2%-тік баспана ипотекасының шарттары жайлы Sputnik Қазақстан дерекқорынан біле аласыз.
2%-тік ипотека кімдерге беріледі?
- көпбалалы отбасы;
- толық емес отбасы;
- мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы.
"Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысу үшін баспанаға мұқтаж отбасы ретінде әкімдікте кезекте тұруыңыз шарт.
Бұдан бөлек, өз атыңызда және бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында баспана болмауы тиіс.
Арзан ипотеканың шарттары
Жылдық мөлшерлемесі 2%-тік баспана ипотекасы 20 жылға дейін беріледі. Бастапқы жарна мөлшері қарыз сомасының 10 процентін құрайды. Егер бастапқы жарнаны 10%-тен артық құйсаңыз, ай сайынғы төлем де аз болады.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда қарыздың ең жоғары сомасы – 15 миллион теңге. Қалған өңірлерде – 10 миллион теңге.
Не сатып алуға болады?
- жаңа салынған үйдегі пәтер;
- қолданыстағы пәтер;
- жер үй.
Баспана әкімдікте кезекте тұрған өңірден ғана беріледі.
Қарыз алу үшін кіріс қанша болуы керек?
Отбасының әр мүшесіне шаққанда бір айлық табыстың мөлшері соңғы алты ай ішінде ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеден аспауы тиіс.
Жәрдемақы кіріс ретінде саналмайды.
Мәселен, егер отбасында алты адам болса, жалпы кіріс 255 000 теңгеден (6 адам х 42 500 теңге = 255 000 теңге) аспауы керек.
Отбасы қандай жағдайда бағдарламаға қатыса алмайды?
Қарыз алатын адам мен оның жұбайының ешқандай кірісі болмаса, отбасыға арзан ипотека берілмейді. Жұмысқа тұрғаннан кейін 6 ай өткен соң ғана қатыса алады.
Егер қарыз алушы жұмыссыз, еш табысы болмаса, жұмыс істейтін жұбайын тарта алады. Жұбайының кірісі жеткіліксіз болған жағдайда, үшінші адамды тартуға мүмкіндік бар.
Қандай құжаттар қажет?
- Әкімдіктен отбасыңыздың мәртебесін растайтын құжат;
- неке қию немесе неке бұзу туралы куәлік;
- кәмелет жасына толған отбасы мүшелерінің жеке куәлігі мен балалардың туу туралы куәлігі;
- күйеуінің немесе әйелінің, сондай-ақ қажет болған жағдайда, үшінші бір адамның соңғы 6 ай ішіндегі табысын растайтын құжаттар.
Деректер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің сайтынан алынды.