Ер адам Жоғары сот, Назарбаев Университеті ғимараттары мен "Нұрлы Жол" вокзалына бомба қойылғаны туралы хабарлады, деп мәлімдеді Sputnik.
Астана ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 жастағы жігіттен алғашқы жалған қоңырау бүгін сағат 12.16-да түскен. Ол жаңа вокзалдың ғимаратына бомба қойылғанын хабарлаған, ал 14 минуттан соң Жоғары сот ғимаратына "бомба қойған".
Ал 13.30-да полицияға Назарбаев Университетінде бомба бар екенін хабарлаған.
"Қауіпсіздік шаралары қабылданды. Барлық қызмет уақытылы барды. Шақыртылған орындарда шұғыл әрекет ету қызметтері жұмыс істеді", — деп түсініктеме берді ІІД.
Департамент ер адамның жеке тұлғасы анықталғанын атап өтті. Ол психоневрологиялық диспансерде есепте тұрады екен, қазіргі таңда қамауда отыр.
Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ер адам алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.