Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Әлеуметтік желіде Ораз Әлімбеков есімді азамат терроршылардың мәйітті ұрлады дегеніне қатысты пікір білдірді.
"41 мәйітті ұрлап кеткен кім?
Алматы полициясының басшысы Қанат Таймерденовтың қаладағы мәйітханаларға терроршылар "7 рет шабуыл жасап, 41 адамның денесін ұрлап кетті" деген сөзін түсіне алмай дал болып отырмын. "Ақша, алтын-күміс, қымбат смартфондарды ұрлап кетті" десе, ақылға қонады. Терроршыларға мәйіттің не керегі бар, а?!
41 мәйіт дегенің 41 бөренедей ауыр болады емес пе, бір КамАзға жүк болады ғой. Мақұл, "алып кетті" дейікші. Қайда алып кетті? Шекарадан алып өтіп кетті ме? Әлде, бір зиратқа апарып, жаназа оқып көмді ме? Бір мәйіт болса, бірсәрі, бұтаның түбіне көміп жасыруы мүмкін. Ал 40 мәйітті қалай жасырады, а?!
Сәл болса билік халыққа "алып-қашпа сөзге емес, ресми ақпаратқа сеніңдер" деп қақсайды. Ертегі емес немесе анекдот емес мынандай мәлімдеме ақылға сыймайды ғой. Сонда "ұрланған 41 мәйіт" жөніндегі әпсана кімге керек?Онымен қандай статистиканың кетігін түзетпекші?", деп жазды.