7 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
7 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

7 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

7 қараша. СӘРСЕНБІ

  • 7 Қараша 2012
  • 764
Фото - Caravan.kz

Ғылым мен бейбітшіліктің халықаралық апталығы. БҰҰ БА Саяси комитетінің 1988 жылғы қарашаның 8-дегі 43-ші сессиясының бастамасы бойынша жыл сайын атап өтіледі.

Африканың ақпарат күні. 1977 жылғы қарашаның 7-11-і аралығында Кампала (Уганда) қаласында өткен Африка бірлігі ұйымына (АБҰ) мүше елдердің ақпарат министрлері конференциясының шешімі бойынша атап өтіледі.

Ресейде әскери даңқ күні — Мәскеудің Қызыл алаңында Ұлы Октябрь Социалистік революциясының жиырма төртінші жылдығы құрметіне әскери шеру өткізілген күн (1941).

Қырғызстан ақпарат және баспасөз күні. 1924 жылдың 7 қарашасы — ұлттық газет «Эркин-тоо» (қазір «Кыргыз Туусу») бірінші санының жарық көрген күні Қырғыз Республикасы Үкіметінің 1993 жылғы 1 қарашадағы Қаулысымен кәсіби мейрам болып бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

81 жыл бұрын (1931) бұрын (1931) Қарағанды облысында алғашқы радио хабары эфирге шықты. Қазір облыста ондаған радио торабы, 400 мың радио және 500 мыңнан астам теледидар нүктелері бар. Барлық аудандар мен қалаларда жергілікті радио хабары жұмыс істейді.

49 жыл бұрын (1963) Мәскеу жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ жастарының «Жас тұлпар» мәдени-ағарту ұйымы құрылды. Ұйымдастырушылары Мұрат Әуезов, Алтай Қадыржанов, Болатхан Тайжанов болды.

12 жыл бұрын (2000) «Ислам және өркениет» газеті жарық көрді.

7 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР Парламентінің 10 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламентінің 10 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль белгіленді. Мерейтойлық медаль қазақстандық парламентаризмнің дамуы мен орнығуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтарын және шетел азаматтарын көтермелеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің 10 жылдығын атап өту мақсатымен белгіленген.

90 жыл бұрын (1929) Алматыда «Қызыл әскер» — қазақ тіліндегі тұңғыш әскери газет аптасына бір рет шығып тұрды.

Газет Кеңес өкіметінің қорғаныс қуатын арттыру, қазақ жастарын әскери өнерге баулу, офицерлердің әскери білімдерін кеңейту, еңбекшілердің Қызыл әскермен байланысын нығайту жолында жұмыс жүргізді. Қазақ дивизионын, атты әскер полкін жасақтау ісіне белсене атсалысты. Газеттің жұмысына І.Жансүгіров, А.Лекеров, Ә.Көшімов, т.б. белсенділер қатысып тұрды. Оның бүгінгі мұрагері — Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық баспасөз органы — «Қазақстан сарбазы» басылымы.

78 жыл бұрын (1934) Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Қыз Жібек» — опералық шығармасының алғашқы қойылымы өтті. Басты партияларды К.Байсейітова (Жібек), Қ.Байсейітов (Төлеген), М.Ержанов (Шеге) орындады. Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіп, армандарына жете алмаған аянышты тағдыры трагедиямен аяқталады. Операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторларының (Үкілі Ыбырай, Мүхит, Жаяу Мұса, Тәттімбет) ән-күйлері молынан пайдаланылды. «Гәкку», «Айқара көк», «Аққұм», т.б. халық әндері кейіпкерлердің бейнелерін ашып, шығарманың ұлттық бояуын канықтыра түсті. «Қыз Жібек»» операсының қойылуы ұлттық мәдениет тарихындағы айтулы оқиға еді. Опера сахнада ұзақ жылдар қойылып келеді. Әнші артистердің кәсіби деңгейі өсіп, орындаушылық қабілетінің шыңдалуына ықпал етті. «Қыз Жібек» операсындағы әндер, билер көркемөнерпаздар үйірмелері мен жеке орындаушылар репертуарынан берік орын алды. 1968 ж. 27 қаңтарда «Қыз Жібек» операсының мыңыншы қойылымы (реж. Б.Досымжанов) өнер мерекесіне айналды.

8 жыл бұрын (2004) 7-8 қарашада Өскеменде ауыл жастарының «Рауан-2004» республикалық слеті болып өтті. Форум қорытындысында ауылдағы жастар саясаты саласында жаңа заңдық негіз жасау үшін нақты ұсыныстар қарастырылған қарар қабылданды.

67 жыл бұрын (1945) Алматыдағы Н.Сац атындағы Мемлекеттік орыс академиялық жасөспірімдер театрынның негізі қаланды. Наталья Ильинична Сац — 1918 жылы әлемдегі алғашқы балалар театрын құрды. Содан кейін, бүкіләлем бойынша 60-тан астам театрларды құрды, соның ішінде Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театры. Ол «халық жауының» әйелі болғандықтан айдалуға ұшырап Алматыға жер аударды. Оны опера және балет театрының режиссері етіп тағайындады. Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыда көптеген ұлы актер тұрды. Наталья Ильинична оларды балаларға арнап ұйымдастырылған кешке қатысуларын сұрады. Осыдан кейін ол балалар мен жасөспірімдер театрын құру туралы ұсынысымен хат жаза бастады. Бірақ жазылған хаттардың біріне Қазақстанның ОК КП (б) екінші хатшысы Шаяхметов Жұмабай үн қатты. 1944 жылғы қыркүйектің 6-ында Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдер театрын құру туралы Жарлық шықты. Бір жылдан аса уақыттан кейін 1945 жылғы қарашаның 7-інде балалар мен жасөспірімдер театрдың алғашқы «Қызыл Телпек» атты спектакліне келді. Әр жылдары балалар мен жасөспірімдер театрының спектаклдерін Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген қайраткерлері Евгений Прасолов, Абрам Мадиевский және басқа да дарынды режиссерлер қойды. Актерлер — Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртістері Валерия Крымская, Татьяна Тарская, Сергей Печорин, Григорий Ефимов, Дмитрий Скирта, Виктор Ашанин, Ольга Коржева, тағы да Тахир Восилов, Владимир Крылов, Ирина Арнаутова және басқалары.

7 жыл бұрын (2005) Қостанайда «Здоровое поколение» атты жастар орталығы ашылды.

Орталық жасөспірімдер мен жастар арасындағы салауатты өмір салтын белсенді түрде насихаттайды, және балаларды үйрететін әр түрлі шаралар өткізеді. «Здоровое поколение» орталығы «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен құрылды.

7 жыл бұрын (2005) Мәскеудегі қоғамдық ұйымдар үйінде қазақстандық ғалым, Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Майдан Көмекұлы Құсайыновтың «Синявин қыраты мен батпағының құпиясы» кітабының таныстырылымы болды. Майдан Құсайынов — «Мемориалдық аймақ» іздестіру жасағының командирі. Оның басқаруындағы іздестірушілер 15 жыл бойы Ленинград облысының Киров ауданы аумағында Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған жауынгерлердің, соның ішінде Ақмола облысынан аттанған боздақтардың жерленген орындарын және олардың есімдерін анықтауда қажырлы жұмыс жүргізіп келеді. Осы іздестіру жасағының 15 жылғы жұмысы туралы баяндайтын бұл кітап өткен жылы Астана қаласындағы «Сарыарқа» баспасынан шыққан болатын. Алғыссөзін белгілі жазушы Владимир Гундарев жазған. «Синявин қыраты мен батпағының құпиясы» автордың Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтар туралы кітабының алғашқысы. Ол осы тақырыпты одан әрі тереңдете зерттей бермек.

7 жыл бұрын (2005) Батыс Қазақстан облысының Қазталов-Жәнібек автожолының 51-ші шақырымында жаңа көпір ашылды. Аймақтық жол құрылысы бағдарламасы бойынша салынған көпірге 264 млн. теңге инвестиция жұмсалды. Мердігері «Асфа» ЖШС-і болды. Көпірдің іске қосылуы көлік қозғалысының тоқтап қалуын болдырмайды.

5 жыл бұрын (2007) Астанада мемлекеттік тілді жеделдете оқыту республикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа толқын» оқу-әдістемелік кешенінің тұсаукесері болып өтті. Жаңа толқын» оқу-әдістемелік кешенінің тұсаукесеріне тиісті министрліктер мен департаменттердің өкілдері, облыстық, қалалық тіл басқармалары мен мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының басшылары, сондай-ақ республиканың жетекші ғалым-тілшілері мен әдіскерлері қатысты. Аталған оқу-әдістемелік кешен мемлекеттік тілді жеделдете оқытуға арналған білім технологиясы жүйесіндегі жаңартылған үлгі болып табылады. Сөздіктің электрондық нұсқасы негізгі оқулық, грамматикалық анықтама, оқулық сөздігінен және 3 CD-үнтаспасынан тұрады. Ол мемлекеттік тілді мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің қызметкерлерін оқытуға арналған.

ЕСІМДЕР

89 жыл бұрын (1923-2003) экономика ғылымының кандидаты, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген экономисі САҒЫМБАЕВ Гарай Қалапашұлы дүниеге келген.

Қостанай облысының Комсомол ауданында туған. КСРО Дайындау министрлігінің Жоғары мектебін, Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, бірінші орынбасары, облыстық атқару комитетінің хатшысы, төраға орынбасары, облыстық жоспарлау комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік жоспарлау комитетінің орынбасары, бірінші орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. Алматы сәулет-құрылыс институтының еңбек және қоршаған ортаны қорғау кафедрасының меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры болып істеген. Ғалымның бірнеше кітабы, 12 монографиясы және 140-тан астам ғылыми жарияланымы жарық көрген.

«Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

74 жыл бұрын (1938) жазушы АХМЕТ Өтен дүниеге келді.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1967 жылдан бастап ұзақ уақыт баспасөз саласында еңбек еткен. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Балқаш қаласы бойынша меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, бас редакторы, облыстық телерадиокомпанияның төрағасы, республикалық «Азия-транзит» тәуелсіз саяси газетінің бас редакторы болған. Жазушының «Алда күн бар», «Адам болғым келеді», «Алтын арқау» повестері, «Қоңыр үй», «Заңғар» романдары жарық көрген. Сонымен қатар «Қазақтелефильм» түсірген «Қарқаралы қыздары-ай» телевизиялық фильмі сценарийінің, «Темірқазық», «Студенттер», «Құрыш пен қоңыз» пьесаларының авторы. 1977 жылы «Құрыш пен қоңыз» әңгімесі үшін республикалық «Балдырған» журналының, 1989 жылы «Заңғар» романы үшін Қазақстан Магниткасы жұмысшы бәйгесінің лауреаты атанған. Республикалық телефестивальдерде үш дүркін бас жүлдені жеңіп алған.

64 жыл бұрын (1948-1999) жазушы АСЫЛҒАЗЫ Мейрам дүниеге келді.

Павлодар облысының Екібастұз ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінен бастаған. 1978 жылдан «Жалын» баспасының редакторы, проза бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1991-1995 жылдары «Өнер» баспасының бас редакторы болған. Қаламгердің «Ауылдастар», «Өзгеше бір күн» жинақтары жарық көрген. 1989 жылы Үндістанның қоғам қайраткері М.Гандидің өмірнамасын аударып, «Менің өмірім» деген атпен жариялаған.

83 жыл бұрын (1929-1979) ғалым, филология ғылымының кандидаты САХАРИЕВ Баламер дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында туған.

Қазақ педагогикалық университетін (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) бітірген.

1950-1962 жылдары — «Халық мұғалімі» (қазіргі «Қазақстан мектебі»), «Жұлдыз» журналдарының бөлім меңгерушісі. 1962-1963 жылдары — Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1963 жылдан — Әдебиет және өнер институтына қарасты М.О.Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражай үйінің аға ғылыми қызметкері.

«Бұқа мен аю» әңгімелер туындысы, «Уақыт тынысы», «Күрескер тұлғасы» атты ғылыми-зерттеу еңбектері мен әдеби-сын мақалалар жинақтары жарық көрген. «Қазақ совет әдебиеті тарихының» кейбір тарауларын жазған, орта мектептерге арналған «Қазақ совет әдебиеті» оқулығы авторларының бірі болған. М.Базарбаевпен бірге қазақ әдебиетінің окулығын жазған.

Орыс жазушылары А.Куприннің, И.Буниннің, әзірбайжан жазушысы О.Туманянның, қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың кейбір шығармаларын, Н.Крупскаяның педагогикалық еңбектерін, куба жазушысы Д.Олеманның «Төңкеріс түлектері» повесін, Поповтың «Семья», А.Корнейчуктың «Днепр айдынында» пьесаларын казақ тіліне аударған.

73 жыл бұрын (1939) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі ОЗДОЕВ Сұлтан Мәжитұлы дүниеге келді.

Ресейде туған. Қазақ политехникалық институтын (Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

1967 жылдан Қазақстан ҒА-ның Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтында ғылыми қызметте.

Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның мұнай алаңдарының геологиясын зерттеу мәселелеріне арналған. Зерттелмеген кен орындарының болашағы мен оны анықтаудың бұдан бұрын қолданылмаған әдістерін: мұнай, газ кен орындарын барлап-болжау жұмыстарында қолданыс тапқан тау жыныстарының толқынданып орналасуына негізделген жаңа белгілер ұсынды.

3 монография, 60-тан астам ғылыми еңбек жазған.

1995 жылдан Қазақстандағы ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы.

68 жыл бұрын (1944) Қазақстанның спорт шебері, самбодан Қазақстанның және КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақша күрестен Қазақстанның мемлекеттік бапкері ЖАҺИТ Марат Нұрмұханбетұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған.

Алматы ауылшаруашылық институтын бітірген.

Студент кезінде П.Терещенкодан самбо әліппесін үйреніп, 1963 жылы республикалық біріншілікте, бүкілодақтық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. КСРО-ның студенттер құрамасы сапында күресіп, есімі әлемге танылған атақты жаттықтырушы А.Харлампиевтен тәлім алған. Әскерде жүріп Беларусьтің чемпионы, күміс жүлдегері болды. М.Жаһит тәрбиелеген А.Мұсабеков, Қ.Байшолақов, Т.Байшолақов, С.Жартыбаев, С.Валобуев, А.Махмұтов, Н.Оспанов, А.Жақит, М.Жүнісбеков, Ғ.Ахметов, С.Жақит Қазақстанның, КСРО-ның, Азияның, Еуропаның, дүние жүзінің чемпионаттары және Кубок жолындағы жарыстарда қола, күміс жүлдегер болып, жеңімпаз, чемпион атанған.

Аягөзде және Семейде Марат Жаһит атындағы жүлде үшін самбошылардың жарысы өткізіліп тұрады.

«Халықтар достығы» орденімен, медальдармен марапатталған.

87 жыл бұрын (1925) ақын, жазушы, драматург ЗУЛФИКАРОВ Масимжан дүниеге келді. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. Алматыдағы Абдолла Розыбақиев атындағы ұйғыр мектебінінң директоры, Қазақстан Жазушылар одағынның кеңесшісі болып істеген. 1985 жылдан зейнет демалысына шыққан. Поэзия, проза, драматургия саласында еңбек етеді. «Таң сырлары», «Коммунар», «Ризвангүл», «Бұралаң жолдар» дастандарының, «Күз өрнектері» өлең жинақтарының, «Өмір ағымы», «Самғау», «Сүйеспеншілік», «Тағдыр», «Жүрек тынысы», «Найзағай жарқылы», «Өмір ағымы» әңгімелер мен повесттерінің, «Лутпулла», «Жанар тау» (трилогия), «Вулкан» (орыс тілінде) романдарының, «Балалар ауыз әдебиеті» және «Ұлттық дәстүрлер» ғылыми жұмыстарының, «Садахат» бейнефильмінің авторы. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

77 жыл бұрын (1935-2004) Қазақстан Республикасының бас онкологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның корреспондент мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері ӘБДІРАХМАНОВ Жаңалық Ниязұлы дүниеге келді. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) бітірген.

1959-1961 жылдары — Қызылорда облысы Қарамақшы ауданындағы аурухана меңгерушісі. 1961-1964 жылдары — Қазақстан Өлкелік патология институтының аспиранты, 1964-1975 жылдары — Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, аға ғылыми қызметкері. 1975-1990 жылдары — Алматы мемлекеттік медицина институтының доценті, кафедра меңгерушісі. 1990-2004 жылдары — Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарған.

Оның негізгі зерттеу жұмыстары рак ауруларын сәулемен емдеу тәсілдеріне, радиацияның зақымдаушы әсерінен қорғайтын дәрілерді пайдалануға және организмнің радиацияға бейімделушілігін зерттеуге арналған. Ол өңеш рагімен ауыратын науқастарды радиациялық бөлшек сәулемен емдеу арқылы, олардың өмірін ұзартуға болатынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.

57 жыл бұрын (1955) Генерал-майор, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары ЖҰМАҚАНОВ Владимир Зейноллаұлы дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Свердлов облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Ф.Э.Дзержинский атындағы Жоғары Қызыл Ту мектебін бітірген.

1977-1982 жылдары — С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіннің ғылыми қызметкері. 1982-2001 жылдары — Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, басқарма бастығы, департамент бастығының орынбасары, комитет төрағасының кеңесшісі. 2001-2007 жылдары — Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің антитеррор департаментінің бастығы. 2007-2010 жылдары — Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2010 жылдың тамыз айынан бастап -қазіргі қызметінде.

ІІ-ші дәрежелі «Айбын» орденімен, және төрт медальмен марапатталған.

42 жыл бұрын (1970-2007) саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Еуразия социологтары қауымдастығының және Қазақстанның социологтары қауымдастығының толық мүшесі МАШАН Мейіржан Серікұлы дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын (қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті) және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің аспирантурасын бітірген.

1992-1993 жылдары — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтынның оқытушысы. 1993-1996 жылдары — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттінің аспиранты. 1996-2001 жылдары — Қазақстан Даму институтының ғылыми қызметкері, Саяси зерттеулер орталығының директоры, Қазақстан Даму институтының вице-президенті, бірінші вице-президенті. 2001-2003 жылдары — «Стратегия» талдау орталығының директоры, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры, қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі. 2003-2004 — жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2004-2007 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бас инспекторы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің ахуалдық орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты.

100-ден астам ғылыми жұмыстардың, оның ішінде 20 монографияның, кітаптардың , оқу құралдары мен анықтамалардың авторы.

61 жыл бұрын (1951) «Егемен Қазақстан» республиалық газеті» АҚ президенті АБДРАХМАНОВ Сауытбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туған. 1975 жылы ҚазМУдің журналистика факультетін бітірген.
1975-1987 жж. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редакциялық алқа мүшесі болды. 1987-1995 жж. Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, мәдениет секторының меңгерушісі, ҚР Президенті және Министрлер Кабинеті аппараттарында Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 1995-1997 жж. Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, 1997-2000 жж. «Қазақстан телевизиясы мен радиосы» республикалық корпорациясының бірінші вицепрезиденті, 2000-2003 жж. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті, 2003-2004 жж. Қазақстан Республикасының Ақпарат министрі болып қызмет атқарған. Қазір «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті.
«Біздің Пушкин», «Тәуелсіздік шежіресі», «Адамзат күнтізбесі», «Елдік сыны», «Вер бана ат», «Коран и Пушкин», «Төлтума мен телтума», «Перевод поэзии и поэзия перевода» кітаптарының, «Париж. ЮНЕСКО. Әуезов», «Қажылық», «Ертегілер еліндегі екі күн», «Мадридтегі мереке», «Мәңгілік мұрат», «Армысың, Астана!», «Биіктік» фильмдерінің авторы.
Қырыққа жуық көркем фильмді қазақшалап, В.Солоухиннің, Д.Кабалевскийдің шығармаларын, арабтың Бейбарыс сұлтан туралы халықтық романын, В.Гюгоның «Аласталғандарын» (2ші кітап) аударған. «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қос томдық қазақ поэзиясы антологиясының құрастырушыавторы.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Журналистика саласындағы Президент сыйлығының лауреаты. Б.Бұлқышев атындағы Жастар сыйлығының (1981), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының (1982) лауреаты, «Жыл журналисі» (2006) атағын алған. Филология ғылымының докторы. «Парасат» орденінің иегері, Ресей сөз өнері академиясының «Ревнителю просвещения» медалімен, Украинаның «За працю і звитягу» («Ерлігі мен еңбегі үшін») медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің мүшесі.

61 жыл бұрын (1951) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ЖАРАСОВ Жанат Абдоллаұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ф.Э.Дзержинский атындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін бітірген. Генерал-майор.

1973-2000 жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарында бөлімше бастығы, бөлім бастығының орынбасары, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының орынбасары болып жұмыс істеген.

2000-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери қарсы барлау департаментінің бастығы.

2006-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы.

2009 жылдың желтоқсанынан 2011 жылдың 23 қарашасына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары.

2012 жылғы қаңтардан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі.

ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері.

Қазақ, орыс тілдерін меңгерген.

149 жыл бұрын (1863-1893) куба ақыны, модернизмнің ірі өкілі Хулиан дель КАСАЛЬ дүниеге келді.

145 жыл бұрын (1867-1934) атақты француз физигі және химигі, Нобель сыйлығының екі мәрте лауреаты СКЛОДОВСКАЯ-КЮРИ Мария дүниеге келді.

121 жыл бұрын (1891-1926) кеңес жазушысы, прозашы, «Чапаев» романының авторы ФУРМАНОВ Дмитрий дүниеге келді.

99 жыл бұрын (1913-1960) француз жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Альбер КАМЮ дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар