25 СӘУІР . АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 519.55
  • 596.03
+24 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
25 СӘУІР .  АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

25 СӘУІР . АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

25 СӘУІР, БЕЙСЕНБІ

  • 25 Сәуiр 2013
  • 781
Фото - Caravan.kz

Португалияда Төңкеріс күні. Португалия — Еуропаның оңтүстік-батыс бөлігінде, Пиреней түбегінде және Атлант мұхитындағы Азор, Мадейра аралдарында орналасқан мемлекет.

Синай түбегінің Египеттен бостандығын алған күні.

Италияның Ұлттық мерекесі — Бостандық күні. 1943 жылы сәуірдің 25-інде диктатор Бенито Муссолини Миланнан қашып кеткен болатын. Сонымен қатар осы күні ел тарихында демократия үшін қарулы күрес және қарсылық қозғалыстарының жаңа кезеңі басталды. 1945 жылы немістер жаулап алған Солтүстік Италияда жалпыхалықтық көтеріліс басталып, одақтастарының әскері келгенше Солтүстік және Орталық Италияның 100-деген қаласы азат етілді.

Бүкіләлемдік безгекке қарсы күрес күні (ДДҰ). Безгек әлем халқының 40 пайызына қауіп төндіруде. Жыл сайын 500 миллионнан астам адам безгекпен ауырып, бір миллионнан астам адам осы кеселден көз жұмады. Ең ауыр салмақ Африканың Сахарадан әрі қарай оңтүстігіне түседі, бірақ бұл ауру адамдарды Азияда да, Латын Америкасында да, Таяу Шығыста да, тіпті Еуропаның кейбір бөлігінде де жалмайтын көрінеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің 2007 жылғы мамырдағы сессиясында бекіткен Бүкіләлемдік безгекке қарсы күрес күні — бұл безгекке қарсы тиімді күрес жүргізуді қамтамасыз ету бойынша жаһандық күш жұмылдыру қажеттігін мойындау күні. Бұл күні өз аумақтарында ауру тарап кеткен елдер — өз күш-жігерлерін бір-бірімен тәжірибе алмасып, бірін-бірі қолдауға жұмылдырады; жаңа донорлар — безгекке қарсы күрес жолында жаһандық әріптестікпен бірлесіп қимылдауға жұмылады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

96 жыл бұрын (1917) Омбыда Ақмола облысы қазақтарының съезі өтті.

92 жыл бұрын (1921) құрамында 233 болыс елді біріктірген Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездері негізінде Ақмола губерниясы құрылып, орталығы Петропавл қаласы болды.

91 жыл бұрын (1922) Қапал уезінің атауы Талдықорған болып өзгерді, ал орталығы Гавриловка селосы болды.

12 жыл бұрын (2001) Стокгольмде өткен конгресте Қазақстан Футбол одағы Еуропа футбол одағы қауымдастығына (УЕФА) кірді. Қазақстан құрамасы осы одақтың мүшесі ретіндегі алғашқы ойынын 2001 жылы шілде айында Эстония командасымен өткізді.

8 жыл бұрын (2005) Алматыда Сырым Бөкейхановтың қазақ және орыс тіліндегі «Өткенді ұмытуға болмайды» («Нельзя о прошлом позабыть») деген кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ол кітапта қазақтың көрнекті қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ысмағұл Сәдуақасов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Елизавета Бөкейханова-Сәдуақасова және олардың ұрпақтары туралы айтылған. Қосымша мәліметтер Мәскеуден және Санкт-Петербордан алынған, Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы ақпарат кеңейтілген, Қасенхан Алтынбеков туралы жаңа тарау пайда болды.

6 жыл бұрын (2007) Қазақстанда ең алғашқы «Сentras Private Equite Fund» халықаралық тікелей инвестициялық қор ашылды.

Бұл қордың басты инвесторы — Еуропалық қайта құру және даму банкі.

Қордың негізгі инвестициялары бастапқы кездегі немесе бизнестің даму кезеңінде тұрған шағын және орта бизнес компанияларын дамытуға бағытталады. Қордың мақсатты секторлары — банктік емес қаржылық қызмет, азық-түлік, бөлшек сауда, телекоммуникацияның баламалы қаражаты, құрылыс материалдары өндірісі.

Қордың негізін қалаушы және инвестициялық менеджері «Ceнтрас Cекьюритиз» АҚ.

6 жыл бұрын (2007) Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде Мұнай мен газ институтының жанындағы Геологиялық ғылымдарды зерттеу орталығы ашылды.

Орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған.

4 жыл бұрын (2009) Алматыдағы қалалық әкімдік ғимаратының алдында Сакура аллеясының салтанатты ашылу рәсімі болды.

2008 жылдың маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапармен барған кезінде Сакура көшеттерін Қазақстан халқына сыйға тартқан болатын. Хоккайдо аралынан сакураның 9 түрі алынған, ондағы климат Алматының табиғатына ұқсас.

12 жыл бұрын (2001) Ыстамбұлда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммиті өтті.

7 жыл бұрын (2006) Қазақстанның Мәскеудегі Елшілік ғимаратында Шығыс Пруссияда қаза болған кеңес жауынгерлерін еске алу жөніндегі «Ескерткіш» қорының қызметіне арналған таныстырылым өтті. Галина Смирнова мен даңқты генерал Иван Панфиловтың қызы Майя Панфилова бастамашы болып отырған бұл ұйым ең алдымен, Ұлы Отан соғысы жылдарында Шығыс Пруссия аумағында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің құрметіне мемориалдық аумақ құруды жоспарлап отыр. Қордың таныстырылымына қазақстандық дипломаттар, қазақстандық мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық компаниялардың Мәскеудегі өкілдіктерінің басшылары, Мәскеудегі қазақстандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

7 жыл бұрын (2006) Астанада Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілердің «Атамекен» жалпыұлттық одағы мен Ресейдің кәсіпкерлер және өндірісшілер одағының басшылары өзара ықпалдастық жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Аталмыш құжатта Қазақстан мен Ресейдің іскер қауымдастықтары арасындағы өзара әріптестік қарым-қатынасты күшейту, екі ел аумағындағы ортақ өндіріс ошақтарының жұмысына қолайлы жағдай жасау, ғылыми-техникалық және сауда-экономикалық қатынастарды реттейтін бүгінгі заңдылықтар туралы бір-бірін хабардар ету мен ортақ іс-шараларды өткізуді қолдау міндеттері қарастырылған.

112 жыл бұрын (1901) Нью-Йорк штатында әлемде алғаш рет автомобиль нөмері енгізілді.

ЕСІМДЕР

120 жыл бұрын (1893-1968) актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің және КСРО-ның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ҚУАНЫШБАЕВ Қалыбек (Қалибек) дүниеге келді.

Қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Жасынан ән-күй мен ойын-сауыққа, той-тамашаға жаны құмар, думаншыл болған. Ол жалғыз өзі бірнеше адамның кейпіне түсіп, бір отырыста-ақ «екеудің таласын, үшеудің керісін, бесеудің жанжалын» орындап, тыңдаушы көпшілікке күлкіге кенелтетін дарынды өнерпаз ретінде танылды. Халық өнерпаздары Мұхаметәлі, Мауқай мен Абақты ұстаз тұтып, олардан өнер сырын үйренген. 1916 жылдың 25 маусымындағы патша жарлығына сәйкес Қуанышбаев та қара жұмысқа алынған. 1917 жылы Омбы қаласына барып, былғары зауытында ат айдаушы-көшір болған. Мұнда атақты балуан Қажымұқанмен танысқан. Туған жерінде ауылдық кеңесті басқарып, қоғамдық жұмыстарда жүрсе де өнерден бір сәт қол үзбеген. «Қыз ұзату», «Қой күзету» және «Өгіз сату» секілді қызық, күлдіргі әңгімелер шығарып, оны той-жиындарда орындап жүрген. Жатып ішер жалқауларды, кейбір керенау, теріс пиғылды жандарды өткір сынға алып әжуалаған. 1922-1924 жылдары Қоянды жәрменкесінде Ғ.Айтбаев, И.Байзақов, Қ.Мұңайтпасов, М.Шамсутдинова сияқты өнерпаздар ұйымдастырған ойын-сауыққа қатысып, өнер көрсеткен. 1926 жылы Қызылорда қаласында ірге көтерген Қазақ мемлекеттік драма театрын ұйымдастыруға белсене қатысқан. Актер Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында әр жылдары қойылған М.Әуезовтың «Еңлік — Кебек» трагедиясындағы Қараменде бидің бейнесінен бастап, осы спектакльдегі басты кейіпкерлерді (Көбей би, Кебек, Нысан Абыз) түгел дерлік орындап шыққан. Бұған қоса 20 ғасырдың 30-шы жылдарының басында Аятбай (І.Жансүгіров, «Кек»), Бекболат (Б.Майлин, «Майдан»), Бейбіт (Қ.Байсейітов, Ә.Шанин, «Тартыс») рөлдерін орындаған. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» музыкалық драмасынан Базарбайдың рөлі мен өзінің «Қыз ұзатуын» орындап, көрермен көңілінен шыққан. Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Дуанбасы, М.Әуезов пен Л.С. Соболевтің «Абай» трагедиясындағы Абай, М.Әуезов пен Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясындағы» генерал Панфилов, Ғ.Мүсіреповтың «Амангелдісіндегі» Әбдіғаппар болыс, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» момақан Баптиста — актер ойнында көркемдік шешімін тапқан сом тұлғалар. Әрбір рөлдің өзіне тән қайталанбас қимыл-қозғалысын, мінезі мен ішкі-сыртқы жан құбылыстарын дәл тауып, ойнау — Қуанышбаев шығармаларының бір ерекшелігі болған. Оның радио, эстрада үшін жазған шағын күлдіргі әңгіме-пьесалар мен өлең-сықақтары, тақпақ-қағытпалары «Түйрегіш» және «Шаншарлар» деген атпен жарық көрген. 1937 жылдан көркем фильмдерге түсіп, қазақтың ұлттық кино өнерін дамытуға мол үлес қосқан.

Алматы қаласындағы көшеге және музыкалық драма театрға Қуанышбаевтың есімі берілген.

124 жыл бұрын (1889-1964) күйші-композитор СҮЙІНБЕКОВ Оразғали дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Ол халық күйлері мен халық композиторларының «Қайран Нарын», «Боз төбе», «Айдарлының Ақжелеңі» сияқты күйлерін нақышына келтіре орындаумен қатар өзі де көптеген күйлер шығарған. Оның «Октябрь нұры», «Теңдікті келін», «Тұлпар дүбірі», «Жеңіс күйі», «Көктем шабыты», «Өнер жолында», «Еңбек табысы», «Алтын таулы астанам», «Жігер», т.б. күйлері бар. О.Сүйінбеков домбыраны Абыл, Боғда, Кәуен, Есбай күйшілердің сарынымен тартқан.

124 жыл бұрын (1899-1969) композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ВЕЛИКАНОВ Василий Васильевич дүниеге келді.

Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. Санкт-Петербор консерваториясының композиция және фортепьяно кластарын бітірген. Композитордың алғашқы шығармалары Ленинград театрларында жұмыс істеген кездерінде жазылды. Онда, негізінен, камералық-аспаптық музыка, әндер мен романстар жазды. В.Великанов 1935-1963 жылдары Этнография институты мен Композиторлар одағы ұйымдастырған музыкалық-этнографиялық экспедицияға қатысып, халық шығармашылығын зерттеумен айналысты. 1937 жылы арнайы шақыртумен Алматыға келіп, алғашқы қазақтың ұлттық балеті «Қалқаман-Мамырды» жазды. Бұдан кейін «Тұтқын қыз» операсына және «Райхан» кинофильміне музыка жазды. Ол Қазақ академиялық опера және балет театрында ұзақ жылдар еңбек ете жүріп, кәсіби қазақ музыкасының дамуына үлес қосты. «Ленинградтық өрендерім» вокалдық-симфониялық шығармасын, «Амангелді» симфониялық поэмасын, «Көктем әні» атты хор және симфониялық оркестрге арналған поэма, «Қазақ симфониясын», оркестрлік пьесалар, фантазия, камералық-аспаптық шығармалар, ән-романстар, спектакль мен кинофильмдерге музыка жазды. 1951 жылы оның «Қамбар — Назым» балеті қойылды. 1951 жылдан Алматы консерваториясында оқытушы болды.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

64 жыл бұрын (1949-1996) композитор ҚАЖЫҒАЛИЕВ Тілес Шамғонұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеу консерваториясын, Алматы консерваториясының аспирантурасын бітірген. 1974-1979 жылдары Қазақстан Композиторлар одағы шығармашылық секциясының меңгерушісі қызметін атқарды. 1982 жылдан өмірінің соңына дейін Композиторлар одағы төрағасының орынбасары болды. Т.Қажығалиев альт пеноркестрге арналған концерт, «Отан туралы» оротория, фортепьяно, ұрмалы және ішекті аспаптарға арналған екі концерт, әндер, романстар, спектакльдер, көркем және деректі фильмдерге арналған музыкалық шығармалар жазды.

123 жыл бұрын (1890-1918) Жетісудағы 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі БОКИН Тоқаш дүниеге келді.

Верный уезі (Алматы) Мойынқұм болысының Қарасу ауылында туған. 1898-1906 жылдары Верный қаласындағы ер балалар гимназиясында білім алған.

1914 жылға дейін Верный уезінің сот органдарымен қоныс аудару басқармасында тілмәш болған. 1914-1916 жылдары Санкт-Петербор қаласында сот палатасында жұмыс істеген. 1916 жылы елге оралған Бокин қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің Жетісу ошағы жетекшілерінің бірі болды.

Ол 1918 жылы 2-13 қаңтар аралығында Верный қаласында өткен Кеңес үкіметін орнатуды жақтаған Жетісу облысы шаруалар депутаттарының 2-съезіне қатысып, одан соң Жетісу соғыс-революция комитетінің мүшелігіне сайланды. Большевиктік өкіметтің жергілікті жүйесін құру ісіне қатысып, жергілікті әскери бөлімдерін жасақтап, оларды 1918 жылдың көктем және жаз айларында азық-түлікпен қамтамасыз етуге күш жұмсады.

118 жыл бұрын (1895-1937) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері НҰРМАҚОВ Нығмет дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Бастапқыда ауылда ашылған орыс мектебінде білім алып, кейін Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген.

Омбы семинариясында оқып жүріп, сондағы білім алушы жастар Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Әбілхайыр Досовтармен бірге «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымын құрған. Ұйым мүшелері Ресей үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатында әр түрлі кештер өткізіп тұрды.

1915 жылы Н.Нұрмақов Қарқаралыдағы өзі оқыған орыс-қазақ училищесіне оқытушы болып қызметке орналасты. 1917 жылы күзде «Дала одағы» ұйымын құрды. Ұйым патшаның қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлығына қарсы үгіт жұмыстарын жүргізді. Көп кешікпей Колчак үкіметінің орнауына орай кеңес таратылып, ол бір топ жолдасымен тұтқынға алынды. 18 ай түрмеде отырып, талай қиындықты басынан өткерген ол 1919 жылы желтоқсанда босап шықты.

1920 жылдан бастап Қарқаралыда, сонан соң Семейде уездік, губерниялық атқару комитеттерінде бірқатар жауапты қызметтерде істеп, «Қазақ тілі» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды. 1922 жылы Орынборға ауысып, Қазақ өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы қазан айында өткен Бүкілқазақтық кеңестердің 3-ші съезінде Қазақ атқару комитеті төралқасының құрамына сайланған оған Жоғары революциялық трибуналды басқару жүктелді. Қазақ трибуналы 1923 жылы ақпанның 19-ында РКФСР Жоғарғы сотының қазақ бөлімі болып құрылған тұста төрағалыққа тағы да Н.Нұрмақов бекітілді. Ал 1923 жылдың мамырында оған Әділет комиссары міндеті жүктелді және сол жылдың күзіне дейін Сот төрағасы қызметін қоса атқарды.

Ол әділет комиссары ретінде прокуратура және сот құрылысы ережелерін енгізді. Прокуратура және сот қызметкерлерінің білімін арттыру, білікті жаңа кадрларды қалыптастыру, оларды қызметке тұрақтандыру, жалақыларын өсіру, тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелерін шешуде де оның табандылығының арқасында біраз жұмыстар атқарылды. Н.Нұрмақовтың басшылығымен сот-тергеу органдарында қазақ тілінде іс жүргізу қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Сот қызметкерлерінің барлық санының 60 пайызға жуығын қазақтар құрады.

1924 жылдан өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Сол жылдардағы өмірге жолдама алған мемлекеттік маңызды құжаттардың бәрінде Н.Нұрмақовтың қолы тұрды. Бұл жылдарда Қазақстанның халық шаруашылығы құлаш жайып, Екібастұз, Қарағанды, Ембі, Балқаш өндіріс орындары елге таныла бастады. Оның Қазақстан үкіметінің басшысы ретінде республиканың аумақтық тұтастығы, өнеркәсіп құрылысы, қазақтарды жерге орналастыру мәселесі, құрғақшылық зардаптарына қарсы күрес, оқу-ағарту және мәдени даму, қазақтарды басқару ісіне тарту, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, т.б. салаларда атқарған қызметтері еліміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюына белгілі әсерін тигізді. 1924 жылы Қазақ АКСР-і астанасын Орынбордан Қызылордаға, ал 1929 жылы Алматыға көшіру туралы шешімдерді қабылдауға тікелей қатынасып, ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. Ол еліміздің тұңғыш конституциясы жобасын әзірлеу комиссиясының мүшесі, қазақ әліпбиін құрастыру комиссиясының төрағасы болды. Алғашқы қазақ драма театрын ашуға үлкен еңбек сіңірді.

Н.Нұрмақов Ф.Голощекиннің қазақ даласында «Кіші Қазан төңкерісін» жасау керек деген арандатушылық пікіріне және халық малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, оған ашық қарсы шықты. Ф.Голощекинмен арадағы пікір қайшылығы оның үкімет басшысы қызметінен босап, Мәскеудегі БК(б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілуімен аяқталды. Мәскеуде ол Бүкілодақтық атқару комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Сібір, Повольженің аз халықтар тұратын аудандарын аралап, қызмет жасады.

Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылдың қуғын-сүргініне алғашқылардың бірі болып ілінді. Кейін Алматыда, Қарағандыда Н.Нұрмақовтан «тапсырма» алып отырған О.Исаев, А.Асылбековтардың ұйымдары табылды деген жаламен тұтқынға алынды. Мәскеу мұрағатының анықтамасына қарағанда Н.Нұрмақов 1937 жылы маусымның 3-інде Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, қыркүйектің 27-інде «айыбын мойнына алып», «үштіктің» үкімімен 15 минутта тағдыры шешіліп, 42 жасында атылған. Қоғам қайраткері 1958 жылы тамыздың 11-інде КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды.

1928 жылы оның саяси-әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жинағы «Строительство Казахстана» деген атпен және 1934 жылы Мәскеуде «Состояние и задачи работы среди национальных меньшинств РСФСР» деп аталатын еңбектері жарық көрген.

Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қарқаралы қалаларындағы көшелерге, Қарағанды қаласындағы 2-ші мектеп-интернатқа Н.Нұрмақов есімі берілген. Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта, туған ауылында ескерткіш орнатылған.

82 жыл бұрын (1931) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ӘМІРБАЕВ Вильжан Мәулетұлы дүниеге келді.

Талдықорған қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және КСРО ҒА Математика институтының аспирантурасын бітірген. 1959-1965 жылдары — Қазақстан ҒА Төралқасы жанындағы машина және есептеу математикасы зертханасының кіші ғылыми қызметкері, меңгерушісі. 1966-1972 жылдары Мәскеудегі әр түрлі ғылыми мекемелерде қызмет істеген. 1972-1977 жылдары — Қазақ КСР ҒА-ның Математика және механика институты директорының орынбасары. 1978-1988 жылдары Мәскеу азаматтық авиация инженерлері институты электрондық есептеуіш машинасы кафедрасының меңгерушісі. 1988 жылдан Қазақстан ҒА Физика-математика ғылымы бөлімшесінің академик-хатшысы болған. Қазіргі уақытта Мәскеу қаласында тұрады.

Негізгі ғылыми еңбектері есептеу математикасына, сондай-ақ есептеуіш машиналардың арифметикалық негізін жетілдіруге арналған. 6 монографиясы және 20 авторлық куәлігі бар. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясында тұрады.

77 жыл бұрын (1936) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі АЛШЫНБАЕВ Тұрдыбек дүниеге келді.

ҚХР-дің Тарбағатай аймағындағы Шәуешек қаласында туған. Шынжаң мұғалімдер институтын бітірген. 1965-1988 жылдары аралығында аудандық «Жаңа өмір», қазіргі «Ұлан» газеттерінде, «Жалын» баспасында, қазіргі «Шалқар» газетінде жауапты қызметтер атқарған. 1988 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысады.

Алғашқы әңгімелері 1965 жылдан бастап жариялана бастаған. «Өткел», «Асу да асу бел еді», «Жалбыз иісі» атты әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрген.

67 жыл бұрын (1946) ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Тәуелсіздіктің он жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері, Жамбыл облысының құрметті азаматы АХМЕТОВА Күләш дүниеге келді.

Қырғызстанда туған. Жамбыл медицина училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1973-1977 жылдары — республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1977-1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінің редакторы болған. 1980 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысады.

1975 жылы ақынның алғашқы «Ақ гүлім менің» жыр жинағы жарық көрді. Сонымен қатар «Сен менің бақытымсың», «Жапырақ жаздың — жүрегі», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Наурыз нұры», «Күн шыққанда күліп оян», «Арғымақтар даласы», «Махаббат жылы», «Ләйлектер қайтып келгенде», «Жасыл жағалау», «Өкініш әні», «Бақ», «Құт», «Махаббат» т.б. шығармалары бар. К.Ахметова әлем әдебиетінен А.Межиров, А.Ахматова, С.Нерис, Н.Ислам, Э.Межелайтис өлеңдерін қазақ тіліне аударған. «Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін ақынға Қазақстан Комсомолы сыйлығы берілген. Ақынның өлеңдері орыс, украин және бірнеше түркі тілдеріне аударылған.

«Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, басқа да бірқатар медальдермен марапатталған.

52 жыл бұрын (1961) САХНОВ Владимир Николаевич — cпорт шебері, шаңғымен сырғанаудан халықаралық санаттағы спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы (1985-1989), Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушы.

Ақмоа облысында туған. Боровской ауылшаруашылық техникумын бітірген. Осы кезден бастап шаңғы спортымен айналыса бастаған.

КСРО халықтарының 5-6 қысқы спартакиадасының 50 шақырым қашықтықтағы жеңімпазы, 1984 жылғы қысқы олимпиада ойындарына қатысушы (30 шақырымдық жарыста 4-орын, 50 шақырымдық жарыста 8-орын, 1988 жылы эстафетадан 2-орын, Калгари, Канада), Әлем чемпионатының 4х10 шақырымдық эстафеталық жарысының күміс жүлдегері. Алғашқы жаттықтырушысы — А.Смагин, КСРО құрамасындағы жаттықтырушысы — В.Филимонов. 1993-1999 жылдары шаңғымен сырғанаудан Қазақстан ерлер құама командасында аға жаттықтырушы болып қызмет атқарды. Қазіргі кезде Көкшетау қаласында тұрады, Ақмола облыстық олимпиадалық резерв мектебін басқарады.

85 жыл бұрын (1928) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, КСРО халық әртісі ЯКОВЛЕВ Юрий Васильевич дүниеге келді.

67 жыл бұрын (1946) ресейлік саяси қайраткер, Ресей Либералдық-демократиялық партиясының негізін қалаушы және төрағасы, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының мүшесі ЖИРИНОВСКИЙ Владимир Вольфович дүниеге келді.