28 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 506.21
  • 568.42
+22 °C
Алматы
2025 Жыл
14 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
28 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

28 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

Ауғанстан Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1919).

  • 28 Ақпан 2012
  • 1345
Фото - Caravan.kz

Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы ақпанның 12-інде орнатылды.

Калевала халық эпосы күні (Финляндия). 1835 жылы Фин әдебиет қайраткері Элиос Леннрот жинап жариялаған карело-фин эпосы мен мәдениетінің «Калевала» мерекесі ретінде атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1997) Қазақ мемлекеттік университетінде «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Елбасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

10 жыл бұрын (2002) Алматыда Орта Азия мемлекеттерінің басшылары Орта Азия ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісімге қол қойды.

58 жыл бұрын (1954) Қостанайға жас тың игерушілердің алғашқы легі келіп жетті.

15 жыл бұрын (1997) Қазақ мемлекеттік университетінде «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Елбасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

7 жыл бұрын (2005) К.Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында жазушы Ілияс Есенберлиннің 90 жылдық мерейтойына арналған «Алмас қылыш» атты еске алу кеші өтті.

Жазушы І.Есенберлин (1915-1983) кеңестік дәуірдің цензуралық қыспағын, идеологиялық кедергілерін көп көрсе де, ұлт намысы үшін қазақ әдебиетіне тарихи тақырыптарда жазылған танымды шығармаларымен мол үлес қосты.

5 жыл бұрын (2007) Иерусалимде (Израиль мемлекеті) Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі жөнінде екі жақты келіссөздер өтті. Хаттамаға Израиль мемлекеті Премьер-министрінің орынбасары, Индустрия, сауда және еңбек министрі Элияху Ишай қол қойды. Қазақстан жағынан құжатқа Индустрия және сауда вице-министрі, Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздердегі арнайы өкіл Жанар Айтжанова қол қойды. Кездесуге израиль ксеннетінің вице-спикері «Израиль-Қазақстан» парламентаралық достық лигасының төрағасы Амнон Коэн және Израильдегі Қазақстан елшісі Вадим Зверьков қатысты. Екі жақты келіссөз барысында қазақстандық нарыққа жоғары технологиялық машиналар мен жабдықтардың, химия және тамақ өнеркәсібі өнімдерінің енуі, сондай-ақ Қазақстанда компьютерлік қызмет көрсететін шетел компанияларына қатысты инвестициялық саясат мәселелері талқыланды.

5 жыл бұрын (2007) Астанада Сапар Ысқақовқа балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану халықаралық Академиясының ғылыми академик атағын беру салтанатты рәсімі өтті. Қазақстан Республикасының туризм және өлкетанудың дамуы өзінің қосқан үлесі үшін Сапар Ысқақовқа құрметті атақ берілді.

Сапар Ысқақов танымал саяхаттанушы, көне өркениет жерлерінде, және әлемнің 80 елінде болған. Пасхи және Жана Гвинея аралында болды. Көптеген халықаралық және үкімет сыйлықтарының иегері.

3 жыл бұрын (2009) Павлодарда «ЭКО» баспасынан «Баянауыл — аңыздар елі» деп аталатын жаңа кітап жарық көрді. Көркем безендірілген кітап беттерінен оқырман Қазақстанның табиғаты ғажайып өлкесі туралы көптеген қызықты мағлұмат алады. Мұнда өлкедегі ежелгі таулар мен көлдер туралы аңыздар жинақталған, ұлттық саябақтың жануарлар дүниесі мен өсімдіктері туралы материалдар берілген, ауданның даму кезеңдері баяндалған. Кітап беттерінде Баянауыл жерінде дүниеге келген қазақтың атақты ғалымдарының, ақындарының, көрнекті қайраткерлерінің өмірбаяндары жарияланған. Көпшілікке арналған кітап бұдан жүз жыл бұрын түсірген Дмитрий Багаевтың тарихи фотосуреттерімен, Александр Пархоменконың Баянауыл табиғатын кескіндеген суреттерімен айшықталған.

6 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Ресейді зерттеу орталығы ашылды.

Жоба Ресейдің тұңғыш Президенті Борис Ельцин қоры мен Ресей Федерациясы Кинематография және мәдениет жөніндегі федералдық агенттігінің бастамасымен қолға алынып отыр. Бұл орталық Ресей мемлекеті мен оның халқы, заңдары, мемлекеттік құрылымы, кәсіпкерлік, тарихы, ғылымы және өнері мен мәдениеті туралы мәліметтер таратып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қызмет етпек. Бүгінгі таңда еліміздің бас кітапханасында Қытай, Үнді, Иран мәдени орталықтары жұмыс істеуде.

6 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Орталық Азиядағы 5 мемлекетте Кеңестер Одағы кезінде түсірілген фильмдермен қатар, соңғы 10-15 жылда көрермендер назарына ұсынылған туындылар қоса жазылған DVD жинағының таныстырылымы болды.

Мұнда Орталық Азия елдерінде түсіріліп, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болған 20-ға жуық көркем фильм 10 DVD дискіге бөлініп жазылған. Ал Қазақстан жағынан Шакен Аймановтың «Атамекені» мен Серік Апрымовтың «Ақсу» көркем фильмі енгізілсе, Қырғызстан мен Өзбекстанда түсірілген фильмдер ішінен «Күрделі асу», «Бескемпір», «Сен — жетім емессің», «Оратор», «Келін», «Хасан арбакеш» секілді туындылар басылыпты. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мың данамен шыққан жинақтың тең жарымына жуығы республикадағы барлық кітапханалар мен бірқатар жоғары оқу орындарына тегін таратылатын болады.

ЕСІМДЕР

94 жыл бұрын (1918-1975) композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі КӘРІМБАЕВ Садық дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Бала күнінде шешекпен ауырып, екі көзінен айырылған. Жасынан ән айтып, сырнай тартқан, өзі де ән шығарған. Қазақтың белгілі сал-серілері, әнші-ақындарынан тәлім алған. Әндерінің тақырыбы сан алуан. Оның «Жетісу», «Кешкі Алматы», «Жаңаарқа», «Сауыншы жеңгей», «Жылқышы қыз», «Шаттанамын еңбектің ерлеріне», «Жорық», «Аттаныс», «Сүйген сәулем Ақеркем», «Күтем сені», «Ақтамақ», «Ақ тотым», «Айлы түнде», т.б. туындылары бар. Сондай-ақ композитор вальс жанрының («Жамбыл жастарының вальсі», «Қапшағай вальсі») дамуына да үлес қосқан.

84 жыл бұрын (1928-1990) актриса, Қазақстанның халық әртісі РУЖЕВА Алтын Ибрагимқызы дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Алматы киноактерлер мектебін бітірген. Ақтөбе музыкалық драма театрында, Жамбыл облыстық драма театрында қызмет жасаған. 1979-1981 жылдары Атырау драма театрының директоры болған. 1982 жылдан өмірінің соңына дейін Талдықорған облыстық драма театрында алуан түрлі рөлдерді сомдаған. Олардың қатарында Айман, Еңлік (М.Әуезов «Айман — Шолпан», «Еңлік — Кебек»), Ақтоқты (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері — Ақтоқты»), Қарашаш (Ш.Құсайынов «Алдар көсе»), Толғанай (Ш.Айтматов «Ана — Жер ана») т.б рөлдері бар.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

163 жыл бұрын (1849-1932) қазақ ақыны БАЙЗАҚОВ Мұсабек дүниеге келді.

Ол замандастары Мәделіқожа, Майлықожа, Құлыншақ сияқты ақындардың үлгісін өзіне өнеге тұтып, ақындық жолын қуған. Жас Мұса әуелі әкесі ұстаған молдадан хан таныса, өсе келе Қарнақ қыстағындағы молда Қозы деген кісі ашқан дін мектебіне түсіп оқиды. Бірақ, схоластикалық дін оқуын қанағат тұтпай кетіп қалады да, өз бетінше білім алуға кіріседі. Шағатай, араб, парсы, түркі тілдес туысқан елдердің әдебиетімен танысады.

Мұса өлеңдерінің ішінен махаббат, табиғат лирикаларын, әлеуметтік мәні зор толғауларды, көптеген мысалдар мен айтыс жырларын кездестіруге болады.

68 жыл бұрын (1944) экономика ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі АСАНОВА Сабыркүл Жайлаубекқызы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. Мәскеу тоқыма институтын бітірген. 1969-1972 жылдары — Мәскеудегі «Трикотажница» фабрикасының инженері, бас инженері, 1972 жылдан «Алмагүл» фабрикасының бас инженері, директоры, «Қазақстан» фирмасының бас директоры, Алматы қалалық атқару комитеті Тұрмыстық қызмет көрсету басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1992 жылдан «Сымбат» мода бизнесі академиясының ректоры. Ол «Қазақстан» фирмасын басқарған кезінде қызметкерлердің біліктілігін арттыруға баса назар аударды. Оның жетекшілігімен «Қазақстан» фирмасы шығаратын киім үлгілері шетелдік көрмелерге шығарылып, алдыңғы қатарлы жүлделерді иеленді. «Сымбат» мода академиясының президенті ретінде ұлттық дәстүрді жандандыра түсуге баса назар аударды, өңдіріске ұлттық киімдердің 500-ден астам үлгісін енгізді. 20-дан астам ғылыми еңбегі бар.

«Халықтар достығы» орденімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

63 жыл бұрын (1949) техника ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі МҰСАЕВ Темірхан Сырбайұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. Ташкент темір жол көлігі инженерлері институтын бітірген. Еңбек жолын Алматы жол дистанциясының инженері болып бастаған. 1981-1996 жылдары Алматы темір жол көлігі инженерлері институтында ассистенттен оқу ісі жөніндегі проректорына дейінгі еңбек жолынан өткен. Қазір М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының құрылыс факультетінде дәріс оқиды. Негізгі ғылыми енбектері құрылысқа қажетті жетілдірілген құйматас алуға, фосфор-қож тұтқырғышын жасау технологиясын жетілдіруге, темір жол шпалдарының бүгінгі күн талаптарына сай беріктігі мен қолданылу мерзімін ұзартуға арналған. Көптеген әдістемелік оқулықтардың авторы.

62 жыл бұрын (1950) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының академигі ІЗТАЕВ Әуелбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында туған.

Одесса тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген.

Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының оқытушысы, Қазақ аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектерінің бағыты элеваторда астықты қабылдау мен өңдеу технологиясын, астық сақтау қоймаларының техникалық жабдықталуын ғылыми негіздеу. Аграрлы ғылым саласында астық технологиясының жаңа теориясын қалыптастырды, бидайдың жаңа тұқымдарының технология белгісі бар соттарын шығаруда кешенді математикалық үлгілер арқылы ғылыми негіздеме жасады. Ол 15-тен аса ғылыми жұмыстарды орындап, олардың нәтижелерін элеватор, ұн-жарма және құрама жем өнеркәсібінде қолданды. Ғалымның Қазақстандағы элеватор өндірісін дамытудағы ғылыми табыстары Орта Азия мемлекеттік жобалау институты мен әрбір аумақтағы астық өнімдері кәсіпорындарында кеңінен қолданылады.

10-нан астам жобаларды басқарған. 250-ден аса ғылыми еңбектердің авторы.

166 жыл бұрын (1846-1945) ұлы ақын, жырау, жыршы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЖАБАЕВ Жамбыл дүниеге келді. Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Ол жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім — Сүйінбай…» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған. Жамбылдың ақын болып қалыптасуы тек Жетісу ақындық мектебінің ауқымында қалған жоқ. Ол өзіне дейін өмір сүрген атақты жыраулардың, өзімен қатарлас ақындар мен жыршылардың бай мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгеріп, өз шығармашылығына тұғыр еткен. Асан Қайғы, Бұқар жырау, Шөже, Балта, Шернияз, Шортанбай, Дулат, Сүйінбай, Досқожа, Нысанбай, Майкөт, Майлықожа, Құлыншақ, тағы басқа ақындарды үлгі тұтқан. Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің де сөз өнерін жетік білген. Қырғыз манасшылары мен жомоқшылары арасында әріптес достары көп болған, солармен бірге қырғыз айылдарын аралап, өлең айтып, жыр тоғытқан, күй тартып, айтысқа түскен. Атақты Тоқтоғұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған сияқты дүлдүлдермен өнер сайысына түскен, солармен жарыса «Манас», «Ер Төштік» эпостарын жырлаған, олардың ілтипат-ықыласына бөленген. Ақын бүкіл әлемге тараған «Мың бір түннің» тарауларын, Орталық Азия мен Кавказ халықтарына ортақ «Көрұғылы» жырын, Фирдоуси «Шахнамасының» үзінділерін жасынан жаттап алып, айтып жүрген. Осындай қайнарлардан нәр алған Жамбыл өсе келе тек қазақ еліне ғана емес, барша әлемге әйгілі жырау, ақын, жыршы болып қалыптасқан. Сөз өнерінің бұл үш түрін бір адамның меңгеруі — сирек кездесетін құбылыс. Ал Жамбыл өзін әрі жырау, әрі жыршы, әрі ақын ретінде сезінген («Шын жүректен жыр төгіп, сөйлеп бір кетті жырауың», «Нені естісек, соны айту — ежелден ісі жыршының», «Жамбыл ақын сөйлеген сөзді бекер демеңдер»). Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырмен өткізген Жамбыл — өткен екі ғасырдың куәсі болды, қайшылыққа толы, күнгейі мен көлеңкесі аралас, жақсылығы мен жамандығы қатарлас екі түрлі қоғамда ғұмыр кешті. Жамбылдың шығармашылық өмірі, негізінен, 19 ғасырдың 70-ші жылдарынан басталған. Бұл — қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Осы жылдары бүкіл қазақ елін түгел жаулап алған Ресей империясы енді оны басқарудың жаңа амалын тапқан-ды. Сөйтіп, 1868 жылғы «Жаңа мизам» негізінде Қазақстан үлкен 6 облысқа, облыстар уездерге, уездер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлініп, қазақ даласына ішкі Ресейдің басқару жүйесі отаршылдық сипатқа көшірілді. Соның салдарынан қазақ халқы арасына Ресей мемлекетінің бюрократтық аппараты тудырған көптеген келеңсіз құбылыстар мен іс-әрекеттер жайылды. Осының бәрі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-салтын бұзды, елдің ішіне іріткі салды, адамдардың санасы мен мінез-құлқын өзгертті. Сөйтіп, бұрын болмаған ұлыққа жағымпаздық, болыстыққа талас, ағайынға жала жабу, біреудің үстінен шағым айту, кісіні алдау, өтірік айту, барымта сияқты жағымсыз қылықтар мен жаман құлықтар пайда болды, барымташылықты малдаған арамтамақтар көбейді. Жерден, малдан айырылған жұрттың тұрмысы жүдеп, рухы жадап, ел күйзеліске ұшырады. Ол аз болғандай, 20 ғасырдың 20-жылдарында ақ пен қызылдың соғысы, атамандар мен комиссарлардың ылаңы, кәмпескелеу мен ұжымдастыру сияқты оқиғалар халықтың бүкіл бітіміне теріс әсерін тигізді, қарапайым адамдардың да, зиялылардың да психологиясын өзгертті. Осындай жағдайдың куәгері болған Жамбыл шындықты айтып, замана болмысын суреттеді, өзінің өкініші мен күйінішін ащы дауыспен жырлайды, мысқылдайды, сынайды, күйініп те, қиналып та сөйлейді. Шыншылдық пен сыншылдық қасиетін Жамбыл ақындармен айтыстарында да сақтап, турашылдығымен ерекшеленеді. Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан, оның есімін бүкіл Жетісуға, Қырғызстанға, Сыр бойына таратқан өнері — оның айтыстары. Ақындармен айтыс Жамбылдың суырып салмалық дарынын шыңдады, ақындық шеберлігін арттырды, азаматтық өресін өсірді және тақырып аясын кеңейтті. Жамбылдың Сайқал қызбен, Жаныс ақынмен, Бөлектің қызымен, Бұрым қызбен, Айкүміспен, Сарамен, Сары ақынмен, Шыбылмен, Бөлтірікпен, Майкөтпен, Сарбаспен, Құлмамбетпен, Доспамбетпен, Шашубаймен, т.б. айтыстары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды. Оның айтыстарында қыз бен жігіттің қайым айтысы да, түре айтыс та, сүре айтыс та бар. Осының қай-қайсысында да Жамбыл өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін көрсетеді. Жамбыл айтыстарының көтеріңкі, лепті интонациямен басталады, ұйқастары әр алуан болып келеді. Қарсыласын ащы мысқылдау, өлеңмен тұқырту, өзін көтере сөйлеу, қарсыласы мақтаған адамдарын мінеу секілді сол заманның айтыстарына тән барлық әдісті Жамбыл да пайдаланады. Қажетті жерде Жамбыл өз руының атынан да сөйлейді. Сонымен қатар айтыстарда Жамбылдың ақындық, дара «мені» айқын көрінеді. Әсіресе, атақты ақындармен сүре айтысқа түскенде өзінің жеке қасиеттерін ерекше сезінеді, өзінің көпшіліктен бөлек тұлға екенін айрықша түсінеді. Мұны ол айшықты образдар мен метафоралар арқылы жеткізеді («Мылтықта түтеп тұрған мен бір пистон», «Құйындаған көкке ұшқан мен бір пырақ», «Сен ? күйкентай, мен — тұйғын», «Мен — қорғасын сақамын», «Мен — бір соққан дауылпаз», «Сөз иесі — мен деймін», т.б.). Айтыста көрінетін Жамбылдың екі «мені» (рулық әрі ақындық) кейін, 1930-1940 жылдары өте жоғары мәнге ие болып, азаматтық «мен» дәрежесіне көтеріледі. Бұл кезде Жамбыл ақын ғана емес, ұлы жырау болған еді. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қатынасты. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. Оның көбісі сақталмаған. Тек есте қалып, хатқа түскені — «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» деген өлең-толғаулары. Осы шығармаларында Құлансаз, Қарабастау жайлауындағы Қарғалы, Самсы, Ұзынағаш және Шейінпенде болған қақтығыстардан елес береді. Жамбыл көтерілісшілерді өлең-жырымен жігерлендірді, оның үгітшілік қимыл-әрекетін патша әкімдері жазаламақ болды, бірақ халық Жамбылды қорғап қалып отырған. Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде оның дауысы бұрынғыдан да асқақ естілді. Ежелгі данышпан жырауларша Жамбыл 1930-1940 жылдар аралығында мемлекеттік мәні бар мәселелерді көтеріп, қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлайды, замана жайында толғайды. Мұндай толғауларында қарт жырау, көбінесе, ертедегі болмысты суреттеп, көне тарихқа көз жүгіртеді, өз дәуірінің асқарынан дана абыз болып замана ағымын шолады, мезгіл мен өмір туралы ойланады, соларға мінездеме береді. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнға байытып жеткізді. Асан Қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Үмбетей, Бұқар жырау сияқты Жамбылдың да қалың жұртшылық алдында мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтереді. Ұлы Отан соғысы тұсында бүкіл Кеңес Одағында Жамбылдан дәрежесі, мәртебесі биік ақын болған жоқ. Жамбыл есімінің әлемнің шартарабына танылған тұсы да осы кезең еді. Ақын жырлары майдандағы әр ұлттан құрылған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады. Оның Украинаны, Мәскеуді, Кавказды, Ленинградты (қазіргі Санкт-Петербор) қорғаушыларға арнап, солардың рухын көтере, ерлікке шақыра жыр төккені де — жыраулықтың үрдісі. Ол замана туралы толғап, дәуірге сипаттама береді, өтіп жатқан оқиға-құбылыстарға өз бағасын айтады. Жамбыл поэзиясында жырауға тән нақылдық, афоризмдік сипат, ойшылдықтың абыздық нұсқалары, саз өнерінің ерекше құдыреті танылады. Оның шығармаларында нақыл сөз бен ақыл сөз өзара жарыса, қатарласа қолданылады. Ақыл сөзді айтушы да, оны тыңдаушы да шығармада анық, нақты көрініс табады. Нақыл сөз, негізінен, жеке адамға арналмай, барша жұртқа отақ өмір құбылыстарының мәні мен маңызы туралы тұжырымды пікір сипатында айтылады. Нақылға айналып кеткен толғауларында Жамбыл өмірден түйгені мен тоқығаны көп дана ретінде көрініп, мән-мағынасы биік те терең мәселелерді қозғайды, олар: кемел тұлға мен тобыр («Тамам қарға жиылса, бір сұңқарға жетпейді»), адамның азаттығы («Дүниенің кеңдігі — жүргеніңде басың бос»), уақыт пен адам («Заман, заман дегенде, заманға қожа — адам ғой»), т.б. философиялық мәндегі ой-тұжырымдар. Жамбыл — жыршылық өнердің де асқан шебері. Ол ел арасына кең тараған жырлар мен дастандарды көпке дейін орындап жүрген. «Менің өмірім» атты естелігінде Жамбыл былай дейді: «Ел жүдеген үстіне жүдей берді, ел менен жыр сұрағанда, кепкен ботаның тұлыбына еміренген маядай, батырларды жырла дейтін болды. Мен де жұрттың тілегіне сәйкес «Өтеген батыр», «Саурық батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы батыр», «Алатай-Жапарқұлдың» жырларын айтатын болдым. Ел естігенде ыңыранып жылайтын. Осындай елді жарыққа шығаратын батырлар да туар-ау әлі, — десетін». Осылай көпшіліктің тілеуі мен қалауы бойынша ел намысын жыртқан, халықты қорғаған батырлар туралы жырлағанда да Жамбыл жай жаттап айтатын орындаушы емес, дарынды, өзіндік «мені» бар ақын екенін көрсетеді. Ол жырлаған «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы» дастандарында эпостық дәстүрдің көп белгілерімен қатар біраз өзгешеліктер бар. Әсіресе, ондай айырмашылық қаһармандардың күйінген сәттерін беруде, сондай-ақ, эпоста болмайтын табиғаттың суреттерін бейнелеуде және ескі батырлар жырына тән кейбір байырғы сарындарды түрлендіруде көрініс табады. Демек, Жамбыл белгілі эпосты жырлаған шақта да импровизация жасап отырады. Сөйтіп, Жамбыл сияқты дүлдүл ақын жыршылық өнерге үлкен шығармашылық нәр береді, эпосты құр жаттап алып айтпайды, сюжетті, оқиғаларды, қаһармандарды жадында сақтайды да, жырлау барысында өз еркінше импровизация жасайды. Ал, импровизация процесі — шығармашылық процесс, оның өзіндік заңдылығы, әдіс-тәсілдері болады. Жамбыл осының бәрін меңгеріп, игеріп, импровизаторлық өнердің шыңына жеткен. Мұны Жамбыл айтқан «Өтеген батыр» жырының ескі нұсқасын салыстыру арқылы байқауға болады. Ол нұсқалар бір сюжетке құрылған екі шығарма болып шыққан. Жамбыл шығармаларының көркемдік, бейнелеу құралдары мейлінше мол және олардың эстетикалық қызметі де айрықша мәнді. Оның толғау, дастандары, негізінен, шұбыртпалы, төкпе жыр ұйқасына құрылған. Ақынның мол мұрасында шалыс ұйқастың да, егіз ұйқастың да, сыңар ұйқастың да үлгілері көп. Логикалық ой түйдегіне құрылған ұйқастар — Жамбыл поэзиясының басты ерекшеліктерінің бірі. Ырғақ пен ұйқас ақын шығармасының әуенін, немесе әуезін түзіп қана қоймайды, сонымен бірге оның мағыналық құрылымындағы бөліктерді, сарындарды байланыстырушы, сабақтастырушы да қызметін атқарады. Жамбыл туындыларында ойлы, образды, нақыл, қанатты сөздер мен фразалық тіркестердің атқаратын көркемдік-эстетикалық қызметі аса жоғары. Сондай-ақ, оның шығармаларында метафора, символ, метонимия, меңзеу, аллегория, сарказм мен ирония, ұлғайту мен кішірейту, немесе дамыту мен шендестіру, эпитет пен теңеу және басқа бейнелеу құралдары молынан табылады. Оларды Жамбыл дара, жалаң пайдаланбай, тығыз бірлікте, поэтикалық тұтастық аясында қолданады. Ақын шығармаларындағы бейнелеу құралдарының мұндай тұтастығы Жамбыл поэзиясын ерекше көркемдік-эстетикалық жүйе деңгейіне дейін көтереді. Жамбыл өшпес мұра қалдырды. Оның үздік шығармалары 40-тан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, Саяділ Керімбеков, Орынбай Тайманов сияқты белгілі импровизаторлар бар. 1941 жылы Сталиндік (кейін КСРО Мемлекеттік) сыйлығының лауреаты атанған. 1-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге берілген. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық, 160 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті. Жалпы, ақынның шығармалары дүние жүзінде қырықтан астам тілге аударылған. Жамбыл есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше ауданына, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілген. Астана, Алматы, Тараз, Санкт-Петербор, Киев қалаларында, Алматы облысы Жамбыл ауданында қазақтың халық ақынына ескерткіштер орнатылған. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

101 жыл бұрын (1911-1991) ғалым, жылқы түлігі жөніндегі білікті маман, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БЕЛЯЕВ Александр Иванович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Иркутск облысында туған. Мәскеу зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. 1938-1943 жылдары — № 52 Ембі жылқы зауытының бас зоотехнигі. 1945-1956 жылдары — Орал, Алматы, Қостанай облыстарындағы жылқы зауытарының бас зоотехнигі. 1956-1964 жылдары — Мұғалжар ауданы «Ембі» кеңшарының, 1964-1979 жылдары — Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының директоры. Ол 1969 жылы «Қазақтың «Жабы» тұқымдас жылқысын жақсартудың әдістері мен нәтижелері» атты диссертация қорғады. Жаңа «Көшім» жылқы тұқымын шығарып, оны халық шаруашылығына ендіргені үшін оған бір топ ғалымдармен бірге Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Барқыт», «Зубр» және «Қайыңды» атты зауытты бағыттағы жылқы түрлері авторларының бірі. Оның қазақтың «Жабы жылқысы» кітабы және 60-тан астам ғылыми зерттеу мақалалары бар.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен марапатталған.

51 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы АНАРҚҰЛОВ Марат Әбдешұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітірген. Еңбек жолын «Ілесуқұрылыс» трестінің шебері болып бастаған. 1984-1989 жылдары — Қазақстан ЛКЖО Свердлов аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, кеңшардың Машина-трактор жөндеу мекемесінің меңгерушісі, Қазақстан ЛКЖО Свердлов аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі. 1989-1992 жылдары — Свердлов аудандық салық комитетінің инспекторы, Свердлов аудандық атқару комитетінің жетекші маманы. 1992-1993 жылдары — Свердлов аудандық әкімшілігінің бөлім меңгерушісі, аға маманы. 1993-1995 жылдары — Жамбыл аумақтық мемлекеттік мүлік комитеті жекешелендіру бөлімінің меңгерушісі, бас маманы. 1995-1998 жылдары — Тараз қаласындағы коммунальдық меншік басқармасы бастығының орынбасары, Жамбыл облысы әкімі аппаратының Іс басқарушысының орынбасары. 1998-1999 жылдары — Жамбыл облысы әкімінің көмекшісі. 1999-2001 жылдары — Жамбыл аумақтық мемлекеттік мүлік комитетінің бөлім меңгерушісі, аға маманы. 2001-2009 жылдары — Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің бас инспекторы, сектор меңгерушісі, консультанты қызметтерін атқарған.

2009 жылдың қыркүйек айынан — қазіргі қызметінде.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

46 жыл бұрын (1966) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегері СЕЙТАҚ Айбатыр Самиғоллаұлы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында туған. Орал педагогика институтын (Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті), Орталық-Азия университетін бітірген. 1989-1997 жылдары — Орал және Қостанай облыстық телерадиокомпанияларында теледидар редакторы болып жұмыс істеген. 1997-2000 жылдары Астана қаласындағы «Сарыарқа» журналы бас редакторының орынбасары, «Жас алаш» газетінің меншікті тілшісі, «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі қызметтерін атқарған. 2000 жылы 30 мамырдан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратында қызмет істейді. Қазіргі уақытта — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты Баспасөз қызметінің бас кеңесшісі. 1998 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана жанынан құрылған «Жас қалам» клубының алғашқы жетекшісі және ұйымдастырушысы.

1988 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті өткізген «Жыр-жарыс» бәйгесінің жүлдегері, 1990 жылы Жұбан Молдағалиевтің 70 жылдығына арналған мүшәйраның жеңімпазы атанып, 1993 жылы Бұқар жыраудың 325 жылдығына арналған мүшәйрада үшінші орынды иеленген. 1996 және 2000 жылдары «Сорос-Қазақстан» халықаралық қоры ұйымдастырған ақындар байқауының лауреаты. 1997 жылы «Жазушы» баспасынан «Ғұмырнама» атты жыр жинағы жарық көрген. 1999 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ұсынуымен Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясына ие болған. Екінші кітабы «Ай мен ару» деген атпен «Жазушы» баспасынан 2004 жылы жарыққа шыққан.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.