Жарияланды: 590

7 қаңтар. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

7 қаңтар ДҮЙСЕНБІ

Христостың туған күні - Рождество мерекесі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 21 жыл бұрын (1992) «Қазақстан Республикасындағы ғылым және мемлекеттік ғылыми-техникалық саясат туралы» Заң жарық көрді. 21 жыл бұрын (1992) Француз Республикасы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындады. 14 жыл бұрын (1999) Астанада «Елорда» баспасы ашылды. 10 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасының «Электрондық құжат және электрондық сандық қол қою туралы» Заңы жарық көрді. 7 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заң күші бар Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының жобасын мақұлдады. Ол бойынша Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні әнұран болып бекітілді. 109 жыл бұрын (1904) Маркони компаниясы «SQD» көмекке шақыру радио дабылын орнатты. Екі жылдан кейін мағынасы белгісіз сөзді SOS-қа алмастырды. 99 жыл бұрын (1914) Панама арнасы арқылы алғашқы кеме жүзіп өтті. Тынық мұхит пен Атлант мұхитын жалғап тұрған ұзындығы 81 шақырымдық бұл арна әлемдік транзитте ерекше орын алады. 21 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қоймасына асыл металлдардың бiрiншi партиясы - «төрт тоғыздық» және 2 күмiстік сапасымен 5 алтын кесек қабылданды. Мемлекеттік құндылықтар қоймасының тарихы 1991 жылғы тамыздың 31-інде Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ ССР алтын валюталы және алмас қордың жасау туралы» Жарлығынан бастау алады. ЕСІМДЕР 110 жыл бұрын (1903-1971) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі ГРУЗИНОВ Владимир Константинович дүниеге келді. Ресейде туған. Сібір технология институтын бітірген. 1946-1962 жылдары - Орал политехникалық институтының доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі. 1963-1965 жылдары - Орталық қара металлургия ғылыми-зерттеу институтының Қазақ филиалы директорының орынбасары. 1965-1966 жылдары - Қарағанды политехникалық институтының кафедра меңгерушісі. 1966-1971 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия-металлургия институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері металлургияда өндіріс үдерістерін механикаландыру және автоматтандыру мәселелеріне арналған. Ол домна цехтарын механикалық жабдықтау жөніндегі конструкциялық зерттеулерін тұжырымдаған. Шихтаны домна пешіне арнаулы бағдарлама бойынша тиеу арқылы шойын балқыту үдерісін автоматты түрде басқару теориясын ұсынған. Қазақстанда қара металлургия өнеркәсібінің шикізат қорын ұлғайту жөнінде зерттеулер жүргізген. 10 авторлық куәлігі бар. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. 94 жыл бұрын (1919-1945) Кеңес Одағының Батыры МИХЕЕВ Григорий Яковлевич дүниеге келді. Петропавл қаласында туған. Краснодар қаласындағы (Ресей) әскери авиациялық училищені бітірген. 1941 жылы ұшқыш-штурман Михеев Мәскеу маңының аспанын қорғаған. 1942 жылдан 1-ші Әуе армиясының құрамында болып, 114 әуе сапарын орындаған. Петропавл қаласындағы бір көше Михеев есімімен аталады. «Ленин», «Қызыл Жұлдыз», 1-2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Ту» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 74 жыл бұрын (1939-2000) химия ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі ШАЯХМЕТОВ Шайсұлтан дүниеге келді. Қостанай облысында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясы элементтік-органикалық қосылыстар институтының аспирантурасын бітірген. 1987-1993 жылдары - Қазақ КСР Жоғары және орта арнайы білім министрі, Қазақстан Республикасы Халыққа білім беру министрі. 1997-1998 жылдары - Қостанай облысы әкімінің орынбасары, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту орталығының директоры. 1998-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі жанындағы республикалық орталықтың директоры, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қорының президенті қызметтерін атқарған. Республикалық самбо және қазақша күрес бойынша федерациясының президенті болып сайланған. 69 жыл бұрын (1944) физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Іргелі зерттеулер институтының құрметті докторы (АҚШ, Флорида штаты, Майами қ.) ТӘКІБАЕВ Нұрғали Жабағыұлы дүниеге келді. Өзбекстан Республикасында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1970-1988 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Жоғары энергия физикасы институтының кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкері. 1988-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ядролық физика институтының зертхана меңгерушісі, Ұлттық ғылым академияның бас ғылыми хатшысы, Азия елдері Ғылым академиялары қауымдастығының бас хатшысы. 2004 жылдан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының профессоры қызметін атқарады. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері теориялық физика мен астрофизика мәселелеріне арналған. 140-тан астам ғылыми еңбектің авторы. 64 жыл бұрын (1949) «Парасат» холдингі басқармасының төрағасы, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БЕКТҰРҒАНОВ Нұралы Сұлтанұлы дүниеге келді. Астана қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1971-1992 жылдары Химия-металлургия институтында инженер, кіші және аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, зертхана меңгерушісі болды. 1992-1997 жылдары - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 1997-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ішкі саясат департаментінің директоры, вице-министрі. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі. 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Химия технологиялық зерттеу орталығының директоры, «Жер, металлургия және байыту туралы ғылымдар орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қиын байытылатын полиметалл шикізатын кешенді өңдеудің күрделі химиялық байыту процестерін зерттеуге арналған. Ол тотыққан минералдардың сульфидті минералдарға түрленуінің физикалық-химиялық заңдылықтарын ашты. Оның негізінде ауыр түсті металдардың тотыққан кентасын флотациялық байытуға жаңа технологиялық тәсілдері ұсынылды. Бұл тәсілдер шикізат пен қоршаған ортаны кешенді пайдаланудың қазіргі заман талабына сәйкес келеді. Мемлекет қайраткері ретінде, саяси қозғалыстар мен партиялардың өзара пікір алмасуына, елдегі бұқаралық ақпарат құралдары жұмысын үйлестіруге елеулі ықпал етті. 64 жыл бұрын (1949) ақын ИСАЕВ Ибрагим дүниеге келді. Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде әдеби қызметкер, Қызылорда облыстық халық шығармашылық үйінде нұсқаушы, Қазақстан Жазушылар одағында көркем әдебиетті насихаттау бөлімінде тілші-әдіскер, «Ара - Шмель», «Жалын» журналдарында редактор қызметтерін атқарған. Ақын өлеңдері венгр, болгар тілдерімен қоса, туысқан республикамыздың біраз тілдеріне де тәржімаланған. Өзі Коми әдебиетінің негізін салушы И.Кургатовтың, Ресей ақыны Н.Рубцовтың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Жас жазушылардың Бүкілодақтық VI кеңесіне қатысқан. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған. 108 жыл бұрын (1905-1973) қазақтың атақты әншісі, Қазақстанның халық әртісі, режиссер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері ЖАНДАРБЕКОВ Құрманбек дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған. Ташкент педагогикалық училищесін, Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының актерлік бөлімін және Мемлекеттік театр өнері институтын бітірген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас режиссері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы қызметтерін атқарған. Бекежан (Е.Брусиловский «Қыз Жібек»), Тарғын («Ер Тарғын»), Жалбыр («Жалбыр») партияларын орындап, әншілік шеберлігін танытты. Режиссер ретінде Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Гвардия, алға», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларын қойды. Киноға түсіп, Жақас («Амангелдіде»), Қадырбай («Жамбылда»), Садық («Біз Жетісуданбызда») бейнелерін сомдады. Жиырмасыншы жылдарда Ташкент қаласында өткен бір концертте қазақтың жетпістен астам әнін шырқаған. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Алматы қаласында бір көшеге аты беріліп, өмірінің соңғы жылдарында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған. 107 жыл бұрын (1906-1989) қоғам және саяси қайраткер ШАХШИН Мұсатай дүниеге келді. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. Алматы малдәрігерлік институтын (Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. 1928-1929 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болған. 1929-1937 жылдары - Қарқаралы аймақтық қаржы бөлімінің салық инспекторы, Абыралы, Зайсан, Бесқарағай аудандық қаржы бөлімдерінің меңгерушісі. 1937-1938 жылдары - Павлодар облыстық қаржы бөлімінің меңгерушісі. 1938-1939 жылдары - КСРО Мемлекеттік банкі Қазақ республикалық конторы басқарушысының орынбасары. 1938-1942 жылдары - қазақ КСР Халық Коммисарлар Кеңесі жанындағы Өнеркәсіптік құрылыс материалдары бас басқармасының бастығы. 1942-1943 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Өнеркәсіп жөніндегі хатшысы, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Мал шаруашылығы жөніндегі хатшысы. 1943-1944 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің үшінші хатшысы. 1945-1948 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Мал шаруашылығы жөніндегі хатшысының орынбасары. 1948-1951 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі. 1952-1954 жылдары - Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1954-1961 жылдары - Көкшетау облыстық Кәсіподақтары Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1961 жылдан зейнеткерлікке шыққан. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 2-3 шақырылымының депутаты. «Еңбек Қызыл Ту» , «1-дәрежелі Отан соғысы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен мараптталған. 102 жыл бұрын (1911-2000) қоғам қайраткері ВОРОНЕНКОВ Юрий Петрович дүниеге келді. Ресей Федерациясының Санкт-Петербор қаласында туған. Мәскеу түсті металдар және алтын институтын бітірген. 1937-1941 жылдары - «Гипроцветмет» мекемесінің инженері, аға инженері, жобаның бас инженері сектор бастығының орынбасары. 1941-1946 жылдары - Кеңес Армиясының қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1946-1947 жылдары - главный инженер «Гипроцветмет», «Гипроредмет» мекемелерінің бас инженері. 1947-1951 жылдары - Қырғыз кен байыту комбинатының инженері. 1951-1952 жылдары - Зырян кен басқармасының директоры. 1952-1959 жылдары - Зырян қорғасын комбинатының директоры. 1959-1963 жылдары - Шығыс Қазақстан Халық шаруашылығы кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, төрағасы. 1963-1965 жылдары - Қазақ Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы. 1965-1980 жылдары - КСРО Түсті металлургия министрінің орынбасары. 1980 жылдан зейнет демалысына шыққан. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 6 шақырылымының депутаты. Ленин, Қазан революциясы, Қызыл Жұлдыз, 1-2-ші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. 62 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының ұшқыш-ғарышкері, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы және Ресей Федерациясының Батыры, авиация генерал-лейтенанты, гимнастикадан және ұшақ спортынан КСРО спорт шебері, КСРО чемпионы, техника ғылымдарының докторы, «Экология» Қазақстан халық академиясының академигі МҰСАБАЕВ Талғат Амангелдіұлы дүниеге келді. Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Америка Құрама Штаттары облыстарының, қалаларының, аудандарының Құрметті азаматы. Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Рига азаматтық авиация инженерлері институтын және Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін бітірген. 1987 жылдан АН-2 ұшағының 2-ші ұшқышы, командирі, 1989 жылы Ульяновск қаласындағы ұшқыштар, диспетчерлер және инженер-техник кадрлар дайындау орталығын бітіріп, Алматы біріккен авиаотрядының 1-ші ұшу отрядында ТУ-134 ұшағының 2-ші ұшқышы болды. 1990 жылы Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кіріскен. 1991 жылы оған «Ғарышкер-сынақшы» санаты берілген. 1994 жылғы маусымның 1-інен қарашаның 4-іне дейін «Союз-ТМ» ғарыш кемесінің борт-инженері ретінде ғарышта болып, 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Ұшу кезінде қазақстандық ғылыми-зерттеулердің 2-ші бағдарламасын орындады. 25-ші негізгі экспедиция бағдарламасы бойынша 1998 жылы қаңтардың 29-ы мен тамыздың 25-і аралығында «Союз-ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің командирі ретінде ғарышта болды. Ұшу кезінде 5 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Бұл сапар барысында ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 3-ші бағдарламасы орындалды. 2001 жылғы сәуірдің 28-і мен маусымның 6-ы аралығында «Союз-ТМ-32» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыштық стансасына барған бірінші экспедицияның экипаж командирі міндетін атқарды. Бұл ұшу кезінде ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 4-ші бағдарламасы орындалды. 2003-2005 жылдары - Ю.А.Гагарин атындағы Ғарышкерлер дайындау орталығының топ командирі. 2005-2007 жылдары - «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамының бас директоры. 2007жылдың 11 ақпаннан 11 сәуірге дейін Қазақстанның әуе-ғарыш агенттігінің директоры қызметтерін атқарған. 2007 жылдың 11 сәуірінен - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы қызметін атқарады. 1-ші дәрежелі Барыс, Отан, Халықтар достығы, Австрияның «Күміс Қыран», Ресейдің «1 дәрежелі Ұлы Петр» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 213 жыл бұрын (1800-1874) АҚШ-тың 13 президенті Миллард ФИЛЛМОР дүниеге келді. 79 жыл бұрын (1934-2008) кипр саяси қайраткері, 2003-2008 жылдардағы Кипр президенті Тассос (Евстафий) Николау ПАПАДОПУЛОС дүниеге келді. 65 жыл бұрын (1948) кеңестік және ресей актрисасы, РСФСР еңбек сіңірген әртісі ГВОЗДИКОВА Наталья Фёдоровна дүниеге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін