28 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 515.03
  • 584.82
+24 °C
Алматы
2025 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
28 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

28 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

28 желтоқсан ЖҰМА

  • 28 Желтоқсан 2012
  • 575
Фото - Caravan.kz

Халықаралық кино күні. 111 жыл бұрын (1895) Париждегі Капуцин гүлзарындағы «Үлкен кафеде» ағайынды Люмьерлер ойлап тапқан кинематографтың көмегімен алғаш рет «Жылжымалы фото» көрсетілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1992) Алматыда Пәкістан Елшілігінің ашылу рәсімі өтті.

12 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Даму банкі құрылды.

7 жыл бұрын (2005) ҚР Президенті Н.Назарбаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.

78 жыл бұрын (1934) Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры ашылды. Бүгінде Павлодар облыстық музыкалық-драма театры Ж.Аймауытовтың есімімен аталады.

8 жыл бұрын (2004) АО «Қазпошта» көрнекті қазақ жазушысы және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллинің 110 жылдығына арналған жаңадан суреттелген «Мерейтойлық және елеулі күндер» атты серияның маркасын айналымға шығарды. Жаңа марканың бағасы — 35 теңге, таралымы 50 000 дана.

С.Сейфуллин (1894-1938) — көрнекті қазақ жазушысы және қоғам қайраткері. 1914 жылы Қазанда алғашқы «Өткен күндер» («Дни минувшие») атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Құттықтау, шаттанған өлеңдердің авторы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті қолдады. Оның қолынан «Бақыт жолына» пьесасы, «Тар жол тайғақ кешу» романы, қазақ әдебиетіндегі еңбектері мен халық фольклоры, басқа да шығармалары шыққан. Газет-журналдармен белсенді жұмыс жасаған. 1922 жылы Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, содан кейін халыққа білім беру комиссариаты ғылыми орталығының төрағасы, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы болып тағайындалған.

12 жыл бұрын (2000) қазақ жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовке Мәскеудегі Халықаралық жазушылар қауымдастығының Әдеби қоры «Дарынының арлылығы мен абыройлығы үшін» сыйлығын табыс етті.

7 жыл бұрын (2005) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы «Думан» ойын-сауық орталығының маңына салынған мұз қалашықтың ашылу рәсіміне қатысты. Елбасы қалашықта мұздан салынған әлем елдеріндегі бірегей сәулет нысандарын аралап көрді. Атап айтқанда, Мәскеудегі Кремль, Мысыр пирамидалары, Қытай қорғаны, Лондондағы Биг-Бен сағаты, Париждегі Эйфель мұнарасы. Қалашықтың ортасына Астананың бас рәмізі Бәйтерек кешені бой көтерген. Салтанатты шара театрландырылған думанмен басталып, жұртшылықтың назарына мәнерлеп сырғанаушылардың орындауындағы мұз ертегісі, концерттік нөмірлер ұсынылды. Театрландырылған қойылым мерекелік отшашумен аяқталды.

7 жыл бұрын (2005) астаналық «Келешек-пресс» баспасы 85 жыл бұрын жарық көрген «Қазақша-орысша тілмаш» атты сөздікті жаңадан басып шығарды.

Бұл еңбек қазақ тілінде сирек кездесетін сөздердің тарихындағы ірі әрі көлемді еңбек. Кітаптың түпнұсқасы 1925 жылы Алаш қайраткері, жазушы-журналист Қошке Кемеңгерұлы бастаған Мұстафа Боралқайұлы, Абдолла Байтасұлы, Есім Байғасқаұлы, Шәкір Баймақанұлы, Ғаббас Дәулетбекұлы, Сұлтан Темірбекұлы және Төлеутай Сәрсенбайұлы сынды қаламгерлердің арқасында алғаш рет жарық көрді. Сөздіктің қараушысы Мағжан Жұмабаев болған. Қайта басылған өнегелі еңбектің мәні сонда: әліпбилік реті кирил алфавиті тәртібінен бөлек, көнерген сөздер қазіргі орфографияға лайықталып, кітап авторлары көрсеткен түзетулер ескерілген.

3 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорын құру туралы шартты ратификациялау туралы» және «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорының қаражатын басқару туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.

3 жыл бұрын (2009) Астанада Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары жазған «Менің жүрегімдегі Қазақстан» атты патриоттық шығармалар жинағының таныстырылымы болып өтті.

Жинақты құрастырған Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаты Олег Дымов.

Аталған жинаққа қазақ әдебиетінің майталмандары Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Төлеген Мұхамеджанов, Людмила Хочиева, Әкім Ысқақ және Өтеген Оралбаев сынды халық қалаулыларының ел мен жер туралы шығармалары енді.

Жинақты шығарудың басты мақсаты — поэзияның патриоттық рухқа толы маңдайалды шығармалары арқылы бүгінгі жас ұрпақты Отанға деген адал қызмет пен шексіз сүйіспеншілік аясында тәрбиелеу.

ЕСІМДЕР

114 жыл бұрын (1898-1948) мемлекет және қоғам қайраткері, публицист ОРАЗБАЕВА Алма Дінмұхамедқызы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Ордадағы орыс-қазақ әйелдер училишесін, 2 сыныптық қыздар мектебін, педагогикалық курсты бітірген. 1919 жылы комсомол қатарына өтіп, сол жылдың маусымында қызыл әскердің Қазақстандағы тұңғыш саяси клубын ұйымдастырды. Сол жылы қараша айында Киров революциялық комитеті ақпараттық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1920 жылы тамызда Орынбор губерниясы партия комитетінің жанынан құрылған қырғыз (қазақ) бөлімінің алқа мүшелігіне сайланды. 1920 жылы қазанда Бүкілодақтың Құрылтай съезіне делегат болып сайланып, оның атқару комитетінің құрамына енді. Бөкей ұйымынан Бүкілресейлік Шығыс әйелдерінің съезін өткізуге ат салысып, әйел теңдігі, оқу-ағарту мәселелерін шешуге, оларды қоғамдық жұмысқа тарту ісіне тікелей араласты. 1921 жылы мамырда өткен Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Бүкілодақтық жұмысшы әйелдердің Орталық ұйымы мәжілісіне қатысып, әйелдер қозғалысының атынан сөз сөйледі. Коммунист әйелдердің Берлинде өткен 3-ші халықаралық конференциясына, Коминтерннің 5-ші конгресіне делегат болып қатысты. 1931 жылы ауыр дертке шалдығуына байланысты зейнетке шықты. Ол «Степная правда», «Советская степь», «Еңбекші қазақ», «Жас қазақ», «Дұрыстық жолы» газеттеріне қазақ әйелдерінің қоғам ісіне араласуы, әйелдер арасындағы мәдени-ағарту жұмыстарының жүргізілу барысы, қалыңмал мәселелеріне арнап «Қазақ әйелдері даңғыл жол үстінде», «Қазақ әйелдерінің қалыңмалдан құтылған күні», «Октябрь революциясы және қырғыз әйелі», «Әйелдер бостандығы» тағы басқа мақалаларын жариялаған. Кейбір мақалалары «Қазақ әйелі», «Сағида» сияқты бүркеншек атпен жазылған. Оразбаева қазақ әндері мен күйлерін жинаған А.В.Затаевичке өзінің орындауымен қазақтың «Жайық», «Қосай», «Танысу жыры», «Зейнешім», «Сарыжан», «Төрт пішін», «Айнамкөз», «Япырай», «Қыз ұзату» (Қоштасу) сияқты барлығы 18 әнінің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енуіне мұрындық болды.

48 жыл бұрын (1964) Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының ауданының әкімі ӨТЕҒҰЛОВ Арман Кәрімұлы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысында туған. Саратов зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін бітірген. 1989-1998 жылдары — Фурманов ауданы «Ақкөл» кеңшарының бас малдәрігері, Казталов ауданы «Талдыапан» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының директоры. 1998-2002 жылдар аралығында Қазталов ауданы әкімшілігінде және облыс әкімі аппаратында басшы және жауапты лауазымдар атқарған. Қаратөбе ауданының әкімі болған.

87 жыл бұрын (1925-2004) қоғам қайраткері, жазушы БЕЛОУСОВ Яков Петрович дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1950-1965 жылдары «Казахстанская правда» газетінде репортер, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болған. 1965-1970 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бірінші хатшысының көмекшісі. 1970-1986 жылдары — Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және құқық институтының аға ғылыми қызметкері, философия кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1986 жылы зейнет демалысына шыққан. 1992-2004 жылдары — «Лад» республикалық славяндар қозғалысының Алматы филиалының төрағасы, төрағасының орынбасары, төрағасының міндетін атқарушысы болды.

«Казахстанская Магнитка», «Страницы великой жизни», «О происхождении и сущности религиозных праздников», «Восток древний и близкий», «Дорогами новых традиций», «Праздники старые и новые», «Он и она», «Этика научного работника», «Под звуки марша Мендельсона», «День международной солидарности трудящихся», «Для верующих и неверующих», «Святые памятные даты» атты еңбектері жарық көрген.

1-, 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.

52 жыл бұрын (1960) «Тобол» «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары ЧЕН Алексей Алексеевич дүниег келді.

Ақмола облысында туған. Целиноград инжеренлік құрылыс институын, Қарағанды заң институтын бітірген.

1986-1995 жылдары — Красноармейский селолық құрылыс комбинатының прорабы, Тайынша ауданаралық базасының прорабы, «Прометей» шағын кәсіпорны директорының орынбасары болды. 1995-2001жылдары — жеке кәсіпкер. 2001-2007 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша қаласының әкімі. 2007-2010 жылдары — Солтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы, «Тобол» «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Петропавл қаласы филиалының директоры қызметтерін атқарған. 2010 жылдан бастап — қазіргі қызметінде.

61 жыл бұрын (1951) Сарань қаласының әкімі ҚАСЫМОВ Сергей дүниеге келді.

Қарағанды политехникалық институтын және Мәскеуде СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Институтты бітіргеннен кейін «Гипрооргшахтастрой» жобалау институтына жіберілді. 1976-1991 жылдары комсомол және партия жұмыстарында болды. 1991-2000 жылдары — жылыту жабдықтары зауытында жабдықтау бөлімі бастығының орынбасарынан «Арқа корпорациясы» ЖАҚ бас директорына дейін көтерілді. 2000-2006 жылдары Санкт-Петербор қаласында коммерциялық құрылымдарда басшылық жұмыстарда болды. 2006 жылғы мамыр айынан — мемлекеттік қызметте, Қарағанды облысы әкімінің аппаратында бөлім басқарды, одан кейін Қарағанды қаласы Октябрь ауданының әкімі болып тағайындалды. 2011 жылғы шілдеден — облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары. 2012 жылғы қыркүйектен қазіргі қызметінде.

67 жыл бұрын (1945-2001) Непалдың 1972-2001 жылдардағы бесінші королі екінші король Махендраның ұлы, одан тақты мұрагерлікке алған Бирендра Бир Бикрам Шах дүниеге келді.

43 жыл бұрын (1969) фин бағдарламашысы, Linux операциялық жүйесін жасаушы Линус Бенедикт ТОРВАЛЬДС дүниеге келді.