Бұрынғының адамдары «бала-өмірдің мәні» деуші еді. Заман ілгерілеген сайын мұны да жоққа шығаратындар көбейді. Чайлдфри үрдісі белең алып барады. Бір сөзбен айтқанда — саналы түрде балалы болудан бас тарту. Кезінде балалы болуға асықпайтындарға салық салынатын еді. Енді Қазақстанда бұл шара қайта қарастырылып жатыр. Аталмыш салық нені көздейді? Қоғамның пікірі қандай? Caravan.kz медиа порталы толық тарқатады.
Кеңес Одағында баласыздық салығы болған. Яғни бойдақ әрі балалары аз жанұялар салық төлейтін болған. Бұл салықты 1941 жылдың қарашасында Сталин елдегі демографиялық жағдайды жақсарту мақсатында енгізген. 20 — 50 жас арасындағы ер азаматтар және 20 -45 жас асарсындағы баласы жоқ күйеудегі әйелдер жал ақысының 6% мемлекетке беруге тиіс болған.
Бұл сома баласы жоқтарға ауыртпалық тудыру үшін емес, халық санын арттыруды ынталандыру мақсатында енгізілген. Сондай-ақ тек Кеңес Одағында емес, соғыс және демографиялық дағдарыстар кезінде басқа да мемлекеттерде қолданылған. Қазіргі таңда «баласыздық салығы» сирек кездеседі. Дегенмен көптеген елдер халық санын арттыру үшін керісінше салықтық жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер арқылы демографиялық саясатын жүргізуде.
Венгрия
Венгрияда бала туу көрсеткішін арттыру мақсатында ерекше демографиялық саясат қолданылады. Мысалы, көп балалы отбасыларға салық жеңілдіктері берілді. 2019 жылдан бастап 4 немесе одан көп баласы бар әйелдер өмір бойы жеке табыс салығынан босатылады.
Иран
Иранда бала тууды ынталандыру мақсатында отбасын жоспарлау бағдарламасына шектеу қойылып, демографиялық өсімді арттыруға бағытталған саясат жүргізілуде. Баласыз отбасыларға салық енгізу талқыланған, бірақ нақты түрде енгізілмеген.
Қытай
Қытайда халық санының қартаюына байланысты 2020 жылдан бастап бала тууды ынталандыру үшін отбасыларға салықтық жеңілдіктер мен қаржылық қолдау ұсынылады. Бірақ «баласыздар салығы» ресми түрде жоқ.
Сингапур
Баласыз немесе бір баласы бар азаматтарға салық жеңілдіктері қарастырылмаған. Көп балалы отбасыларға мемлекет түрлі артықшылықтар мен қаржылай қолдау береді. Бұл да жанама түрде баласыздарға қысым жасайды.
Үндістанның кейбір өңірлері
Баласыздар салығы жоқ, бірақ кейбір штаттарда демографиялық саясатта көп балалы отбасыларды ынталандыратын жеңілдіктер ұсынылады.
Қазақстандағы жағдай
Соңғы республикалық халық санағы 2021 жылы жүргізілді. Нәтижесінде бала сүймеген 656,5 мың отбасы анықталды. Сарапшылардың болжамынша, елімізде бала туу деңгейі 2027 жылға дейін төмендеуі мүмкін. Чайлдфри үрдісінің белең алуы демографияның төмендеуіне әкеп соғатыны анық.
Мәжiлiс депутаты Болат Керімбек қазақстандықтардың күннен күнге некеге тұру және ата-ана болу сәтін кейінге қалдырып жатқанына шамданды.
“Материалдық құндылықтар моральдық құндылықтан асып кетіп жатыр, өйткені отбасының басты мақсаты – ұрпақ әкелу және тәрбиелеу, ұрпақ жалғастыру, рухани құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Уақытында үйленіп, балалы болу керек. Қазақстандық қыздардың ана болудан саналы түрде бас тартып, «өзі үшін» өмір сүруді қалайтыны алаңдатады”, – деді мәжіліс депутаты Болат Керімбек.
Қоғам белсенділері қарастырылып жатқан жаңа салық түрімен келіспейді. Журналист Сәуле Әбілдаханқызының пікірінше, баласыздық салығын енгізу ақылға қонымсыз шара.
«Баласы жоқтарға салық деп ақылға қонымсыз салық енгізгенше, баяғыдай «25 жастан бойдақ салық» десеңдерші… сәл де болса пайдалы, ақылға сыйымды ғой», — деп пікір білдірді.
1941 жылы қарашада бала туу көрсеткіші жақсарту мен көпбалалы аналарды әлеуметтік жағынан қолдау үшін КСРО елінде бойдақтарға арнап арнайы заң шығарылады. Басында мұндай салық уақытша енгізілген. Алайда мемлекетке біршама пайда әкелетіндіктен, салық 1990 жылдарға дейін айналымнан алынған жоқ. Кейін «Азаматтық неке» деген шыққалы жастардың үйленуге құлқы мүлдем азайды. Бұл ешқандай ресми өзара жауапкершілікті жүктемейтіні өз алдына, болашағы да бұлыңғыр. Қысқасы, болашақ та, бала да жоқ.
Қызу талқыланып жатқан аталмыш шараға халық та пікірін білдірді.
«Мысалы, мен 25 жасқа дейін енді ғана оқуды бітіріп, жұмысым, үйім жоқ болса үйлену туралы қалай ойламақпын, айтыңыздаршы? Бұл әсіресе ер балаларға қатысты. Үй-жайы, жұмысы жоқ бола тұра, бала-шағасын, әйелін қалай асырамақ? 25 жасқа толып өзіңді әрең асырап жүргенде, салықты үкіметке қалай төлемексің?».
«Біз қазір толерантты қоғамда тұрамыз. Бала тууға мәжбүрлеу қате деп санаймын. Әркімнің таңдауы, өзінің құқығы бар», — деп шулап жатыр халық.