АҚШ-та әлеуметтік желілерге қатысты бұрын-соңды болмаған сот үкімі шықты. Лос-Анджелес соты Meta мен YouTube компанияларын нақты контент үшін емес, қолданушыны жіпсіз байлайтын алгоритмдері үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Істі кім қозғады?
Арызды Кейли деген атпен қатысқан 20 жастағы бойжеткен түсірген. Ол YouTube-ты 6 жасынан, ал Instagram-ды 9 жасынан бастап пайдаланған. Осы уақыт ішінде оның аккаунты жасына байланысты бірде-бір рет бұғатталмаған.
10 жасында қызда мазасыздық пен депрессия белгілері пайда болған. Кейін мамандар оған дисморфофобия диагнозын қойған. Бұл адамның сырт келбетіне шамадан тыс алаңдауымен сипатталатын психологиялық жағдай. Кейлидің сөзінше, бұл мәселе Instagram-дағы фильтрлердің әсерінен күшейген.
«Мен туыстарыммен араласуды қойдым, өйткені бар уақытымды әлеуметтік желілерде өткіздім», — деп келтірді оның сөзін CNN.
Бір күнде Instagram-да отырыу уақыты 16 сағатқа дейін жеткен. Бұл дерек айтылғанда, Instagram басшысы Адам Моссери оны тәуелділік деп мойындамай, «жасөспірімдерге тән мәселе» деп бағалаған.
Сот қандай шешім шығарды?
Іс 9 күн бойы қаралып, алқабилер шамамен 40 сағат кеңескен. Нәтижесінде олар мынадай қорытындыға келді:
- Meta мен YouTube өнімді әзірлеуде жеткілікті жауапкершілік танытпаған;
- қолданушыны ұзақ уақыт ұстап тұратын функциялар талапкердің денсаулығына зиян келтіруде маңызды рөл атқарған.
Жауапкершілік былай бөлінді:
- Meta — 70%
- YouTube — 30%
Сот компанияларды 3 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұдан бөлек, қосымша айыппұл мәселесі әлі қаралады. Бұл туралы Fortune жазды. Калифорния заңы бойынша, оның көлемі 30 миллион долларға дейін жетуі мүмкін.
Бұл шешімнің ерекшелігі неде?
Әдетте АҚШ заңдары әлеуметтік платформаларды қолданушылар жариялаған контент үшін жауапкершіліктен қорғайды. Алайда бұл істе мәселе контентте емес, платформалардың өзінде, яғни оларды құру логикасында болды.
Бұл — технологиялық индустрия үшін маңызды бетбұрыс. Енді компаниялар тек мазмұн үшін емес, өз өнімдерінің адамға қалай әсер ететіні үшін де жауап беруі мүмкін деп жазды The Wall Street Journal.
Соттағы басты тартыс
Талапкердің адвокаты бұл істің мәнін өте нақты жеткізді:
«Баланы телефоннан ажыратпау үшін не істеу керек? Бұл — тәуелділікті әдейі жобалау», — деді ол.
Оның пікірінше, әлеуметтік желілер сырттай тартымды болғанымен, ішкі жағынан қолданушыны өзіне тәуелді етіп қоятын жүйе ретінде жұмыс істейді.
Ал компаниялар өз ұстанымынан таймады. Марк Цукерберг сотта 13 жасқа дейінгін балаларға арналған шектеулер бар екенін айтты. Дегенмен, компания ішінде балалардың платформаны пайдаланатыны белгілі болғаны да сотта айтылды.
YouTube өкілдері болса, сервисті әлеуметтік желі емес, жай ғана видео көруге арналған стримингтік платформа деп түсіндіруге тырысты.
Айта кетейік, бастапқыда бұл іске басқа да ірі платформалар қатысқан. Алайда олар сотқа дейін келісімге келіп, процестен шығып кеткен.
Ғалымдар не дейді?
Сот барысында психиатрлар да пікір білдірді. Олардың айтуынша, қысқа видеолар мен шексіз лента адам миындағы «марапат жүйесіне» әсер етеді.
Лайктар мен қаралымдар дофаминнің бөлінуін күшейтіп, адамды қайта-қайта қосымша контент көруге итермелейді.
Уақыт өте келе өзін-өзі бақылауға жауап беретін ми бөліктері әлсіреуі мүмкін. Зерттеулер әлеуметтік желіге тәуелді адамдардың миындағы өзгерістер кейбір басқа тәуелділік түрлеріне ұқсас екенін көрсетеді.
Енді не болады?
Meta мен YouTube сот шешіміне шағымданатынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда АҚШ-та әлеуметтік желілерге қарсы мыңдаған ұқсас талап-арыз берілген. Бірақ олардың көпшілігі әлі сотқа жеткен жоқ.
Сарапшылардың пікірінше, бұл іс бүкіл технологиялық индустрияның жауапкершілігіне қатысты жаңа кезеңнің басталуына себеп болуы мүмкін.