Словенияның тәуелсіздігі мен ынтымақтастық күні. 1990 жылғы 26-шы желтоқсандағы референдумның қорытындыларын жариялайды. Референдум 1990 жылғы желтоқсанның 23-де өткізілген болатын.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
21 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
17 жыл бұрын (1995) «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданды.
7 жыл бұрын (2005) жазушы Дүкенбай Досжанның басты кейіпкері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болып табылатын «Ақ Орда» атты жаңа кітабы таныстырылды. Бұл Қазақстандағы аса маңызды тарихи оқиғаларды, оның ішінде Астананың көшуін арқау еткен роман. Шығармада Президенттің ел өміріндегі алатын орны ой елегінен өткізілген. Басылымның таралымы — 2 мың дана.
7 жыл бұрын (2005) Ақтөбе облысының Алға ауданында Мұхамбетқазы хазірет Меңдіғұлов атындағы мешіт ашылды. Осыдан екі ғасыр бұрын Алғаның маңындағы Ақкемер кентінде ғұмыр кешкен хазірет Меккеге бірнеше рет барып қайтқан исламның адал да беделді қызметшісі болуымен бірге, өлке тарихында ағартушылық еңбегімен аты қалған өз заманының сауатты азаматы. Ол Ресей патшасының қабылдауында болып, Ақкемерде мектеп ашуға рұқсат алған болатын.
21 жыл бұрын (1991) Қазақстан мен АҚШ арасында толық көлемді дипломатиялық ара-қатынас бекітілді.
17 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік» Заңы қабылданды.
6 жыл бұрын (2006) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің «Қазақстан жолы» атты кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.
6 жыл бұрын (2006) Павлодарда Чернобыль атом электр стансасы апатында құтқаруға қатысқан Павлодарлықтарға арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Ескерткіштің ортасында — адам денесінің нұсқалары, «атом ядросын» ұстауға талпынған қолдар. Павлодарлықтар мен Чернобыльдықтардың шығармашылық қоғам ұжымының жобасы қала әкімшілігінің қолдауымен іске асырылған.
4 жыл бұрын (2008) Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қаракөл ауылында Қазақстан Республикасының композиторы, еңбек сіңірген ұстазы Нәсекен Сүлейменовтың мұражайы ашылды.
52 жыл бұрын (1960) Тың өлкесі құрылды. Оның құрамына Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары кірді. Тың өлкесі 1965 жылғы қазанның 19-да таратылды. Әкімшілік орталығы — Целиноград (бүгінгі Астана) қаласы болды.
7 жыл бұрын (2005) Семейде жаңа медресе ашылды.
Діни оқу мекемесі Әнет баба атындағы Орталық мешіттің жанында орналасқан. Кеңес дәуірінде Семей өңірінде 14 мешіт болған екен. Абай шығармаларында да ХІХ ғасырдың соңында өңірде 8 мешіт, 8 медресе болғандығы айтылады.
Жаңа медреседе 25 шәкірт білім алады.
3 жыл бұрын (2009) Павлодар облысы Екібастұз қаласында жылдық қуаты 50 миллион кірпішті құрайтын жаңа зауыт іске қосылды.
Керамикалық кірпіш шығаратын кәсіпорынды «Вершина» ЖШС салып шықты.
ЕСІМДЕР
104 жыл бұрын (1908-1992) әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ИБРАГИМОВА Тәмті Зәріпқызы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. Ол 1931 жылы Қазақ радиосы комитетінің республикадағы тұңғыш дикторы болған. Мұхит әндерін алғашқы орындаушылардың бірі. Ибрагимова орындаған әндерді өнер маманы Б.Ерзакович нотаға түсірген. 1932-1935 жылдары Қазақ драма театрында өнер көрсеткен. «Майдангер композиторлар әндері», «Жас қазақ», «Мәңгілік алау», «Песня, рожденная в битвах» атты кітаптардың авторы.
74 жыл бұрын (1938) техника ғылымының кандидаты, профессор, Халықаралық көлік академиясының академигі, Мәскеу техникалық университетінің және Сібір автомобиль жолдары академиясының құрметті профессоры МҰРТАЗИН Бақытжан Сәтмағанбетұлы дүниеге келді.
Ресейдің Омбы облысында туған. Сібір автомобиль жолдары институтын, Мәскеу автомобиль жолдары институтының аспирантурасын бітірген. Өскемен автомобиль жолдары институтының аға оқытушысы, доценті, деканы, кафедра меңгерушісі, Қазақ КСР Жоғары және арнайы орта білім министрлігі бас басқармасының бастығы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1990-1996 жылдары — Алматы автомобиль жолдары институының ректоры қызметін атқарған. 1996 жылдан бері Қазақ көлік және коммуникация академиясының кафедра меңгерушісі, профессоры болған. Ғалым жол шаруашылығына қатысты бірқатар терминологиялық сөздіктердің авторы.
118 жыл бұрын (1894-1938) мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түрксіб құрылысының негізін салушылардың бірі РЫСҚҰЛОВ Тұрар дүниеге келді.
1907-1910 жылдары Тұрар Меркедегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, 1910-1914 жылдары Бішкектегі ауыл шаруашылық училищесінде оқып, бау-бақша мамандығын алады. 1914-1916 жылдары Меркеде және Ташкент түбіндегі бау-бақша ісімен айналысады. 1916 жылдың жазында Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырғаны үшін қамауға алынады. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жас интеллигенттердің саяси сауаттану мектебі болды және олардың тағдырын айқындап берген ұлы қозғалыс еді. 1917 жылғы революция кезінде патшаның тақтан құлағанын естіген Т.Рысқұлов Ташкенттегі оқуын тастап, Әулиеата оязындағы Мерке ауданына келеді. Онда еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресу мақсатында 1917 жылдың басында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. 1918 жылы Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазан айында Кеңестердің VІ съезінде ТүркОАК құрамына кіреді. Одан кейін Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады. Түрлі қызмет атқарып, 1920 жылы Түркістан Компартиясы ОК-нің мүшесі, Түркістан АКСР ОАК төрағасы болып сайланды.
Рысқұловтың саяси, мемлекеттік қызметкер ретіндегі есімі Мұсылман бюросындағы қызметімен байланысты кеңінен белгілі болды. Оның басшылығымен Мұсбюро Орталықтың қысымы мен диктатына қарсы үнемі күрес жүргізді. Түркі Республикасы мен Түркі компартиясын құру жөніндегі Рысқұлов көзқарастары Мұсбюроның ІІ конференциясында қолдау тапты. Бірақ орталық араласып, түркістандықтардың ұлттық бағдарлануға деген еркіндігін басып тастады. Тұрарға пантюркизм мен ұлттық ауытқу жөнінде айып тағылып, өмірінің соңына дейін қалмады. Т.Рысқұлов 1920 жылы Бакудегі Шығыс халықтарының І съезінің жұмысына қатысты. 1920 жылы желтоқсанда РСФСР Ұлттар ісі жөніндегі халкомының орынбасары, 1922 жылы Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің Төрағасы қызметіне тағайындалды. 1924 жылы Монғолияға Коминтерннің өкілі ретінде жіберілді. 1925 жылы Қазрайком БКП (б) баспасөз бөлімінің меңгерушісі және «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, 1926-1937 жылдары мақта жөніндегі тұрақты мәжіліс төрағасының орынбасары. Оның қаламынан ондаған кітап, кітапша, 100-ден аса мақалалар шықты. 1937 жылдың мамыр айында Мәскеуде қамауға алынған. 1934 жылы құрылған «Бүкілодақтық біріккен орталықты» ұйымдастырушы деген айып тағылған. 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына ұшыраған. Алматыда ірі даңғылдардың бірі Рысқұлов есімімен аталады.
53 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасы МАРЧЕНКО Григорий Александрович дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. 1984-1991 жылдары — Қазақ КСР Түсті металдар министрлігі конструкторлық-технологиялық бюросының инженер-конструкторы, басқару кадрлар бөлімі бастығының орынбасары — министр кеңесшісі, Қазақ ғылыми-экономикалық және техника-экономикалық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты аудармашысы, редакторы, аға редакторы және маркетингтік ақпараттық тобының жетекшісі, Шалаөткізгіштік машина құрылысы конструкторлық бюро секторының атқарушы директоры, «Алое» ғылыми-өндірістік кооперативтік орталығы конструкторлық бюросының төрағасы. 1991-1999 жылдары — «Еуразия» аймақаралық мемлекеттік экологиялық консорциумы сыртқы экономикалық байланыстар бойынша бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы вице-президентінің көмекшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, «Deutsche Bank-Securities (Kazakhstan)» ААҚ-ның президенті. 1999-2009 жылдары — Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, «Қазақстанның Халық Жинақ Банкі» АҚ-ы басқармасының төрағасы. Аталған қызметінде — 2009 жылдың қаңтарынан. Қазақстан Республикасындағы Сингапур Республикасының, Алматы қаласындағы Испания Корольдігінің құрметті консулы. «Парасат», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» медалімен марапатталған.
112 жыл бұрын (1900-1978) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты ПОКРОВСКИЙ Сергей Николаевич дүниеге келді.
Украинада туған. Қызыл Профессура институтын бітірген.
Қазақ КСР прокурорының орынбасары, Қазақ мемлекеттік университеті кафедрасының меңгерушісі, проректоры, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институты бөлімінің меңгерушісі, директоры, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Қоғамдық ғылым бөлімшесінің академик-хатшысы қызметтерін атқарған.
Оның негізгі еңбектері Қазақстандағы Қазан революциясы мен Азамат соғысына арналған. «Победа Советской власти в Семиречье», «Разгром иностранных военных интервентов и внутренней контрреволюции в Казахстане (1918-1920)», «Ленин и победа Советской власти в Казахстане» атты ғылыми еңбектері жарық көрген.
Еңбек Қызыл Ту, 2 рет «Құрмет белгісі», Халықтар достығы ордендерімен және медальдармен марапатталған.
62 жыл бұрын (1950) Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының орынбасары СӘРСЕМБАЕВ Шәріп Қайырбайұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Қазақ мемлекеттік Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылығы институтын бітірген.
1973-1976 жылдары — Ленинский кентінде комбайн зауытында цех шебері, Май ауданы Белогорский совхозында МТС меңгерушісі. 1976-1981 жылдары — Май ауданы Киров атындағы кеңшардың бас инженері, Қазан кеңшарының директоры. 1995-1997 жылдары — Май ауданы әкімінің бірінші орынбасары — Май ауданы ауыл шаруашылығы департаментінің бастығы, «Павлодарагровнешторг» ЖШС фирма директорының орынбасары. 1997-2002 жылдары — Качиры ауданы «Бобровка» жеке меншік ауыл шаруашылық кәсіпорны (ЧСХП) атқарушы директор, «Құндыз» ЖШС директоры, «Павлодарагровнештрог» фирмасы директорының орынбасары. 2002-2006 жылдары Павлодар облысы ауыл шаруашылығы департаментінің МТС және жабдықтау, механизация бөлімінің бастығы, Павлодар облысы ауыл шаруашылығы департаменті бастығының орынбасары, директоры қызметтерін атқарған. 2006 жылдан бастап — қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Павлодар облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталған.
53 жыл бұрын (1959) «ҚазМұнайТеңіз» АҚ бас директоры МАРАБАЕВ Ермек Нәсіпқалиұлы дүниеге келді.
Мәскеу қаласында туған. И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтын (1982) кен инженері мамандығы бойынша; Кингстон университеті магистратурасын (Лондон қ., 2004); «General management» ХША Мәскеу әлеуметтік және экономикалық ғылымдар мектебін бітірген (2004). «Үңғыманың вертикалды діңгегіндегі қайтарушы» авторлық куәлігіне ие (1986). Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін біледі. 1982 жылдан — Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында бұрғышының көмекшісі, бұрғышы, бұрғылау шеберінің көмекшісі, бұрғылау шебері. 1984 жылдан Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасының бұрғылау шебері, ауысым бастығы. 1987 жылдан — Құмкөл тереңнен бұрғылал пайдалану экспедициясы бастығының орынбасары, бас инженері, бастығы. 1989 жылдан — Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасының кәсіподақ комитетінің төрағасы.
1991 жылдан — Маңғыстау облыстық табиғат қорғау комитетінің бөлім бастығы, Маңғыстау облыстық экологиялық және табиғат пайдалану комитеті төрағасының орынбасары. 1993 жылдан «Қазақстанмунайгаз» компаниясының сыртқы экономикалық байланыстар департаментінің бас маманы, мұнай, маркетинг және коммерциялық операциялар жөніндегі департаментінің бастығы.1995 жылдан — Лондондағы ҚР сауда үйінің мұнай департаментінің бастығы, «Дрилкон Инк.» фирмасының Қазақстан Республикасындағы кеңесшісі, Қазақстандағы американдық компания филиалының басқарушы директоры. 1997 жылдан «ҚуатАмлонМұнай » БК бас директорының орынбасары. 1999 жылдан — «Харрикейн Құмкөл Мұнай» ААҚ вице-президенті. 2001 жылдан — «Шевронмұнайгаз» компаниясының коммерциялық менеджері. 2005 жылдан — «Кұрманғазы Петролеум» ЖШС бас директоры. 2007 жылдың сәуір айынан — АҚ «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ бас директорының бірінші орынбасары, 2007 жылдың қыркүйек айынан бері — бас директоры.
«Қазақстан мұнайына 100 жыл» белгісімен, «Самұрык-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (2009) Құрмет грамотасымен марапатталған. .
119 жыл бұрын (1893-1976) ХХ ғасырдағы қытай мемлекеттік және саяси қайраткері Мао ЦЗЭДУН дүниеге келді.
84 жыл бұрын (1928) американдық инженер және физик, ұялы телефонмен алғашқы қоңырау шалған адам ретінде белгілі Мартин КУПЕР дүниеге келді.
63 жыл бұрын (1949) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, әнші, тележүргізуші, Ресей халық әртісі БОЯРСКИЙ Михаил Сергеевич дүниеге келді.
63 жыл бұрын (1949) Шығыс Тимораның 2007-2012 жылдардағы президенті Жозе Мануэл РАМУШ-ОРТА дүниеге келді.
59 жыл бұрын (1953) КСРО-ның құрамынан шыққаннан кейінгі Эстонияның үшінші мемлекет басшысы және эстон мемлекеттігінің бүкіл тарихындағы төртінші мемлекет басшысы, дипломат, журналист Тоомас Хендрик ИЛЬВЕС дүниеге келді.
59 жыл бұрын (1953) доминикан саясаткері, 1996-2000 және 2000-2012 жылғы 16 тамыз аралығындағы Доминикан Республикасының президенті Леонель ФЕРНАНДЕС (толық аты-жөні — Леонель Антонио Фернандес Рейна) дүниеге келді.