7 наурызда паралимпиада ойындары басталады - kaz.caravan.kz
  • $ 448.81
  • 476.82
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
16 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
7 наурызда паралимпиада ойындары басталады

7 наурызда паралимпиада ойындары басталады

Сочидегі дүбірлі дода жалғасады. Кезек- тәнінің ақауы болса да жігерімен жұртты жаныған- паралимпиада өкілдерінде. Мүгедектігіне қарамастан сау адам таңдай қағарлық жетістіктерге жетіп жүрген жандар наурыздың 7-ші жұлдызынан бастап Сочиде әлемдік додаға түспек. Қазақ елінің тарихында тұңғыш рет қысқы Паралимпиада ойындарына 5 бірдей спортшы аттанғалы отар.

  • 1 Наурыз 2014
  • 424
Фото - Caravan.kz

Денсаулығы дімкәс демесең тәні саудың талайын шаң қаптыратын жүйріктер бүгін ащы терлерін шығарып Сочидің алдындағы соңғы жаттығуларын жасады. Қазақ елінің атынан аттанатын бес мүмкіндігі шектеулі спортшы семіз сөйлеп арық шыққан алдыңғы олимпиадашылардың олқылығын қайталамайды деген үміт бар. Соның бірі 23 жастағы Жаңыл Балтабаева. Мүгедек деп дәрігерлер диагноз қойғанымен спортқа деген талабы талайды таңдандырған. Суға жүзу мен жеңіл атлетикадан толағай табыстарға жеткен ару енді шаңғымен жарыс жолына шықпақ.

Жаңыл Балтабаева, шаңғышы:

-Шаңғыда ұшып келе жатып сынатын кездері болады, палкаларда сынады. Басында қиын болды, Канада да маған финишқа жет протоколға кір деді. Қиын болса да соны жеткіздім.

Елдің үкілеген үмітін ақтаймыз деп аттанып артынан Сочиде сан соғып қалған дені сау олимпиадашыларымыздың ішінде елге еңсесін тік көтеріп қайтқан Денис Тен де келді бүгін. Жалғыз қоланың иегері ендігі үмітті паралимпиадашыларға артатынын да жасырмады.

Денис Тен, Сочи олимпиадасының жүлдегері:

-Бұл нағыз ержүрек, батыр жандар. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра осынша қиындықтарды жеңіп, жетістіктерге жеткен жерлестеріме тек сәттілік тілеймін. Сочи олимпиадасынан медальмен оралуларын тілеймін.

Сочидегі паралимпиадаға білек сыбана аттанғалы отырған бес спортшымыз жүлделі орын алса ел ерлерін ұмытпақ емес. Қомақты қаржылай сыйлықтар аталды, тек көз немесе сөз тимесе игі.


Елсияр Қанағатов, ҚР Спортжәне дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары:

-Мемлекет тарапынан арнайы қаулы қабылданып бірінші орынға 50 000 доллар, екінші орынға 35 000, үшінші орынға 25000, төртінші орынға 14000, бесінші орынға 6000, алтыншы орынға 4000 доллар сыйақы беріледі.

-Алматының көктемінде Алатаудың бөктеріндегі ақ қарлы алып алаңда соңғы дайындық жұмыстарын жүргізген сайыпқыран спортшыларымыз ертең басты тартыс алаңы Сочиге ат басын бұрмақ. Бүгін білікті бапкерлерден бата алған спортшыларымыздың әрқайсысы Олимпиада да үздік ондықтан табылса құба-құп дейді жаттықтырушылар. Алайда мұқым елдің жарыс жолына шыққан жүйріктерімізден ең үздік нәтижені күтері әмбеге аян. Дайындық тас түйін, тек біздің спортшыларға Сочидегі жасанды қар кедергі келтіруі мүмкін деп топшылайды тіс қаққан мамандар. Дегенмен шын мықтыға тұсау жоғы да белгілі. 

Соңғы жаңалықтар