Жарияланды: 860

29 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

29 қараша. БЕЙСЕНБІ

Халықаралық Палестина халқымен ынтымақ күні. 1947 жылдың осы күні БҰҰ Бас ассамблеясы Палестинаны бөлу туралы қарар қабылдады. 1977 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы жыл сайын 29 қарашаны «Халықаралық Палестина халқымен ынтымақ күні» ретінде атап өтуге қаулы қабылдайды. Албания азаттығы күні. Елдің фашист басқыншыларынан азат етілуі құрметіне атап өтіледі. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Албанияны фашистік Италия әскерлері жаулап алады. 1944 жылғы 11 қыркүйекте оларға фашистік Германия әскерлері қосылады. Осылайша, немістер одақтастарға Грекия аумағынан Югославияға өтіп кетуге кедергі жасаймыз деп үміттенді. Коммунистер көсемі Э.Ходжа бастаған партизандар армиясы 1944 жылғы 28 қарашада Шкодер қаласын азат етеді, ал елдің бүкіл аумағы басқыншылардан ертеңгі күні толықтай тазартылады. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 18 жыл бұрын (1994) Алматыда Қазақстандағы үнді әдебиетінің күндері басталды. 17 жыл бұрын (1995) Алматы сауда-қаржы банкі құрылды. 8 жыл бұрын (2004) Жамбыл облысында байытылған белокты азықтық өнім өндіретін зауыт ашылды. Ол қазіргі заманғы технология бойынша салынған және әлемдік алдыңғы қатарлы өндірушілердің автоматтандырылған жабдықтарымен жарақтанған. Зауыт өнімінің құрамына дымқыл протеин, азотсыз экстрабелсенді заттар, май, клетчатка, күл, дәрумендер мен микробөлшектер кіреді. Мұндай азық құс-жануарларға мол қуатты қорек беріп, мүйізді ірі қараның салмақ қосуына тиімді әсерін тигізеді, сүт сауынын 10-18 пайызға, тауықтардың жұмыртқалауын - 15 пайызға арттырады. 6 жыл бұрын (2006) қарашаның 29-ы мен 30-ы аралығында Астанада «Қазақстандық астық форумы - 2006» атты халықаралық конференция болып өтті. 6 жыл бұрын (2006) Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Қазақстандағы Пушкин жылына орай «Сөйлейді Пушкин қазақша» атты республикалық конференция болып өтті. Шараны ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті. Онда ұлы орыс ақынының қазақ әдебиетінің классиктері Абай, Шәкәрім, І.Жансүгіров, Ә.Тәжібаев пен Қ. Бекхожиннің аударма туындыларымен қатар жас-ақын жазушылардың А.С.Пушкинге арналған шығармалары қойылды. 7 жыл бұрын (2005) Ақтөбе облысында кәсіпкерлікті қолдаудың аймақтық бағдарламасы аясында «СМЕДА орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі агенттіктің» қоғамдық қоры кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің тапсырысы бойынша ww.smeda.kz. веб-сайтын ашты. Сайттың ашылуы кәсіпкерлікті қолдау құрылымдарын дамыту бағдарламасының екінші сатысы болып табылады. Бұл бағдарламаның бастапқы сатысы - облыстың барлық аудандарында бюжеттік қаражаттардың есебінен бизнес инкубаторлар жасау жолымен табысты игерілген болатын. 7 жыл бұрын (2005) Көкшетау қаласында құрылған бірлескен Ресей-Қазақстан кәсіпорнында, дәлірек айтқанда «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында аса қысқа мерзім ішінде жаңа үлгідегі «КамАЗ» автокөліктерінің 100-і пайдалануға берілді. Кәсіпорынның жылына 200 автобус, 1500 «КамАЗ» автомашиналарын шығаруға мүмкіндігі бар. Бүгінде бірлескен кәсіпорын ауласынан шыққан жүк көліктері Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды өндірістік аймақтарында үлкен сұранысқа ие. 5 жыл бұрын (2007) Қызылорда қаласындағы «Арай» шағын ауданының бір көшесіне ХІХ ғасырдағы қазақ зиялысы, қоғам қайраткері, суретші Сердәлі Бекшораұлының атына көше берілді. Көшедегі бірінші үй қабырғасына қойылған ескерткіш-тақтаға қайраткер өмірінің қысқаша мәліметтері берілген. 5 жыл бұрын (2007) Атырауда Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Қабдоловтың мұражайы ашылды. Мұражай Зейнолла Қабдолов құрметті профессоры болған Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінде орналасқан. Мұражайда жазушының кітаптары, оқулықтары, көптеген суреттері, фотоальбомдары, тарихи құжаттары, эпистолярлық мұралары, публикациялары бар топтамалар жинақталған. Фотостендтер жазушының студенттік жылдары, өмір жолы, шығармашылық өмірбаяны, қазақ әдебиеті мен тілінің дамуына зор үлес қосқан ұлы әдебиетшінің қалыптасуы жайында баяндайды. 5 жыл бұрын (2007) Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде түркітану орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Түркітану орталығы Вашингтон университетімен бірлесе ашылды. Орталықта құнды материалдар жинақталған. Онда түрік жазуларының ескерткіштері, көне дәуірдегі таңбалы тастардың нұсқалары ұсынылғын. Мұнда тілдің генеологиялық шежіресі көрсетілген. Орталықта студенттер барлық қажетті білім алуы үшін сабақтар жүргізіледі. Сондай-ақ, мұнда үлкен кітапхана жинақталған. ЕСІМДЕР 64 жыл бұрын (1948) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Жігер» шығармашылық жастар фестивалі сыйлығының, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының, Абайдың 150 жылдығына арналған республикалық байқаудың арнайы жүлдесінің иегері ЖҰМАБЕКОВ Кеңес Нарымбайұлы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында туған. Қазақ академиялық драма театры жанындағы студияны бітірген. Сол кезден бастап Қарағанды драма театрының сахнасында өнер көрсеткен. Ол Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» Қозы, Жантық, М.Әуезовтің «Еңлік - Кебегі» мен «Қарагөзінде» Жапал, Нарша, О.Бөкейдің «Құлыным меніңінде» Жан, А.Сатаевтың «Жас қайраты елімніңінде» Ғани, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» Ақжігіт, У.Шекспирдің «Макбетінде» Мальком, С.Жүнісовтің «Өліарасында» Ленин, т.б. рөлдерін ойнаған. Жұмабеков драматург ретінде де танымал. «Замана неткен тар едің», «Қаз дауысты Қазыбек», «Ата парызы», т.б. пьесалары Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстық театрларында қойылған. 103 жыл бұрын (1909-1985) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ҒАЛИАҚБЕРОВ Нажиб Закирұлы дүниеге келген. Петропавл қаласында туған. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітірген. 1934-1951 жылдары Қазақ мал өсіру ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1951-1964 жылдары Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының қазақ филиалында сектор меңгерушісі, 1964 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінде бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Қазақтың сиыры мен калмақтың герефордтық бұқасын будандастыру арқылы ет алуға бағытталған «Казақтың ақбас сиырын» шығарғаны (1930-1950) үшін бір топ ғалымдармен бірге КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. 3 рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 103 жыл бұрын (1909-1986) ғалым, хирург-ортопед, медицина ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері ОРАЗАҚОВ Естөре Оразақұлы дүниеге келген. Маңғыстау облысының Шетпе ауылында туған. Қазақ медицина институтын бітірген. 1936-1953 жылдары - Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында дәрігер. 1953-1980 жылдары Қазақ клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зертттеу институтында аға ғылыми қызметкер, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ғылыми консультант болды. Негізгі ғылыми еңбектері іштен туа біткен ортопедиялық ауруларды емдеу мәселесіне арналған. Ол реслубликада балалар ортопедиясының негізін салды. Полиомиелит, жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан, жарақаттанған балаларды сауықтыру жүйесін жасап, гипс орнына «Коллосиликат» қоспасын ұсынды. 62 жыл бұрын (1950) техника ғылымдарының докторы, профессор, «Азимут энерджи Сервисез» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы ЕЛАМАНОВ Болат Далдайұлы дүниеге келді. Қостанай облысында туған. Қазақ политехникалық институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. 1973-1979 жылдары - Орталық нормативтік зерттеу стансасының инженері, аға инженері, «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің инженер-технологы, «Жайықмұнай» мұнай және газ басқармасының ауысым бастығы, аға технологы. 1979-1985 жылдары - «Құлсарымұнай» мұнай және газ өндіру басқармасы бастығының орынбасары. 1985-1988 жылдары - «Теңізмұнай» мұнай және газ өндіру басқармасының бастығы. 1988-1991 жылдары - Қазақстан коммунистік партиясы Ембі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1991-1995 жылдары - «Қазақстанмұнайгаз» корпорациясының президенті, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары. 1995-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер комитеті жанындағы шетелдік капиталды пайдалану жөніндегі комитеттің төрағасы. Қазақстан Республикасы Экономика, индустрия және сауда министрлігі Мұнай және газ департаментінің директоры. 1998-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетінің директоры, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жер қойнауын құрметті барлаушы. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. 52 жыл бұрын (1960) 1 класты Төтенше және Өкілетті елші, Қазақстан Республикасының Үндістандағы Төтенше және Өкілетті елшісі ҚУАНЫШЕВ Дулат Оразбекұлы дүниеге келді. Ақмола облысы Атбасар ауданында туған. П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін бітірген. 1991-1992 жылдары - Қазақстанның Ресейдегі Өкілетті өкілдігінің кеңесшісі. 1991 жылдан Түркиядағы елшіліктің үшінші хатшысы. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Саяси талдау және жоспарлау басқармасының кеңесшісі. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы - баспасөз қызметінің жетекшісі. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің бірінші көмекшісінің кеңесшісі. 1997-1999 жылдары - Жарнама және үйлестіру дирекциясының жетекшісі. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Инвестиция жөніндегі агентігінің директоры, төрағасының орынбасары. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасының Франциядағы Төтенше және Өкілетті елшісі. 2005-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Австриядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Венадағы халықаралық ұйымдардағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі. 2007-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметтерін атқарған. - 2010 жылдан мамыр айынан - қазіргі қызметінде. Екі медальмен марапатталған. 55 жыл бұрын (1957) Жамбыл облысы әкімінің орынбасары ЖОЛДАСБАЕВ Мұратбай Сматайұлы дүниеге келді. Жамбыл облысы Қызылжар ауданының Қызыл Октябрь ауылында туған. В.П. Горячкин атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы өндірісінің инженерлері институтының «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» факультетін бітірген (1981), инженер- механик. Қазақ және орыс тілдерін біледі. «Нұр Отан» ХДП мүшесі. 1975 жылдан -Жамбыл облысы Қызылжар ауданы «Қызыл октябрь» ұжымшарының жұмысшысы. 1976 жылдан - В.П. Горячкин атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы өндірісінің инженерлері институтының студенті. 1981 жылдан - Жамбыл облысы Қызылжар ауданы «Жаңа Тұрмыс» кеңшарының бақылаушы механигі; 1982 жылдан - бас инженері. 1992 - 2007 жылдары - «Сарыбұлақ» кеңшарының директоры, «Сарыбұлақ» ААҚ президенті, Жамбыл облысы Қордай ауданы «Сарыбұлақ» ЖШС президенті. 2003 жылдан - «KAZEXIM group» ЖШС директорының орынбасары, «Маис Агро» ЖШС директоры (Апматы қ.). 2006 жылдан - «Маис Агро» ЖШС дирокторының аграрлық саясат жөніндегі, өндіріс жөніндегі орынбасары, бас директорының бірінші орынбасары. 2007 жылдан - Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі. 2009 жылдың желтоқсанынан бері - Жамбыл облысы әкімінің орынбасары. «Құрмет» орденімен (1999), «Астана» медалімен марапатталған. 47 жыл бұрын (1965) «Қазкоммерцбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы СҰБХАНБЕРДИН Нұржан Сәлкенұлы дүниеге келді. Алматы қаласы туған. 1989 ж. М.В. Ломоносов атындағы ММУ-ді бітірген, саяси экономия. 1989-90 жж. - ҚазКСР ҒА Экономика институтының аспиранты. 1990-91 жж. - «Медеу-банк» коммерциялық банкінің бөлім бастығы. 1991-93 жж. - «Қазкоммерцбанк» ААҚ Басқарма төрағасының 1-ші орынбасары. 1993-2002 жж. - «Қазкоммерцбанк» ААҚ Басқарма төрағасы. 2002 жылдан - «Қазкоммерцбанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. «Меншікті мемлекет иелігіне алу мен жекешелендірудің экономикалық негіздері және саясаты» кітабы авторларының бірі. «Құс жолы» қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Давостық Бүкіләлемдік экономикалық Форум 2001 ж. оған Global Leader Tomorrow атағын беріп, XXI ғасырдың 100 анағұрлым болашағы зор жас көшбасшылары қатарында атады. «Құрмет» орденімен марапатталған. 41 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары СҰЛТАНОВ Бақыт Тұрлыханұлы дүниеге келді. Алматы қаласында дүниеге келді. 1994 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Робототехникалық кешендер және жүйелер» мамандығы бойынша үздік бітірді. 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Бизнес және менеджмент» мамандығы бойынша бітірді. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы нарығының бағалы қағаздар басқармасының акционерлеу және лицензиялау бөліміне жетекші маман болып жұмысқа тұрды. Қаржы министрлігінде бөлім бастығы (1995 ж.), басқарма бастығының орынбасары (1996 ж.), Бюджет департаменті директорының орынбасары (1997 ж.), Мемлекеттік сатып алу жөніндегі департамент директоры (1998 ж.), Қазынашылық департаменті директорының орынбасары (1999 ж.), Бюджет департаменті директорының орынбасары (2001 ж.), Мемлекеттік бюджет департаментінің директоры (2002 ж.) қызметін атқарды. 2002 жылғы қыркүйектен бастап 2003 жылғы маусымға дейін Қазақстан Республикасы экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бюджеттік саясат және жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды. 2003 жылғы маусымнан бастап 2006 жылғы ақпанға дейін экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің вице-министрі қызметіне тағайындалды. 2006 жылғы ақпаннан бастап 2007 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы статистика агенттігінің төрағасы болып қызмет істеді. 2007 жылғы қаңтардан бастап - Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі. 2007 жылғы тамыздан бастап - Қазақстан Республикасы экономика және бюджеттік жоспарлау министрі. 2010 жылғы наурыздан бастап - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2012 жылғы қаңтардан бастап - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. 163 жыл бұрын (1849-1945) ағылшын ғалымы-электротехник, алғашқы электр лампасын ойлап шығарған өнертапқыш Джон Амброз ФЛЕМИНГ дүниеге келді. 107 жыд бұрын (1905-1995) орыс жазушысы ТРОЕПОЛЬСКИЙ Гавриил Николаевич дүниеге келді. 80 жыл бұрын (1932) француз саясаткері, Францияның 22-ші президенті Жак Рене ШИРАК дүниеге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін