29 қазан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
29 қазан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

29 қазан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

29 қазан. ДҮЙСЕНБІ

  • 29 Қазан 2012
  • 573
Фото - Caravan.kz

ОҚИҒАЛАР

Түркия Республикасының Ұлттық мейрамы — Республика жарияланған күні (1923). Түркия — Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Оңтүстік-Батыс Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Болгария, Грекиямен, солтүстік-шығысында Грузия, Армениямен, шығысында Иранмен, оңтүстігінде Ирак, Сириямен, сондай-ақ солтүстігінде Қара теңізбен, солтүстік-батысында Мрамор теңізімен, оңтүстігінде Жерорта теңізімен, батысында Эгей теңізімен шектеседі. Астанасы — Анкара қаласы. Мемлекеттік тілі — түрік тілі. Ақша бірлігі — түрік лирасы.

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың болгар тілінде шыққан «Ғасырлар тоғысында» кітабының тұсаукесер рәсімі болды.
93 жыл бұрын (1919) қазанның 29-31 аралығында 5-Қызыл Армияның бөлімдері Петропавл қаласын Колчак әскерінен азат ету үшін «Петропавл операциясын» жүргізді.
63 жыл бұрын (1949) Өскемен қаласында Үлбі металлургия зауыты құрылды. «Қазақатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының құрамында басты кәсіпорын ретінде атом станциялары үшін ядролық отын өндіреді, бериллий, тантал, осы металдар мен олардың қосындыларынан ондаған бұйым атауларын шығарады.
13 жыл бұрын (1999) Польшаның Президенті Алексадер Квасьневскидің Қазақстан Республикасына бірінші ресми сапары болды. Сапар барысында поляктар мемлекеті басшысының ресми сапары салтанаты, сосын біріккен мәлімдемеге қол қоюмен аяқталған Н. Назарбаев пен А. Квасьневскидің келіссөздері өтті.
12 жыл бұрын (2000) 2000 жылғы Қазақстан Республикасының Кубогын иеленіп, астаналық «Жеңіс» футбол клубы еліміздің чемпионы атанды.
8 жыл бұрын (2004) Мемлекет басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Ричард Армитаджды қабылдады.
67 жыл бұрын (1945) ең алғашқы шарикті қаламсаптар сатуға түсті. «Су астында да жазуға қабілетті ең алғашқы қаламсап» атты сәтті жарнамасының арқасында алғашқы күні-ақ 10 000 данасы сатылған.
5 жыл бұрын (2007) Елордада Есіл өзені бойымен Ақордадан бастап Тельман кенті бағытында жалпы ауданы 200 гектарды құрайтын саябақтың құрылысы басталды.
5 жыл бұрын (2007) Алматыда жаңа «Жеңіс мұрагерлері аллеясында» ескерткіш тасының іргесін қалау рәсімі салтанатты түрде өтті.
Стела орналасқан жерде тастың іргесін қалаушылар және 50 жас көшеттерін отырғызу аллеяның ашылуы Оңтүстік паркте «Біз — Жеңіс мұрагерлеріміз» атты ірі халықаралық акцияға қатысу үшін келген бүкіл ТМД және гитлерге қарсы коалиция мемлекеттері қонақтары, Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен «Жасыл ел» қазақстандық жастар экологиялық қозғалысы мүшелерінің қатысуымен болып өтті.
316 жыл бұрын (1696) Петр I Ресей флотының негізін қалады.

ЕСІМДЕР

89 жыл бұрын (1923) ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ӘЛІМБАЕВ Мұзафар дүниеге келді.
Павлодар облысының Шарбақты ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1948-1986 жылдары «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Балдырған» журналының бас редакторы болды. Алғашқы жинағы «Қарағанды жырлары» деген атпен 1952 жылы жарық көрді. Ақынның 52 кітабы шыққан. «Құрбыма», «Лирика», «Менің Қазақстаным», «Жолдар — жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өшпес от», «Өлеңдер мен поэмалар», т.б. өлең кітаптары нәзік лиризм мен азаматтық әуенге толы. Әлімбаевтың 300-дей өлеңіне ән жазылған, бірнеше ән кітаптары шыққан. Ақын қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ-олақ», «Шынықсаң — шымыр боларсың», т.б. кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. Әлімбаев мақал-мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып келеді: «666 мақал мен мәтел», «Мақал — сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз — ортақ қазына», «Мақалнама», «Маржан сөз», «Нақылдар», «Батамен ер көгерер». «Халық — ғажап тәлімгер», «Нақылдың төркіннамасы», т.б.жинақтар мен зерттеу еңбектері бар. Сын-зерттеу саласында «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Өмір, өнер, өнерпаз», «Толқыннан толқын туады», «Көңіл күнделігі», «Көргендерім көңілде» еңбектері жарық көрді. Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Әлімбаевтың өлеңдері 38 тілге аударылған. Бірнеше ордендермен марапатталған.

88 жыл бұрын (1924-2002) жазушы, аудармашы МЫҢЖАСАРОВА Роза дүниеге келген.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Қара Шоқат елді мекенінде туған. Ақтөбедегі мұғалімдер институтын, Республикалық партия мектебінің аудармашылар бөлімін бітірген. Оқу-ағарту саласының жауапты қызметтері, Шалқар аудандық комсомол комитетінің мектеп жұмысы жөніндегі хатшысы, Талдықорған, Алматы облыстық және «Семиреченская правда» газеттерінде қызметтер атқарған. 1971-1973 жылдары Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасының баспасөзге жазылу бөлімін басқарған.
«Қыр қыздары», «Әйел бақыты», «Төзім шеңбері» романдарының, «Өмір көріністері» әңгімелер мен повестер жинағының, бірнеше очерктер кітабының авторы. Көркем аударма саласында қазақ тіліне тәржімалаған бірқатар роман, повестері мен әңгімелері жарық көрген.
58 жыл бұрын (1954) генерал-лейтенант, Кеңес Одағының Батыры, Ауған соғысына қатысушы АУШЕВ Руслан Султанұғлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында туған.
С.Орджоникидзе атындағы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген.
2001 жылға дейін Ингушетия республикасының президенті болған. Қазіргі уақытта ТМД елдері басшылары кеңесінің жанындағы интернационал жауынгерлер жөніндегі комитетті басқарады.
Ленин, екі мәрте Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.
53 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. экономика ғылымдарының докторы ПІШЕМБАЕВ Мейрам Құдайбергенұлы дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. Семей зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын «зооинженер» мамандығы бойынша, Санкт-Петербург қаласындағы Солтүстік Батыс ғылым академиясын бітірген. Институтты бітіргеннен кейiн еңбек жолын 1981 жылы Семей зоотехникалық-мал дәрігерлiк институтында бастаған. 1983-1989 жж. — Павлодар облысындағы «Потанин» совхозының бас маманы. 1989-1992 жж. — «Ермак» совхозының директоры. 1992-1996 жж. — «Ақсу» АҚ басқармасының төрағасы. 1996-1997 жж. — Қазақстан Республикасындағы «Роснефть» Өкілдігі басқармасының бас директоры. 1997-1998 жж. — «Қазмұнайком» ЖШС-нің вице-президенті. 1998-2000 жж. — Павлодардағы мұнай өңдеу зауытының «Қазақойл» ҰМК-ның бас менеджері. 2000-2003 жж. — Қазақстан Республикасы ҰҚК «Қазимпекс» Республикалық орталығы» ЖАҚ бас директорының бірінші орынбасары. 2003-2005 жж. — Simens AG атқарушы директоры. 2005-2007 жж. — «Қазақсельмаш» корпорациясы» ЖШС-нің директорлар кеңесінің төрағасы. 2006 жылдан бастап — Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқармасының төрағасы. 2007-2011 жж. — төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылдан бастап — бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақ тілі — ана тілі, орыс тілін — еркін біледі, ағылшын және неміс тілдерін сөздік арқылы.

87 жыл бұрын (1925-1988) педагог, КСРО-ның халық мұғалімі, КСРО-ның халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған «Қазақстан Республикасының кәсіби әулеттер кітабының» бірінші бетіне енгізілген педагогикалық әулеттің негізін қалаушысы НҰРҒАЛИЕВ Құмаш дүниеге келді. Дүниежүзілік Отан соғысына қатысқан.
Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданынында туған. Абай атындағы Алматы педагогикалық институты (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.
1946-1957 жылдары — Марқакөл аудандағы Сорвенка ұжымдық мектебінің мұғалімі, директоры. 1947 жылы — ауылдастарының күшімен бірге өзінің алғашқы мектебінің құрлысын бастайды. 1955-1957 жылдары — Алексеевск орта мектеп директорының бірінші орынбасары. 1957 жылдың тамыз айында Боран орта мектебінің директоры болып тағайындалады, ол сол жылы қазақ тілінде оқитын сыныпты ашуға өзінің зор үлесін қосады. 1957-1969 жылдары — ол мұғалімдер мен оқушылардың күшімен тұрғылықты жердің материалынан бес оқу орнының және 150 орындық интернаттың құрлысын бастайды. 1969 жылы оқушылардың саны 1300 адамға жетеді. Ол 1957 жылдан бастап Қазақстан Компартиясының Марқакөл аудандық комитетінің мүшесі болып сайланған.
Жауынгерлік Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Ленин, І-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, және екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Боран аудандағы орта мектепке Нұрғалиевтің есімі берілген (1988).

52 жыл бұрын (1960) «Kazakhmys PLC» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты, «Нұр Отан» Халықтық -демократиялық партиясы саяси кеңесі бюросының мүшесі КИМ Владимир Сергеевич дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы сәулет-құрылыс институтын (қазіргі Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы) бітірген.
1987-1988 жылдары — Ленин аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1988 жылы — «Алматықұрылыс» тресі «Университетқұрылыс» ҚМБ-ның бас инженері. 1988-1989 жылдары — Мәскеу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1989-1992 жылдары — Қазақстанның мәдени, әлеуметтік және ғылыми-техникалық даму қоры бас директорының орынбасары, атқарушы директоры. 1992-1995 жылдары — «Қазақстан-Самсунг» бірлескен кәсіпорын басқармасының төрағасы. 1995-1997 жылдары — «Жезқазғантүстіметалл» ААҚ-тың басқарушы директоры, президенті қызметтерін атқарған. 1997 жылдан — президенті, 2000 жылдың желтоқсанынан — «Kazakhmys PLC» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы. Сондай-ақ Тағайындаулар жөніндегі комитеттің Төрағасы. «Құрмет» орденімен марапатталған.

96 жыл бұрын (1916-1994) Қазақстанда бокс спортының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы БӨЛТЕКҰЛЫ Шоқыр дүниеге келді.
1946 жылы Шоқыр Бөлтекұлы «Спартак» қоғамы бойынша бокстан КСРО чемпионы атанып, қазақ жастары арасында бiрiншi болып спорт шеберi дәрежесіне жеткен. 200 рет рингке шығып, оның 185-інде жеңіс тұғырына көтерілген.

356 жыл бұрын (1656-1742) ағылшын астрономы және геофизигі, Лондон корольдік қоғамының мүшесі ГАЛЛЕЙ Эдмунд дүниеге келді.
Ол 1676-1978 жылдары аспан сферасының оңтүстігіндегі 341 жұлдыздар каталогын жариялаған. 20-дан астам құйрықты жұлдыздың орбиталық элементтерін есептеп, олардың Күнді айналатындығын дәлелдеген. Сөйтіп ол 1682 жылы өз есімімен аталатын периодты Галлей құйрықты жұлдызын ашқан. 1698-1700 жылдары Оңтүстік Африка мен Оңтүстік Америка жағалауларына жасалған экспедициялардың қортындысы бойынша тұңғыш геомагниттік картаны құрастырған.

52 жыл бұрын (1960) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ЖАБАҒИЕВ Қожахан Көкірекбайұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Шу ауданы Чкалов атындағы колхозда дүниеге келген. КСРО-ның 50 жылдығы атындағы Қырғыз мемлекеттік университетін, Рессей Басқару Академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Университетті бітіргеннен кейін Жамбыл облысы Шу ауданы Далақайнар совхозының экономисі, бас экономисі болып жұмыс істеген. 1984-1990 жылдары — Қазақстан ЛКЖО Шу аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы. 1990-1993 жылдары — СОКП ОК-нің жанындағы қоғамдық ғылымдар Академиясының, Рессей басқару Академиясының аспиранты.1993-1998 жылдары — «АД және К» ШК-ның коммерциялық директоры, Жамбыл құс фабрикасының директоры, «Әулие ата құсы» АҚ-ның бас директоры. 1998-2002 жылдары — Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкімі. 2002-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің өндірістік сала және инфоқұрылым бөлімінің меңгерушісі. 2004-2005 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау және кадр саясаты басқармасы Мемлекеттік инспекциясының Мемлекеттік инспекторы. 2005-2008 жылдары — Алматы қалалық жер басқармасының бастығы, Алматы қаласы әкімі аппаратының іс басқарушысы. 2008-2009 жылдары — Қазақстан Республикасы Транспорт және коммуникация министрінің кеңесшісі. 2009-2010 жылдары — «Фирма Казинтерсервис» ЖШС-нің президенті. 2010-2012 жылдары — Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі. 2012 жылдың қаңтарынан бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан темір жолына 100 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалдары, мемлекеттік марапат: «Ерен еңбегі үшін» медалімен мараптталған. Қазақстан Республикасы Президенті Алғысының иегері және «Жамбыл облысы Байзақ ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген.

Соңғы жаңалықтар