Сағат ауыстыру ҚР үкіметінің 2000-жылғы 23-қарашадағы «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. 31-қазанда түнгі сағат 3 -те сағат тілін бір сағатқа кері шегеру қажет.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстанның түрлі аймақтарында уақыт есептеу үрдісін өзгертуге сәйкес, уақыт өзгерту аясына Қостанай және Қызылорда облыстары қамтылмайды. Сөйтіп, республикамызда бұған дейін қолданылып келгеніндей, үш уақыт белдеуінің орнына екі белдеу енгізіледі. Бұл шара ҚР үкіметінің 2004-жылғы 15-қазандағы қаулысына сәйкес енгізіліп отыр. Қаулы бойынша «Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі әкімшілік жұмыстарды үйлестіруді жеңілдету үшін» үкіметтің 2000-жылғы 23-қарашадағы және 2004-жылғы 20-шілдедегі қаулыларына өзгеріс енгізілген.
Осы қаулы бойынша 2005-жылғы көктемде «жазғы» уақыт режиміне көшкенде Ақтөбе облысында «қысқы уақыт» сақталып қалады. Сөйтіп, бүкіл батыс Қазақстан аумағында Астана уақытынан екі сағат кем уақыт күшіне енеді.