Жарияланды: 530

23 жастағы азамат апасын өлтіріп, мүшеленген денесін қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен

Ақтауда жан түршігерлік оқыс оқиға орын алды. 23 жастағы азамат өзінің туған апасын өлтіріп, мүшеленген денесін қоқыс жәшігінің жанына лақтырып кеткен. Жас жігітті қанды қылмысқа итермелеген болмашы тиын-тебен көрінеді. Қарыз сұрап барғанында апасы бетін қайтарған. Ашуға булыққан қаскөй туысын өлтіріп, сөмекеге сиятындай етіп бөлшектепті.

Адамды айуандықпен өлтірген қылмыскер жайлы ақпарат кеше кешқұрым жұрттың жарғақ құлағын жастыққа тигізбеген болатын. 27-ші ықшамауданда қоқыс жәшігінің жанындағы мына қос сөмке еді дүрліктірген елді. Ішінен мүшеленген әйел адамның денесі шыққан. Алғаш көргенде тіл мен жағы байланып қалған тұрғындар артынша құқық қорғау орындарына қоңырау шалыпты. Тергеу барысында белгілі болғандай марқұм 29 жастағы Сәлима Рысбаева деген азаматша екен. Қаладағы мейрамханалардың бірінде ән айтып жан баққан.

Гүлзайда Төлеуғалиева,Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде аталған іске күдікті ретінде Ақтау қаласының 23 жастағы тұрғыны анықталып қазір қамауға алынды. Қазір күдіктінінң аталған қылмысқа қатыстылығы толық дәлелденді, ол толықтай мойындады.

Елдің есін екеу, түсін төртеу қылған айуандық әрекетті жасаған жан бүгін құрыққа түсті. Ол Сәлиманың 23 жастағы інісі екен. Қазір қамауда отыр. Түсінігін түгендесе, апасынан ақша сұрапты, алайда ол бетін қайтарған. Ашуға булыққан жігіт туысын өлтіріп, денесін мүшелеп екі сөмкеге салып қоқысқа апарып тастапты. Және бір сөмкенің үстіне “Қайраттан сәлем” деп хатта қалдырған. Оған қоса полицейлер марқұмның анасында құрықтады. Айтуларынша, ол қылмысты көріп біле тұра жасырып қалуға тырысқан.

Гүлзайда Төлеуғалиева,Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз хатшысы

- Аталған қылмысқа күдіктінің шешесінің де қатысы барлығы тергелуде. Екі күдікті де қамауға алынған. Қазір Ақтау қаласы ІІБ абақтысына жабылған.

Қасақана адам өлтіргені үшін 23 жастағы азамат енді темір торға тоғытылмақ. Анасы да арнайы түзету мекемесіне кесілуі ықтимал. Көптің көңілін күпті қылған қылмыстың себеп-салдарын құзырлы орын өкілдері әлі де тәптіштеп тексере түспек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін