3 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
3 желтоқсан ДҮЙСЕНБІ |
Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні. 1992 жылдың аяғында БҰҰ Бас Ассамблеясы мүгедектер онжылдығының (1983-1992) аяқталуына орай желтоқсанның 3-ін мүгедектер күні деп жариялады. Кез-келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүгедектерге деген қарым-қатынасымен айқындалады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні - осы бір тумысынан өмірдің азабын тартқан жандарға тағы бір көз қырымызды салып, жанына желеу болуға мүмкіндік жасайды.
БҰҰ мәліметтері бойынша ғаламшар тұрғындарының әр 10-ыншысының яғни 600 миллионының мүмкіндігі шектеулі. Олардың 490 мыңға жуығы - қазақстандықтар.
ЕСТЕ ҚАЛАЛАР ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1993) Бішкекте құрылған рухани байлықтың қайта түлеуіне жәрдемдесуші «Руханият» халықаралық қауымдастығы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа «Жыл адамы» құрметті атағын берді.
54 жыл бұрын (1958) кеңес ғалымдары айда жанартау атқылағанын бақылады.
13 жыл бұрын (1999) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті. Ол дипломаттар алдында сөз сөйлеп, Қазақстанның инвестиция тартудан әлемдегі алдыңғы 20 мемлекеттің қатарына кіретінін атап өтті. Елдің сыртқы саясатының жан-жақтылығына сипаттама берді.
13 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру қорын тарату туралы» Жарлығы жарық көрді.
8 жыл бұрын (2004) Қостанайда ұлттық қазақша күрестің облыстық федерациясы құрылды. Бұл спорттың түрі осы облыста жақсы дамып келе жатыр. Облыстық қазақша күрес федерациясының төрағасы Қазақстанның жастар арасындағы бұрынғы чемпионы Жанат Қартбаев болды.
8 жыл бұрын (2004) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «SOS KINDERDORF INTERNATIONAL» Халықаралық қоғамы арасындағы SOS балалар қалашығын құру жөніндегі Шартты бекіту туралы» Заңға қол қойды.
7 жыл бұрын (2005) Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Ермек Аманшаевтың «Қасірет драмасы» атты туындысы бойынша жаңа қойылымның премьерасы болып өтті.
Қойылымды театрдың жас режиссері Асхат Маемиров сахналады. Драмада шығармашылық адамының жиынтық бейнесі сомдалып, оның қоғаммен қарым-қатынасы өзек етіп алынған. Жасандылық оған жат, сондықтан кереғарлықтар жайлаған ортаға көндігуі де қиынға түседі.
Ермек Аманшаев - танымал сыншы, жазушы және драматург, көптеген кітаптар мен деректі фильмдердің авторы. Оның туындылары еліміздің көптеген ірі театрларында сахналанған.
5 жыл бұрын (2007) алғашқы рет Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында әйгілі ағылшын драматургі Бернард Шоудың «Адам арбайтын үй» шығармасы бойынша қойылған спектакльдың премьерасы болып өтті.
Пьесаны қазақшалаған - Құжырғали Төлеуішев, сахналаған - Мұқанғали Томанов. Басты рольдерді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов, Ақмарал Амандықова, Бибігүл Исалиева сомдаған.
«Адам арбайтын үйде» махаббат пен сатқындық, шындық пен көлгірлік, адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық - бәрі де көрініс тапқан. Ақыры ақиқатқа барар жолды таппаған басты кейіпкер атылып өледі.
4 жыл бұрын (2008) Қарағандыда Сәкен Сейфуллинге ескерткіш орнатылды. Қола ескерткіш С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының жаңа ғимаратының алдында орнатылған. Жобаның авторы - алматылық мүсінші, Қазақстан Республикасы өнеріне еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Ленин комсомолы сыйлығының иегері Бақытжан Әбішев.
3 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2010-2012 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Мемлекет басшысы сонымен қатар жәрдемақылар мөлшерін ұлғайтуға және азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдаудың басқа да қосымша шараларын белгілеуге бағытталған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және денсаулық сақтауды бірыңғай басқару жүйесінің тиімді және ашық жұмыс істеуіне жағдай жасауға, оны қаржыландыруды жетілдіруге және жалпы медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсыну мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.
3 жыл бұрын (2009) Қазақстанда тағы екі халықаралық пошта маркасы шығарылды.
Маркалар табиғаттың фауна мен флора түріне арналған. Олардың бетінде долана өсімдігі мен итаю бейнеленген. Әрқайсысы 180 теңгеден тұратын 100 мың данадан шығарылды.
Қазпошта маркаларында бұдан бұрын да суреттелген жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрлері Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
ЕСІМДЕР
104 жыл бұрын (1908-1993) жазушы МАЛҚАРОВ Омарбай дүниеге келген.
Жамбыл облысының Шу ауданында туған. Қазақ педагогикалық институты жанындағы жұмысшылар факультетін бітірген. Алматыдағы мемлекеттік екі жылдық мұғалімдер институтында оқыған. 1938 жылы КСРО Ғылыми академиясының Алматыдағы филиалында жұмыс істеген. 1937 жылдан өлең жаза бастаған. 1938 жылдың аяғында Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облысы ақын-жазушыларының жұмысын басқару үшін тұрақты өкіл етіп жіберген. Ол бұл жұмыста он бес жыл бойы, сондай-ақ «Оңтүстік Қазақстан» газетінде он жылдан аса қызмет атқарған. Ақынның «Оңтүстік жырлары», «Мен ат үстіндемін», «Оңтүстік аспаны» «Қайнар» атты жыр жинақтары жарық көрген.
69 жыл бұрын (1943) әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ОМАРБАЕВ Қанат Нұрмұхаметұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Панфилов ауданында туған. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтын, 1973 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1974 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрының құрамында еңбек етіп, опералық спектакльдерде жетекші партияларды орындайды. 1990-1995 жылдары Алматы театр және кино институтында (қазіргі Қазақ Ұлттық өнер академиясы) аға оқытушы, кафедра меңгерушісі болып еңбек етті. Қазір - зейнеткер.
Медальдармен, грамоталармен марапатталған.
64 жыл бұрын (1948) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ҚОЖАХАНОВ Шәміл дүниеге келді.
Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қазір республикалық «Заман-Ту» акционерлік қоғамының президенті. Суретші-дизайнер ретінде көптеген мұражайларды көркемдеуге ат салысқан. Қожахановтың туындылары ТМД елдерінде және басқа да көптеген мемлекеттерде ұйымдастырылған көрмелерге қойылды. Шығармалары республикадағы, шет елдердегі мұражайлар қорында және жеке жинақшылардың иелігінде сақтаулы.
64 жыл бұрын (1948) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы ӘБДІНӘБИЕВА Ғазиза дүниеге келді.
Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. 1969-1993 жылдары Қазақ жастар мен балалар театрының актрисасы болған. Ол Б.Майлиннің «Шұғасында» Шұға, Ш Айтматовтың «Арманым, Әселімде» Әсел, А.Чеховтың «Шағаласында» Аркадина, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» Кәләй, С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасырында» Райхан, М.Әуезовтың «Қаракөзінде» Мөржан, У.Шекспирдің «Гамлетінде» Гертруда, тағы басқада рольдерді орындады. «Тоғысқан тағдырлар» (Роза) және «Қарашегертке» (Марго) телесериалдарына, «Ләйләнің намазы», тағы басқа көркем фильмдерге, балаларға арналған телебағдарламаларға түскен. Гастрольдік сапармен Германия, Ресей, Иран және Қазақстанның бірқатар қалаларында өнер көрсеткен.
98 жыл бұрын (1914-1979) Қазақ КСР Білім беру үздігі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі БАЙНАЗАРОВ Калям дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қостанай облысы Меңдіқара ауданында туған. Ақтөбе мұғалімдер институтын бітірген. Жангелді және Бірлестік аудандарының орта мектебі мұғалімі, Боровской қазақ орта мектебінің мұғалімі, оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1946-1974 жылдары - Боровской педагогикалық училищесі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. 1974-1977 жылдары - Меңдіқара қосалқы мектебінің басшысы. 1977-1979 жылдары - Рудный қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училещесінің математика пәні оқытушысы. Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен марапатталған. Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищесінде төрт үздік студентке К.Байназаров атындағы арнайы стипендия тағайындалған. Тұрған үйіне мемориалды тақта орнатылған.
102 жыл бұрын (1910-1975) аудармашы ЖАНҒАЛИН Мұхтар дүниеге келді.
Қызылорда облысы Қармақшы ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Соғыстан кейінгі жылдары Қазақтың мемлекеттік бірлескен баспасының директоры, Қазақ Достық қоғамының төрағасы, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Мұрағат басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.
Әдеби қызметін 30-жылдары қоғамдық-саяси әдебиет аудармашысы ретінде бастады. Соғысқа дейінгі жылдары А.Островскийдің «Мысыққа бәрі майшабақ емес», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», М.Горькийдің «Егор Булыч және басқалар» пьесаларын, К.Станиславскийдің «Менің өнердегі өмірім» мемуарын, Л.Леоновтың «Шапқын» пьесасын, В.Васильевскаяның «Шұғыла» повесін, Н.Никитиннің «Солтүстік аврора» романын, үнді жазушысы П.Чанданың «Тха Хури құдығы» атты әңгімелер жинағын, М.Горькийдің «Коновалов» әңгімесін аударған.
66 жыл бұрын (2012) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі ОМАРОВ Қайсар Оспанұлы дүниеге келді.
Астана қаласынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.
Целиноградтың инженерлік-құрылыс институтын бітірген. Инженер-құрылысшы.
Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған.
«Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен, жеті медальмен марапатталған.
217 жыл бұрын 1795-1879) қазіргі почтаны жасаушы Роулэнд ХИЛЛ дүниеге келді.
128 жыл бұрын (1884-1963) Үндістанның саяси және мемлекет қайраткері, 1952-1962 жылдардағы Үндістан президенті Прасад РАДЖЕНДРА дүниеге келді.
87 жыл бұрын (1925-2009) Корея Республикасының 1997-2003 жылдардағы президенті Ким Дэ ЧЖУН дүниеге келді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін