Осыған орай, жазықсыз атылған қазақтың үш қызы туралы тың дерек ұсынамыз. Бұл туралы "Сұрауы бар" бағдарламасында айттылды, деп жазады Caravan.kz медиа-порталы.
Қазақстанды Кеңестер одағынан аластатуды көздеді деп айып тағылған Шахзада Шонанова. Кеңес билігі оған С.Сәдуақасов, Т.Жүргеновтермен байланыста болған 1936 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университеті ғимаратын өртеген, ұйымның төңкерістік және террористік бағыттағы жоспарларымен таныс болған, мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне кері әсерін тигізген деген сылтаумен қудалауға ұшыратады. Шахзаданы тап жауының қызы деп оқудан да шығарып жіберген. Оның жары Телжан Шонановтан кейін қисынсыз жала жабылып Шахзада Шонанова да атылады.
"Шахзаданың арғы тегі осал емес. Ханның тұқымы. Әбілқайырдың ұрпағы. Өзінің тікелей атасы Бақытжан Қаратаевтар атақты дума депутаты болған. Міне осындай ортадан шыққан. Білім алған. Оқыған. Өте көптеген жерлерде жұмыс істеген. Ғалым хатшы болып, ғылыми қызметкер болып. Кейін ол алаштың біртуар лингвист ғалымы Ахмет Байтұрсынның шәкірті атақты тілші ғалым Телжан Шонанұлының жұбайы болған.
Айыпталу актілеріне келер болсақ, біріншіден байдың тұқымы деп, онан кейін Алашордашының әйелі деген мәселе бар. Жұмыс орны, қызметтік ғимаратты өртеді деген жала жабылған", — дейді тарихшы.
Қазақстанды Кеңес үкіметінен бөліп алып кетуге ұмтылғандардың бірі Торғай Сүлейменова. Сол кездегі билік оған колхоздарда төңкерісшіл кадрларды дайындады. 1404 рубльды жымқырды. Колхоздағы мал басын кемітіп 45 пайызға қысқартты деген айып тағылған. 1937 жылда атылған.
"Торғай Сүлейменова Қарағанды облысының ауданында колхоз жұмысын ұйымдастыру деген нәрселерге белсенді болған. Күйеуі де сол ауылдың ел ағасы атанған азамат. Сол екеуі колхоздағы жұмыстарға байланысты шаруашылықты бүлдірді, әдейі орындамады жоспарды, Кеңес одағына кесірін тигізді деген айып тағылады", — деген.
Шала сауатты, қарапайым колхозшы әйел Мәмила Таңатова да қарапайым шаруа болса да ату жазасына кесілген. Бірақ қылмыс құрамы анықталмағандықтан 1957 жылы ақталған.
"Мәмила Таңатова туралы деректер өте аз. Бұл болашақта әлі де зерттеледі. Менің ойымша Қазақстандағы архив емес Ресейдегі немесе шетелдегі архивтерден шығады ғой деп ойлаймын. Өйткені біздің тарихымыздағы көптеген құжаттар, материалдардың барлығы шетелде архивтерде сақталып жатыр", — деді Заңғар Кәрімхан.