Шымкент іргесінде апатқа ұшыраған АН-72 ұшағындағы 27 адамның қазасы елдің қабырғасын қайыстырды. Бүгін елбасы осыоқиғаға байланысты қайтыс болған шекарашылардың туыстарына көңіл айтып, 27-інші желтоқсанды қаралы күн деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Соған сай ертең барлық мекемелерде мемлекеттік байрақтар төмен түсіріліп, радио, телеарнарлардағы ойын-сауық бағдарламалар, тіпті жарнамалар да эфирден алынады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Алдын ала тексеріс нәтижесін қараған кезде, ешқандай зиянкестіктің белгісі жоқ. Шымкенттің түбінде ауа райы өте қиын болған. 100 метрлік тұман, қар аралас жаңбыр жауып, ұшақ отыруға жақындаған кезде Шымкенттен 40 шақырым аймақта құлап, өртенген. Ішіндегі адамдардың бәрі қаза тапты. Осыған байланысты егжей-тегжейдің бәрін кейін хабарлайтын боламыз. Ішіндегі қара жәшік табылды. Оның бәрі оқылған кезде, қалай, не болғанын егжей-тегжейін білдіретін боламыз. Сондықтан, туған-туысқандарына, бәрімізге де берік болайық деп айтайық бұл жағдайда.
Нұрсұлтан Назарбаев марқұмдардың туыстарына көмек көрсетуге және апаттың нақты себеп салдарын анықтауға тапсырма берді. Ал еліміздің барлық аймағындағы шекара қызметінің жеке құрамы күндізгі сағат тура 12-де өз әріптестерін 1 минут үнсіздікпен еске алды. Тулар төмен түсірілді.
Ақтөбеліктер де апаттан қаза тапқан әскерилердің туыстарына көңіл айтып, жергілікті тұрғындар өңірдегі шекара қызметі ғимаратының алдына гүл шоқтарын қойып кетіп жатыр. Өйткені, қаза болғандар ішіндегі екі азамат — подполковник Асуан Айтманбетов пен аға лейтенант Анатолий Филипко осы өңірдің тумалары.
Гүлнар Сейталина, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
— Қайтыс болған шекарашыларға, олардың отбасына, олардың бауырларына, тума-туыстарына өзіміздің ниетімізді бірдіреміз. Лебізімізді білдіріп, қайғысына ортақтасып, бүкіл ақтөбеліктер, бүкіл қазақстандықтар біз солармен біргеміз.
Парламенттің төменгі палатасы да бүгін өзінің осы жылғы соңғы отырысын қаза болғандарды еске алып, 1 минут үнсіздікпен еске алудан бастады. АН-72 ұшағында қаза болғандар ішінде Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарған Тұрғанбек Стамбеков бұл Парламент қабырғасына талай мәрте келген. Еліміздің шекарасына қатысты жаңа заң жобасын қорғау үшін. Полковниктің жетекшілігімен ол құжат жақында Сенатта қабылданды. Депутаттар «еліміздің бір топ әскери элитасы көз жұмды, енді қайғыдан қан жұтқан жақындарына демеу болайық» деп үндеу тастады. Және де мемлекеттік органдарда жоспарланған жаңа жыл кештерінен бас тартуға шақырды.
Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс депутаты:
— Қазір енді той тойлайтын кез емес шығар. Енді әрі қарай келесі жылдары ма заң актілерін қабылдап әртүрлі ережелер бар соларды қарап соның ішінде осындай жағдайларды болдырмауға қатысты құжаттарды қарап жетілдіруге тырысамыз.
Бақытжан Ертаев, Мәжіліс депутаты:
— Әрине, бірінші қайтыс болған сарбаздарымыздың туыстарына көңіл айтамын. Себебі бұл өте өкінішті оқиға. Бұл оқиғаның ашығын әрине құқық қорғау органдары анықталып жатыр. Бірақ бәрі құпия жәшікті ашқанда белгілі болады.
Айта өтейік, аза тұту күні еліміз тарихындағы осымен екінші рет жарияланып отыр. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде алғаш рет мұндай аза тұту күні биыл маусымның 5-інде болып еді. «Арқанкерген» бекетіндегі шекарашылардың қайғылы қазаға ұшырауына байланысты.