Бүгін еліміздегі танымал сайттардың бірінде осындай хабарландыру жарияланып, жұрттың жағасын ұстатты. Мұны көрген тұрғындардың бірі дереу полиция қызметкерлеріне хабарласып, істің мән-жайын анықтауды сұраған. Сонымен, перзенттерін саудалап жүрген кім? Аталған жарнамаға қатысты құзырлы органдар не дейді?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Жұрттың үрейін ұшырған жарнама осы. Күні кеше ұялы телефоннан жарияланған. Онда балаларды арзан бағаға беретіні туралы ақпарат жазылыпты.Тіпті саудаланатын үш баланың бет-жүздері жасырылған сурет те жүктелген. Хабарламаны көрген жергілікті тұрғындардың бірі дереу көрсетілген номерге хабарласады. Алайда ол байланыс аясынан тыс болып шыққан.
ӘЙГЕРІМ ИБАДУЛЛАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
" 27 мамыр күні olx хабарландыру сайтына үш баланың сатылуы жарияланған. Полиция бұл ақпаратты тексеріп, нәтижесінде хабарландырудың авторы анықталды. Ол сол отбасының 10 жасар баласы болып шықты. Бала фото суретті қойды, ата-аналары бұл туралы білмеген, кейінірек хабарлама алынып тасталды. Полиция қызметкерлері балалардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізді"
Хабар түскен бетте, полиция қызметкерлері дереу іске кіріскен. Анықталғандай, хабарлама авторы саудаланып жатқан үш баланың бірі екен. Жасы небәрі онда. Жеткіншектің айтуынша, ол тек қалжыңдағысы келіпті. Ал ойыннан от шыққанын білгенде кеш болған. Қазір хабарландыру өшірілген. Ата-анасы да баласының бұл тірлігінен хабарсыз екен. Десе де заңгерлер оған күмәнмен қарайды.
МАРЛЕН МОЛДЫРАЙЫМ, ЗАҢГЕР:
"Бұл жерде тек қана балалардың ғана жазасы емес қой, бұл жерде кәмелетке толмаған балалар болғандықтан, әрине ата-аналар да жауапкершілікке тартылады. Өйткені ҚК 140 бабы бар, оған сәйкес ата-ана балаларға тиісті тәрбие бермеуіне байланысты қандай жазалар бар, сол көрсетілген. Әрине қаншалықты ол заңды, қаншалықты заңсыз,оған құзырлы органдар бағасын бере жатар. Бірақ соларды құзырлы органдар соларды қадағалау керек қой "
Осыған дейін де ғаламторда «адам саудасына» қатысты деректер тіркелген еді. «Жақын уақытта босанамын, сәбиімді жақсы жандарға беремін» деген хабарландыруларды қалдырып, перзентін ашықтан-ашық «тірі тауарға» айналдырған безбүйрек аналарды да талай көргенбіз.
ХРИП. Сәбиді неше теңгеге бағалап отырсыз? Қай қаладан?
Осылайша, құзырлы органдар тұрғындарды көмекке шақыруда. Желіде мұндай жазбаны көрген кез-келген азаматқа бей-жай қарамай, міндетті түрде ішкі істер қызметкерлеріне хабарласуын сұрайды. Сіздің бір ғана қоңырауыңыздың артында бейкүнә сәбидің тұтас бір тағдыры тұрғанын ұмытпаңыз, деп ескертеді.