30 қараша. Қ АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
30 қараша. ЖҰМА |
Барбадостың Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1966). Барбадос Вест-Индияның шығыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Астанасы - Бриджтаун қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - барбадос доллары.
Халықаралық ақпарат қорғау күні. 1988 жылы Америкалық компьютерлік жабдықтар ассоциациясы 30 қарашаны «Халықаралық ақпарат қорғау күні» деп жариялады.
Анджейки (Андрей аттастар күні). Бұл мейрамның атауы «Анджей» (Андрей) есімінен - Польшадағы көп кездесетін ерлер есімінің бірінен бастау алады. Халықтық мерекелерге жататын мейрам 29-ынан 30-ына қараған түні тойланады және оны тек Андрейлер ғана емес, басқалар да атап өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
8 жыл бұрын (2004) «Хромтау-Алтынсарин» жаңа теміржол желісі бойынша қозғалыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа жол республиканың солтүстік-батысындағы теміржол желісінің тұйықталған ұлттық шекарасын құруды аяқтады. Бұл жобаның арқасында республиканың солтүстік және батыс аймағы арасындағы көлік қатынасы 2 мың шақырымға дейін қысқарып, тасымалданатын жүктердің тасымалдау бағасы төмендейді, астық, мұнай, металл және т.б. жүктердің Ақтау айлағы арқылы өтетін халықаралық қатынастағы экспорттық тасымалдаудың қашықтығын азайтады. Ал Ақтау арқылы Азияға, Кавказ елдеріне, Шығыс және Орталық Еуропаға көлік дәліздері ашылады.
Теміржол желісінің жалпы ұзындығы 403,9 шақырымды құрайды. «Хромтау-Алтынсарин» жобасының құны шамамен 30 миллиард теңгеге бағаланған. Бұл соманың 25,5 миллиард теңгесін - республикалық бюджет, ал қалған 4 миллиард теңгеден астамын - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы салды.
314 жыл бұрын (1698) I Петр Ресейдегі ең алғашқы және жоғарғы марапат - Андрей Первозванный орденін бекітті. Орден 1998 жылы қайта жаңартылған. Аталмыш орденмен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев марапатталған.
8 жыл бұрын (2004) Қостанай облысының Арқа стансасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Хромтау - Алтынсарин жаңа темір жол желісі бойынша қозғалыс басталуының салтанатты рәсімі болып өтті. Бұл жол еліміздің солтүстігінен батысына көлік қатынауы қашықтығын 2 мың шақырымға дейін қысқартып, тасымалданатын жүктердің бағасындағы көліктік қосымшаларды азайтады, астық, мұнай, металл және Ақтау теңіз айлағы арқылы өтетін халықаралық қатынастағы басқа да жүктерді экспорттық тасымалдаудағы жол ұзақтығын шектейді, тиісінше, сол жерден сан жаққа қиыстырылған көліктік дәлізбен Азияға, Кавказ елдеріне, Шығыс және Орталық Еуропаға жол ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы - 403,9 шақырым.
8 жыл бұрын (2004) Алматыда Аэронавигациялық оқу орталығы ашылды. Орталық қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылған, өз кітапханалық қоры бар, кәсіби деңгейлері өте жоғары оқытушы және нұсқаушы құрамымен қамтылған. Мұнда Бүкілресейлік радиоаппаратура ғылыми-зерттеу институтында жасалған «Синтез-ТЦ» әуе қозғалысын басқару бойынша кешенді жүйелі тренажер орнатылған.
7 жыл бұрын (2005) Павлодардың Шафер үйі мұражайы қазақтың музыка тарихында өзінің қолтаңбасын қалдырған композитор Евгений Брусиловскийдің 100 жылдығына арнап лазер дискісін шығарды. Онда атақты сазгердің әндері мен романстары, ол өңдеп, нотаға түсірген қазақтың халық әндері жазылған.
Евгений Брусиловский - Қазақстандағы кәсіби музыкалық білім берудің негізін салып, Құрманғазы атындағы консерваторияның ірге тасын қалағандардың бірі. Оның қазақтың халық әндері негізінде жазған «Айман-Шолпан» және «Қыз Жібек» опералары - қазақтың осы саладағы музыка өнерінің қарлығаштары ғана емес, халқымыздың музыка шығармашылығының алтын қорына айналған асыл дүниелер.
7 жыл бұрын (2005) Қызылорда облысындағы ерте замандағы тұрақтарында қазба жұмыстарын жүргізген кезде бірегей заттар табылды. Қазба жұмыстары Жаңадария -Сырдария саласы өзендерінің жағалауында орналасақан Ширек Рабат ескі қаласының аумағында жүргізілді, қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданы. Бұл жұмыстар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде өткізілді. Көлемі 40 гектар жерді алып жатқан екі қатарлы қамал IV-V ғасырларда тіршілік еткен. Бүгінгі таңда ол археологиялық ескерткіштердің тізіміне енген. Қазба жұмыстары кезінде екі метрлік тереңдікте найзаның ұштары, қыш ыдыстары, алтыннан жасалған бұйымдар табылды.
7 жыл бұрын (2005) «Қазақ» теплоходы Ресейдің солтүстік-батысында, Карелиядағы «Онега кеме жасау зауытында» суға түсірілді. «Ресейдің тасымалдау жүйесін 2010 жылға дейін түрлендіру» федералды бағдарламасы аясында жасалған.
Кеме орман ағаштары мен астықтарды, ірі габаритті жүктерді, сондай-ақ, халықаралық стандарттағы контейнерлерді тасымалдауға арналған. Жүк көтергіштігі - 5,1 мың тоннаны құрайтын «Қазақ» кемесінің ұзындығы - 108,33 метр, ені - 16,5 метр, бортының биіктігі - 5,5 метр. «Қазақ» теплоходы Карелия кемелері сериясымен жасалып отыр. ТМД елдері халықтарының құрметіне аталатын бұл сериядағы кемелердің саны 10-ға жеткізілмек.
5 жыл бұрын (2007) Әділет министрлігі мен Қазақстан Республикасы заңнамалар институтының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының Конституциясы - Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Онда жаңадан өзгертулер енгізу арқылы қабылданған Ата заңымызға ғылыми түсініктеменің таныстырылымы болды. «Ата заңымызға енгізілген өзгертулер өте зор мағынаға ие болды және бұл үрдістің маңыздылығы отандық ғалымдармен қатар шетелдік кәсіби мамандардың тарапынан да жоғары бағаланып отыр. Осыған орай Конституциямызды толықтай халықаралық талаптарға сай келеді, әрі республикамыздың одан әрі дамуына оң әсер етеді деуге болады.
7 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Теңізшевройл» ЖШС-інің демеушілігімен «Англо-Каспиан» баспасынан шыққан «Қазақтың киіз үйі» этнографиялық-танымдық көркемсуретті кітаптың таныстырылымы өтті.
«Теңізшевройл» Қазақстанда тек мұнай өндірумен ғана шектелмей, еліміздің мәдени-әлеуметтік саласын дамытуға атсалысып келеді. Атырау, Маңғыстау облыстары тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатында бірталай игілікті шаруаларды тындырды. «Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасына сай, мәдени-тарихи және рухани мұрағаттарды жаңғыртып, оны келешек ұрпақтың еншісіне қалдыру үшін осы елде жасалып жатқан ауқымды жұмысқа қосқан үлесімізді қабыл алыңыздар», деді «Теңізшевройл» кәсіпорнының бас директоры Александр Корнелиус. Қаламгер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков «күні кеше киіз үйде туып-өскен өскен қазақ баласы үшін осынау ұлттық мақтанышымызды мұхиттың әр жағынан келген кәсіпкерлердің дүниежүзілік құнды мәдени мұра ретінде бағалап отырғаны ата-баба аруағының асқақтағаны деп білеміз», деді. Ғалым, қаламгер Асқар Егеубаев киіз үйдің этнографиялық маңызына тоқтала келіп, «қазақ атам көбіне алты қанат ақ орданы тұтынып келді. Алты қанаты - Алты Алаш қазақ баласын, ал 92 уық 92 рудың баласын бір күмбез, бір шаңырақ астына жинау белгісін білдіреді», деді ол.
7 жыл бұрын (2005) Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының «Қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін» үкіметтік емес орденімен марапатталды. Орденді Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті Олег Кузнецов, вице-президенттері Юрий Рахманин және Валентин Цой тапсырды.
Ресейдің жаратылыс ғылымдары академиясының президенті, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Олег Кузнецов атап айтқандай, Президент Нұрсұлтан Назарбаев шын мәнінде көп ұлтты Қазақстанның ғана емес, Ресейдің, бүкіл ТМД елдері қоғамының дамуына да үлкен үлес қосқан адам. Оның айтуынша, аталмыш академияның бұл ордені шетелдік Мемлекет басшысына бірінші рет беріліп отыр. Орденнің бет жағында жанып тұрған алау - көшбасшылықтың белгісі, онда «Pro bono publiko - жалпы барлығының жағдайы үшін» деген мағынаны білдіретін сөз жазылған.
7 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты ғалымдарының жарық көрген зерттеу еңбектерінің тұсаукесері болды.
Экономикалық дамудың өзекті мәселелері мен халықаралық экономикалық ұйымдармен қатынас «Қазақстан Республикасы экономикалық реформаларының стратегиясы» деп аталатын тағы бір ұжымдық еңбекте қарастырылған. Жалпы мұндай іргелі зерттеу ел тарихында алғаш рет жазылып отыр деуге болады. Ал, бөлім меңгерушісі Антон Морозовтың «Қазақстан тәуелсіздік жылдарында» деп аталатын жеке зерттеуі бүгінгі Қазақ мемлекетінің жалпы бет-бейнесін көрсетуге арналып отыр.
5 жыл бұрын (2007) Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында көрнекті қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың екі томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.
Сағат Әшімбаев қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өзіндік із қалдырған танымал тұлға. Оның «Елорда» баспасынан шыққан екі томдық жинағында әдебиет сыншысының оқырман қауымға кеңінен танымал, қазақ сын жанрына жаңа бетбұрыс әкелген, оның дамуына кең өріс ашқан терең ойлы сыни мақалалары мен зерттеулері, философиялық ой-толғаныстар мен шығармашылық жолындағы өзге де туындылары жинақталған. Шығармалардың екінші кітабында автордың әдебиет әлеміне өшпес мұра қалдырған, ұлы тұлғалар туралы зерттеулері және эссе сипатындағы көркем дүниелері топтастырылған.
Сағат Әшімбаев 1947 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Оның алғашқы тырнақалды мақалалары баспасөз бетіне 1966-1967 жылдары аудандық «Советтік шекара», облыстық «Жетісу» газеттерінде жарияланған. Еңбек жолын 1969 жылы «Жас алаш» газетінің әдебиет және өнер бөлімінде әдеби қызметкер болып бастап, кейін сол бөлімнің меңгерушісі болған. 1973-1979 жылдары - «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, алқа мүшесі, «Жас алаш» газеті редакторының орынбасары. 1979-1986 жылдары - Бүкілодақтық авторлық құқық агенттігі (ВААП) Қазақ бөлімшесінің бастығы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің алқа мүшесі, КСРО Жазушылар одағы жанындағы сын кеңесінің мүшесі. 1986-1991 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болған. Ол 80-ші жылдардың басынан теледидарда «Жүректен қозғайық» атты бірнеше жылға созылған тізбекті бағдарламаның жүргізушісі болған. Ал өзі теледидарға қызметке келген тұста, осы хабарлардың заңды жалғасы ретінде «Парыз бен қарыз» атты авторлық бағдарламасын енгізіп, оны бірнеше жыл тұрақты түрде жүргізіп отырды. Оның Қазақстаннан тыс тұратын қандастарымыздың арасында түсіріп қайтқан «Қауышу» хабары да кезінде өте жоғары бағаланды.
Әшімбаевтың негізгі тақырыбы - сын жанры. Оның қаламынан туған зерттеу-талдау тұжырымы, көңілге қонымды сын мақалалары мерзімді баспасөз бетінде жүйелі жарияланып тұрды. Сыншының «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлык», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік» атты кітаптары жарық көрген.
Әшімбаевтың есімі Райымбек ауданындағы орта мектепке және Алматы қаласындағы бір көшеге берілген. Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағы тағайындаған С.Әшімбаев атындағы ең үздік телехабарларға берілетін жүлде бар.
3 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы Конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
ЕСІМДЕР
144 жыл бұрын (1868-1906) түркітанушы, Санкт-Петербор университетінің профессоры МЕЛИОРАНСКИЙ Платон Михайлович дүниеге келді.
Санкт-Петербор қаласында туған. Санкт-Петербор университеті шығыстану факультетінің араб, парсы-татар тілдері бөлімін бітірген. Ғылыми-зерттеу еңбектері түркі тілдерінің тарихы мен көне ескерткіштерін және ауыз әдебиеті үлгілерін тілдік тұрғыдан талдауға арналған. Ғалым Орынбор мен Торғай облысы қазақтарының тілі мен ауыз әдебиетін зерттеп «Қазақ мақалдары мен жұмбақтары» және екі бөлімнен тұратын «Қазақ-қырғыз тілінің қысқаша грамматикасы» еңбектерін жазды. Аталмыш еңбектің «Синтаксис» бөлімі француз тіліне аударылды. 1904 жылы Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының нұсқасына жасаған текстологиялық талдау еңбегі Санкт-Петербор қаласында жарық көрді. Оның тағы бір зер салған мәселесі түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасын жасау ісі болды. Осы ретте ол тарихи-этнографиялық, лингвистикалық түсінік бере отырып, оннан астам ескерткіштің мәтінін жариялады. Ол көне Орхон жазуларының мәтінін аударып, оларға лингвистикалық тұрғыдан талдау жасады. Мелиоранский түркітанушылар арасындағы алғашқы лингвист-ғалым болды және еңбектерін қазақ тілі материалдары негізінде жазды.
98 жыл бұрын (1914-2001) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-і ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЩЕРБА Григорий Никифорович дүниеге келген.
Украинада туған. Қазақ тау-кен институтын (қазіргі ҚазҰТУ) бітірген.
1937-1948 жылдары «Қазтүстіметалбарлау» тресінде аға және бас инженер. 1948-1958 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясы Геология ғылымдары институтының аға ғылыми қызметкері, директордың орынбасары, бөлім, лаборотория меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ғалым Сарыарқаның металлогенді және болжам картасы авторларының бірі. Ол жер қыртысының түзілуі мен дамуы теориясына жер қыртысының сатылық дамуы бағытын енгізді. 330-дан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 28 монографияның авторы.
Ленин, Казақ КСР-і және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері және бірнеше медальдармен марапатталған.
73 жыл бұрын (1939-1999) экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі АУЫТОВ Рахымжан Рахмединұлы дүниеге келген.
Алматы қаласында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтының ассистенті, доценті, факультет деканы, кафедра меңгерушісі болды. 1995 жылдан Қазақ мемлекеттік баскару академиясының профессоры.
Ол агрокешендердің экономикалық тиімділігін арттырудың бағдарламасын, ауыл шаруашылығы ұжымдарын шаруашылық есепке көшіру және ұжымдық мердігерлік пен жалгерлікті енгізудің ғылыми жобасын жасады. Сондай-ақ ол Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына нарықтық қарым-қатынастарды енгізу, ұжымдарды мемлекеттік қарамағынан алу, жалға беру, жекешелендіру жолдарын ғылыми тұрғыдан зерттеді.
64 жыл бұрын (1948) ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті, ҚР Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасы - ЦСКА бастығы НОВИКОВ Павел Максимович дүниеге келді.
Тәжікстанның Гиссар қаласында туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының инженерлік-құрылыс факультетін бітірген. Кеңес Одағының Маршалы И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін сырттан оқып бітірді. Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының спорт факультетін бітірген.
1972 жылдан КСРО Қарулы Күштері қатарында мерзімді әскери қызметте болды. 1974 жылдан Қарулы Күштерде әскери қызметте болды (қатардағы жауынгерден генералға дейін): 42-ші спорт ротасының спортшысы, спорт клубының жаттықтырушы-нұсқаушысы, спорттық рота командирі, армияның 12-ші спорт клубы бастығының орынбасары. 1987 жылдан - Орта Азия әскери округі армия спорт клубының бастығы. 1990 жылдан КСРО Қоғаныс министрлігінің ЦСКА Алматы филиалының бастығы. 1992 жылдан ҚР Қорғаныс министрлігінің ЦСКА бастығы. Қазақстан футбол одағы техникалық комитетінің төрағасы. ҚР теннис федерациясы мен жеңіл атлетика федерациясының президенті.
КСРО спорт шебері. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы. ІІІ дәрежелі «Отанға қызмет еткені үшін», «Қызыл жұлдыз», «Құрмет», «Даңқ» ордендерімен, 18 медальмен, ҚазақКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған.
28 жыл бұрын (1984) спортшы, жеңіл атлет, ҚР олимпиадалық құрамасының мүшесі, Лондон олипиадасында секіруден алтын медаль иегері РЫПАКОВА Ольга Сергеевна дүниеге келді.
Өскемен қаласында туған. Қазақ спорт және туризм академиясының олимпиадалық спорт түрлері факультетін бітірді, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы-оқытушы.
1994 жылдан Өскемендегі №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жеңіл атлетикадан спортшысы. 2000 жылдан Өскемен қаласындағы «Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резервтер спорт мектебінде спорттық дайындықтан өтті.
XVI Азия ойындарының алтын, күміс жүлдегері. ҚР көпсайысынан бірнеше мәрте жеңімпазы және жүлдегері. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында (Венгрия, 2001) 4-орын алды, әлем чемионатының күміс жүлдегері (Ямайка, 2002); І Азиялық жетісайыс ойындарының чемпионы және басқа да көптеген халықаралық жарыстарда жеңімпаз және жүлдегер атанды. Бейжің Олимпиадасында 4-орынды иеленді.
138 жыл бұрын (1874-1965) британ мемлекет және саяси қайраткері, Нобель сыйлығының лауреаты Уинстон дүниеге келді.
78 жыл бұрын (1934-2009) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, КСРО халық әртісі НЕВИННЫЙ Вячеслав Михайлович дүниеге келді.
76 жыл бұрын (1936) кеңестік және ресейлік тележүргізуші, телевидение дикторы, РСФСР еңбек сіңірген әртісі ЖИЛЬЦОВА Светлана Алексеевна дүниеге келді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін