27 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
27 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

27 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

27 қазан. СЕНБІ

  • 27 Қазан 2012
  • 1469
Фото - Caravan.kz

Құрбан айт мейрамының екінші күні

Түрікменстан Республикасының Мемлекеттік мейрамы — Тәуелсіздік күні (1991).

Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанның 5-інде орнатылды.

Сент-Винсент және Гренадиннің Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1979). Сент-Винсент және Гренадин — Кариб теңізіндегі аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы және ірі қаласы — Кингстаун. Мемлекеттік тілі — ағылшын тілі. Ақша бірлігі — шығыс кариб доллары.

Дүниежүзілік аудиокөру мұрасының күні. ЮНЕСКО Бас конференциясының 33 сессиясында осы ұйымға мүше-мемлекеттер 27 қазанды Дүниежүзілік аудиокөру мұрасының күні деп шешім қабылдады. Бұл «экономикалық, саяси және әлеуметтік дамудың, білім берудің, ғылыми ілімнің және түрлі ұлттар мен қоғамдастықтардың мәдениеттері алуандығы ілгерілгенінің, сондай-ақ табиғат пен бүкіл жер-жаханның дамығанының» дәлелі болып табылады деп атап көрсетілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

59 жыл бұрын (1953) Мойынты — Шу темір жолы іске қосылды. Жолдың Қазақстан халық шаруашылығы үшін маңызы зор болды. Қарағандының арзан көмірі елдің оңтүстік аймақтарына жеткізіле бастады. Әрі Орта Азия республикаларымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Құрылыс Қазақстан Үкіметі мен Қазақстан КП Орталық Комитетінің шешімімен 1947 жылы басталған болатын.

6 жыл бұрын (2006) Алматыда «Батыс Желтоқсан» автомобильдер жол торабының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Жолды жасау жұмыстарын Қазақстанның жетекші құрылыс компаниясы «Базис-А» ЖШС жүргізген. Шараға Алматы қаласының әкімі, «Базис-А» Корпорациясы» ЖШС-нің директорлар кеңесі төрағасы және де қала қызметтерінің басшылары қатысты.

7 жыл бұрын (2005) Елбасы Татарстан Президенті Минтимер Шаймиевке Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын табыс етті.

Кездесу барысында Минтимер Шаймиевтің бауырлас қазақ-татар халықтарының арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға, Ресей мен Қазақстанның ынтымақтастығын күшейтуге қосқан үлесін және көпұлтты Татарстанда тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудағы айрықша салмағын ерекше атаған Елбасы Татарстан Президентінің кеудесіне Мемлекеттік сыйлықтың алқасын өз қолымен тақты. Өз кезегінде Қазақстан Президентіне шексіз алғысын білдірген Татарстан басшысы бейбітшілік болмаса, ешқандай даму туралы сөз де болмайтынын айтты. Барлығы да бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізінде дамуға қол жеткізгісі келеді. Бірақ, ол әркімнің қолынан келе бермейді — деген Минтимер Шаймиев аталған сыйлықты қиын-қыстау жылдарда да елде ұлтаралық келісімді, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтай білген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алудың өзі үлкен мәнге ие екенін атап көрсетті.

3 жыл бұрын (2009) Павлодар облыстық кітапханасында өткен кездесу барысында композитор Кайырбек Сәтиевтің «Әнім әнге жалғассын» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Кітап беттерінде — М. Мақатаев, С. Мәуленов, Т. Айбергенов сынды қазақстандық танымал ақындардың өлеңдеріне жазған музыкалардың ноталары.

Қ. Сәтиев музыканы бала кезінен бастап шығарған. Павлодарлық музыка училещесін бітірген соң, музыкалық мектептің директоры болып, жас әншілер мен балалар хорына өлеңдер шығарды. Соңғы он бес жылда Б.Ахметов атындағы павлодарлық педагогикалық колледжде музыка мен ән сабағын оқытады. Қайырбек Сәтиев — Ш.Қалдаяқов атындағы композиторлар байқауының лауреаты (1992), Павлодар әкімінің «Жыл композиторы» грантының иегері.

3 жыл бұрын (2009) Братислав қаласында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Словакия Республикасының Бас прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталған құжат бойынша тараптар қылмыстық құқық саласындағы екіжақты ынтымақтастықты арттыруға, құқықтық қатынастардың өзекті мәселелерін шешуге, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыспен күрес және қылмыстық іс-әрекеттен түскен кірістерді заңдастыру саласында өзара құқықтық көмек көрсететін болады.

ЕСІМДЕР

68 жыл бұрын (1944) суретші, Бүкілодақтық ЛКЖО сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері МОЛЛАШЕВ Кәміл Уәлиханұлы дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында туған. Алматы көркемсурет училищесін, В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген.

Суретшінің туындылары Мәскеудегі Третьяков галереясында, Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайында, сонымен қатар шет елдердегі өнер туындыларын жинаушылардың жеке қорларында сақтаулы.

58 жыл бұрын (1954) техника ғылымдарының кандидаты, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры УАНДЫҚОВ Берік Құсманұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған.

В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, КСРО Ғылым Академиясының Басқару мәселелері институтының аспирантурасын бітірген.

2001-2004 жылдары — Шығыс Қазақстан су жолдары Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнынның басшысы. 2004-2008 жылдары — Көлік және коммуникациялар министрлігінде көлік және жол қатынастары комитеті төрағасының орынбасары және басқа да басшылық қызметтерді атқарған. 2008 жылдан — Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар министрлігі көлік және жол қатынастары комитетінің төрағасы

«Астананың 10 жылдығы» медалімен марапатталған.

Қазіргі қызметінде — 2010 жылғы желтоқсаннан бері.

50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты судьясы ЖҮКЕНОВ Әбдірашид Төлегенұлы дүниеге келді.

Талдықорған облсының Герасимовка ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заңгер. 1985 жылдан ҚР Жоғарғы сот жүйесінде әртүрлі лауазымдарды атқарып келеді. 1988 жылданн Шығыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі. 1994 жылдан Шығыс Қазақстан облыстық соты төрағасының орынбасары. 1995 жылдан ҚР Жоғарғы сотының мүшесі. 1996 жылдан — ҚР Жоғарғы сотының судьясы. 2001 жылдан — ҚР Бас прокурорының орынбасары. 2005 жылдан ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының мүшесі. Қазіргі қызметінде — 2010 жылғы ақпаннан бері.

ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, мерекелік медальдармен марапатталған.

47 жыл бұрын (1965) Астана қаласы «Алматы» ауданының әкімі, саясат ғылымдарының кандидаты АХМЕТОВ Сапар Қайратұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Еуразия гуманитарлық институтын бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы Марьевканың №5 «Петропавловсксельстрой» жылжымалы мехколоннаның тас қашаушысы, құрылыс бөлімшесінің ұстасы болып бастады. 1993-1996 жылдары — Ақмола қаласы «Ғимарат» өндірістік-коммерциялық фирманың коммерциялық директоры. 1997-1998 жылдары — Ақмола Арнайы Экономикалық Зонаның ғылыми-техникалық дамытуына және аумақ құрылыс ошағы бойынша бөлімінің 1 санатты маманы, «Ақмола жылжымайтын мүлік» күрделі құрылыс басқармасының техникалық қадағалау бойынша инженері. 1998-2002 жылдары — Ақмола қаласы әкімі аппаратының экономикалық реформалар бөлімінің жетекші маманы кейін бас маманы, Астана қаласы әкімі аппартының экономикалық реформалар бөлімінің консультанты, Астана қаласының әкімі орынбасарының кеңесшісі, Астана қаласы әкімі аппаратының сыртқы экономикалық байланыс және туризмді дамыту бөлімінің меңгерушісі, Астана қаласы әкімі аппаратының экономикалық анализ және сыртқы байланыс бөлімінің меңгерушісі. 2002-2004 жылдары — Астана қаласының сыртқы экономикалық байланыс Комитетінің төрағасы, Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімінің орынбасары. 2004-2007 жылдары — Астана қаласы «Сарыарқа» ауданының әкімі. 2007-2008 жылдары — Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде — 2008 жылдың сәуірінен бастап.

«Құрмет» орденімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «10 жыл Астана» мерейтойлық медальдарімен марапатталған.

66 жыл бұрын (1946) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі БИШІМБАЕВ Уәлихан Қозыкеұлы дүниеге келді.

1946 жылғы 27 қазанда Оңтүстік Қазақстан обласы Түлкібас ауданының Т.Рысқұлов атындағы ауылында (бұрынғы Ванновка ауылы) туған. 1968 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген. 1969-1972 жылдары — Д.Менделеев атындағы Мәскеу химия — технологиялық институтының аспиранты. 1973-1976 жылдары кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін Қазақ химия — технологиялық институтында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1976-1990 жылдары — Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институты Қызылорда филиалының директоры. 1990-1996 жылдары — Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтының ректоры. 1991 жылы Мәскеу химия — технологиялық институтында «Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады. 1996-1998 жылдары — Жамбыл университетінің ректоры. 1998-2001 жылдары — М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры. 2001-2012 жылдары — М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. 2012 жылғы қаңтардан бастап — бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП мүшесі. «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағын алған, ҚР білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

50 жыл бұрын (1962) Рудный қаласының әкімі ҒАЯЗОВ Бақытжан Темірұлы дүниеге келді.

РФ, Челябі облысы, Қарталы ауданы, Роднички ауылында туған.
1989 жылы Троицк ветеринар институтын ветеринар дәрігері мамандығы бойынша бітірді, екінші жоғарғы білімін 2003 жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша бітірді.
Наградалары мен құрметті атақтары: «Құрмет» ордені, ҚР Конституциясына 10 жыл мерейтой медальі, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтой медальі. Кеңес Әскері қатарындағы қызметтен кейін әртүрлі жылдары Жітіқара қаласында «Қуатты» МАҚ президенті, Жітіқара қаласы «АС-ЕТ» ЖШС директоры, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.
2004 жылдан 2008 жылға дейін Қостанай облысы Алтынсарин ауданы әкімі болып жұмыс істеді. 2008 жылдан 2011 жылға дейін Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі қызметін атқарды.
2011 жылдың маусым айында Рудный қаласының әкімі болып тағайындалды.

106 жыл бұрын (1906-1986) орыс түркітанушысы, филология ғылымының докторы, Санкт-Петербор университетінің профессоры, КСРО ҒА-ның академигі, Түрік лингвистикалық қоғамының, Венгрия шығыстанушылары ғылыми қоғамының, Венгрия ҒА-ның құрметті мүшесі КОНОНОВ Андрей Николаевич дүниеге келді.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері түркітану мәселелеріне арналған. Ол «Қазіргі түрік әдеби тілінің грамматикасы», «Қазіргі өзбек әдеби тілінің грамматикасы», т.б. еңбектерінде түркі тілдерінің жалғамалы (агглютинативті) заңдылықтарының табиғатын зерттесе, ал «КСРО-дағы түркі филологиясы. 1917-1967», «Түркі тілдеріндегі жинақтық-көптік көрсеткіштері», «Ресейдегі түркі тілдерінің зерттелу тарихы» атты кітаптарында түркі тілдерінің грамматикалық, этимологиялық мәселелерін қарастырған.

«Құрмет белгісі», Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

230 жыл бұрын (1782-1840) итальян скрипкашысы және композитор ПАГАНИНИ Николо дүниеге келді.

201 жыл бұрын (1811-1875) американдық өнертапқыш және өнеркәсіпші, тігін машиналарын жасаушы Исаак Меррит ЗИНГЕР дүниеге келді.

170 жыл бұрын (1842-1928) итальяндық саяси қайраткер, Италияның 19-шы, 25-ші, 29-шы, 32-ші және 37-ші премьер-министрі Джованни ДЖОЛИТТИ дүниеге келді.

68 жыл бұрын (1944) ресейлік театр және кино актері, РСФСР халық әртисі КАРАЧЕНЦОВ Николай Петрович дүниеге келді.

67 жыл бұрын (1945) Бразилияның 2003-2011 жылдардағы президенті Луис Инаасиу Лула да Силва дүниеге келді.

34 жыл бұрын (1978) тегі қытайлық авылшын скрипкашысы (эстрадалық скрипка) Ванесса МЭЙ дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар