6 жасында нағашы атасы атқа отырғызған ол, бүгінде қазақ тілінде таза сөйлеп, ұлттық спортқа ден қоюмен көптің көңілінен шыққан, деп хабарлайды Caravan.kz тілшісі.
Жалаңаш ауылындағы Жамал Ермегияев атындағы орта мектептің 9 сыныбында оқитын Николай, бір жасында әкесімен бірге Қостанай облысынан қоныс аударғанын айтады.
«Мен Қостанай облысы Денисовка ауданы Денисовка ауылында дүниеге келдім. Бір жасымда Алматы облысы Райымбек ауданы қазіргі Кеген ауданы Жалаңаш ауылына қоныс аудардық. Ұлтым неміс болғаныммен, Жәнібек деп мен анамның руын айтамын. Себебі анам Албан, Албанның ішінде Жәнібек. Анам мектепте психолог, орыс тілі және орыс әдебиетінің ұстазы. Әкемнің ұлты неміс, фермер, осында мал шаруашылығымен айналысады», — деді ол.
Николайдың сөзінше, оны алғаш атқа отырғызған нағашы атасы Нұркен екен.
«Нағашы атам 6 жасымда ер тоқым ерттеп үйретті. Сосын көкпар тартқан ұнайды. Болашақта кәсіби командадакөкпаршы болғым келеді. Мамандық жайлы әлі ойланбадым. Бірақ анам ветеринарлық оқуға түс деп айтуда», — дейді Николай.
Сонымен бірге Николай қазақы салтпен тұсауы кесіліп, мұсылман атанғанын айтты.
«Ораза ұстау, айт, құдайы тарату – мұның барлығы мұсылманның парызы. Ауылда өскен соң жанымдағы достарым, сыныптастарымнан қазақ тілін үйрендім. Қазақтың ұлттық тағамының бәрін ұнатамын, яғни балта қуырдақ, қол кеспе, бауырсақ, қымыз, құрт, таба нан, бесбармақ, қазы-қарта және палау», — дейді 9 cынып оқушысы.
Николай Дыцель сондай-ақ Мұқағали Мақатаев, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін жатқа білетінін атап өтті.
«Отандастарыма айтарым қазақ жерін басып жүргендіктен, суын ішіп, нанын жеп жүргендіктен, қазақ тілінде сөйлеп, тілді білмесек үйренуіміз керек. Өз тілімізді, өз дінімізді, елімізді, жерімізді құрметтеуге осы елдегі қай ұлттың болса да парызы», — деді кейіпкер.