Жерді қорғау күні. Израиль басып алған аумақтан қуылған араб тұрғындарын және 1976 жылы араб жерлерін күштеп тартып алуға қарсы шеруге қатысып, Израиль полициясынан зардап шеккен азаматтарды еске алу мақсатында жыл сайын атап өтіледі.
АҚШ-та дәрігер күні. 1842 жылы дәрігер Крауфорд Лонг анезтезияны алғаш рет пайдаланған күннің жылдық мерекесіне арналып аталып өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1993) италяндық «Экос» журналы өзінің жазушыларына Қазақстанға арналған арнаулы санын шығарды. Басылым қазақ, орыс, итальян, ағылшын тілдерінде жарық көрді. Онда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сұхбаты берілген.
11 жыл бұрын (2001) «Болашақ» ҚР Президентінің халықаралық стипендиясы түлектерінің қауымдастығы» құрылды.
42 жыл бұрын (1970) жазушы Әди Шәріповтың (1912-1993) «Бір ішіктің тарихы» атты повесі жарық көрді. Онда соғыс жылдары адамдардың отан үшін күресте қайтпас қайсарлықтары бейнеленген.
5 жыл бұрын (2007) Павлодарда «Серпін» жастар газетінің қазақ тілінде алғашқы саны жарық көрді.
Өздерінің қатарына бозбалалар мен қыздарды топтастырған «Ұлан» жастар ұйымының бастауымен құрылған бұл газет мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениетті үйренуді насихаттайды.
Газеттің басты бағыттарының бірі — жас ұрпақты отан сүйгіштік сезімге тәрбиелеу. Тиражы екі мың дана болып, айына екі рет шығады.
3 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қосымша айырым эмблемасын қабылдауға қатысты 1949 жылғы 12 тамыздағы Женева конвенциясына қосымша хаттаманы (ІІІ Хаттама) ратификациялау туралы», «Инновациялық қызметке мемлекеттік қолдау көрсету туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.
3 жыл бұрын (2009) Павлодардағы Шафердің мұражай-үйі халық әншісі Жамал Омарованың орындауындағы әндерден құралған «Менің Қазақстаным» атты лазерлік жинағын шығарды.
Дискіге әншінің 1950-1970 жылдар аралығындағы репертуарынан алынған 21 туынды енгізіліп отыр. Олардың барлығы Наум Шафердің коллекцияларындағы винил күйтабақтарынан жазылып алынды.
11 жыл бұрын (2001) «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендиаттарының Қауымдастығы» құрылды. Ұйымның негізгі мақсаты — түлектерді қоғамдық өмірде жұмылдыру мен белсенділігін арттыру, түлектердің күш-жігерін, олардың өміріндегі, тәжірибелік қызметінде кездесетін мәселелердің тиімді шешімдерін іздестіру үшін ұжымдық тәжірибені ықпалдастыру болып табылады. Қауымдастықтың негізгі міндеттерінің бірі — Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін түлектердің күш-жігерін, зияткерлігін, шығармашылығын және іскерлік әлеуетін біріктіру, Қазақстан Республикасының экономикалық, әлуметтік және саяси прогресіне мүмкіндік беретін жасампаздық іс-шараларды өткізу.
«Болашақтықтардың» құқықтары мен қызығушылықтарын қорғауға, біртұтас шаңыраққа біріктіріп ұйымдастыруды Қауымдастық өзіне жауапкершілікке алды.
6 жыл бұрын (2006) АҚШ-тың мәдениет жөніндегі бірлескен жиыны мен Америкалық география институты өзара кеңесе келе қазақстандық белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі Сағындық Сатыбалдыны халықаралық бейбітшілік сыйлығымен марапаттады.
Бейбітшілік үшін сыйлығы қоғамда өзгерістер енгізген және өзінің ерекше дарындылығымен көзге түскен адамдарға ғана беріледі. Бұл сыйлықты берудегі мақсат — тума талант тұлғалардың саясат, экономика, дін және этникалық салада аса жоғары нәтижелерге қол жеткізген еңбектерін насихаттап қана қоймай, олардың кеңінен таралуына жағдай жасау. С.Сатыбалды бұл сыйлыққа қоғамды дамытуға арналған экономикалық тың жобалары үшін ие болып отыр.
Сағындық Сатыбалдыұлы Сатыбалдин Қостанай облысы Семиозер ауданының (қазіргі Әулиекөл) Жангельдин атындағы кеңшарда 1937 жылғы мамырдың 5-інде дүниеге келді. 1960 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) экономика факультетін бітірді. 1962 жылы халық шаруашылығын жоспарлау кафедрасының аға оқытушысы болып тағайындалды. Академик С.Сатыбалдин 400-ден астам ғылыми еңбекті, зертеулерді, соның ішінде 45 ұжымдық монографияларды, оқулықтарды жариялады. Олар ТМД елдерінде, АҚШ, Вьетнам, Оңтүстік Корея, Жапония, ҚХР, Швеция, Пәкістан және әлемнің басқа мемлекеттерінде басып шығарылған.
6 жыл бұрын (2006) Қазақстанда Халықаралық жазушылар мен публицистер қауымдастығының ресми өкілдігі ашылды. Халықаралық қауымдастықтың еліміздегі өкілдігі Алматыдан орын алды.
Әлемнің 35 мемлекетінде 4 жылдан бері тыңғылықты жұмыстар атқарып келе жатқан қауымдастық біздің ақын-жазушыларымызды, публицист-журналистерімізді сол елдерге таныту мақсатында істер атқаратын болады. Қауымдастықтың штаб-пәтері Лондонда, Орталық Еуропа бюросы Прагада, баспа орталығы мен Басқарма орны Ригада.
2 жыл бұрын (2010) Алматы мен Астана қалаларында 2011 жылы өтетін 7-ші Қысқы Азия ойындарының басталуына қанша күн қалғанын есептейтін кері есептеу таблосы салтанатты түрде іске қосылды. 2011 жылы 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Алматы, Астана қалаларында 7-ші Қысқы Азия ойындары өтті.
Кері есептеу таблосын іске қосу салтанаты Астанамен бір мезгілде Алматы қаласында да өтті. Еліміздің бас қаласында табло «Астана-Арена» жаңа футбол стадионының алаңында орнатылса, оңтүстік астанада ол Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдында орын тепті.
2 жыл бұрын (2010) Ислам Конференциясы Ұйымының жанынан Қазақстанның Тұрақты өкілдігі ашылды.
Бұл қадам біздің еліміздің әлемнің 57 мемлекетінің басын қосып отырған осынау беделді халықаралық бірлестікпен өзара қарым-қатынасын нығайтуға бағытталып отыр.
ЕСІМДЕР
134 жыл бұрын (1878-1941) ғалым, Қазақстан фаунасын зерттеуші, биология ғылымының докторы КАШКАРОВ Даниил Николаевич дүниеге келді.
Ресейде туған. Мәскеу мемлекеттік университетінің жаратылыстану бөлімін және медицина факультетін бітірген. 1919-1941 жылдары Орта Азия университетінің, Ленинград мемлекеттік университетінің омыртқалылар зоологиясы кафедрасын басқарған. Ол Орта Азия мен Қазақстанның құрлық омыртқалылары фаунасы мен экологиясын зерттеген. Республикада Ақсу-Жабағылы қорығын ұйымдастыру қажеттігін негіздеп берген. Ғалымның зоология және жануарлар экологиясы жайындағы оқулықтары мен монографиялары жарық көрген.
104 жыл бұрын (1908-1966) биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты ДОЛГУШИН Игорь Александрович дүниеге келді.
Ресейде туған. Ленинград орман техникасы академиясын бітірген. 1933 жылдан Қазақ КСР Ғылым академиясы Зоология институтының ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі болған. Ғалым республикадағы орнитологиялық зерттеулерге басшылық жасаған. Дала орнитофаунасындағы индимизм жайлы арнайы тұжырымдама ұсынып, онда Жерорта теңізі фаунасын жеке зоогеографиялық облыс тармағы деп бөлудің қате екендігін дәлелдеген. Қазақстан аумағын орнитологиялық тұрғыда бірнеше аймаққа бөліп, мұнда ондатраны жерсіндіру жұмысына қатысқан. Аң шаруашылымен, құстарды қорғау мәселелерімен де шұғылданған. «Қазақстан құстары» 5 томдық жинақ авторларының бірі.
53 жыл бұрын (1959) «Журналист» және «Время молодых» газеттерінің бас редакторы ӨТЕУЛИНА Ирина Кимқызы дүниеге келді.
Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Ленинская смена» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, шолушысы қызметтерін атқарған. 1995-1996 жылдары — «Доживем до понедельника», «Караван» газеттерінің тілшісі. 1996-1998 жылдары — «Юридической газета» басылымының бас редакторы, «Заң» акционерлік қоғамының президенті. 1998-1999 жылдары — «Ковчег» газетінің бас редакторы. 1999-2000 жылдары — «Хабар» агенттігінің баспасөз хатшысы, www.khabar.kz сайтының бас редакторы. 2000-2002 жылдары — «Юридической газета» басылымының бас редакторы. Қазіргі қызметінде 2002 жылдан бастап істейді.
33 жыл бұрын (1979) еркін күрестен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем біріншілігінің жүлдегері ЛАЛИЕВ Геннадий Казбекович дүниеге келді.
Цхинвали қаласында туған. Жаттықтырушылары — Т.Сайханов, Н.Рахманқұлов. Ол 1998 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлдені жеңіп алды. 1999 жылы Минск және Лейпциг қалаларында өткен 27-ші Олимпиадалық іріктеу турнирлерінің алтын, күміс жүлдегері атанған. 2003 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2004 жылы Афины қаласында өткен 28-ші Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері болған.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
72 жыл бұрын (1940) заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының құрметті судьясы НӘРІКБАЕВ Мақсұт Сұлтанұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Әділет Министрлігінде және Республика прокуратурасында жұмыс істеген. 1992-1993 жылдары Президент аппаратында және Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетінде қызмет етті. 1995-96 жылдары Қазақстан Республикасының Бас прокуроры. 1996-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы. 2000 жылдан — «Қазақ гуманитарлық заң университеті» АҚ президенті. 2004 жылдан Жалпы қоғамдық «Қазақстанның демократиялық партиясының» төрағасы.
2-ші дәрежелі Мемлекеттік заң кеңесшісі, жоғары дәрежедегі судья. Жеткіншек және заң, балалықты заңмен қорғау, азаматтық құқықты сотта қорғау, Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы тақырыптарына жазылған кітаптардың және 50-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Көркем әдебиетпен айналысады. «Неміс жазушыларының повестері» жинағына 2 аудармасы енген. «Тергеуші» повесі және «Жетісу — жерұйығым» әнінің авторы.
«Парасат» орденімен марапатталған.
86 жыл бұрын (1926-1991) қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген құрылысшысы ЫҚСАНОВ Мұстахым Біләлұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында туған. Алматы темір жол техникумын, Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1952-1954 жылдары — Алматы қаласы ЛКЖО Фрунзе аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1954-1957 жылдары — «Жетісайқұрылыс» тресінің бастығы, бас инженері, өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, прорабы. 1957-1961 жылдары — Қазақтың ирригация құрылысы тресінің бастығы. 1961-1962 жылдары — Ильичев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1962-1963 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы өлкелік су шаруашылығы басқармасының бастығы. 1963-1966 жылдары — Қызылорда облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы. 1966-1970 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары. 1970-1971 жылдары — Жамбыл облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы. 1971-1975 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы. 1975-1986 жылдары — Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1986 жылдары — Үлкен Алматы каналы және Бартоғай су қоймасын пайдалану жөніндегі басқарманың бастығы қызметтерін атқарған. 1986 жылы зейнеткерлікке шыққан.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 6-7-ші шақырылымының депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 7-8, 10-11-ші шақырылымдарының депутаты.
Ленин, Қазан революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған. Орал қаласындағы ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған. Ықсанов атындағы ұжымдық шаруашылық бар.
61 жыл бұрын (1951) экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық инженерлер академиясының академигі, Халықаралық «Интеграция» қоры басқармасының төрағасы, «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Абырой» қоғамдық-кеңес беру кеңесінің төрағасы ТЕРЕЩЕНКО Сергей Александрович дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Приморск өңірінде туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1989-1990 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Қазақ КСР Президентінің орынбасары, Қазақ КСР Президенті Кеңсесінің жетекшісі, Қазақ КСР Президенттік кеңесінің мүшесі. 1990-1991 жылдары — Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Шымкент облыстық кеңесінің төрағасы. 1991-1994 жылдары — Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі. 1992-1993 жылдары — сонымен қатар Қазақстан Республикасының Шетел инвестициясы жөніндегі ұлттық агенттіктің төрағасы. 1993-1994 жылдары — Ұлттық валюта енгізу жөніндегі ұлттық комисияның төрағасы қызметтерін атқарған. 1994 жылдан — Халықаралық «Интеграция» қоры басқармасының төрағасы. 1998-2008 жылдан — «ЦентрКредит банкі» АҚ, «Трансаэро» ӘК» ААҚ, «Индустриальный банк Казахстана» ААҚ, «Бәйтерек» БК АҚ, «Vita» АҚ-ның директорлар кеңесінің мүшесі. 2004 жылдан — Қазақстан Республикасының Сақтандыру нарығына қатысушылар қауымдастығының президенті. 1999 жылдан — «Отан» саяси кеңес партиясының мүшесі. 1998-1999 жылдары — «Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі қоғамдық штаб» Қоғамдық Ұйымының төрағасы. 1999-2002 жылдары — «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы. 2002-2006 жылдары — Қазақстан Халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2004 жылдан — Қазақстандағы славян, орыс және казактар қауымдастығының төрағасы. 2008 жылдан — «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Абырой» қоғамдық-кеңес беру кеңесінің төрағасы.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 11-12-ші шақырылымының депутаты.
«Казахстан; реформа, рынок», «Социал-демократия: история, теория, практика», «Казахская земля — колыбель моя (Книга жизни)», «Арифметика успеха. Алгебра власти» деген кітаптары бар.
2-ші дәрежелі «Барыс», 1-ші дәрежелі «Достық» ордендерімен, медальдармен, Президент сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.
51 жыл бұрын (1961) Атырау облысының прокуроры, заң ғылымдарының кандидаты, аға әділет кеңесшісі СМАТЛАЕВ Бауржан Мамытбекұлы дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1983-1987 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының тергеушісі, аға тергеушісі. 1987-1991 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасында жұмыс істеген. 1991-1992 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы Еңбекші ауданы прокурорының орынбасары. 1992-1996 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы Абай ауданының прокуроры. 1997-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры. 1999-2007 жылдары — Семей қаласының прокуроры, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудандық прокурор, Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы басқармасының бастығы, Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары. 2007-2009 жылдары — Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2009 жылдың қараша айынан — Атырау облысының прокуроры.
42 жыл бұрын (1970) ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі ҚАППАРОВ Нұрлан Жамболатұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туылған.
Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы технологиялық институтын және Гарвард университетінің Дж. Кеннеди атындағы Жоғарғы мемлекеттік басқару мектебін бітірген.
1991-1997 — «Акцепт» Корпорациясы ЖАҚ президенті;
1997-1998 — «ҚазТрансОйл» ЖАҚ президенті;
1998-1999 — «Қазақойл» ЖАҚ президенті;
1999-2001 -ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі;
2003-2007 — «Қазинвестбанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы;
2004-2012 — «Lancaster Group Kazakhstan» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы;
20.01.2012 ж. бастап — ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі.
60 жыл бұрын (1952) ҚР білім және ғылым вице-министрі ОРЫНХАНОВ Мұрат Қадесұлы дүниеге келді.
Новосібір мемлекеттік университетінің математика факультетін, одан кейін КСРО ҒА Сібір бөлімшесінің Есептеу орталығының аспирантурасын бітірген.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да — ассистент, аға оқытушы, қолданбалы математика кафедрасының доценті, математикалық модельдеу кафедрасының меңгерушісі, механика-математика факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры болды. 60-тан астам ғылыми еңбектері отандық және халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланған, соның ішінде монографиясы және университет студенттеріне арналған оқулығы бар.
2011 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Мұрат Орынханов ҚР Білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалды.
61 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты САВЧЕНКО Александр Георгиевич дүниеге келді.
Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын бітірген. Инженер-механик, саясаттанушы, жоғары және орта оқу орындарындағы әлеуметтік-саяси пәндердің оқытушысы.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды.
«Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық» ордендерімен, ТМД ПАА Кеңесінің Құрмет грамотасымен, төрт медальмен марапатталған.