4 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
4 қараша.  АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

4 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

4 қараша. ЖЕКСЕНБІ

  • 4 Қараша 2012
  • 753
Фото - Caravan.kz

Ресей Федерациясы халықтарының бірлігі күні. Бұл мейрам 1612 жылғы қарашаның 4-індегі Козьма Минин мен Дмитрий Пожарский бастаған халық жасақтарының Мәскеуді поляк интервенттерінен азат ету оқиғасын есте сақтау мақсатында бекітілген. Мәскеу Патриархатының мәліметі бойынша қарашаның 4-і Ресейде 17-ші ғасырдан ұлттық мейрам, бірақ сол кезеңнің дәстүрі бойынша жасақтардың поляктармен шешуші ұрыс алдындағы ғибадат етуі Қазан Құдай Анасы Иконы күні деп аталған.

Панама туы күні. 1903 жылғы 3 қарашада енгізілген, 1904 жылғы 4 маусымда мақұлданған. Панама туындағы көк пен қызыл түс — саяси партиялардың (консерваторлар мен либералдар) белгісі, ал олардың ортасындағы ақ түс арадағы бейбітшілікті бейнелейді.

Армениядағы әлеуметтік қызметкерлер күні. 2009 жылдың басында Армения үкіметі 4 қарашада аталып өтетін Әлеуметтік қызметкерлер күні туралы жариялады.

Италияның ұлттық бірлігі күні. Бұл күн Отан үшін қаза болғандар құрметіне арналған. 1922 жылы бұл мейрам «Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні» деп аталып, Қарулы күштер мейрамы болып өзгертілген және 1977 жылға дейін осы атаумен аталып келген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

60 жыл бұрын (1952) «Қазақстан мұғалімі» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым бастауыш және орта мектептердің мұғалімдері мен педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Айына екі рет шығады.

13 жыл бұрын (1999) Алматыдағы София Ковалевская атындағы көше композитор Нұрғиса Тілендиев атындағы көше болып өзгерді.

12 жыл бұрын (2000) Қарағанды қаласында ақын, жырау, жыршы Жамбыл Жабаев ескерткіші ашылды.

12 жыл бұрын (2000) Алматы мен Астанада «Столичная жизнь» газеті шыға бастады.

12 жыл бұрын (2000) Астана қаласының іргесіндегі Рождественка ауылының маңында қолбасшы, дарабоз батыр Қабанбай кесенесінің ашылу салтанаты өтті.

69 жыл бұрын (1943) Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының негізі қаланды.

8 жыл бұрын (2004) Кенияның Қазақстан Республикасындағы және Мексика Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшілері Қазақстан Мемлекеттік хатшысына Сенім грамоталарын табыс етті.

8 жыл бұрын (2004) Астанада «ЖҚТБ/АҚТҚ кеселдеріне байланысты заңдылық пен адам құқықтары мәселелері бойынша халықаралық ұсыныстарға шолу» тақырыбында семинар өтті. Семинар жұмысына ЮНИСЕФ-тің Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы өкілі, ЮНИСЕФ-тің Астанадағы кеңсесінің басшысы, ЮСАИД ОАА-дың денсаулық және білім беру кеңсесінің жұқпалы аурулар жөніндегі кеңесшісі, Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы БҰҰ-ның ЖҚТБ/АҚТҚ бойынша біріккен бағдарламасының мемлекетаралық кеңесшісі және ҚР Парламенті Сенатының депутаттары қатысты. ЖҚТБ/АҚТҚ кеселінен жапа шеккен адамдардың мұқтаждықтары мен сол кеселге қатысты заңдылықтар жайы, ЖҚТБ жұқтыру қаупіне бейім топтар өкілдерінің осалдығы жайттары, жастардың ақпарат пен алдын-алу бағдарламаларына қол жетімділігі мәселелері талқыланды.

8 жыл бұрын (2004) Алматыда белгілі қазақстандық суретші Айжан Бекқұлованың «Бес ай» атты жеке көрмесі болып өтті. А.Бекқұлова — Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының және WCC (World Craft Council — Дүниежүзілік Суретшілер-Қолданбалы өнер шеберлері одағының) мүшесі. Ол 1994 жылы Алматы театр-өнер институтын бітірген. Еңбектері Қазақстанның, Италияның, Кореяның, АҚШ-тың мұражайларына қойылған және әлемнің көптеген елдеріндегі жеке қорларда да сақтаулы.

8 жыл бұрын (2004) Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігінің қолдауымен Қазақстан Жастар конгресі дайындаған «Мемлекеттік қызмет мектебі» арнайы жобасының аумағында мемлекеттік қызмет мектебі ашылды. Мемлекеттік қызмет мектебі ашылуының мақсаты — түрлі мемлекеттік мекемелерде тәжірибеден өту жолымен жас мамандарға жұмыстың қыр-сырын іс жүзінде меңгеруге мүмкіндік жасау.

6 жыл бұрын (2006) Оралда қазақтың көрнекті әншісі әрі композиторы Мұхит Мерәліұлының (1841-1918) туғанына 165 жыл толуы құрметіне халықаралық айтыс өтті. «Кейінгі ұрпақтарым есіне алар» тақырыбымен өткен ақын-жыраулық өнер шеберлерінің сайысында Батыс Қазақстан облысының ақыны Бауыржан Халиолла жеңімпаз атанды. Ол — дарынды баларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11-інші облыстық мектеп-интернаттың және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі.

7 жыл бұрын (2005) «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамының қызметкерлері кәсіпорынның 40 жылдығын өз әнұранымен атап өтті. Акционерлік қоғам жариялаған музыкалық байқаудың жүлдегері — павлодарлық сазгер әрі әнші Бақытжан Жұмаділдинов.

7 жыл бұрын (2005) Астанада «Қазғарыш» мектеп-лицейі ресми түрде ашылу рәсімі өтті, онда ғарыш ғылымдары тереңдетіліп оқылатын болады. Ашылу рәсіміне тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, «Қазғарыш»ҰК» акционерлік қоғамының және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің өкілдері қатысты.

7 жыл бұрын (2005) қазақтың белгілі ақыны Асқар Тоқмағамбетовтың 100 жылдық мерейтойына орайластырылған «Дейді екендер дейді екен» атты оның шығармалар жинағы жарық көрді. Асқар Тоқмағамбетов орыс тіліндегі көтерілісшілер өлеңдерін қазақ тіліне алғашқы болып аударды. Ол ақындық жолының алғашқы кезеңінде Отан қорғау, интернационализм тақырыбына арналған шығармалар жазған. Асқар Тоқмағамбетов қазақ поэзиясында поэма жанрын дамытуға елеулі үлес қосқан ақын. Оның поэмаларын тақырыбы, түрі жағынан төрт топқа бөлуге болады: ауыл өмірі («Хат», «Бақыт кілті», «Қаскелең», «Өмірге жол», «Агроном көктемі»т.б.); елімізге еңбегі сіңген тарихи адамдарға арналған («Батыр Әли», «Ақын тағдыры», «Кремль сақшысы» т. б.);

3 жыл бұрын (2009) Талдықорғанда Қазақстан Республикасының Президенті туралы кітаптың таныстырылымы болды. Жинақтың таныстырылымы Талдықорғанда қала партия активінің қатысуымен әкімдіктің үлкен залында өтті. Жинақ авторлары — Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі, «Нұр Отан» ХДП Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсия Ахметова, көркемсурет мектебі бастауыш партия ұйымының төрағасы Сейіт Ысқақов, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Серікқали Мырзатаев. Жинақта Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жас мемлекеттің қалыптасуындағы рөлі туралы айтылған және Қазақстанның әлемге танылған жетістіктері көрсетілген.

ЕСІМДЕР

114 жыл бұрын (1898-1980) композитор, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері МАЦУЦИН Дмитрий Дмитриевич дүниеге келді.

Верный (қазіргі Алматы) қаласында туған. 1926 жылы Мәскеу консерваториясының хор-дирижерлік факультетін профессор П.Чесноковтың класы бойынша, ал 1930 жылы этнография бөлімін профессор А.Кастальскийдің класы бойынша, 1935 жылы осы консерваторияның аспирантурасын профессор Д.Данилиннің жетекшілігімен бітірген. 1933 жылы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасына музыка жаза отырып, Қазақстандағы шығармашылық жұмысын бастады. Осы жылдардан бастап Мацуцин Қазақ драма театрының музыкалық жетекшісі, филармонияның хор дирижері болып, ұйғыр театрының оркестрін басқарды. Сондай-ақ 1935-1941 жылдары Алматы музыка училищесінде ұстаздық етті. 1944-1958 жылдары Құрманғазы атындағы консерватория мен музыкалық училищедегі педагогтік қызметін жалғастырды. Мацуцин ұлттық музыка мамандарын тәрбиелеуде елеулі еңбек сіңірді. Ол қазақтың 100-ден аса ән-күйін дауыс пен фортепиано үшін және хорға өңдеп жазды. Ұлттық театрларда қойылған: С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», Ә.Тәжібаевтың «Майра», Ә.Әбішевтің «Кім менің әкем?», т.б. пьессаларға және орыс, ұйғыр драмаларына, симфониялық оркестрлерге арнап музыка жазды. Оның скрипкалық триоға арнаған «Қазақ әуендері» сюитасы, қазақ әндері тақырыбында фортепианоға арнап жазған 12 пьесасы бар.

Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

84 жыл бұрын (1928) түркітанушы, тарих ғылымының докторы, профессор КЛЯШТОРНЫЙ Сергей Григорьевич дүниеге келді.

Санкт-Петербор мемлекеттік университетін бітірген. 1957 жылдан КСРО Ғылым академиясының Ленинград бөлімі Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, түрік-моңғол секторының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғалымның Ресей және шет ел баспаларында 500-ден аса ғылыми еңбектері жарық көрген. Ол Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан тарихына қатысты ұжымдық бірлескен іргелі еңбектер мен монографиялар жазған.

Қырғызстанның «Манас» орденімен марапатталған.

88 жыл бұрын (1924-1991) ақын, әдебиеттанушы, филология ғылымының кандидаты ЫСҚАҚОВ Бүркіт дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Қарағанды облысының Нұра ауданында туған.

Қарағанды оқытушылар институтын, Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Қазақ КСР Ғылым Академиясының аспирантурасын бітірген.

Қарағанды облыстық газетінде әдеби қызметкер, республикалық «Пионер», «Білім және еңбек» журналдарында бөлім меңгерушісі, «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1969 жылдан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болған.

Онға жуық жыр жинақтардың, бірнеше монографияның авторы. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, В.В.Маяковский, И.Франко, Н.Хикмет, С.Вургун, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған.

83 жыл бұрын (1929-1992) әнші, Қазақстанның халық артисі ӘБУСЕЙІТОВ Суат Әуезбекұлы дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған.

Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория) бітірген.

«Қазақфильм» киностудиясында, Қазақ ән-би ансамблінде, Қазақ теледидары мен радиосының эстрадалық оркестрінде әнші болды.

Әбусейітов әншілік өнерде өз орындаушылық мәнерін танытты. Оның репертуарында Қазақстан композиторларының «Тербеледі тың дала», «Алатау», «Баянауыл», «Ауылым», «Екі жирен», «Жеңеше», орыс классиктері П.И.Чайковскийдің, Н.А.Римский-Корсаковтың романстары болды.

1957 жылы Мәскеуде өткен Дүние жүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

48 жыл бұрын (1964) әҚазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры НӨКЕТАЕВА Динар Жүсіпәліқызы дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған. 1986 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтын бітірген. Еңбек жолын 1986 жылы Алматы облысының Іле, Жамбыл аудандарында балабақша тәрбиешісі, химия пәнінің мұғалімі болып бастады. 1992 және 1993 жылдары Жамбыл аудандық атқару комитетінде жастар ісі бойынша инспектор, аға референт болып қызмет істеді. 1994 жылдың қаңтарынан 1999 жылдың қазанына дейін Жамбыл ауданы әкімшілігінің референті, аудандық мәслихаттың жетекші маманы қызметтерін атқарды. 1999 жылдың қазанынан бастап Жамбыл ауданы мәслихатының Хатшысы болды. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты 2008 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы 2011 ж. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры қызметін атқарып келеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік награда «Құрмет» орденімен, сонымен бірге «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «ҚазақстанРеспубликасының Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006 ж.) мерекелік медалдармен марапатталды.

97 жыл бұрын (1915) журналист, әдеби мұраларды жинаушы ДУЛАТОВА Гүлнар Міржақыпқызы дүниеге келді. Орынбор қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (қазіргі С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университет) бітірген. 1939-1987 жылдары — дәрігер-дерматолог қызметін атқарған.

Ол «Алаш» қозғалысының қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар туралы деректерді алғаш жариялаушы. Алматыдағы Орталық мұражайға, Торғайдағы, Семейдегі, Астанадағы мұражайларға саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты олардың жеке заттарын, кітаптар, суреттер, хаттар мен құжаттар, т.б. көптеген экспонаттар тапсырған. Баспасөзде Дулатованың очерктер мен эсселері 1988 жылдан жариялана бастады. «Свет истины» («Шындық шырағы») кітабы 1995 жылы, 1999 жылы екі томдығы жарық көрді. Сондай-ақ, ол әкесінің «Оян қазақ!» (Алматы, 1989) кітабын, 2 томдық шығармалар жинағын (Алматы, 1996, 1997), 5 томдық шығармалар жинағын (Алматы, 2004) құрастырушыларының бірі.

37 жыл бұрын (1975) «Қазына Капитал Менеджмент» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы ЖАНҒОРАЗОВ Борисби Ибрагимұлы дүниеге келді. Астана қаласында туған.

Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетін, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын бітірген. 1999 жылы кәсіби еңбек жолын «Ernst&Young» аудиторлық компаниясында бастаған. 2004-2006 жылдары «Большой Четверки» (Big 4) компаниясында лауазымды қызметтер атқарып, «Grey Worldwide» агенттігінің қаржылық директоры болған. 2006-2008 жылдары — Қазына» тұрақты даму қоры акционерлік қоғамының корпоративтік қаржылар департаментінің директоры, «Ұлттық инновациялық қоры» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бастап — қазіргі қызметінде Көптеген венчурлық компаниялардың Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі. 2010 жылдан Қазақстандағы KazVenture атты тікелей инвестициялар мен венчурлық капитал қауымдастығының президенті.
Қазіргі қызметінде — 2012 жылғы наурыздан бері.

228 жыл бұрын (1784-1834) ресей сәулетшісі, 1812 жылғы өрттен кейін Мәскеуді қалпына келтірген БОВЕ Осип Иванович (настоящее имя Джузеппе Бова) дүниеге келді.

200 жыл бұрын (1812-1857) грузин княгинясы, орыс драматургі және дипломаты Александр Грибоедовтің әйелі ЧАВЧАВАДЗЕ Нино (Нина Александровна) дүниеге келді.

132 жыл бұрын (1880-1957) түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО ҒА мүше-корреспонденті, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер МАЛОВ Сергей Ефимович дүниеге келді.

118 жыл бұрын (1894-1948) кеңес әскери қолбасшысы, бронды танк маршалы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры РЫБАЛКО Павел Семенович дүниеге келді.

76 жыл бұрын (1936) 1976-1993 және 1997-2002 жылдардағы Мадагаскар президенті Дидье РАЦИРАКА дүниеге келді.

56 жыл бұрын (1956-1991) кеңес әншісі, әндер авторы, киноактер ТАЛЬКОВ Игорь Владимирович дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар