тарихшы-ғалымдармен қызметтеседі. Елордалық мемлекеттік мұрағатта №430-шы қор құрылған, онда Омбы, Новосібір, Екатеринбор, Уфа және Қазан қалаларынан табылған үш жүздей құжат сақталады. 7 жыл бұрын (2005) Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң орта және шағын бизнесті, бәсекеге қабілетті экспорттауға бағдарланған өндірісті, жеке тұлғалар мен шағын бизнес субъектілерінің мүлігін ресмилендіру процесін жандандыру мақсатында салық заңнамасын жетілдіруге бағытталған. 5 жыл бұрын (2007) Павлодарда бұрыннан шығып келе жатқан қоғамдық-саяси газеттердің қатарын екі жаңа апталық басылым толықтырды. Қазақ тіліндегі «Шаһар» және орысша шығатын «Наша жизнь» газеттерінің алғашқы сандары жарық көрді. Мемлекеттік тілде шығатын апталықты Павлодар әкімінің қолдауымен облыстық «Сарыарқа самалы» газеті шығаруда. Оның басым бағыттары - мемлекеттік тіл саясаты, қазақ тілінің дамуына жәрдемдесу, жас таланттарды қолдау. 5 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Венгрия Республикасының жоғарғы мемлекеттік наградасы «Алқалы үлкен крестпен» марапатталды. Елбасыға орденді Будапештте Венгрияның Президенті Ласло Шойом салтанатты жағдайда табыс етті. Н. Назарбаевқа аталған орден Қазақстан Республикасы мен Венгрия Республикасы арасындағы достық байланыстардың қалыптасып, даму ісіне қосқан зор үлесі үшін беріліп отыр. Венгрияның «Алқалы үлкен крест» орденімен мемлекет басшылары да марапаттала алады. Мемлекеттік наградалар туралы заңға сәйкес, Венгрияның Президенті лауазымы бойынша аталған орденнің кавалері болып табылады. Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Президенті Венгрия Басшысын екі елдің достық байланыстарын дамытуға қосқан елеулі үлкен үлесі үшін біздің еліміздің бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. 5 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Венгрия Республикасына мемлекеттік сапары кезінде Будапештте бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Венгрия Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Венгрия Республикасы Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 5 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевқа «Венгрия қыпшақтары одағының» Құрметті көсемі атағы берілді. Бұл диплом Будапештте Елбасының Венгрияға мемлекеттік сапары кезінде тапсырылды. Бүгінде Венгрияда қазіргі Қазақстанның аумағынан шамамен 750 жыл бұрын көшкен қыпшақтардың 100 мыңға жуық ұрпағы тұрады. 3 жыл бұрын (2009) КСРО және Қазақ КСР-нің Халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға Шығыс Қазақстанның Құрметті азаматы атағы берілді. Сол күні КСРО және Қазақ КСР-нің халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенованың туған жері Семейде мерейтойлық концерт өтті. ЕСІМДЕР 73 жыл бұрын (1939) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Инженерлер академиясының, Қазақстан Республикасы Инженерлер академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Тараз қаласы мен Бәйдібек ауданының құрметті азаматы ҮРКІМБАЕВ Марс Фазылұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ химия-технология институтын, Мәскеу Жоғары техникалық училищесінің аспирантурасын бітірген. 1962-1973 жылдары Казақ химия-технология институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан, 1973-1992 жылдары - Жамбыл гидромелиоративтік-кұрылыс институтының ректоры. 1990-1992 жылдары - «Тараз» аймақтық сыртқы-экономикалық ассоциациясының бас директоры - Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1992-1994 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Ғылым Академиясының Оңтүстік Қазақстан бөлімшесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының экономика министрі. 1994-2002 жылдары - Халықаралық «Интеграция - Оңтүстік» қорының президенті, Қазақстан өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті, Қазақстан Республикасының жұмыс берушілер конфедерациясы басқармасының төрағасы, «Қазфосфат» компаниясының құрметті төрағасы. 2002 жылдың ақпан айынан «Каспий Банкі» ААҚ директорлар кеңесінің мүшесі. Машина жасау саласындағы жетекші ғалым, көрнекті қоғам қайраткері. Ол машина тетігінің беріктігін арттыру жолдарының бірқатар жаңа бағыттарын қалыптастырды және дамытты. 400-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. 6 авторлық куәліктің иегері. «Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту, «Алтын барыс», «Құрмет» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Берлин, Калифорния, Лондон, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстандағы университетерінің құрметті профессоры. 58 жыл бұрын (1954-1995) белгілі спортшы, таэквондодан қара белбеу 6-шы дан иегері, Қазақстан Республикасы таэквондо федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы МҰСТАФА Өзтүрік дүниеге келді. Стамбұлдағы орта мектепті бітіріп, Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірген. Осы елде жүріп корейдің көне спорт өнері таэквондоны үйренді. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Алматыға келіп, таэквондо мектебін ашты. 2000 жылы Алматы қаласында Өзтүрік Мұстафа атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы Өзтүрік Мұстафаның 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданының Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды. 58 жыл бұрын (1954) кинорежиссер, кинодраматург, Казақстанньң халық әртісі, Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығының иегері ТЕМЕНОВ Талғат Досымғалиұлы дүниеге келді. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімін, Мәскеудегі бұрынғы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы жоғары режиссерлер мен сценарийшілер курсын бітірген. Талдықорған облыстық драма театры труппасының актері, «Қазақфильм» студиясында режиссердің көмекшісі әрі сценарийші, кинорежиссері, қоюшы кинорежиссері, «Мосфильм» студиясының кинорежиссері қызметтерін атқарған. 1994-2000 жылдары - Алматы мемлекеттік театр және кино институтының (Қазақ ұлттық өнер академиясы) ректоры. 2000-2004 жылдары - «Қазақфильм» кинокомпаниясының көркемдік жетекшісі. 2004 жылдан Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының директоры. Алғаш қойған «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты толық метражды көркем фильмі Майндағы Франкфурт қаласында өткен 15-Халыкаралық кинофестивальдың Гран-при, Италияда «Күміс аю» жүлдесіне және Португалияда өткен Халықаралық кинофестивалінің арнайы жүлдесіне ие болды. Оның өзі жазған сценарийі бойынша қойған көркем фильмдері қатарында «Шаңырақ», «Қайдасың сен, Чапай?», «Торо», «Адамдар арасыңдағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті». «Алма бағы», «Көгілдір такси» (С.Сматаевпен бірігіп) пьесалар жазған. Тарихи тақырыпқа қойылған «Көшпенділер» фильміне режиссер ретінде қатысқан. «Қайырлы таң» және «Гүлназ», «Ой жасын» атты повестер мен әңгімелер жинағының авторы. «Құрмет» орденімен марапатталған. 97 жыл бұрын (1915-1967) тарих ғылымдарының докторы, профессор МАЛЫБАЕВ Өміржан дүниеге келді. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алматы кеңес құрылысы институтын бітірген. 1937-1940 жылдары - КОКП орталық комитеті жанындағы марксизм- ленинизм институты Қазақ бөлімшесінің ғылыми қызметкері. 1940-1941 жылдары - Қазақ КСР үкіметі жанындағы КСРО Сыртқы істер халықтық комитеті өкілінің орынбасары. 1946-1967 жылдары - КОКП Орталық Комитеті жанындағы марксизм- ленинизм институты Қазақ бөлімшесінің аға ғылыми қызметкері, Қарағанды тау-кен институтының оқытушысы, кафедра меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, Қазақ политехникалық институты кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты - КОКП-ның Қазақстандағы көмір өндірісін дамыту мәселелеріне арналған. «Борьба КПСС за создание и развитие третьей угольной базы СССР» атты еңбегі жарық көрген. Қызыл Жұлдыз, 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған. 137 жыл бұрын (1875-1933) орыс кеңес жазушысы, өнертанушы, халық ағарту комиссары ЛУНАЧАРСКИЙ Анатолий Васильевич дүниеге келді. 114 жыл бұрын (1898-1967) кеңес әскери қолбасшсы және мемлекет қайраткері МАЛИНОВСКИЙ Родион Яковлевич дүниеге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін