Халықаралық мүгедектер құқын қорғау күні. 1992 жылы Бас Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының мүгедектердің онжылдығы соңында (1983-1992 жылдары) Халықаралық мүгедектер күнін жариялады. Халықаралық мүгедектер күнін атап өту олардың мәселелеріне көңіл бөлуге, қадір-қасиетін, құқығы мен аман-саулығын қорғауға, мүгедектердің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірге қатысуынан қоғамға келетін басымдылыққа назар аударуға бағытталған.
Еуропа күні. 1949 жылдан аталып өтіледі. Осы күні Еуропа Кеңесі құрылды.
Қырғыз Республикасының Ұлттық мейрамы — Конституция күні. 1993 жылғы мамырдың 5-інде елдің жаңа Конституциясы қабылданды. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанның 15-інде орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
95 жыл бұрын (1917) патша тақтан тайғаннан кейін құрылған Уақытша үкімет тыл жұмысына алынған азаматтарды қайтару туралы жарлық шығарды.
19 жыл бұрын (1993) Вашингтондағы Дүниежүзілік банктің штаб пәтерінде Арал теңізінің проблемаларына арналған халықаралық семинар өтті.
17 жыл бұрын (1995) Жамбыл облысы Жуалы ауданының Мыңбұлақ ауылында Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының мұражайы ашылды.
6 жыл бұрын (2006) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында академик Ахмет Жұбановтың 100 жылдығына орай, оның бұдан бұрын жарияланған «Құрманғазы» атты еңбегінің негізінде құрастырылған «Құрманғазы» атты жинақтың таныстырылымы өтті. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Өлке» баспасынан шыққан жинаққа Құрманғазы туралы жаңадан табылған өмір деректері мен күйлері енген. 1 мың дана таралыммен шыққан туынды барлық өнерсүйер қауымға, күйшілер мен музыка зерттеушілеріне, сондай-ақ оқытушылар мен студенттерге арналған.
87 жыл бұрын (1925) Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы әйелдер бөлімі шығарған «Азат әйел» газеті негізінде «Теңдік» газетінің алғашқы саны шықты. 1955 жылдан бастап «Қазақстан әйелдері» деген атпен журнал болып шыға бастады.
24 жыл бұрын (1988) КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен Екібастұз қаласында туған Кремениш Николай Иванович Ауғанстанда көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
19 жыл бұрын (1993) Вашингтондағы Дүниежүзілік банктің штаб-пәтерінде Арал теңізіне арналған халықаралық семинар өтті. Онда Арал теңізінің қайта түлеуін қамтамасыз ететін деңгейде тұрақтандыру жөнінде төрт тармақтан тұратын бағдарлама қабылданды.
3 жыл бұрын (2009) Елордалық «Жастар» сарайында «Көлеңке» деп аталатын Астанада түсірілген жаңа фильмнің премьералық көрсетілімі өтті.
Криминалдық драма тағдыр тәлкегімен түрлі жолмен кеткен екі достың өмірін баяндайды. Кейіпкерлердің бірі полиция қызметкері, екіншісі — мафиялық топтың жетекшісі.
Режиссері — Ренат Елубаев. Фильмге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Асылболат Ысмағұлов пен «101» тобының әншісі Ербол Жайлауов түскен.
26 жыл бұрын (1986) Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың мұражайы ашылды. Мұражай жыл сайын 30 мыңға жуық адам қабылдайды. Мұрағаттар саны 7 мыңнан асады. Олардың қатарында КСРО Төралқасының төрағасы М.Шверниктің Әлияның әкесі Сарқұл Нұрмағамбетовке жолдаған жауап хаты, Әлия оқыған Псков облысындағы Вятск орта мектебіндегі 7-ші сыныбының сабақ үлгерімі журналының түпнұсқалары, Кеңес Одағы Батырының Грамотасы, Әлия ерлікпен қаза тапқан ұрыс даласының ақтөбелік суретші В.В.Шукин жасаған көрінісі (диорама), «Әлия» кемесінің макеті, майданнан әкелінген қару-жарақтар, Әлия ерлігі арқау болған оннан астам кітаптар, елге жазған хаттарының көшірмесі, т.б. ерекше көз тартады. Мұрағаттар қоры жылма-жыл толығуда. Өлкетанушы, мектеп мұғалімі С.А.Сысоенко бастаған «Әлия» іздестіру тобы жаз айларында Новгород, Псков, Калуга облыстарына сапар шегіп, ұрыс даласынан табылған құнды дүниелерді әкеліп тапсырады. Батырдың туған жері Қобда ауданындағы Әліпбайсай ауылында мұражай филиалы жұмыс істейді. Оны ұйымдастырып, мұрағаттарын толықтыруға өлкетанушы Ғ.Байдербес салмақты үлес қосты. Әр жылдарда болған мемлекет қайраткерлері, жазушылар, мәдениет өкілдері қолтаңба қалдырған. Олардың арасында Елбасы Н.Ә.Назарбаев, көрнекті жазушы Ә.Кекілбаев, аса көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Д.А.Қонаев, халық әртістері Р.Бағланова, Р.Рымбаева, Кеңес Одағының Батыры И.Прохоров, ақын-жазушылар Ф.Оңғарсынова, А.Жағанова, Мұрат Аджи, Т.Молдағалиев, Б.Тәжібаев, театр саңлақтары С.Майқанова, Ә.Молдабеков, сазгерлер С.Бәйтереков, Е.Хасанғалиев, т.б. бар.
21 жыл бұрын (1991) «Табиғат» экология одағы құрылды. Төрағасы Мэлс Елеусізов. Осы экологиялық одақ 2002 жылы мәртебелі Global-500 сыйлығына ие болған.
ЕСІМДЕР
69 жыл бұрын (1943) Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың вице-президенті, жазушы ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ Серік дүниеге келді.
Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен бастаған. 1979-1986 жылдары — «Өнер» баспасының бас редакторы. 1986-1990 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында бөлім меңгерушісі. 1990 жылдан «Санат» (1993 жылға дейін «Қазақ университеті» аталған) баспасының директоры. Ол түрік жазушысы Орхан Кемальдың «Тұңғиықта» романын, орыс қаламгері Б.Васильевтің «Мансап пен махаббат», О.Серовтың «008 агенттің күйреуі» эстон жазушысы Пауль Кусбергтің «Монолог» повестерін, орыс әншісі Ф.Шаляпиннің «Перде жамылған пенде» естелігін және батыс, шығыс жазушыларының көркем әңгімелерін аударған. Аса көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері Д.Қонаевтың 1991 жылы «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан атауға болмайды», соғыс және еңбек ардагері Ә.Жүргеновтың «Жел өтінде өскен бір ұлыңмын» кітаптарының әдеби нұсқаларын жазған. «Қаһарман — Нұрғиса», «Елу жыл ел ағасы» жинақтарын құрастырған. Өзінің «Жалынды жастық шақ», «Күнді көлегейлеуге болмайды» эсселер жинақтары, «Еңбек Ері Ермеков» повесі жарық көрген.
Құрмет Грамоталарымен марапатталған.
69 жыл бұрын (1943-1997) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ДОСЫМОВ Сейітқазы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Шымкент сауда техникумын, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болған. Жазушының «Жаңғырық», «Директорлар», «Береке түбі — бірлікте», «Құтты қоныс» атты кітаптары жарық көрген. «Директорлар», «Ащы мен тәтті» повестері Қазақстан Республикасы Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің, «Жалын» баспасының дәстүрлі конкурсында жүлдеге ие болған.
39 жыл бұрын (1973) Сингапурдағы Қазақстан Республикасының Уақытша сенімді өкілі ТҰРСЫНОВ Әділ Қапанұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясын бітірген. 1996-1998 жылдары — Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы. 1998-1999 жылдары — Қазақстан Республикасының Әзірбайжандағы Елшілігінің екінші хатшысы. 2001-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, Инвестиция жөніндегі комитеттің бөлім бастығы, министрлік хатшылығының меңгерушісі, ТМД істері жөніндегі комитеттің басқарма бастығы, Сыртқы істер министрі кеңсесінің жетекшісі. Қазіргі қызметінде 2004 жылдан бастап істейді.
102 жыл бұрын (1910-1958) қазақ тіл білімі негізін салушылардың бірі, түрктанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері САУРАНБАЕВ Нығмет Тінәліұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Қордай ауданында туған. Халық ағарту институтын, Мәскеу педагогикалық институтын бітірген.
1932-1934 жылдары республикалық Халық-ағарту комиссариатында жұмыс істеді. 1938-1946 жылдары — Қазақ КСР Халық-ағарту комиссариатының мектептер жөніндегі ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы Тіл-әдебиет және тарих институтының директоры. 1946-1958 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясы қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің хатшысы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының вице-президенті, Тіл білімі институты бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Сауранбаевтың тіл білімінде барынша назар аударған саласы — синтаксис, оның ішінде құрмалас сөйлемдер жүйесі. Морфология саласында ол қазақ тіліндегі етістік категориясының жасалу тәсілдері мен тарихи даму жолдары, көсемше тұлғалары, олардың мағыналары, синтаксистік қызметі жайында және қазақ тілі грамматикасының, оның ішінде морфологиясы, орфографиясы мен алфавиті жайында ғылыми еңбектер жариялады. Әдеби тіл тарихы жөнінде «Қазақ әдеби тілінің дамуындағы Абайдың рөлі», «Қазақ тілінің жасалуы туралы», «Қазіргі қазақ тіліндегі диалектілер», «Қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеу туралы» атты еңбектері бар.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
102 жыл бұрын (1910-1982) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері КИІКБАЕВ Нығметолла дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) бітірген.
Жамбыл облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лекторы, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Қазақт педагогикалық институтының (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) доценті, деканы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері республикада өнеркәсіпті құру мен дамыту, қазақ ұлтын құру мәселелеріне арналған. Қазақстан тарихы мәселелері бойынша ғылыми зерттемелерге зор үлесін қосқан. 100-ге жуық ғылыми еңбектің, кітаптар, теориялық мақалалардың авторы.
92 жыл бұрын (1920-1971) қазақ жазушысы, ақын ҰЯБАЕВ Құрманғали дүниеге келді.
Алматы облысы Қаскелең ауданында туған.
1950-1971 жылдары «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Қазақстан», «Қазақ Совет Энциклопедиясының» редакцияларында қызмет атқарған.
1949 жылы «Шығыс шыңында» атты тұңғыш кітабы жарияланды. «Сағат» поэманың, «Жырларым», «Өтеді жылдар», «Концерт жырлары», «Тағдыр туралы сөз», «Дарқан далам» өлең жинақтары мен «Қырдағы қырандар», «Шақырылмаған қонақтар» атты очерктер жинақтарының авторы.
Ұябаевтың бірқатар өлеңдері, әңгіме, очерктері орыс тілінде жарық көрді. Ол А.Пушкин, А.Мицкевич, т.б. ақын-жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған.
116 жыл бұрын (1896-1979) актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері ҚОЖАМҚҰЛОВ Серәлі дүниеге келді.
Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Троицкідегі Уазифа мектебінде, Орынбор қаласындағы Татар халық ағарту институтында оқыған. Осы жылдары «Мұсылмандар клубында» Б.Майлиннің «Қаламқас», «Бетім-ау, құдағи ғой», «Қасқырбай», «Неке қияр», т.б. шағын пьесаларда рөлдерді ойнаған. 1925 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш ұйымдастырылған Қазақ драма театрына И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаев, Ж.Шаниндермен бірге шақырылған Қожамқұловтың актерлік өміріне даңғыл жол салған елеулі оқиға болды. Осы тұста сахна өмірінен тәжірибесі мол Қожамқұлов театрдың алғашқы режиссері болды. Театр 1926 жылы қаңтардың 13-де ресми түрде ашылып, бірнеше спектакльді сахнаға шығарды. Оның ерекше шабытпен сомдаған кертарта, биліктің тұтқасынан айырылғысы келмейтін Еспембет, Жабай, Жиренше, Майбасар (М.Әуезовтің «Еңлік — Кебек», «Қарагөз», «Абай» спектакльдері), Қарашешен (Ж.Шанин, «Арқалық батыр»), Өкендау (І.Жансүгіров, «Кек»), дүниеқоңыз Қарабай, Қоңқай (Ғ.Мүсірепов, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты»), Көдебай (Б.Майлин, «Майдан»), өркөкірек Көбікті (М.Әуезов, «Айман — Шолпан»), Шығай хан (Ш.Құсайынов, «Алдар көсе»), т.б. рөлдері ол сомдаған сахналық тұлғалардың классикалық үлгілері болып саналады. Сонымен қатар сатиралық образдар жасаудың шебері саналатын актер бірқатар қарапайым еңбек адамдарының жағымды бейнесін сахнаға шығарған. Ол 30-шы жылдардан бастап «Райхан», «Амангелді», «Ана туралы аңыз», «Тыныштық», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе», т.б. фильмдерге түсіп, Қазақстанның кино өнерінің дамуына өз үлесін қосты. Қожамқұлов туралы режиссер Қ.Әбусейітов «Сераға» атты деректі фильм түсірсе, композитор Ә.Бейсеуов «Сераға туралы әнін» шығарған. Жезқазған қаласындағы музыкалық драма театры мен Алматыдағы бір көшеге есімі берілген.
Үш мәрте Ленин орденімен, Қазан революциясы, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
96 жыл бұрын (1916-1957) Кеңес Одағының Батыры КОРОЛЕВ Виталий Иванович дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Сталинград әскери авиация ұшқыштары мектебін бітіріп, 1935 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынды. 1941 жылы Отан соғысы майданына араласқан. Соғыс жылдары ол 435 рет әуеге көтеріліп, жалғыз өзі 21, ал топпен 10 жау ұшағының көзін жойған.
Ленин, 3 мәрте Қызыл Ту, 2 мәрте Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.
86 жыл бұрын (1926-2005) қобызшы, Қазақстанның халық әртісі, профессор БАЛҒАЕВА Фатима Жұмағұлқызы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1942 жылдан Қазақ халық аспаптар оркестрінде өнер көрсеткен. Ол аса шебер қобызшы ретінде халықтың ән, күйлерімен бірге қазақстан композиторларының, Батыс Еуропа классиктерінің шығармаларын төрткүл дүниеге таратты. Ол Берлинде өткен Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің фестивалі байқауында және Мәскеудің Үлкен театрында симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен А.Жұбановтың қобызға арналған «Көктем вальсін» орындап лауреат атанған. 1960 жылдан бастап Алматы консерваториясында ұстаздық еткен. Сексенге жуық шәкірт тәрбиелеген, олардың қатарында М.Қалембаева, Р.Нұртазина, К.Ахметова, С.Құсайынова, З.Бисембаева, т.б. бар.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
81 жыл бұрын (1931-2002) кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері ҚАЛЫМОВ Мұхит дүниеге келді.
Атырау облысының Индер ауданында туған. Ленинградтың кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын және аспирантурасын бітірген. 1965-1970 жылдары Алматы көркемсурет училищесінде, 1970-1980 жылдары Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтында, 1980-1985 жылдары Алматы сәулет-құрылыс институтында істеген. 1985 жылдан өмірінің соңына дейін қазіргі Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кафедра меңгерушісі, профессоры болды. Ол тарихи тақырыптарға, қазақтың белгілі өнер саңлақтары мен ірі қайраткерлерінің бейнесін жасауға көп көңіл бөлген. Оның «Бабалар», «Абылай хан», «Сырым батыр», «Исатай — Махамбет», «Мұрат ақын», «Құрманғазы» полотнолары бар. «Ғани Мұратбаев», «Әуезов пен Ш.Айтматов», т.б. портреттері бейнелеу әдісінің сонылығымен және адамның ішкі психологиялық жан дүниесін ашудағы шеберлігімен ерекшеленеді. Қылқалам шеберінің туындылары Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында, Атырау, Астана, Қарағанды мұражайларында сақтаулы.
81 жыл бұрын (1931) қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі, Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының құрметті азаматы ЖАДАНОВ Сәбит Қайырұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында туған. Мәскеу мемлекеттік экономика институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. 1953-1957 жылдары — Ресейдің Орлов облысы Ливны қаласындағы «Ливгидромаш» зауытының экономисі, цех бастығы. 1957-1958 жылдары — Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті электрлендіру және автоматтандыру бөлімінің аға экономисі. 1958-1960 жылдары — Алматы қалалық комсомол комитетінің, кейін облыстық комитетінің бірінші хатшысы. 1960-1963 жылдары — Алматы «Эмальпосуда» зауытының директоры. 1963-1968 жылдары — Қазақ КСР мемлекеттік жоспарлау комитеті халық шаруашылығын жоспарлау бөлімінің аға экономисі, бастығы, бөлім бастығының орынбасары. 1968-1987 жылдары — Мәскеудегі КСРО Министрлер Кеңесіндегі Қазақстанның тұрақты өкілінің орынбасары, тұрақты өкілі. 1987-1991 жылдары — КСРО Мемлекеттік статистика комитеті іс басқару бөлімінің бастығы. 1991 жылы зейнет демалысына шыққан. 1992-1997 жылдары — «Қазақстан коммерц» аймақтық сыртқы экономикалық қауымдастығының Мәскеудегі өкілі. 1997-2001 жылдары — Мәскеу қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы. 2001-2002 жылдары — Ресейдің Мемлекеттік статистика комитеті Есеп-шот орталығының кеңесшісі. Қазір «Мұнайшы» қоғамдық қайырымдылық қорының аймақтық үйлестірушісі міндетін атқаруда. 2005 жылы шыққан «Қазақстанның мұнай экциклопедиясы» кітабының авторларының бірі, сонымен қатар «Тағдыр тәлкегі» атты естелік кітабы жарық көрген.
Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен және Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің екі Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
66 жыл бұрын (1946) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның корреспондент мүшесі, ҚР Инженерлік академиясының және Халықаралық инженерлік академияның академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Қазақсан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты КӘЛМЕНОВ Тынысбек Шәріпұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында туған. Новосібір университетін, КСРО ҒА-ның Сібір бөлімшесі Математика институтының аспирантурасын бітірген. 1972-1985 жылдары — Қазақстан ҒА Математика және механика институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1985-1991 жылдары — қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық униерситетінің кафедра меңгерушісі, деканы. 1991-1997 жылдары — Қазақ химия-технология институтының ректоры. 1997 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі. Негізгі ғылыми еңбектері вольтерлік емес трикоми операторы проблемасын шешуге арналған. Сондай-ақ, ол гиперболалық, эллипстік және аралас типтегі теңдеулер үшін локальді емес шекаралық есептердің спектрлік теориясын құрды.
56 жыл бұрын (1956) «Шапағат-Нұр» исламтану журналының негізін қалаушы әрі бас редакторы, «Тел Арна» баспаханасының директоры, жазушы, ақын, аудармашы ЕРНАЗАР Нұртай дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін және аспирантурасын бітірген. Қазақстан Жазушылар одағында, «Ақ желкен», «Маңмаңгер» журналдарында, «Жас қазақ» газетінде, «Өнер» баспасында редактор болып қызмет жасаған. Қазіргі қызметінде 1998 жылдан бастап істейді. «Қарлығаш», «Тобылғы күзде гүлдейді», «Үзілмейтін ән», «Тоқсан толғау», «Жетінші дауыс», «Мақтаншақ қаз» атты жыр жинақтарының, екі кітаптан тұратын «25 Пайғамбар», «Дін — ұлт тірегі» атты діни прозалық шығармалардың авторы. Сондай-ақ «Тәубаға келу жолдары», «Суннаны сақтау қажеттілігі», «Ұлы тұлғалар Ислам жөнінде» атты кітаптарды және шешен, қырғыз, татар ақындарының жырларын аударған.
56 жыл бұрын (1956) Алматы қалалық Ішкі саясат департаменті БАҚ бөлімінің бастығы, журналист-жазушы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Республикалық баспасөз байқауларының бірнеше мәрте жеңімпазы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі ТАБЕЕВ Қайыммұнар дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ мемлекеттік заң университетінің аспирантурасын, Алматы мемлекеттік басқару институтының білім жетілдіру курсын, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының арнайы курсын бітірген. Еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінен бастап, «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болған. 1994 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің кеңесшісі, ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің бас маманы, Алматы қаласы әкімі аппараты Тіл басқармасы бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Оның деректі әңгімелері «Шырқа, керней», «Ар өлшемі», «Қатарда жүр қарт солдат», «Халық қалаулылары», «Байғазы», «Алматы. Желтоқсан-1986» жинақтарына енген. «XX ғасырдың обасы», «Үш күннің дерекнамасы», «Мұзда жанған алау», «Қайсар рухты қазақ» атты ктіаптары жарық көрген.
51 жыл бұрын (1961) «Жасыл ғаламшар үшін» Экологиялық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, техника ғылымының докторы, профессор ДУАМБЕКОВ Мұсағали Сәрсенбайұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысының Қаратау қаласында туған. Қазақ политехника институтының Қаратау филиалын, қазіргі Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетінің аспирантурасын бітірген. 100-ден астам ғылыми жарияланымның және өнертабыстың авторы. Оның «Қазақстан экологиясы», «Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігі», «Экологиялық менеджмент», т.б. кітаптары жарық көрген. 1990-1996 жылдары — Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, деканы. 1996-1998 жылдары — Тараз университеті инженерлік-техникалық мамандықтарының Қаратау оқу-ғылыми методикалық кешені директорының орынбасары, «Кәсіпорындарды тарату және қайта құру агенттігі» АҚ-ының Жамбыл филиалы директорының орынбасары. 1998-2000 жылдары — Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық комитетінің төрағасы. 2000-2001 жылдары — Тараз мемлекетік университеті жанындағы Экологиялық-экономикалық мәселелер ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері. 2001-2003 жылдары — ҚР Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қрғау министрінің кеңесшісі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» ЖАҚ Техникалық департаменті директорының орынбасары. 2003 -2004 жылдары — Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Ақмола филиалының директоры. Қазіргі қызметінде 2004 жылдан бастап істейді.
75 жыл бұрын (1937) «Еуразия» халықаралық экономикалық академиясының президенті, экономика ғылымының докторы, профессор, академик САТЫБАЛДИН Сағындық Сатыбалдыұлы дүниеге келді.
Қостанай облысы Семиозер ауданының (қазіргі Әулиекөл) Жангельдин атындағы кеңшарда туылған. 1960 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) экономика факультетін бітірді. 1962 жылы халық шаруашылығын жоспарлау кафедрасының аға оқытушысы болып тағайындалды.
1962-1966 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтында деканның орынбасары.
1975-1976 жылдары АҚШ университеттері мен ғылыми орталықтарында тағлымдамадан өтті.
19880 жыл — МГУ докторанты.
1981-1983 жылдары — Алматы халық шаруашылығы институтының профессоры.
1983-1984 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясында Өндіргіш күштерді зерттеу жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары.
1984-1985 жылдары — Вьетнам КП ОК және Вьетнам үкіметі жанындағы Халық шаруашылығын басқару Жоғарғы мектебінде сабақ берді.
1985-1990 жылдары — А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының ректоры.
1992-1993 жылдары — ҚР ҰҒА вице-президенті-Қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы.
1993-2004 жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институты атқарушы директорының орынбасары.
2004 жылы Қазақ-Британ техникалық университетінің директоры болды.
Академик С.Сатыбалдин 400-ден астам ғылыми еңбекті, зертеулерді, соның ішінде 45 ұжымдық монографияларды, оқулықтарды жариялады. Олар ТМД елдерінде, АҚШ, Вьетнам, Оңтүстік Корея, Жапония, ҚХР, Швеция, Пәкістан және әлемнің басқа мемлекеттерінде басып шығарылған.
2004 жылы Кембридж университетінің библиографиялық орталығы С.Сатыбалдинге «ХХІ ғасырдың көрнекті ойшылы» атағын беріп, күміс медальмен марапаттады. 2006 жылы АҚШ мәдениет және білім қайраткерлерінің жалпы жиналысы мен Американдық библиографиялық институт қазақстандық ғалымды «Бейбітшілік үшін халқаралық награда» Құрметті дипломымен марапаттады.