Жарияланды: 890

5 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

5 желтоқсан СӘРСЕНБІ

Экономикалық және әлеуметтік дамуға көмек көрсетуші еріктілердің халықаралық күні. Дүниежүзілік еріктілер (волонтерлер) күні. 1985 жылғы желтоқсанның 17-дегі БҰҰ Бас Ассамблеясы 40-шы сессиясының шешімі бойынша атап өтіледі. Таиланд корольдігінің Мемлекеттік мейрамы - Корольдің туған күні. Атаулы күн алдында Бангкок көшелері бойымен Король гвардиясының мерекелік шеруі өтеді. Қазақстан Республикасы мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 6-ында орнатылды. Ресей Федерациясының Әскери даңқ күні. Мәскеу түбіндегі шайқаста кеңес әскерлерінің неміс-фашист басқыншыларына қарсы шабуылы басталған күн (1941). 1995 жылғы наурыздың 13-інде қабылданған №32-Ф3 «Ресейдің Әскери даңқ (жеңісті күндері) күндері туралы» Федералдық заңына сәйкес атап өтіледі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 71 жыл бұрын (1941) Ақтөбеде 101-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасы құрылды. Бригада құрамына Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының тұрғындары кірді. 20 жыл бұрын (1992) Қазақстанда Италияның мәдени күндері басталды. 34 жыл бұрын (1978) КСРО-да Космонавтика федерациясы құрылды. 18 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Кеңеске мүше елдердің мемлекет және үкімет басшыларының кездесуіне қатысу үшін Венгер Республикасына ресми сапар шекті. Будапешт қаласында әлемнің ядролық державалары - Ресей, АҚШ, Ұлыбритания басшылары Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы меморандумға және стратегиялық қарулы қақтығысты шектеу туралы келісім жөніндегі бекіту қағаздарын алмасу туралы құжатқа қол қойды. 6 жыл бұрын (2006) Екі жақты келісімнің қорытындысында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев пен Еуропалық комиссияның Президенті Жозе Мануэл Баррозу Европалық Одақ (ЕО) пен Қазақстанның энергетика саласындағы ынтымақтастығында бірін-бірі түсіну меморандумына қол қойды. Меморандум Қазақстанның Каспий өңіріндегі табиғи газ бен мұнайдың ірі өндірушісі ретінде және энергетикалық саланың ынтымақтастығын нығайтуда ЕО пен Қазақстанның екіжақты қызығушылығында маңызды рөлін анықтайды. Меморандум энергетикалық қауіпсіздікті және өнеркәсіп ынтымақтастығын нығайту секілді маңызды аспектілерді қамтиды. 4 жыл бұрын (2008) Бішкекте қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың шығармасы бойынша түсірілген «Қараш асуындағы атыс» («Выстрел на перевале Караш») атты киносының мерейтойлық көрсетілімі өтті. Фильмді 1968 жылы қырғыздың жас кинорежиссері Болат Жәмшиев түсірді. Режиссердің түсірген көрінісі «Қырғызфильм» және «Қазахфильм» киностудияларының біріккен жұмысы болды, қалың көрермен қауымның назарын өздеріне аударды. 4 жыл бұрын (2008) Таразда қалалық киноконцерт залында Жамбыл облысынан шыққан танымал қазақ актері Асанәлі Әшімовке арналған мұражай салтанатты түрде ашылды. Көрме қойылымына А.Әшімов сахналық костюмдер, реквизиттер, сирек кездесетін суреттерді пайдалануға берді. Тағы да арнайы жабдықталған бір кабинетінде өз қонақтарын қабылдай алады. 18 жыл бұрын (1994) Будапеште әлемнің ядролық державалары Ұлыбритания, Ресей және Америка Құрама Штаттары Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы меморандумға қол қойды. 17 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Кеңес арасында сауда және осы саладағы ықпалдастық туралы Келісімге қол қойылды. 15 жыл бұрын (1997) «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды. 5 жыл бұрын (2007) Ақтөбеде 74-ші жеке теңіз атқыштар бригадасын еске алуға арналған мемориалдық тақта ашылды. 74-ші атқыштар бригадасы Каспий теңіз флотилиясы теңізшілерінен, Ленинград жоғарғы әскери-теңіз училищесінің түлектерінен жасақталған. Бригада 1941 жылдың соңында Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысты, сонда қорғаныс шебінде тұрған Мәскеу аумағы әскерінің құрамына қосылды. Волокаламск тас жолы бойында орнатылған ескерткішке Мәскеу үшін шайқасқан теңіз бригадалары қатарында 74-ші жеке теңіз әскери бригадасының да аты көрсетілген. 3 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі шараларды жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Елбасы сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қарсы іс-қимыл жасаудың құқықтық шаралар кешенін қамтитын «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңға қол қойды. 3 жыл бұрын (2009) Алматыда «Полицияның жас көмекшілері» топтарының 2-ші қалалық слеті болып өтті. Шараның басты мақсаты - полицияның жас көмекшілерінің жұмысының тиімділігін көрсету, жастарды қоғамда тәртіп бұзушылықты болдырмауды қолдауға жұмылдыру. Қала бойынша 126 мектепте жоғары сынып оқушылары арасында осындай топтар ұйымдастырылған. Олар мектеп әкімшілігі мен мектеп инспекторларына тәртіпті күшейту, мектеп аумағында тәртіп сақтауға көмектеседі. Шараны қалалық тәртіп сақтауға ықпал жасау бірлестігі мен «Жас отан» жастар қанаты, «Бүкілқазақстандық құқық қорғау орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. 3 жыл бұрын (2009) белгілі жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әбіш Кекілбаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталды. 1 жыл бұрын (2011) Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Инновациялық Қазақстан» - тәуелсіздіктің 20 жылдың жолынан кейінгі болашаққа көзқарас» атты инновациялық форум ашылды. 1 жыл бұрын (2011) Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына Жамбыл облысында Қазақстандағы тұңғыш Қордай жел электр стансасының бірінші кезегі пайдалануға берілді. 1 жыл бұрын (2011) Боннда (ГФР) Ауғанстан бойынша халықаралық конференция өтті. Оған 90-ға жуық делегация, 65 елдің сыртқы істер министрлері, соның ішінде ҚР СІМ басшысы Ержан Қазыханов қатысты. ЕСІМДЕР 99 жыл бұрын (1913-1978) жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері ЖҰМАҚАНОВ Жекен дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Семей педагогикалық техникумын, Алматы коммунистік журналистика институтын бітірген. 1932-1941 жылдары Семей қаласында мұғалім, Жарма ауданында жер бөлімінің хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдеби қызметкері болған. Ұлы Отан соғысы кезінде атқыштар батальонында партия ұйымының жетекшісі, майдандық «Суворовшы» газетінің тілшісі қызметтерін атқарған. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловамен, мерген Ыбырайым Сүлейменовпен, «Даңқ» орденінің толық иегері Бексұлтан Рахметовпен майдан даласында жүздесіп, олар жайлы очерктер жазған. 1946 жылы әскер қатарынан босаған соң, «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері, лдары бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақ мемлекеттік баспасының аға редакторы, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий бөлімінің меңгерушісі, Балалар мен жасөспірімдер театрының, «Мәдениет және тұрмыс» журналының бөлім меңгерушісі болған. Шығармалары 1939 жылдан баспасөз бетінде жариялана бастаған. «Жорықтар жолы» деп аталатын алғашқы повесі 1950 жылы жеке кітап болып басылған. Кейін «Әлия», «Солдат жолы», «Жазылмаған кітап», «Келін», «Қаракөз қарындасым», «Үш бәйтерек», «Замана билігі», «Екі жол», «Адам тау қопарды», «Махаббат пен мансап», «Мен жұмысшымын», т.б. әңгімелер мен повестер жинақтары, «Соқпақ соңы» романы жарық көрген. Жұмақанов кеңестік кезең саясатымен шектеліп қалмай, әдебиеттің халықтық дәстүрін берік ұстанды. Қазақтың аз сөзге көп мағына сыйғызатын әңгімешілдік, шешендік дәстүрін өз шығармаларына шеберлікпен пайдалана білді. Шығармалары орыс, украин, ағылшын, француз, поляк, испан, неміс тілдеріне аударылған. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. 94 жыл бұрын (1918-2006) әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері СҮЙІНШӘЛИЕВ Ханғали Жұмашұлы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында туған. Орал малдәрігерлік техникумын, педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1943-1970 жылдары Орал педагогикалық институтының аға оқытушысы, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы, доценті, профессоры қызметтерін атқарған. Ғылыми-зерттеу еңбектері ежелгі әдебиет мұралары, орта ғасырлардағы әдеби, тарихи жәдігерлер, түркі тілдес халықтар әдебиеті мен қазақ сөз өнерінің байланысы, қазақ әдебиеті тарихының қалыптасу кезеңдері, 18-19 ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармалары, әдебиет сыны мен теориясы, Абай шығармаларының мәселелеріне арналған. «Абайдың қара сөздері» тақырыбына кандидаттық, «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы. 1-дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. 84 жыл бұрын (1928-1995) ақын, әдебиет сыншысы ЖӘМІШЕВ Әбіраш дүниеге келген. Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Соңғы курста оқып жүргенде республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясына қызметке орналасқан. Содан бастап, өмірінің соңына дейін «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Егемен Қазақстан», «Заман-Қазақстан», «Түркістан» секілді республикалық газет-журналдарда әдеби-қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болған. Оның оннан астам жыр кітабы оқырман қауымның қолына тиді. Қаламгер аударған Хафиздің, Физулидің ғазалдары «Ұлы ақындар кітапханасы» сериясы арқылы қазақ оқушыларына жетті. Ол А.Пушкиннің, А.Исааяканың, М.Исаковскийдің бірталай өлеңдерін, А.Вознесенскийдің «Лонжюмо», тәжік ақыны М.Қаноатовтың «Вахш толқындары» деген атпен өлеңдері мен поэмалар жинағын, Қожа Ахмет Яссауи хикметтерін тәржімалаған. 69 жыл бұрын (1943) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері ҚАРАМАНҰЛЫ Құрманғазы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Аудандық «Еңбек туы» газетінің әдеби қызметкері, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің бөлім меңгерушісі, «Жалын», «Балауса» баспаларының редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болған. Қазір «Көк Аспан - Қара жер» танымдық газетінің редакторы қызметін атқарады. «Шайтан от», «Қайраң өткел», «Қызғыш құс», «Алтын іздеушілер», «Одинокий всадник», «Дикая кошка», «Жалғыз атты жолаушы», «Жапан түздегі жұрт» әңгімелер мен повестердің, «Тәңірге тағзым» атты эссенің авторы. Көркем аударма саласында Э.Хемингуэйдің «Қош бол, майдан», И.Стоунның «Грек қазыналары», Г.Гриннің «Комедианттар» романдарын қазақ тіліне аударған. 98 жыл бұрын (1914-1978) ғалым, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанда өсімдік қорғау ғылымын ұйымдастырушы ЖИЕМБАЕВ Жазкен Тайшықұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Омбы ауылшаруашылық институтын бітірген. Солтүстік Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы мектебінің директоры қызметін атқарған. 1946-1958 жылдары - Бал арасы тәжірибе стансысының, Республикалық өсімдіктерді қорғау стансысының директоры. 1958-1978 жылдары - Қазақ өсімдіктерді қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры, фитопатология бөлімінің меңгерушісі. 1978 жылдан Қазақ ұлттық аграрлық университетінің фитопатология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері астық дақылдарының қаракүйе, тамыр шірігі, ақ ұнтақ ауруларын зерттеуге, оларды тежеуге бағытталған шаралар жүйесіне арналған. 13 монография мен 50-ден астам өндіріске арналған ұсыныстардың авторы. Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі», 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған. 98 жыл бұрын (1914-1998) актер, режиссер, Қазақстан Республикасының халық әртісі ТӨЛЕКОВ Қуат дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Атырау қаласында туған. Атырау облыстық драма театрының студиясын, Санкт-Петербор театр, музыка және кино өнері институты жанындағы жоғары курсты бітірген. Атырау облыстық драма театрының актері, директоры қызметтерін атқарған. М.Әуезовтің «Түнгі сарын», «Абай» спектаклінде Жантас, Абай, С.Мұқановтың «Ботагөз», «Мөлдір махаббатында» Амантай, Әбутәліп, М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин», «Исатай - Махамбетінде» Ыбырай, Исатай, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді», «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» Пластунов, Карабай, Ғ.Слановтың «Махамбетінде» Махамбет, Д.Фурмановтың «Чапаевында» Фурманов, М.Горькийдің «Зыковтарында» Антип Зыков, Ф.Шиллердің «Махаббат пен зұлымдығында» Президент рөлдерін сомдаған. Режиссер ретінде Б.Қорқытовтың «Асыл жандар», Т.Ахтановтың «Күтпеген кездесу», Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», Ш.Хұсайыновтың «Рәбиға», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Б.Майлиннің «Шұға» шығармаларын сахналады. 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Атырау қаласының құрметті азаматы. 63 жыл бұрын (1949) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі ТҰРЛЫБЕКОВ Ерлан Қабыкенұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті) бітірген. Қазақ КСР Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің есепші-тексерушісі, аға есепші-тексерушісі қызметтерін атқарған. 1976-1985 жылдары - Қазақ КСР Қаржы министрлігінің аға бақылаушы-тексерушісі, Қазақ мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жөніндегі кәсіподақ кеңесі бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1985-1991 жылдары - Қазақ КСР Қаржы министрлігінің аға, бас бақылаушы-тексерушісі, бөлім бастығының орынбасары, бақылау-тексеру басқармасының бас бақылаушы-тексерушісі. 1991-1995 жылдары - «КРАМДС-РЕДМЕТ» АҚ-ның бас есепшісі, «Мирас» шағын кәсіпорынның директоры, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Бақылау Палатасының аға инспекторы, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Аппараты қаржы, еңбек және ақша айналымы бөлімінің аға референті. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі Аппараты комитеттерімен жұмыс жөніндегі бөлімінің консультанты, бас сарапшысы, сектор меңгерушісі. 2000-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің қаржы және бюджет комитеті хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің қаржы және бюджет комитеті қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдың 17 мамырынан. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10-жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10-жыл» медальдарымен марапатталған. 107 жыл бұрын (1905-1991) қоғам қайраткері ШӘРІПОВ Сабдық дүниеге келді. Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Павлодар кеңестік партия мектебін, КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1940-1943 жылдары - Алматы облыстық, қалалық атқару комитетінің төрағасы. 1943-1945 жылдары - Алматы облыстық партия комитетінің сауда және қоғамдық тамақтандыру жөніндегі хатшысы. 1945-1950 жылдары - Атырау облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1950-1959 жылдары - Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, жауапты хатшысы. 1959-1968 жылдары - Алматы облыстық сауда басқармасының бастығы. 1968 жылы зейнет демалысына шыққан. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1-шақырылым депутаты. Еңбек Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 67 жыл бұрын (1945) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және өндірістік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары ВЕСНИН Виктор Николаевич дүниеге келді. Ресейдің Челябі облысында туған. Қазақ политехника институтының Рудный филиалын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 1973-1976 жылдары - Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі цех бастығы, партия комитетінің хатшысы, басқарма бастығы, бас энергетиктің орынбасары. 1996-1999 және 1999-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшесі, Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің хатшысы, төрағасы. 2004-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2006 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. «Парасат» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. 67 жыл бұрын (1945) Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік Академиясының және Халықаралық Инженерлік Академиясының академигі ҚАДЫРЖАНОВ Қайрат Қамалұлы дүниеге келді. Талдықорған қаласында туған. Мәскеу инженерлік-физика институтын, КСРО Ғылым академиясы И.Курчатов атындағы Атом энергиясы институтының аспирантурасын бітірген. 1975-1978 жылдары - Қазақ политехникалық институтының аға оқытушысы. 1978-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Ядролық физика институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1995-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы Ядролық физика институты бас директорының орынбасары, бірінші орынбасары. 1997-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы Ядролық физика институтының директоры қызметтерін атқарған. 2006 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. 2001-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы физика-математикалық ғылым бөлімшесінің академик-хатшысы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Президиумының мүшесі болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының құрметті академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Ғылым Академиясы Президиумының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Жаратылыстану Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Жаратылыстану Ғылым Академиясы Президиумының мүшесі, Ресей Жаратылыстану Ғылым Академиясының академигі, Біріккен ядролық зерттеу институты (Ресей, Дубна қаласы) мүше-мемлекеттер үкіметтік өкілетті өкілдері Комитеті Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілетті өкілі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтар беру комиссиясының, Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясының мүшесі. «Физические основы ионных технологий», «Фазовые преобразования в имплантационных системах металл-металлоид», «Nuclear Physial Methods in Radioecological Investigations of Nuclear Test Sites» (бірігіп жазған), «Физические основы ионных технологий создания стабильных многослойных металлических материалов» атты кітаптардың, 400-ден астам ғылыми жарияланымдардың, соның ішінде 12 монографияның авторы. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, «Е.П. Славский» (Ресей) медалімен, «Қазақстан Республикасы атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» Алтын белгісімен марапатталған. Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Ғылым Академиясының академигі Шапық Шокин атындағы сыйлықтың иегері. 2009 жылы Словакия Республикасының Құрметті консулы атағы берілген. 111 жыл бұрын (1901) көрнекті американ суретші-мультипликаторы, режиссер, актер, сценарист және продюсер, оны әлемдік даңққа бөлеген толық метражды мультфильмдердің тұтас сериясн жасаушы Уолт ДИСНЕЙ дүниеге келді. 87 жыл бұрын (1925) 1967-1979 жылдардағы Никарагуа президенті, диктатор, А.Сомосаның кіші ұлы Сомоса Анастасио ДЕБАЙЛЕ дүниеге келді. 85 жыл бұрын (1927) Таиландтың ұлы королі, әлемде ең көп жыл билікте болған монарх Пумипон АДУЛЬЯДЕТ ВЕЛИКИЙ (Рама IX) дүниеге келді. 67 жыл бұрын (1945) кеңестік және ресей актрисасы, Ресей халық әртісі РУСЛАНОВА Нина Ивановна дүниеге келді. 66 жыл бұрын (1946) испандық опера әншісі Хосе КАРРЕРАС дүниеге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін