Жарияланды: 1200

25 қазан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

25 қазан. БЕЙСЕНБІ

Қазақстан Республикасының күні. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация республика егемендігін заң жүзінде бекітудің бастамасы болды. Әйелдердің бейбітшілік үшін күресінің халықаралық күні. Халықаралық әйелдердің демократиялық федерациясы шешімімен қарусыздану апталығы (қазанның 24-31-і) шеңберінде 1980 жылдан бастап атап өткізіледі. Ресей Федерациясы кеденшілерінің күні. РФ Президентінің 1995 жылғы тамыздың 4-дегі Жарлығына сәйкес атап өтіледі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 40 жыл бұрын (1972) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің № 512 қаулысы негізінде Талдықорған педагогикалық институты құрылды. 1977 жылы қазанның 10-да аталмыш білім ордасына қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Ілияс Жансүгіровтің есімі берілді. 1994 жылы Талдықорған мемлекеттік университеті, ал 1999 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. 20 жыл бұрын (1990) Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Декларация қабылданды. 18 жыл бұрын (1994) Қазақстанда үнді әдебиетінің күндері өтті. 15 жыл бұрын (1997) Алматыда Кеңес Одағының Батырлары Ә.Молдағұлова мен М.Мәметоваға ескерткіш ашылды. 12 жыл бұрын (2000) Астанада Президенттік мәдениет орталығы ашылды. 34 жыл бұрын (1978) Тараз қаласының Абай мен Киров көшелері қиылысында көрнекті ғалым Константин Иванович Скрябинге (1878-1972) ескерткіш ашылып, оның 1907-1911 жылдар аралығында тұрған үйіне мемориалдық тақта қойылды. Ғалым бұрынғы Әулие Атада өзінің гельминттер туралы ғылыми ізденістерін бастап, сол тақырыптағы алғашқы еңбектерін жариялаған болатын. 8 жыл бұрын (2004) 25-26 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Швеция Корольдігіне ресми сапары болды. 7 жыл бұрын (2005) «Қазақ» теплоходы суға жіберілді. Кеменің құны 9 миллион долларды құрайды. Кеме жалпы, орман, бидай және ірі аумақтық жүктерді сонымен қатар халықаралық стандартқа сай контейнерлерді тасымалдауға арналған. Кеменің толық запастармен сапар шегу қашықтығы 4 мың мильге жетеді. Кеме Ресей Теңіз Кеме қатынасы тіркелімі қадағалауымен жобаланып құрылған. «Қазақ» кемесінің жүк көтерілімділігі 5,4 мың тоннаны құрайды. Оның ұзындығы - 108,33 метр, ені - 16,5 метр, ал бүйірінің биіктігі - 5,5 метрді құрайды. 5 жыл бұрын (2007) Варшавада «Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан көптеген ұлттардың ортақ үйі» (Nursułtan Nazarbajew - Kazachstan wspólny dom wielu narodów), кітабы поляк тілінде жарық көрді. Поляк оқырмандарының басты назары Қазақстандағы рухани және ұлтаралық келісімге аударылған. Кітапта Бейбітшілік және келісім сарайында өткен әлемдік діндердің ІІ съезі туралы материалдар, сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Испания Королі Х.Карлос І-ші 2007 жылғы маусымның 1-інде ашқан Астанадағы «Қазақстан халықтарының достығы» монументінің суреті басылған. Басылымда Қазақстанда тұратын 130 ұлттың тізімі беріліп, олардың қоғамдық-мәдени өмірі суреттермен безендірілген. ЕСІМДЕР 89 жыл бұрын (1923-1994) Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері АХТАНОВ Тахауи дүниеге келді. Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. 1953-1957 жылдары «Жұлдыз» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. Алғашқы өлеңдері майдандық газеттерде жарияланды. Өлеңдері соғыстан кейін баспадан шыққан «Жастар дауысы» атты ұжымдық жинаққа енген. 1956 жылы «Қаһарлы күндер» романы жарық көрді. Бұл роман бірнеше рет қайта жарияланып, орыс, неміс, т.б. халықтар тіліне аударылды. Романда екінші дүниежүзілік соғыс майдандарында қарапайым жауынгердің көрсеткен ерлігі шыншылдықпен бейнеленеді. Жазушының «Махамбет мұңы», «Дала сыры» кітаптары, «Боран», «Шырағың сөнбесін» романдары, «Таңдамалы шығармалары», 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. «Боран» романы үшін 1966 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл роман орыс, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен, грузин, украин, беларус тілдеріне аударылды. Шығарма сол кезеңде қазақ әдебиетіндегі оқшау туынды ретінде бағаланды. Қаламгердің «Сәуле», «Боран», «Күтпеген кездесу», «Махаббат мұңы», «Әке мен бала», «Ант», «Жоғалған дос», «Күшік күйеу» пьесалары да қазақ театрлары сахналарында бірнеше рет қойылды. Көркем аударма саласында А.Пушкиннің «Алтын әтеш туралы ертегісін», А.Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, С.Бабаевскийдің «Алтын жұлдызды жігіт» романын, И.Тургеневтің, А.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды. 1-2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет Белгісі» және 2 мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. 53 жыл бұрын (1959) бокстан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ туризм және спорт академиясының құрметті профессоры ҚОНАҚБАЕВ Серік Керімбекұлы дүниеге келді. Павлодар қаласында туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институты, Халықаралық Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетін бітірген. Жаттықтырушысы - Ю.Цхай. 1979-1981 жылдары - Еуропа чемпионы. Әлем кубогының иегері, 1980 жылғы Москвадағы Олимпиадалық ойындар финалисі. 1982 жылы - әлем чемпионы, 1979-1980 жылдары және 1984 жылы - КСРО чемпионы. 2 мәрте Я.Полус атындағы «Золотой пояс» жүлдесін жеңіп алған, КСРО-АҚШ құрама командалары арасындағы ойындарда 6 рет жеңімпаз атанған. 1978 жылы Болгарияда, 1979 жылы Югославияда, 1982 жылы Финляндияда өткен Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 1982 жылы Австриялық «Фольксштиме» газетінің жүлдегері. 1990 жылдан - кәсіпқой бокс федерациясының президенті, Қырғызстан, Түркмения, Өзбекстан кәсіпқой бокс клубтарын біріктіру, Орта Азиялық бокс қауымдастығын құру бастамашысы. 1995 жылдың наурызында Пекин қаласында құрамындағы 9 елдің қатарына Қазақстанның кәсіпқой бокс қауымдастығы да кіретін ПАБ - Пан-Азиялық бокс қауымдастығы құрылды. Қонақбаев ПАБ чемпионатын өткізетін комиссия төрағасы болып атқару комитетінің мүшесі құрамына енген. 1995 жылдан Шымкент қаласында Қонақбаев жүлдесіне Халықаралық турнир өтуде. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған. 87 жыл бұрын (1925-2000) жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері СЫЗДЫҚОВ Нияз дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазірігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Еңбек жолын 1946 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінен бастап, алғашқы кезде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып істеген. Талдықорған облыстық «Советтік Жетісу» және Алматы облыстық «Коммунизм таңы» газетінің жауапты хатшысы болды. 1962-1968 жылдары - Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы, баспасөз және телевизия мен радиохабарлары жөніндегі сектордың меңгерушісі. 1968-1972 жылдары - Республикалық радио хабары басқармасының бастығы, «Қазақ совет энциклопедиясы» бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1972 жылдан Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы Партия тарихы институтында В.И.Ленин шығармаларының толық жинағын қазақ тілінде шығару жөніндегі бас редакциясы бас редакторының орынбасары болды. Орыс жазушылары С.Смирнов, Т.Томаш, О.Гончар, Ю.Бондарев, Л.Н Толстой, Ф.Достоевский роман, повестерін қазақ тіліне аударған. «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен және медальдарымен марапатталған. 82 жыл бұрын (1930-1984) киносценарист, жазушы, аудармашы СЕРӘЛИЕВ Нәсіреддин дүниеге келді. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қызылорда педагогикалық институтын (қазірігі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) бітірген. 1952-1958 жылдары - облыстық «Ленин жолы» газетінде тілші. 1958-1962 жылдары - «Үгітші блокноты», «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарында әдеби қызметкер. 1962-1965 жылдары - «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі. 1965-1984 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі, жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. «Ұшталмаған қарындаш», «Намыс», «Әңгелек», «Ақбөпе» деген шығармаларының авторы. Ол И.Котляровский, А.Гайдар, С.Баруздиннің шығармаларын қазақ тіліне аударған. Сонымен қатар «Еңлікгүл» көркем фильмі сценарийінің авторы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен және медальдарымен марапатталған. 81 жыл бұрын (1931-1969) волейболшы, спорт шебері, Қазақстанның және КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы ЖАРЫЛҒАПОВ Октябрь Қыдырбайұлы дүниеге келді. Өзбекстанның Ташкент облысында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын, Алматы дене шынықтыру институтын бітірген. 1955 жылдан волейболдан Қазақстанның құрама командасында ойнап, кейінірек аға жаттықтырушы болған. Оның жетекшілігімен Қазақстан волейболшылары халықаралық кездесулерде жеңіске жеткен. 1965-1968 жылдары республикада спорт және дене тәрбиесін, оның ішінде волейболды дамытуға үлкен үлес қосқан. 81 жыл бұрын (1931-1979) балалар ақыны, аудармашы ДҮЙСЕНБИЕВ Әнуарбек дүниеге келді. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және БЛКЖО Орталық комсомол мектебін бітірген. 1956-1958 жылдары - Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы. 1958-1970 жылдары - «Балдырған» журналының жауапты хатшысы. 1971-1979 жылдары «Жалын», «Жазушы» баспаларының аға редакторы болған. Ақынның балаларға арналған өлеңдері 50-ші жылдан жариялана бастаған. Оның «Сыйлық», «Не деу керек», «Бәтіңке, шұжық, балқаймақ», «Ана жүрегі», «Гүлзар», «Ауыл әуендері», «Жаңбырлы жаз», т.б. өлеңдері мен поэмалары, «Ақ қозы» ертегі-повесі жарық көрген. Бірқатар шығармалары шет ел тілдеріне аударылып, көптеген өлеңдеріне ән шығарылған. М.Лермонтов, А.Кольцов, Дж.Родари, Я.Колас, С.Маршак, С.Михалков, М.Жалил, Тоқтағұл туындыларын қазақ тіліне аударған. 53 жыл бұрын (1959) ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары МИЗАНБАЕВ Өсер Елеусізұлы дүниеге келді. Қостанай облысында туған. Р.А.Руденко атындағы Свердлов заң университетін, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғарғы курстарын бітірген, заңгер. Еңбек жолын прокуратура органдарында бастады. Орал, Қостанай облыстарында МҚК басқармасының тергеушісі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшы қызметтерде, ҚР ҰҚК-нің 4-департаменті бастығының біріні орынбасары, бастығы болды. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан бері. «Айбын» орденімен марапатталған. 55 жыл бұрын (1957) ҰҚШҰ бірлескен штабының бастығы, генерал-полковник ЖАСҰЗАҚОВ Сәкен Әділханұлы дүниеге келді. 1957 жылғы 25 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының Шалдар кеңшарында туған. 1978 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін бітірген. Республика Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуына, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс қабілетінің нығаюына лайықты үлес қоса отырып, лейтенанттан бастап генералға дейінгі әскери қызметтің барлық сатыларынан өткен. 1987 жылдың қыркүйегі мен 1990 жылдың маусымы аралығында М.В. Фрунзе атындағы әскери академияда тыңдаушы. Одан соң Алматы қаласы, Алатау аудандық азаматтық қорғаныс бастығының орынбасары - штаб бастығы лауазымында болды. 1994 жылғы шілдеде РФ ҚК Бас штабының Әскери академиясына оқуға түсті. 1996 жылы аталған академияны бітіріп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары болды. Жедел жоспарлау департаментін басқарды. Одан соң Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымында болды. Кейінірек армия корпусының штаб бастығы, Ұтқыр күштердің қолбасшысы лауазымдарында болды. 2003 жылы Бас штаб бастығы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Одан соң «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болды. 2007 жылғы сәуір айында ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. 2009 жылы сәуір айында Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды. 2010 жылғы наурыз айынан бастап Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы. «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «ҚСРО ҚК-дегі Отанға қызметі үшін», II дәрежелі «Данқ», II дәрежелі «Әулие князь Александр Невский» және әр түрлі дәрежедегі 21 медальмен наградталған. 1981-1983 жылдар аралығында АДР жауынгерлік қимылдарға қатысқан. 1993-1994 жылдары Тәжікстан Республикасында бітімгерлік миссия атқарды. 174 жыл бұрын (1838-1875) француз композиторы Жорж БИЗЕ (Александр Сезар Леопольд Бизе) дүниеге келді. 131 жыл бұрын (1881-1973) француз суретшісі ПИКАССО Пабло дүниеге келді. 129 жыл бұрын (1883-1939) кеңестік әскери қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы ЕГОРОВ Александр Ильич дүниеге келді. 86 жыл бұрын (1926) кеңестік және ресей опера әншісі, театр режиссері, педагог, КСРО халық әртісі ВИШНЕВСКАЯ Галина Павловна дүниеге келді. 81 жыл бұрын (1931-2011) француз театр және кино актері Анни ЖИРАРДО дүниеге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін