Жарияланды: 830

25 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

25 қараша. ЖЕКСЕНБІ

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күні БҰҰ Бас Ассамблеясы қарашаның 25-сін 1999 жылғы желтоқсанның 17-індегі 54/134 қарарымен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күні деп жариялады және мемлекеттерге, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдарға бұл күні қоғам назарын осы мәселеге аударуға арналған шаралар өткізуді ұсынды. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық дүниежүзінің барлық жерінде таралған және барлық қоғамда кездесетін жағдай. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасау мәселесі тек нәсілдігін, әлеуметтік ортасын, шығу-тегін ғана қозғап қоймай, сонымен қатар басқа жағдайлардан туындайды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін дамыған мемлекеттердің өзі жеңе алған жоқ. Бұл құбылысты тоқтату жолдарын қоғам шешуге тырысады. Бұл мәселе туралы тек қарашаның 25-інде ғана емес, барлық жерде көп айтылу керек. Суринам Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1975). Суринам - Оңтүстік Американың солтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Астанасы - Парамарибо қаласы. Мемлекеттік тілі - голланд тілі. Ақша бірлігі - суринам гульдені. Босния мемлекеттігі күні. 1943 жылғы 25 қарашада Варцар Вакуф, Мрконич Град қалаларында әскери парламент дәрежесіндегі Босния мен Герцеговинаны халықтық азат етудің Мемлекеттік антифашистік вечасының (ЗАВНОБИХ) құрылтай мәжілісі өтті. ЗАВНОБИХ Қарары және Босния мен Герцеговинаны және олардың халқын тануда тек ЗАВНОБИХ пен АВНОЮ - Югославияны халықтық азат етудің Антифашистік вечасы ғана - уәкілдік ете алатынын бекіткен Босния мен Герцеговина халықтарына Мәлімдеме қабылданды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 96 жыл бұрын (1916) ерлі-зайыпты Көлбай, Мариям Төгісовтердің басшылығымен Семей қаласында демократиялық-ағартушылық бағыттағы алғашқы қазақ басылымдарының бірі «Алаш» газеті жарық көрді. Газетке қазақ зиялылары Н.Құлжанова, Ғ.Жанайдарова, Ж.Ақбаев, М.Әуезов, С.Торайғыров, т.б. белсене ат салысқан. «Алаш» газеті 1917 жылы мамырда 50 шақты саны шыққаннан кейін қаржы тапшылығына байланысты жабылып қалған. 86 жыл бұрын (1926) БКП (б) ОК Саяси кеңесінің «Түркістан-Сібір темір жолы құрылысы туралы» қаулысы қабылданды. 12 жыл бұрын (2000) Қызылордада жазушы Мұхтар Әуезовке ескерткіш орнатылды. 8 жыл бұрын (2004) 25-27 қарашада Бішкекте (Қырғызстан) Халықаралық ғылым академиялары ассоциациясы (МААН), ЮНЕСКО, Азия ғылым академиялары ассоциациясы (ААНА) және Халықаралық мәселелер жөніндегі Академиялараралық кеңесі қолдауымен Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған «Посткеңестік кеңістіктегі ғылым мен білім мәселелері» халықаралық конференциясы өтті. Қазақстан Республикасының делегациясын Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының президенті Мұрат Жұрынов басқарды. 8 жыл бұрын (2004) Ақтөбеде тұңғыш қалалық бос орындар жәрмеңкесі өтті. 6 жыл бұрын (2006) Алматыда Қазақстан ғалымдар одағының тұңғыш құрылтайы болып өтті. Оған парламенттік делегация және өзге де қоғам қайраткерлерінен құралған 350 делегат ғалымдар қатысты. Ғылыми-технологиялық дамуда экология, табиғи қазба байлықтарды тиімді пайдалану, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылық саласындағы зерттеулерге басымдылық беру жайы талқыланды. Жиын соңынан елдегі ғылымды дамыту турасында қарар қабылданды. 4 жыл бұрын (2008) Елбасы «Жоғары сот Кеңесін құру және оның құрамы туралы» жарлыққа қол қойды. 7 жыл бұрын (2005) Қарағандының мемлекеттік техникалық университетінде Жастар орталығы ашылды. Енді студенттердің мәдени-демалысының бәрі бір жерге шоғырландырылатын болып отыр. Орталықты салу жарты жылда аяқталды. Қаражатты оқу орны тауып берді. Студенттер құрылыс жұмыстарына қатысты. 3 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда қаласының «Сырдария» шағынауданында орналасқан «Алтын ұя» балалар бақшасын ашты. Мемлекет басшысы мұнда алдымен жаңадан салынған балалар мекенінің «Жұлдыз» және «Ботақан» деген екі тобын аралап көрді. Елбасы жаңа ғимаратқа жақсы баға берді. Бұл шынында да сәбилердің талапқа сай тәрбие мен тәлім алуына қолайлы етіп салынған. Бір мезгілде 320 бүлдіршінді қабылдай алатын оның көлемі де көңілді өсіреді. Балдырғандар қонысын ашу салтанаты үстінде Елбасы оларға шағын автобусты сыйға тартты. 3 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда қаласының «Сырдария» шағынауданында тұрғызылған 40 пәтерлік ипотекалық үйдің пайдалануға берілу салтанатына қатысты. ЕСІМДЕР 104 жыл бұрын (1908-1963) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері МУСИН Әлихан Шөжебайұлы дүниеге келді. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында туған. Мәскеу түсті металдар мен алтын институтын бітірген. 1937-1949 жылдары Қоңырат кенішінде, Успен кен басқармасында, Лениногор кен басқармасында, Березев кенішінде инженер, Қазақстан Ғылым академиясында басшылық қызмет атқарған. 1949 жылдан өмірінің соңына дейін Тау-кен ісі институтының директоры болған. Негізгі ғылыми еңбектері жер астынан кен қазып алу кезінде пайда болатын жер қыртысы қабаттарының қысымы мен оның пайда болу заңдылықтарына арналған. Ғалым жайпақ орналасқан кен шоғырдың қалың жерін діңгекті-камералап қазу жүйесінің ортасынан ор жүргізіп қазуды ұсынған. Осы ұсынысы Жезқазған кеніштерінде тәжірибелік-өндірістік сынақтан өтті және кен массасын тиеу жұмыстарын толығымен механикаландыруға, камераның өнімділігін 3 есе арттыруға мүмкіндік берді. Ол камералардың төбесі мен тіреуіш кентіректердің тұрақтылығын зерттеуге қажетті жаңа микросейсмикалық аспапты (ПМС-3) жасауға тікелей қатысты. 60-тан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 3 монографияның және 2 өнертабыстың авторы. Ол Лениногор полиметалл қалың қабатты кендерді қолдан қауырт құлату әдісін енгізгені үшін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған. 103 жыл бұрын (1909-1992) Қазақстан Республикасының құрметті мұнайшысы, Атырау қаласының құрметті азаматы ИСЕНОВ Мұхамбет Айтуұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Атырау облысында туған. И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын бітірген. Еңбек жолын балық кәсіпшілігінде қара жұмысшы болып бастаған. 1937-1941 жылдары КСРО Ауыр өнеркәсіп министрлігі Халықкоматының Орта Азия бойынша тобының инженері, диспетчері, бөлім бастығы, топ жетекшісі қызметтерін атқарған. 1944-1947 жылдары - КСРО Мұнай министрлігінде аға инженер, бөлім бастығының орынбасары. 1947-1952 жылдары - Атырау облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары. 1952-1960 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті құрылыс және құрылыс материалдары бөлімі, өнеркәсіп-көлік бөлімі, ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1960-1962 жылдары - Қазақ Кеңес Халық шаруашылығы отын өнеркәсібі басқармасының бастығы. 1962-1963 жылдары - Қазақ Кәсіподақтар кеңесінің хатшысы. 1963-1964 жылдары - Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы - өнеркәсіп және құрылыс бойынша бюросының төрағасы. 1964-1970 жылдары Атырау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. КСРО Жоғарғы Кеңесі 7-шақырылымының депутаты. Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, 2-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 78 жыл бұрын (1934-1993) ғалым, техника ғылымының докторы, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БӘЙТЕНОВ Ноян Ахмедиярұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ кен-металлургия институтын, Қазақстан Ғылым Академиясының Металлургия және кен байыту институтының аспирантурасын бітірген. 1957-1959 жылдары - Шыршық қатты қорытпалар комбинатының (Өзбекстан) инженері. 1969-1993 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Металлургия және кен байыту институтының зертханасының меңгерушісі қызметін атқарған. Бәйтеновтің негізгі ғылыми зерттеулері құрамында титаны бар шикізатты және пигментті титан қос оксидін алуға, титан тетрахлориді конденсациясын жетілдіруге және оны қоспалардан тазартуға, қышқылмен шаймалау әдісі арқылы ильменит концентратынан рутилді, көмір ванадий кектерін шаймалауға, сондай-ақ, целестин концентратынан стронций тұзын алуға, титан өндірісіндегі үймелерді пайдалану мақсатында хлоридті термолиздеу мәселелеріне арналған. Ол шикізатты кешенді пайдаланудың жаңа технологиясын жасады, сондай-ақ, хлорлы металлургия саласында жаңа ғылыми бағыттың негізін қалады. 127 жыл бұрын (1885-1935) қазақ ақыны, жазушы, ағартушы-педагог, Алаш орда үкіметінің белді басшыларының бірі ДУЛАТҰЛЫ Міржақып дүниеге келді. Қостанай облысының Жанкелдин ауданында туған. Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған жасөспірімнің кейінгі тәрбие қамқорлығы Асқар дейтін оқыған ағасының мойнында болды. 1978 жылы Торғай қаласындағы екі кластық орыс-қазақ мектебіне түседі де, бес жыл оқып, ауыл мұғалімі деген куәлік алып шығады. Алты-жеті жыл бойы ел ішінде, ауыл мектептерінде бала оқытады. 1904 жылы Омбы қаласына аттанып, өзінің болашақ ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Оған еріп Қарқаралыға барып, ондағы ұлттық демократиялық қозғалысқа белсене араласады. Сол жердегі зиялы топтың өкілі ретінде қазақ конституциялық демократиялық партиясының Оралдағы съезіне қатысады да, соның делегаттары қатарында 1906 жылы Петерборға барады. 1907 жылы Петерборда жалғыз нөмірі ғана шыққан «Серке» газетінде «Жастарға» деген өлеңі басылды. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шығады. Қызылжарда сот кеңесінде тілмәштық қызмет атқарып, мұғалімдік қызметін де жалғастырады. Қазақ балаларына орыс тілінен дәріс береді. Сол кезде одан біраз уақыт Мағжан да дәріс алады. 1910 жылы Қазандағы Кәрімовтер баспасынан «Бақытсыз Жамал» романы жарық көреді. А.Байтұрсыновпен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылымы - «Қазақ» газетінің негізін қалайды. Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған.. «Балқия» атты төрт перделі пьеса жазды. 1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді. Кеңес үкіметі кезінде екі рет қуғын сүргінге ұшырап, тұтқындалған. 1935 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. 1988 жылы ақталған. Оның атында көшелер, мектептер, туған жерінде мұражай бар, ескерткіш орнатылған. 87 жыл бұрын (1925-1976) композитор, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі ЕСБАЕВ Әбілахат Ысмағұлұлы дүниеге келді. Қостанай облысы Амангелді ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Могилев әскери училищесін, Алматы консерваториясының композиторлық факультетін (Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясы) бітірген. «Туған ел» деп аталатын ең алғашқы туындысы 1942 жылы жарық көрген. 1953 жылдан Қазақ радиосының музыкалық редакторы болған. Оның шығармалары негізінен ән (ән, романс, хор, баллада) жанрына арналған. Оның «Аққуым», «Ақ сәуле», «Әлі есімде», «Батырбала Болатбек», «Бейбітшілік сақталады», «Жайық қызы», «Жастар мерекесі», «Жылқышы», «Қайдасыңдар, достарым», «Қыз қуу», «Маржан қыз», «Орамал», «Ортеке», «Сағыныш екен бала кез», «Шофер келді қырманға», «Ұстазым менің, ұстазым» және тағы басқа әндері халыққа кең тараған. Әйгілі сазгер сондай-ақ, С.Адамбековтің «Күн мен көлеңке», Ә.Тәжібаевтың «Той боларда», Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» қойылымдарына және И.Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасы бойынша жасалған радиоқойылымға музыка жазған. «Одағым бақыт ордасы» өлеңі үшін Мәскеуде өткен Бүкілодақтық байқаудың жеңімпазы атанған. 47 жыл бұрын (1965) балуан, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдо, қазақша күрестерінен спорт шебері ВОЛОБУЕВ Сергей Валентинович (Әли Сұлтан) дүниеге келді. Қарағанды облысы Жаңарқа ауданы Атасу кентінде туған. 12 жасынан «Жас сұңқар» балалар жасөспірімдер спорт мектебінде самбо күресімен айналысқан. Самбо, дзюдо, қазақша күрестерінен 10 рет Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, 3 рет «Нар палуан атағын жеңіп алған. 1989-1991 жылдары - КСРО чемпионатының жеңімпазы, КСРО Халықтар достығы спартакиадасының чемпионы. 1991-1994 жылдары Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Әлем кубогінің иегері, Азия чемпионы болған. Жаттықтырушысы - Қазақстанның еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасы Ұлттық дәрежедегі жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі төреші Диқанбай Биткөзов. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы Жаңарқа аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінде самбо, дзюдо күрестерінен аға жаттықтырушы қызметін атқарады. 52 жыл бұрын (1960) ҚР-ның ГФР-дегі, Дания корольдігіндегі төтенше және Өкілетті елшісі ОҢЖАНОВ Нұрлан Баймолдаұлы дүниеге келді. Талдықорған облысында туған. Германистика мамандығы бойынша Гумбольдт атындағы Берлин Университетінің филология факультетін бітірген, Филология ғылымдарының кандидаты. 1983-1986 - Алматы қаласында филология доценті; 1986-1992 - Мәскеу қаласында ғылыми қызметте; 1992-1994 - ҚР Баспа және бұқаралық ақпарат министрлігінің бөлім бастығы және министрдің кеңесшісі; 1994-1996 - Қазақстан Республикасы Президентінің Аппараты, Халықаралық бөлімінің аға референті; 1996-1997 - Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы кейін кеңесшісі; 1997-2001 - Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі; 2001-2002 - ҚР Сыртқы істер министрлігі, Экономикалық саясат департаментінің директоры; 2002-2003 - Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы; 2003-2004 - ҚР Сыртқы істер вице-министрі, ТМД істері комитетінің төрағасы, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық үйлестірушісі; 2004-2007 - ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары; 2007-2008 - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі; 2008 ж. наурыздан бері - Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. Неміс тілін меңгерген. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. 53 жыл бұрын (1959) Ақмола облысындағы Сандықтау ауданының әкімі СҮЙІНДІКОВ Қанат Отызбайұлы дүниеге келді. Целиноград қаласында дүниеге келді. 1982 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ғылыми-агроном мамандығы бойынша бітірді. Еңбек қызметін Целиноград облысы Қорғалжын ауданы «Путь Ленина» совхозында бөлімше агрономынан 1982 жылдың мамырында бастап 1984 наурызына дейін істеді. 1984 жылдың сәуірінен - Целиноград қ. Совет аудандық Комсомол комитетінің нұсқаушсы. 1984 жылдың қыркүйегінен - Целиноград облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы. 1985 жылдың қыркүйегінен - облыстық комсомол комитетінің жұмысшы-селолық жастар бөлімінің меңгерушісі. 1989 жылдың сәуірінде Целиноград облыстық комсомол ұйымының тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланды. 1991 жылдың қазанынан - «Ақмола» универсалдық биржа инженері. 1992 жылдың қазанынан «Вариант» МКП коммерциялық директоры. 1995 жылдың маусымынан «Цесна» корпорациясында ауыл шаруашылығы бөлімінде менеджер, бөлім бастығы болып, 1997 жылдың сәуірінен «Ақмола-Астық» ЖШС ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы. 1998 жылдың мамырында «Ақмола-Челябинск» фирмасы» БК» ЖШС атқарушы директорына тағайындалды. 1998 жылдың қарашасында «Жалтыр элеваторы» директоры болып ауысты. 2005 жылдың наурызынан бастап - Щучинск ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселесі бойынша кеңесшісі. 2006 жылдың желтоқсанынан Атбасар ауданы әкімінің орынбасары. 2009 жылдың сәуірінде Сандықтау ауданының әкіміне тағайындалды. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. 63 жыл бұрын (1949) Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры ӘДІЛОВ Жексенбек Мәкейұлы дүниеге келді. Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы № 75 орта мектепті, Қазақ политехникалық институтының инженерлік-құрылыс факультетін (үздік) және Мәскеу инженерлік-құрылыс институтының аспирантурасының күндізгі бөлімін бітірді. Ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғады. Ғылыми-педагогикалық еңбек жолын Қазақ политехникалық институтында бастады, одан соң аспирантураны бітіргеннен кейін Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында жұмыс істей отырып, ассистенттен профессорға дейінгі еңбек жолынан өтті. 1986 жылдан 1990 жылға дейін құрылыс факультетінің деканы болып қызмет істеді. 1990 жылдан 2000 жылға дейін «Құрылыстағы менеджмент» кафедрасы мен «Құрылыстағы менеджмент және бизнес» факультеттерін бір уақытта басқара отырып, мамандар даярлауда - бизнес-білім және инженерлік даярлыққа ықпалдастықтың жаңа бағыттағы бастаушысы мен ұйымдастырушысы болды. 2000 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік жанында «Мемлекеттік қызметкерлерге ұлттық оқыту орталығын құру» жобасы бойынша Дүниежүзілік банктің ұлттық кеңесшісі және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында курс жетекшісі ретінде жұмысқа шақырылды. 2001 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекеттік қадағалау және ақпараттану департаментінің директоры ретінде мемлекеттік қызметке орналасты. 2004 жылы конкурс бойынша Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. 2008 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкімімен Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры болып тағайындалды. Профессор Ж.М.Әділовтің ғылыми-педагогикалық қызметі тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де белгілі және кеңінен танымал болды. Ол 150-астам ғылыми-әдістемелік жұмыстардың, соның ішінде 9 монография мен 11 оқу құралының авторы, он төрт ғылым кандидатын және бір ғылым докторын дайындады, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Швейцария, Жапония, Турция, Гонконг, Малайзия мен Сингапурдағы халықаралық конференциялар мен семинарларда баяндамалар жасады. ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жер туралы ғылым бөлімінің құрметті академигі және төрағасы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының, Қазақстан Жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының, Халықаралық инженерлер академиясының, Халықаралық жоғары мектеп академиясының және Халықаралық ақпараттану академиясының академигі. «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Президентінің үш алғыс хатына ие. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР Құрметті білім қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «Шығыс Қазақстан халықтарының тарихи, мәдени және рухани мұрасын дамытуға қосқан үлесі үшін», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» және тағы да басқа көптеген кеуде белгілерімен марапатталған. Ол сонымен қатар шетел мемлекеттерінің ордендерімен және медальдарымен марапатталған. Ж.М.Әділов - «Нұр-Отан» ХДП мүшесі, Туссон қаласының (АҚШ) құрметті азаматы. 450 жыл бұрын (1562-1635) испан драматургы Лопе де ВЕГА (Феликс Лопе де Вега Карпьо) дүниеге келді. 202 жыл бұрын (1810-1881) орыс хирургы, әскери-*далалық хирургияның негізін салушы ПИРОГОВ Николай Иванович дүниеге келді. 177 жыл бұрын (1835-1919) американдық кәсіпкер, ірі болат өнеркәсіпшісі, филантроп Эндрю КАРНЕГИ - дүниеге келді. 168 жыл бұрын (1844-1929) немістің автомобиль өнертапқышы Карл БЕНЦ дүниеге келді. 97 жыл бұрын (1915-2006) генера-капитан (армия генералы), әскери хунта басшсы, чили ұлтының жоғарғы басшысы, Чили қарулы күштерінің бас қолбасшысы, 1974-1990 жылдардағы Чили президенті Аугусто Хосе Рамон ПИНОЧЕТ УГАРТЕ -дүниеге келді. 117 жыл бұрын (1895-1978) кеңестік мемлекет және саяси қайраткері МИКОЯН Анастас Иванович дүниеге келді. 89 жыл бұрын (1923-1982) фин мемлекеттік және саяси қайраткері, Финляндияның 1982-1994 жылдардағы президенті Мауно Хенрик КОЙВИСТО дүниеге келді. 87 жыл бұрын (1925-2008) ресей киноактрисасы МОРДЮКОВА Нонна (Ноябрина) Викторовна -дүниеге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін